Матрица

 Күнұзақ компьютер экранына үңіліп, көзі қанталай сыртқа шыққан Досжан скамейкаға отыра кетті. Смартфонына қасқағым үңілді де, жанындағы батырмасымен оның да экранын түн түсіне бояп жіберген. Экраннан жиіркенді ме, жоқ оның бетінде бажырайып тұрған қабылдамаған қоңырауларды көргісі келмеді ме…

…Досжан қазір қай банктен қандай байланыс операторының нөмірмен хабарласатынын жақсы біледі. Мұның телефонына тыныштық бермейтін мың сан нөмірлер ішінен өзіне арнайы жұмыспен хабарласатын нөмірлерді тануы бірақ, қиындық тудыратын. Оны да меңгере бастаған секілді. Байқаса, банк нөмірлері көбіне «ПИ» санының үтірден кейінгі цифрлары секілді өте ұйқассыз келеді екен. Ал қарапайым адамдар нөмір аларда оның оңай айтылуына, соңғы сандарының ұйқасына мән береді. Міне, ол осылай сандардан ұйқас іздеп отырады. Бірақ мұның өзі орыс рулеткасын ойнау секілді және бұл ойнайтын рулетканың ережесі тағы басқа.

Үш айдан аса уақыт созылып келе жатқан бұл тіршіліктің қашан тынарын білмейді. Тіпті қазір ойланғысы да жоқ. Арманы алдында беті қалыңдай түсті. Ал бір кездегі өзі белгілеген мақсатының бағытынан жаңылған. Бұл бір капсула ішіндегі адам секілді. Бәрі көз алдында. Көргісі жоқ. Естиді. Бірақ естуге құлықсыз. Сезеді. Бірақ сезінбейді.

Оң жақ езуіне қыстырған темекісін тұтатып, алғашқы тартымын әдеттегідей ішіне тарпай, ұртынан бұрқ еткізді. Студенттік кезде осы түтінді ғалымдықтың ажырамас элементі деп білетін. Қазір әдет қана. Бірақ ақылдылар да бар. Олар түтінді әдетке айналдырмай, есіне түскенде, не біреудің езуінен көріп қалса ғана қыз жымиған бозбаладай алабұрта жөнеледі.

– Ооо, Досеке, – деп құшағын жая ұмтылып Нұржан келе жатыр екен. Қасында Сәдуақас бар.

«Міне, бір ақылды келе жатыр» деп ойлап үлгергенінше олар мұның жанына жетіп үлгерді.

– Не болды? Жаңа көрдің бе? – деп Досжан тыжырына қалған.

– Көрдім ғой таңертең. Бірақ сіздің сіз екеніңізді жаңа сезіндім.

– Мұрының қышыған ғой.

– Жоға, сізге серік болайын деп… – деп Нұржан Досжанға итіңдей берген еді:

–Өзіңде жоқты менен сұрап серіктікке жарай қоярмысың? – деп бұл да шірене қалды.

– Досеке, неменеге майдаланып кеттің?

– Майдаланғам жоқ. Ақыры шегеді екенсің, сұраншақтанбай… – деген тұсынан Досжан өзін тежеп үлгерді.

– Сұраншақтанбай?.. Досеке, әркімнің өз шындығы бар. Ол өзіне ғана белгілі.

– Бұл жерге шындықтың қатысы жоқ.

– Шындық көп, ақиқаттың жалғыздығы туралы пәлсапа соқпақпысың?

– Мұндай майда-шүйдемен ақиқаттың да ауылын маңайлау ұят. Бұл логика ғана. Сенің ойлау жүйең мен менің ойлау жүйемнің қақтығысы.

– Сонда? – деп Нұржан әңгімеге өте ықыласты жандай Досжанға құлағын тоса қалды.

– Мысалы, мен таңертең ояна салып шылым тартуды, ал сен тартпауды ойлайсың.

– Иә, – деп Нұржан қостап тұрып: – Өйткені осы әдеттен арылғым келеді. Сатып алмайтыным да содан, – деп жалғады сөзін.

– Әә. Жұрттан сұрауға ұялып, бір күні болмаса бір күні қойып кетермін деген ниет қой…

– Бәлкім…

– Ниет дұрыс. Бірақ жұрттан сұраудан ұялмайтыныңды қайтеміз? – деп Досжан осы жолы сөзінің нүктесін қоя аяқтаған еді.

– Жә, жігіттер, – деп осы тұста үнсіз тұрған Сәдуақас сөзге араласты. – «Бөшкеге» барайық.

– Ненің құрметіне? – деді Досжан шылымының күлін қағып тұрып.

– Қала әкімінің стипендиясын алған едім.

– «Алған едік» деп сөйле. Неменеге мүсіркеп тұрсың?

– Досжан,алдағы айда тағы беріледі екен. Сол тізімге қосыларсың, – деп Сәдуақас сөзін сенімсіз аяқтаған. Оның сенімсіз сөзінің соңына Нұржан қайта килікті:

– Иә, Досеке! Алдық. Бірақ сенің бастықпен араңдағы кикілжіңге біздің қатысымыз қанша? Өз несібеміз де. Бастықтар бастап, бүкіл стипендия иегерлері «Бөшкеде» жиналып жатырмыз. Сен де жүр. Басекеңнің қызған кезінде қандай жұмсақ екенін өзің білесің ғой. Үш жақтап айтып сені де тізімге енгізетін шығармыз. Жүр…

Нұржанның бетіне шығып тұрар жылпостығын сезсе де, Досжан бұл сөзге өзін күштеп иландырған еді. Бәлкім шынымен тізімге еніп кетер… Бірақ көп ішуге болмайды деп ойлады. Сол ішкен кездегі қызбалығынан ғой, осы тізімге ілінбей қалғаны. Неге екені белгісіз, әйтеуір қызып қалса болды, бастығының бүкіл еңбектерін сынауға құмар-ақ. Оның ішінінен плагиат та табады, тұтас көшірілген абзацтарды да жатқа соғады, тұжырымдардың жалған, бүгінгі дамыған ғылыми жаңалықтармен қабыспайтынын да тұтас әйгілейтін. Кейде қыза-қыза келіп «Кеңес өкіметінде жазылған еңбектердің барлығын өртеп жіберу керек» деп те қалушы еді.

