ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ – ЖАСТАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

 «Созақ үні» газетіне (12.08.2020 ж. №60 және 19.08.2020 ж. №62) «Аудан жастарының жетекшілері» тақырыбында Мақсат Қарғабайдың мақаласы жарияланған болатын. Осы көлемді де тағылымды, тарихтан сыр шерткен мақаланы оқып, біраз мағлұматқа қанықтық. Бүгінде көбісі кең көшелердің атын иемденген, елге қызмет еткен азаматтарды өскелең ұрпаққа танытуда ролі зор болды бұл мақаланың. Ойлана келе өзім куә болған уақиғаларды баяндап, Мақсат Жеңісұлының мағыналы мақаласын толықтыра кетуді жөн көріп отырмын.

          Алдыңғы буын ағалар пионерге өткендерін, комсомол қатарында қоғамның кірпішін қалағандарын, біздің буынға ертегідей болып көрінетін сол кезеңдегі құбылыстар жайлы айтып жатады. Кеңес өкіметін көксегенінен емес, қандай заманда өмір сүрсе де кімнің де болса жастық шағы өзіне ыстық емес пе?!

          Еліміз тәуелсіздік алып, Комсомол тарағалы жастар мәселелерін түрлі мемлекеттік органдар атқарып келді. Тікелей жастардың ғана мәселесімен айналысатын мемлекеттік ұйымдар беріге дейін болмады. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүргізу Бауыржан Қалжеков, Мақсат Қарғабай, Нұрдаулет Оспановтар басқарған аудандық Жастар ісі, туризм және спорт басқармаларының, бертінде аудандық Ішкі саясат бөлімінің ғұзырында болды.

          2011 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен, облыс әкімдігінің арнайы қаулысы негізінде өңірде және барлық аудандарда Жастар Орталықтары құрылды.

          «Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2011 жылдың шілде айының бірінші жұлдызынан өз жұмысын бастады. Жаңа мекемені қалыптастыру, жұмысын жүйелеу, аяғынан тік тұрғызу Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Пардабек Сақтапбергенұлына жүктелді. Бұл іске комсомол-партия кезінен ысылған, мемлекеттік қызмет жүйесінде толысқан, парасат-пайымы биік тісқаққан идеолог бел шеше кірісті.

          Жастар Орталығының басшылығына 2006 жылдан «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі қызметтерін атқарып жүрген, жастардың арасында беделді, әрдайым аудандағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын Серік Сахиұлы Маманов таңдалды.

          Жаңа мекемені материалдық-техникалық, әдістемелік, кадрлық қамтамасыз ету, жұмысын жүйелеу оңайға соққан жоқ. Жоғарыда аты аталған екі кісінің тынымсыз тірілігі, ыждағатты еңбегінің арқасында Орталықтың жұмысы жанданып сала берді. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға белсене кірісті. Жастар Орталығы аудандағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Әдепкіде 12 маманмен жұмысын бастаған мекеме 2015 жылы әрбір ауылдық округ, кентке жастар маманын бекітті. Мекеменің атауы да «Жастар ресурстық орталығы» деп өзгертілгені де осы жылы. Бүгінде Орталық — 27 қызметкер тер төгіп жүрген мықты команда.

          Жастар Ресурстық Орталығының іргетасын қалаған қос азамат – Пардабек Сақтапбергенұлы мен Серік Сахиұлы Мамановтың арасында басшы-қызметкер қатынасы емес, жарасымды ағалы-інілік, үйлесімді ұстаздық-шәкірттік қарым-қатынас орнаған тамаша тандем-тін. Осы жағдаяттың өзі істің ілгерілей түсуіне, орталықтың жастар жанашыры болып қалыптасуына сеп болды.

          Орталықтың алғашқы басшысы Серік Сахиұлы Маманов         2003 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін елге оралып, еңбекке араласқан. Еңбек жолын 2003-2005 жылдары А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепте үйірме жетекшілігінен бастаған.                     2005-2008 жылдары Созақ аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметін атқарып ысылған. 2008 жылы Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-интернат-лицейде, одан соң 2008-2011 жылдары А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұстаздық еткен.  2011 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 17 сәуіріне дейін «Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін табаны күректей жеті жыл басқарды. Орталықты басқарған жылдары облыста алдыңғы қатарлардан көрініп, жоғары деңгейге жеткізді. 2018 жылдың 18 сәуірінен бастап Сызған ауылдық округінің әкімі қызметіне сайланып, абыроймен атқарып келеді.

          Бүгінде Жастар Ресурстық Орталығын Серік Сахиұлының ізбасары Жеңісәлі Бақытжанұлы Төлепбергенов басқарады. Жастар Ресурстық орталығының негізгі миссиясы: жастар бастамаларын қолдау, талантты жастарды демеу, жастар ортасындағы жағдайды талдау, жастарға кәсіптік бағдар беру, жастар арасындағы волонтёрлық қызметті қолдау және дамыту. Бұл міндеттердің үдесінен шығып жүргеніне ел куә.

          Серік Сахиұлын ұстаз тұтатын, Жеңісәлі бастаған жас өрендердің жеткен жетістігі де аз емес: 2018 жылы «Үздік жастар орталығы» премиясын иеленді. Премияға берілген «Газель» автокөлігімен жастардың түрлі іс-шараларына, әлеуметтік жобалар мен қоғамдық жұмыстарға барып, игіліктеріне мініп жүр.

          Биыл Жастар Ресурстық Орталығы жанынан Value волонтёрлар ұйымы құрылған. Жігерлі, жанашыр жастардың басын қосқан, жомарт жүректі Ербол Мұхаметжанұлы Ержігітов бас болған волонтёрлар ұйымы көмекке мұқтаж азаматтардың қашанда қасынан табылады, экологиялық шаралардың да қайнаған қазанында. Созақ аудандық ауруханасына оттегі концентратын алып беріп, Арыс қаласындағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге онлайн-сабаққа қажетті планшеттер сыйлап, елдің алғысына бөленді.

          Еңбек жолын Жастар Орталығында бастаған, осында тәжірибе жинап, шыңдалған бірнеше азаматтың бүгінде қоғамның түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп, қызу еңбекке араласып, елдің үмітін ақтап жүрген жүрген жайы бар.

          Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда 2006 жылдың          24 шілдесінде құрылған «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің де ролі зор. Бұл қоғамдық ұйымды да құрып, тұңғыш төрағасы болған жоғарыда айтқанымыздай  — Серік Маманов. Ол бұл қоғамдық қызметті 2006-2011 жылдары атқарып, тізгінді Біржан Саржановқа ұстатқан, ол ұйымға 2011-2015 жылдары басшылық етті. 2015-2018 жылдары ұйымға Дәулетияр Қайратұлы Мизамбаев жетекшілік етті. 2018 жылы «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып Жандар Бекбергенұлы сайланды. 14 жылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйым белсенді жұмысын жалғастырып келеді. Алға қойған мақсаттары айқын, көздегендері биікте.

          Мемлекетіміздің саясатының негізгі мәні – жастардың бүгіні мен  болашағына қамқорлық жасау. Бұл ізгі саясаттың ауданымызда іске асуына жоғарыда аталған екі ұйымның да – Жастар Ресурстық Орталығы мен «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің жан қия, белсене араласатынына сеніміміз кәміл.

Жандос НАРҒОЗИН

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...