Мұндай әдеті бұрын болмаған. Соңғы 2-3 айда пайда болған мінез бұл.

Үшеуі Бөшкеге келген кезде отырыс көңілді болатын. Бастықтары қолпаштай қарсы алып, өз жанынан орын ұсынды.

– Біздің болашақ ғылымның кілті осылардың қолында. Біз базардан қайттық. Бұлар енді бара жатыр. Ендігі міндетіміз сол базардың адал және заңды сауда жасалатын жерін осы жастарға көрсетіп беру, – деп бір тоқтады да, үшеуіне қарады. Бұл сөздердің Досжанға қарата айтылғанын бәрі сезді. Бірақ Досжан бастығы бұрылып қараған сәтте өз жүзіндегі оған деген жиіркенішті жинап үлгере алмаған-ды. Оны бастық та сезді және ары қарайғы сөзі сол сезімдерімен астасып кетті:

– Сол базардың адал да, анық тұстарын осы үшеуінің екеуі түсінді. Көрді. Біз мұны олардың қарапайым магистрлік диссертациясынан-ақ байқаймыз. Ал үшіншісі асқан қиқарлықпен базар артындағы қоқысты аралап жүргенін өзі де сезбейді. Ғылымның мөлдірінен татып көрмеген ғалым, қоқысты кәусар санайды…

Жұрт ду етіп күлді де, күлкі соңын бокалдардың соғысымен көркемдеп жіберді. Досжан да бастығының сөзіне түрегеп тұрып қотарып ішті және осы бірінші бокал «көбіктіден» кейін-ақ көп ішпеу керектігін ұмытты. Расында әдейі ұмытты.Әлгіндегі сөзден кейін ол өзінің ескі әдетін тағы қайталағысы келген. Бірақ бүгін оны саналы түрде айтып салмақ. Тек оның бәрін мастығына жабу үшін біршама ішуге тура келеді.

Оңтайлы сәті келгенде Досжан сөз сұрап, орнынан тұрған. Өзіне аңтарыла қарап, тыныштала қалғандардың бәрін бір шолып өтті де:

– Құрметті әріптестер! – деп сөзін бастады. – Барлығыңызды Тәңірдің, һәм әкімнің жарылқағаны құтты болсын!

– Әкім мен Тәңірдің не қатысы бар? – деп сөзін бөлген әріптесіне қарап:

– Әкім адам болса, ол – Тәңір ғой. …Жарайды, бұл сөзге қадалып қалудың қажеті жоқ. Мәселе онда емес. Мәселе біздің басекеңнің Құдайға сенетінінде.

– Онда тұрған не бар? Оның һақ екеніне дау жоқ, – деп қызып қалған бастығының басы кегжең ете қалды.

– Басеке, сіздің жазған, жазып жүрген еңбектеріңізге қарап отырып Тәңірді тану мүмкін емес. Қай Тәңірдің һақтығын айтып отырсыз?

– Әй, сен ақымақсың ба? Құдайды іздесең физикада нең бар? Діншілдігің ұстаса құранды оқы. Ал физика – осы дүниенің ғылымы.

– Сонда жаратқанынан жаратушыны тану мүмкін емес пе? Сосын, ғылым ана дүние мен мына дүниеге бөлінуші ме еді? «Ғылым – әлемді, жаратылысты танудың жолы» деп басталар сөз сіздікі ғой. Сіздікі. Ал жаратылысты танып болсаңыз, оның сыртында, һәм ішінде жаратушы бар шығар. Бәлкім ол сіздің зерттеген материяның немесе атомның бір бұрышында жасырынып жатса ше…

– Оның қай бұрышына Тәңірді жасыруға болады? Атом 99,99999…% бос кеңістіктен тұрады.

– Дұрыс, – деп Досжан бастығының сөзін қостап қойды да: – Ал сіздер, бүкіл физиктер жабылып жүріп дүниені матералистік тұрғыдан қарайсыздар. Сонда сіздердің зерттеп жүргендеріңіз не материя? Атом сіз айтқандай бос кеңістіктен тұратын болса, сіздің көзіңізге көрініп тұрған нәрсенің барлығы дерлік бос кеңістік емес пе?

– Жә, болды. Базар артынан жинаған қоқысыңды төгер жерің бұл емес, – деп бастығы сөзін кесіп тастағысы келіп еді, бұл тежегіші кеткен көліктей тоқтап үлгермеді.

– Дұрыс айтасыз. Қоқыс төгер жер бұл емес. Менің базар артынан жинаған қоқысым өзге адамдардың диссертациясына төгіледі және сіз сол мен төккен қоқыстарды мөлдір ғылым ретінде тамсана оқып, оларды…

Нұржан мен Сәдуақас қозғалаптап қалып, ерте ес жиған біріншісі орнынан жылдам көтеріліп:

– Досеке, болды. Сөзіңді аяқтасаң, алып қоялық. Жұмысты жұмыста да талқылаймыз ғой. Ал, Досекеңнің сөзі үшін көтеріп қойыңдар!– деп әңгімені мүлдем бұрып жіберді. Досжан да өзін тыңдар құлақ жоқ екенін түсінгендей сырасын көтеріп, таусылғанша ішті де, «тақ» еткізіп үстел үстіне қойған сәттен ары қарай есін жоғалтты. Бірақ дәл осы сәтте есін жоғалтқанын ол ертең, оянғанда бірақ біледі. Ал бүгінгі отырыстың осы сәтінен бастап үзіп-жұлынған кадрлар ғана қалады есінде.

****

– Туу, Досжан. Таң атпай саған кім хабарласады осы? – деп түрткілеген әйелінің дауысынан оянды да, еденде безілдеп жатқан телефонын мүлдем сөндіріп тастады.

Төсегінен сүйретіліп тұрып, ваннаға кіріп айнаға қарап ұзақ тұрды. Мәнсіз, мағынасыз қарады. Бар ашқан жаңалығы сол, айна бетінде мұның екі көшірмесі тұрған еді. Бірі айнаның күміс түсіне шағылған өзі де, екіншісі бетіндегі қарапайым әйнекке шағылысуы. Екі бейне арасында 3-4 миллиметрлік айырмашылық бар екен.

Аққан суға еңкейіңкіреп барып «біссіміллә» деп тіл қатты да, унитазға қарады. «Дәретханада Құдайдың атын атауға, сөйлеуге болмайды. Ал дәретхана мен ваннаны бір жарым да бір жарым шаршыға сыйдырып қойған пәтерде тұратындар не істейді екен? Діндар достардан сұрау керек еді?» деп бір ойлады да, мұздай сумен бетін жууды жалғастыра берді.

Жуынып тұрып та, шыққаннан кейін де бойынан біртүрлі діріл сезілді. Бұл бір ішкі дірілдің сыртқа шығуы секілді, ішкі қорқыныштың сыртқы көрінісіндей. Бейне біреу есікті қағып тұрғандай. Қазір сол біреу келіп, мұның алқымынан ала түсердей, бүре түсердей бойы тоңазып, ештеңеге қолы бармады. Шөлдегенін тұтас тәнімен сезінсе де,  асханаға кіріп су ішуге батылы жетпеді. Кез келген дыбыстан секем алып жатып, телефонын қосуға, тіпті, дәті шыдамаған. Атау кересін ішіп, күнәларын санамалап жатқан адамдай қорқа берді. Көрпесіне оранып, әйелі оянғанша жатты. Не ұйықтай алмады, не оянып тұрып кете алмады. Жүрегі атқақтап, жалғызсырай берген.

Ештеңе істемейтінін, жаңа дүние жасамайтынын іші сезсе де, кешегі күнінің бос өткеніне өкініп жатыр. Іші-бауырын аш мысықша бірнәрсе тырмалап, жеп барады. Жүрегіне ұялаған қорқыныш әр қағыс сайын тұтас денесіне тарап, қайта жүрекке келіп жаңа екпінмен соғылатын секілді. Жылағысы келді. Жылап та алғысы келді. Бірақ жас шықпады.Осылай есеңгіреп жатып ұйықтап кетіп, әлден уақытта келіншегінің шашынан сипағанынан шошып оянған. Айша да бұл селк еткенде ыршып түсті.

– Шәй ішеміз… – деді келіншегі не дерін білмей қалып.

– …Түнде қаншада келдім?

– Үштердің кезінде бірге келдік қой.

– Сағат қанша?

– Он екі болып қалды.

– Түнде менің бастығымның үйіне бардық па?

– Иә, – деді Айша тосырқап.

– Әншейінде үйден шыққың келмейтін еді. Неменеге жүгіре шаққансың?

– Әншейінде: «Менімен ешқайда бармайсың. Ортам ұнамай ма?» деп миымды жейтін едің ғой.

– Құдай-ай. Екеуіміз де әншейінде ойланбайтын ойларымызды ойлаған екенбіз. «Әншейінделердің» тоғысы… – деп Досжан ызалана күлді де: – Түнде артық бірдеңе деп қоймадым ба? – деп селсоқ сұрай салды. Іштей келіншегінің «жоқ» деп жылы жаба салуын қалап еді. Айша:

– Жоқ. Тек… – дей бергенде Досжаннан дегбір кетіп:

– Не тек? Айтсаңшы енді! – деп қалшылдап кетті. Айқайлап жібергенін байқаған жоқ.

– …Өзің жазған мақалаларыңды, ғылыми ойларыңды айтумен болдың.

– Басқа?

– Басқа… Басқа… Мен…түнде таңғалдым, Досжан.

– Не үшін? – деді іші сезіп тұрса да.

– Бұрын ұнатпайтын ғалымдарың туралы: «Олардың ойында, жұмысында жаңалық жоқ. Милары борзып кеткен. Сондықтан сол сасық, әбден ескірген ойларын, өзінің он жыл бұрын жасаған жаңалықтарын қайталай береді. Жаңалығы жоқ адам өткенімен ғана мақтанады» деуші едің.

– Сонымен?..

– …түнде сол ғалымдардың кейпін кигендей болдың. Олар сенің ойларыңның бәрін біліп отыр. Тек ұялғанынан ғана тыңдап отырғандай, – деп Айша қоңырайып қалды.

– Иә, – деп Досжан жасанды күрсініп алды. Не деп ақталарын білмей, ақталам деп отырып, ақтарлып кеткен: – Мен ескірдім. Расында борзып кеттім, – деп астыңғы тістерімен үстіңгі ернен тістелеп отырды да, бірден шарт етіп:…Атаңа нәлет, айлық та түспей қойды, – деп әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жіберді.

– Айлық дейсің бе? Бізде бәрі бар ғой. Таңғы асың – мынау. Түскі асыңды жұмысыңа алып кетесің. Кешкі асың тағы дайын, – деп Айша сөзін ары жалғамақ еді Досжан бөліп тастады.

– Айша, қалалық адамның қалтасында ақша жүрмесе өзінен өзі түтіліп кетеді емес пе? Қажеті болмай-ақ қойсын, оңды-солды шашпай-ақ та ғой. Тек ол қалтаңда жүрсе болғаны. Қуыстанбай, жаның тыныш күн өткізер едің…

– Досжан, оны қойшы. Таңатпай саған кім хабарласады осы? Құдайдың құтты күні телефоның шырқырайды да жатады.

– Әй, жұмыстан шығар, – деп селсоқ жауап қатты да:– Шәйіңді дайындай бер, – деп жуынатын бөлмеге қайта кіріп кетті.

Шәй үстінде Досжанның тыныштала қалатын әдеті-тін. Қуырылған жұмыртқаны банкадағы тұздалған қиярмен араластыра жеп отырып Айшаға көзі түсіп еді, бұған тесіле қарап отыр екен.

– Не болды?

– Түнде мені көліктен көтеріп түсіріп, үйге алып келіпсің ғой, – деп көзін төмен салып наздана қалды.

– Рас па?

– Солай секілді. Өйткені мен Сәдуақастың көлігіне отыра сала сенің иығыңа басымды қойып ұйықтап кеткен едім. Таңертең төсегімде ояндым.

– Мүмкін емес. Сенің ұйқың сергек еді. Оның үстіне мен түндегідей жағдайымда сені көтере алар ма едім?

– Толып кеткем бе?

– Жоға. Сырықтайсың… – деп Досжан Айшаның томпақ бетінен шымшып алды да орнынан тұрып кетті.

– Жұмысқа барайын. Анау жобаны бітіруіміз керек еді. Министрліктен есебін сұратып жатыр екен. Біздің ғалымдар қағаз, есеп деген дүниені бітірген кезінде ғана ғылыммен айналысуға құқы бар.

– Сендердің қағаздан құтылатын күндерің бар ма өзі? – деп Айша асханадан айқай салды.

– Шынын айтсам, жоқ. Қағазсыз күн жоқ. Сәйкесінше бізде ғылым да жоқ, ғалым да жоқ.

– Сенің бастығың ше? Кеше Нұржан мен Сәду аузына кіріп кетейін деп отыр еді ғой, – деп Айша тағы да айқайлай сөйледі. Бұл кезде Досжан асхана есігіне сүйеніп тұрған болатын:

– Айша, осы сен он бөлмелі үйде тұрамын деп ойлайсың ба? Жәй айтсаң да естимін ғой, – деген сөзінен кейін Айша мұрынын тыржитты да сұраулы жүзбен қайта қарады: – Жалпы бізде ғылыммен жасы ұлғайған кезде ғана айналысады. Бәлкім сол уақытта махаббаты ашылады немесе ғылымға жол ашылады. Жол ашылады дегеніміз дұрыс шығар. Мысалы өмір бойы жоғары оқу орнында сабақ беріп, оқыған-тоқығандардың арасында жүрген адамның танысы көп болады. Сол таныстарының бірі көтерілген күні әлгі өмір бойы тек базалық деңгейде сабақ беріп келген мұғалім де бір күнде біздікіндей зерттеу мекемесіне бастық болып шыға келеді. Атақ алады. Ғылыми атағы да арта түседі. Бірақ өмір бойғы базалық деңгейді оқытып келген нәрсесі ескіргенін оның өзі сезбейді. Бәлкім ойын өзгерткісі келмейді. Басын ауыртқысы келмейді. Айта берсек «келмейтіні» көп, Айша.

– Жастар ше?

– Ал жастар сол ештеңені өзгерткісі келмейтіндермен алысамыз деп қуатын тауысып бітеді. Олар да дәл солай өмір сүру үшін мұғалім болады. Пәтер аламын деп шабылады. Сөйтіп жүріп жасы егде тартады. Күндердің күнінде оның да бір танысы бастық болады. Сосын баяғы бәрін өзгерткісі келетін ғалым да көтеріледі. Бірақ оның ойындағы жаңалығы бұл кезде тағы ескіріп қалады. Сонымен осы тұйық шеңбер жалғаса береді.

Досжан киініп алды да, сыртқы есіктің алдына келіп тұрып:

– Айша, есікті құлыптап алшы, – деп айқай салды.

– Қаншада келесің?

– Кешқұрым, – деп Досжан сағатына қарады.

– Кешігіп бара жатырсың. Оның үстіне министрліктің есебі тағы бар. Кешқұрым емес, «түнғұрым» келейін деп тұрсың ғой, – деп Айша еркелей басып кеп мұның мойнына асылды.

– Бәлкім… Ал, жақсы, – деп Досжан асыға басып төмен түсіп бара жатты. Подъездің сыртқы есігін серпе ашқанда көзі тұманданып кеткен еді. Қабырғаға сүйене тұрып есін жиғанда өз үйінің ауласы ебедейсіз жинала салған баланың ойыншық кубиктеріндей көрінген. Құлағы шуылдап, қабырғаға қайта сүйеніп, көзін уқалады. Алкоголь құрамындағы этонолдың жарық пен дыбысты қабылдауды күшейтетінін білетін. Бірақ бұрын мұндай нәрсені басынан кешіп көрмепті.

Баспалдақпен төмен түсіп келе жатып кешегі «Бөшкедегі» оқиғаларды ойлап еді. Жұмысқа барғысы жоқ. Бірақ сонша сөзден кейін бастығының үйіне әйелімен қосып шақырғанына таңғалған. Ондай мәрттігін бұрын байқамаған екен. Ойына үзік-үзік оқиғалар келе бастады.

1-кадр.

Үстел басында Нұржан, Сәдуақас, бастығы үшеуі бірнәрсені қызу талқылап отыр.

Нұржан: Басеке, жүйе толық дайын емес.

Сәдуақас: Иә, басеке. Кемі 3 күн күте тұру керек.

Досжан: Не жүйе?

Нұржан: Жасап жатқан жобамыз ғой. Виртуалды қала. Соны басекең ертең келетін шетелдік қонақтарға көрсетейік дейді.

 2-кадр.

Үшеуі сыртта шылым тартып тұр екен.

Нұржан: Досеке, қайтасың ба? Басекең өзім жеткізіп тастаймын дейді.

 3-кадр.

Мәшине іші. Рульде Сәдуақас.

Досжан: Қайда бара жатырмыз?

Сәдуақас: Басекең ары қарай жалғастырайық дейді. Сол кісінің үйіне бара жатырмыз. Жеңгеміз ет асып жатыр екен.

Досжан: Менің үйге қайтуым керек. Әйелім бар адаммын ғой.

Нұржан: Уайымдама. Қазір жолдан Айшаны да алып кетеміз. Жеңгеге серік болады. Араласады. Біліседі.

***

Ойына түскен оқиғаларды құрастыра келе ол өзінің аса артық кетпегеніне өзін сендіргісі келді. Жастық максимализм, мастық, стипендияға іліге алмауы… Кешегі қиғылықтарының бәріне осы ақталулар да жетіп жатыр. Бойын бұл ауырлықтан сілкіп алып, есіктің алдына шыға сала телефонын қосып тұрып қарыздарын ойлап үлгерген болатын. Қазір бұл бәлеге безілдеп кімнің хабарласқаны хабарлама болып келері анық. Тағы кешегі бойкүйездік басталады…

Екі банктің кредитінің төлем уақыты өтіп кетті. Міне, бір аптадай болды. Ал үш бірдей микрокредиттік ұйымнан алған қарызын төлмегеніне екі айдан асты. Күніне жүз хабарласады. Ісіңіз сотқа өтеді деп күніне тағы бірнеше хабарлама келеді. Жаңа ғана әйелінің көзінше бүкіл ойын сездірмей отыр еді. Бетпе-бет келуге тура келеді бәрі-бір.

Осыдан бес айдай бұрынғы ауылға барған кезі есіне түскен. Тағы бірнеше кадр көз алдынан айналып өтті.

***

1-кадр.

Қашанғы әдеті бойынша атасы еркелетіп күтіп алған еді. Баласын біраз мақтап алып, сөзді ел ішіндегі жаңалықтарға бұра берген. Бұрындары ауылдағы қайтыс болғандар туралы айта келіп, бата жасауға ертіп баратын. Бүгін атасы туғандар жайында сөз қозғады.

– Анау күні Балташтың келіні босанды. Атаңа нәлет, оның баласы сенен кіші еді ғой. Анау Орынбасардың да баласы үйленіп алды. Сенің жүрісің мынау. Әй айналайын, қалаға кетер болсаң үйленіп, бір келінді әкеліп көрсетіп кетші. Тыныш отырайық.

– Атасы, болды енді, – деп апасы сөзге араласқан.

– Несі болды? Әкесінің жүрісі анау. Там салам, тас үйем деп. Тамының да, тасының да оның… Қалада қаңғып жүріп қыз жоқ десең, анау Сайлаудың-ақ қызын алып берейінші. Жақында ғана оқу бітіріп келді.

– Қойыңызшы, ата. Үйленеміз ғой.

– Маған емес, әкеңе айт бұл сөзді.

***

2-кадр.

Әкесі мен шешесі ескі үйдің терезесінен салып жатқан үйіне қарап отырып:

– Жарайды. Биылғы құрылысты тоқтата тұрып, сені үйлендіріп алайық,– деген. – Бірақ балам, қалада дұрыстау жұмыс істеп не ақша табатын, не ауылға қайтып келетін амал қыл.

– Істеп жатырмын ғой…

Шешесі шыдамады:

– Жұмыс істегеніңе үш жылдан асты. Айлығың өзіңе жетпейді. Оқуыңды бітіре салып ауылға кел деп Құдайдың зарын қылдық. «Жоқ. Мен ғылыммен айналысамын» дедің де жоқ болдың.

– Табамын ақша, мама. Аздап жинағаным бар…

***

Анығында жиған дымы жоқ. Тапқан ақшасы – бүгінгі басындағы бәлесі. Не болғанда да тойының бір бұрышын көтеріп, өткізіп алды. Жұрт «баласы бәлен ақша әкеліпті. Өз тойын өзі атқарыпты» десіп жатты. Ал, тойдан кейін есінде естелік, көңілінде қобалжу, жанында әйелі, басында кредиті қалған.

Телефонын қоса салып, оң жақ қалтасына салған еді. Дыбыссыз режимде безек қаққан смартфонға қанша хабарлама келгенін қара санымен санап келеді. Ұйқыдан оянғандағы жүрегінде ұйыған қорқыныштың өзегі енді оң жақ аяғына ауысқандай… Бүкіл денесін дірілдеткен сол қорқыныш толқындары енді қара санынан тарап жатты.

Телефонның безектеуі басылып, хабарламалар легі тоқтағандай болған. Сәлден кейін біреудің хабарласып жатқанын сезді. Қалтасынан суырып алып, нөмірге қарады. Ұйқасты сандар легіне ұқсайды. Түртіп қалып еді арғы жақтан қыздың дауысы естілді.

– Досжан Асқанбеков, сіз боласыз ба?

Оның жүрегі мұздап сала берген.

– Мен «Алтын» микрокредиттік ұйымынан хабарласып отырмын. Іздестіру бөлімінен. Төлемді кешіктіргеніңізге 75 күн болды. Не себеп?

– Себебі түсініксіз бе сізге?

– Әңгімеміз жазылып жатыр. Себебін айтыңыз.

– Төлеуге ақшам жоқ.

– Досжан мырза, кредитті алған сіз. Төлеуге міндеттісіз. Болмаса ісіңізді сотқа жібереміз.

– Ісім сотқа жетсе де, жетпесе де төлейтінім бір сома ғой. Одан сіздер не ұтасыздар?

– Қарызды қайтарып алуымызға сенімді боламыз…

Досжан осы тұсқа келгенде телефон бетін басып тастады. Ары қарай сөйлесуге жүйкесі шыдамағандай. Тіпті телефонын жерге бір-ақ ұрудың сәл-ақ алдында қалған. Бойындағы бар жігерін жиып, үйінің жанындағы дүкенге бұрылды. «Бекс» деп ебедейсіз жазыла салған атын өзгерткен бе, «Дина» деген есім әдіптелген жаңа маңдайша орнатылыпты. Касса алдында үш-төрт адам тұр екен. Бәрінің шығып кетуін күтіп, тоңазтқыштағы сусындар арасынан өзіне керектісін іздегендей ұзақ қарады. Сыртынан «қызтеке», көзінше «Нұреке» дейтін толықшы жігіт тұр екен кассада.

– Оо, Досжан. Келмей кеттің ғой. Қарызыңды төлейсің бе? – деп бір бума төлқұжатты қолына ұстаған қалпы күтіп алды мұны. Кібіртіктеп қалған Досжан:

– Болмай тұр, Нұреке. Бүгін бір кісінің қабылдауына кіретін едім. Төлқұжатым керек болып тұрғаны… – деп сөзін жылдам аяқтап үлгергісі келді.

– Бере алмаймын!

– Кешке төлеп кетем. Бүгін айлық күтіп отырмын. Орнына, міне банк картамды немесе «Жас ғалымдар» одағына мүшелік қағазымды алып қал, – деп Досжан мүшелікке өткен кезінде төбесін көкке жеткізген көк құжатты толықша жігіттің алдына тастады. Ол ебедейсіз қолдарымен сырты қатты құжатты ашып тұрып:

– Мұның маған қажеті қанша? – деп алдына тастай салып, бажырая қарады. – Шетелдік төлқұжат не жүргізуші куәлігіңді тастап кет.

– Ондайым да болмай тұр, Нұреке. Осы үйде тұрамын ғой. Күнде көріп жүрсің… – деп сөзін жалғастырғысы келіп еді, дүкенге екі-үш адам дабырлап кіріп келді.

– …Жарайды, Досжан, – деп толықша жігіт бір бума төлқұжаттарды ақтара бастады. – Бүгін міндетті түрде төлеп кет.

– Міндетті түрде, – деп Досжан төлқұжатының бетіне де қарамастан, қалтасына салып дүкеннен шығып кетті.

Бүгін бойында ерекше ширақтық бардай. Осы уаққа дейін созылып, созып келген істерінің барлығын бітіргісі келді. Табысы жоқ, бірақ майда қарыздарының барлығын үлкен қарыз алып жауып тастаса… Шешімі – осы.

Жұрттың бетінен қақпай, пайызын жоғарылатып кредит беретін банкті бұл біледі. Бағыты сол. Кіре қалғанда алдынан күлімдеп қарсы алған көрікті қыз бірден төлқұжатын сұрады. Бұл да қалтасынан суырып бере салып, маңғаз қалпында оның қоятын риторикалық сұрақтарына шығармашылық тұрғыда дайындалып отырды. Қызметкер қыз әлден уақытта құжатын өзіне қайтып беріп:

– Бетіндегіні алып тастаңызшы, – деп жымың ете қалды.

Алақандай пластикке шұқшиған қалпы басын не көтерерін, не көтермесін білмей, екі беті дуылдап, орындыққа сіңіп кете жаздады. Құжат беті жабыстырылған майда жапсырмалардан көрінбей кеткен. Мұның әр қарызын дәптерге емес, төлқұжатының бетіне жапсыра бергенге ұқсайды. Арасында 520 деген сан жазылған қағаздар көп. Ол темекіден қалғандар екенін сезіп отыр. Орнынан тұрып кетейін деп бір оқталды да, кіріптарлығы қинап қозғалыссыз қалды. Құжатын қайта алған менеджер компьютер пернетақтасын бірнеше рет тақылдатты да:

– Қарызды қандай мақсатта алып отырсыз? – деді.

– Қарыздарымды жабу үшін, – деп Досжан ашығын айтты.

– Ол қарыздарды не үшін алып едіңіз?

– Қарындасым, адам ақшасы жоқтықтан емес, дәл уақытында ақшасы болмай қалғаннан қарызданады, – деп манағы дайындаған шығармашылық жауаптарының бірін ғана айтып үлгерді. Ары жалғастырып: «Ақшасы болатынына сенімді адам ғана қарыз алады», – дегісі келіп еді, ұзын тырнақтарымен пернетақтаны тақылдатып отырған қыз бұған құжатын қайтарып жатып:

– Біздің банк сізге кредит бере алмайды, – деп қысқа қайырған. Манағы күтіп алған кезіндегі күлкі, күлімсіреу, жылы шырай бәрі-бәрі қыз бетінен лезде жоғалған еді.

Бұлай боларын өзі де сезген. Төлқұжатына жапсырылған қағаздарды көргенде-ақ шешіліп қойған дүние болатын. Жиған жігері құм болып, тратуарға төселген плиталардың шетін баспауды ғана ойлап келеді. Әлемде хаус болса, ол Досжанның миында. Атомдық бос кеңістік – ол да Досжанның миы. Сол мидың нөл бүтін миллионнан бір бөлшегінде Досжан тратуарға төселген плиталардың шетін баспауды ойлап келеді. Қарманып ұстар мүмкіндік әдірем қалсын, ұшы да өз алдына, ұшығынан ұстатары жоқ.

«Бәрінің бетіне бір-ақ түкіріп, өле салсам ғой!».

Дәл осы ой оның миына тура тотияйын тамызып жібергендей әсер етті. Көліктің оталғанындай миы селкілдеп ала жөнелген. Оның әлгіндегі бос қауашағы өлім туралы оймен нұрланып, өмірдің мәнін тапқандай еді. Өз ойына өзі әуестеніп, біршама жүрді де, ой ыстығы басылған сәтте туған туыстарын ойлады. Бірақ ұзақ алданбады. Өйткені, әулетіндегі, тіпті әкесінің де жалғыз ұлы бұл емес. Демек, әкесінің артымда ұрпақ қалмады деп қиналар түгі жоқ.

Әйелін ойлады. Оның да басы жас. Әлі көтеріп те үлгерген жоқ. Қырық күн қайғысын жұтып, алты ай артын күтсе – арғы жағы кең өмір.

Сонда мұны ұстап тұрған нендей күш? Жұмысы ма? Беті аулақ. Бәлкім арманы шығар. Не арман? Нобель сыйлығы ма? Ол арман мына жүріспен орындалмайды және осылай ойсыз, ізденіссіз жүріп өзінің Нобель сыйлығын алған сәттегі сөзіне қазірден дайындалатыны қай жарығаны? Сонда не?

Оның санасы өлім нұрымен нұрланған үстіне нұрланып, қалай өлетінін ойлап кетті. Пальтосының алдын ашып, мойынорағышын бос тастаған жігіт тіпті өзін Әзірейілдей сезінген.

Әдеттегі аялдамасында тұрып: «Мына жолмен көліктер тым қатты жүреді. Жақындап қалғанының алдынан жүгіріп шықсаң, ол сенен қаша алмайды», – деген ойға батып тұрды да: «Жоқ. Жақсы жүргізуші қашанда тежегішті басып немесе рульді бұрып үлгереді. Нәтижесінде өлімші хәлге түсерсің. Бірақ өлім мүмкіндігі тым аз», – деп өзінің қаны шашырар тұсты іздеп, басы ауған жаққа жүре берді. Жұмысқа бару үшін автобусқа отырамын деген ойы санасынан мүлде шығып кеткен. Тіпті жұмысқа бара жатқан жоқ секілді. Екі көшенің қиылысындағы көпір үстіне келіп төменге қарады. «Мұнда мүмкіндік жоғары. Биіктік он шақты метр. Оған зуылдап келе жатқан көлікті қосыңыз» – деп ол өз ойына тамсанып тұрды да, бұл жолды көріксіз деп таныған еді.

Бір сәтте ол өзінің ойын жүзеге асырар жерді тапқандай асыға басып, қаланың жоғарғы жағындағы дамбаға беттеді. Оның тау жақ бетінен табиғи өзен ағып келетін де, қалаға қарай жасанды қанал жалғасатын. Дамбаның бергі жағы бетон және қазір күздің кезінде суы тым таяз. Ол өзінің құлаған жерінде аққан қанның таяз суға қалай жайылатынын ойлап кетті. Дамбаның үстіне шыққан кезде де осы ойынан арыла алмаған болатын. Ол төменге қарап тұрып бетон бетімен жайыла аққан судан да, оның сарылдаған дауысынан да өзіне ғана арналған «ажалға» деген шақыртуды көріп, естіп тұрғандай. Бірақ бұл іске бүгінгі ауа райы кедергі келтіріп тұрған секілді. Ол тым жаймашуақ болатын.

Досжан бүкіл шаруасының шешімін тапқандай кеңсеге қуанышты кірді. Кірді де өзімен қатарлас әріптес қызының белінен құшақтай алған. Мұндайды күтпеген Дина белін бұлғаң еткізіп шығып кетуге тырысты да, оған бұрылып:

– Әй, саған не болған? – дегеннен ары аса алмады.

– Сағындым да, – деп қаттырақ құшақтай түсті.

– Әйелің көріп қоймасын.

– Қорықпа. Ол мұнда жоқ. …Кел шашыңнан иіскейін.

– Туу, тағы темекі тартып келгенсің бе? – деп Дина тыжырына қалды.

– Тартса не бопты?

– Қарашы әне, тістерің де сарғайып кеткен. Қойсаңшы…

– Бұл тіс бала жасымнан сары, – деп әңгімесін бастай бергенде кеңсеге Сәдуақас кіріп келіп бұған амандасқан болып, Динаны құшағынан шығарып жіберген.

– Бас қалай? – деп Сәдуақас асқақтай сөйледі.

– Тіпті сергекпін. Өзіңде ше?

– Шамалап. Бүгін бастыққа кіріп есеп беретінімізді ұмытпа.

– Ұмытпаймын.

– …Сосын кешегі әңгімелеріңді белетін шығарсың. Басекең саған тағы ренжулі, – деген Сәдуақастың сөз астарынан «әкім стипендиясын армандамай-ақ қой» деген емеурінді аңғару қиын емес еді. Досжанды күлкі қысып тұрды да:

– Оның маңызы қанша. Ішкен адам… – деп иығын қиқаң еткізе салды.

– Маған Досжанның сонысы ұнайды. Масайып, темекісін ерінінің бұрышына қыстырып алып, ешкімді менсінбей шалқайып отыратының бар ғой. Сені сол үшін жақсы көретін секілдімін, – деп Дина сезімін игере алмай қалғанда:

– Оның әйелі бар екенін ұмытпа, Динка, – деп Сәдуақас ары айтқызғысы келмеді.

– Иә, Дина. Арамызда Сәдудей бойдақ азамат жүр. Ертең айырылып қалуың мүмкін, – деп Досжан Сәдуақасты ұялта түскісі келген. Бірақ Дина бүкіл сөздің нүктесін бір-ақ қойды.

– Маған сенің типажыңдағы жігіттер ұнайды!

Бұл сөзге іштей масаттанып, сыртына әзілмен ғана тіл қатқан Досжан:

– Тааак!.. Онда Сәду жылдам бойыңды бірде жетпіске шөктіріп, салмағыңды 80-ге жеткізіп ал және дәл мендегідей қарынды ұмытпа, – деп бұрылып төр жақтағы орнына отыра кетті. Қызғалақтаған Сәдуақас суық терін сүртіп кеңседен шығып барады.

Бүгінгі келген шешімі өзіне тым қатты ұнаған болса керек, үш аптада бітірмеген есебін үш-ақ сағатта бітіріп, бастығының алдына алып барды. Хатшы қыздың бөлмесіне кірді де: «Өзінде ме?» – деп жауап күтпестен тұтқаға жармасқан. Хатшы қыз жанұшыра жүгіріп келіп есікті тірей қалды.

– Ешкім мазаламасын деп еді.

– Жобаның есебін алып келіп тұрмын. Қол қойдырамын да шығамын.

– Айттым ғой. Мазаламаңыз.

– Бастығыңыз ғарыштың шетін іздеп отыр ма?

Хатшы қыз иығын әнтек көтерді де, орынына қарай жылжыған еді. Ол Досжанды бас салып кіріп кетеді деп әсте ойламаған. Бірақ бәрі оның ойламағанындай болды. Есікті жұлқа ашып Досжан ішке кірді де:

– Аға, есепке қол қойдырмақшы едім, – деп үстеліне жақындай бергенде бастығы экраннан көзін алмаған қалпы:

– Бір айналып келші, – деп бұған назар да аудармады.

Досжан кері бұрылып есікті шала жауып, бастықтың естіп тұрғанын анық біле тұрып сөз бастады.

– Осы біздің бастықтарды түсінбеймін. Қызметкер өз шаруасы үшін, өз ақшасы үшін жүгіріп жүргендей кергиді келіп. Қол қою сонша ұзақ уақыт ала ма? – деп хатшы қыздың үстеліне жақындады да, алдына папканы тастай салды. – Басекеңіздің қолы босағанда қол қойдыра салыңызшы, – деп кеңседен шығып кетті.

Ол бүгінгідей қала күзінің сұлулығын ешқашан аңдамаған екен. Адамның үшінші көзін соқыр ететін, табиғатпен тілдесуден алыстататын ғалымдар айтып жүргендей бетон қабырғалар мен химиялық тағамдар емес секілді. Оның үшінші көзін, тіпті екі көзін де соқыр ету – күйбең тіршіліктің ғана қолынан келердей.

Өмірінің соңғы сәттерінде бүкіл дүниені жанарына сіңіріп алғысы келді ме, айналасына, айналасындағы түкке тұрғысыз кішкентай дүниелерге де таңданыспен қарап келеді. Жұмысқа кеш келіп, ерте кетіп барады. Келіншегіне қайтып келе жатқанын ескертіп қойды. Бірақ, Дина қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Бастығының қолы босаса керек.

Телефонының бетінен қызметтес қыздың атын оқыған сайын, әйелі Айшаны ойлайды. Ол қазір мұны күтіп алады. Мойнына асылып еркелейді. Сосын үйде отырып қалай іші пысқанын әңгіме етеді. Тамағын салып жүріп оны қанша минутта дайындағанын, шәйінің қанша уақытта қайнағанын, мұның баспалдақпен көтеріліп келе жатқандағы аяқ дыбыстарын естіп, есікке қанша секунд бұрын барып алғанының бәрін-бәрін айтып береді және әйелінің бұл әңгімесінің барлығын бұрынғыдай емес, бүгін ол шын ниетімен тыңдайды.

Иә, барлығы ойындағыдай болды. Езуін жимай, бұл сөздерді бүгін бірінші рет естіп отырғандай тыңдады. Күнделікті жасайтын асын асыра мақтады. Үйленгелі бірінші рет серуендеп келуге өзі шақырды. Айлығы түскен екен. Киноға апарды. Жақсы көретін балмұздағын алып берді. Ал түнде оның қысқа шашын тарағыштап ұзақ жатты… Таңертең ұйықтап жатқан келіншегін ұзақ иіскеді. Жүрегі сыздайтын секілді. Өзінің өлімі туралы ойлаған сайын миы азаттық күйін кешіп, жүрегі сығымдала түсетіндей. Келіншегінің маңдайынан сүйді де, оятып алмайын деп еппен тұрып бара жатқан сәтінде Айша қолынан ұстай алған.

– Кейде қасымнан кетсең, қайтып оралмайтындай болып көрінесің, – деп ұйқылы-ояу тіл қатты.

– Қайда кетем?.. Келем ғой. Жұмыс көп. Ұйықтай бер, – деп тұрып кетті.

Ол үйден шыға кешегі жүріп өткен «өлім» жолына қайта түскен еді. Санасы өлім турасында кешегідей алаулап тұрған жоқ. Дегенмен бойынан бекігендік байқалады. Тек жүрегі қинап тұр. «Ақыры кетем ғой. Кеткеннен кейін-ақ тауып алар» деп телефонын мүлдем сөндіріп тастаған.

Көшеде адам аз. Тіптен өте аз десе де болады. Әдеттегі аялдамасына келіп арқасын сүйеп отыра кеткен. Қадамды қашан жасау керек? Ол айналасына қарап, кешегідей бекінген ойын кешеуілдетуге себеп іздей бастаған… Ауа-райынан кінәрат іздегісі келді. Бірақ күн кешегідей жайма-шуақ емес еді.

Дамбаға қарай еріксіз қозғала берді де, көлік дөңгелектерінің асфальтпен шиқылдай жанасқанына жалт бұрылды. Тоқтап үлгере алған жоқ. Рулді де бұрып үлгермеді. Алдынан шыққан пальтолы жігітті қаққан қалпы, көлік үстінен асыра аунатып барып бірақ-ақ тоқтаған. Аялдамадағылар «өлді, өлді» деуге ғана шамасы келді. Бұл оны да айтып үлгермеді. Жанталасып жігіттің жанына жүгіріп барып, жүзіне үңілді де, шегіншектей берді. Жол жиегіне жетіп, шалқасынан құлағанға дейін ол өзінің шегініп бара жатқанын сезген жоқ-тын. Басқа сөзге тілі келмей қалғандай «Мүмкін емес! Мүмкін емес!» дей берді. Бірақ, шынында да мүмкін емес болатын. Ол өз тағдырының тарам-тарам екенін білсе де, дәл бұлай қиылысарына көзі жетпеген. Артына қарағыштай берді. Өйткені алдындағы көрініс тіптен қорқынышты болатын. Әне, тура кешегі өзі секіргісі келген көпір үстінде тағы бір пальтолы жігіт тұр. Ол көпір жиегіне шығып тұрды да, ағылып жатқан көліктерге қарай құлашын жая ауып кетті. Барып қарауға дәті шыдамады. Тек соңғы нүкте дамбаға қарай барын салып жүгіре жөнелген.

Ол ентігіп жеткен сәтте темекісін езуіне қыстырып алып, дамбаның жиегіндегі темірге шалқалая сүйеніп, тауға қарап тұрған өзін көрді. Көрді де тағы қайталады: «Мүмкін емес!»

– Мүмкін, Досеке! Кел бермен. Шалқалап тұрып шылым тарталық. Саған дүниеге солай шірене қараған ұнаушы еді ғой. Әрине, бұл әдет сенің бойыңда осыдан 4-5 ай бұрын болатын. Ал қазір ол «тектілігіңді» ішкен кезде ғана қайта табасың…

– Бұл біреудің мазағы ма? Бәлкім, голлюцинация? – деп дамбаға ентігіп жеткен Досжан селтиіп әлі тұр.

– Жоқ. Бұл сенің, һәм біздің жасаған«тағдыр» теориясының әзірше кішірейтілген нұсқасы ғана. «Тағдыр – тарам-тарам жолдар. Таңдағанымызбен жүреміз. Квант секілді. Қанша таңдау болса – тағдырыңның сонша тармағы бар» деген теорияны жасаған екеуміз емес пе едік? Екеуміз ойларымыз арқылы қаншама рет өмірімізді түйіндеуге тырыстық. Тіпті кеше ғана өлу үшін үш түрлі таңдау жасадық. Көлік астына түскіміз келді. Көпірден секіремін дедік. Соңыра дамбадан секіруді көріктірек санадық. Сол үш түрлі түйінделген жерде үш түрлі өзіңмен кездестің. Оның несіне таңғалып тұрсың? – деп шылымын тұтатқан Екінші Досжан алғашқы тартымды ішіне тартпай сыртқа бұрқ еткізді.

Ентігіп жеткен Досжан «Екіншінің» жанына келіп, дамба жиегіне еңкейе сүйенді. Бірақ тауға емес, қалаға қарап тұрған. Тауға қарап шіренген өзіне тағы да бұрылып:

– Бірақ бұл мүмкін емес қой, – деп тағы күбірледі.

– Кванттық әлемді түсінетіндер барда, оған шынымен сенетіндер бар. Екеуміз сол сенетіндердің қатарынан едік. Ал кванттық әлемде бәрі мүмкін.

– Иә. Кванттық әлемге жарық жылдамдығы да шектеу бола алмайды. Ал біздің ғалымдар сол баяғы Энштейін айтып кеткен ертегіге сенеді, – деп ентігін басуға тырысты.

– Ал біз ертегіге сенбедік, – деп Екінші Досжан әңгімеге май құя түскен.

– Әрине, олардың ертегісінің де шындығы бар еді. Бірақ атүсті шындық бұл, – деп Досжан Екінші өзіне тағы да таңырқай қарады. Анықтап қараған осы жолы.

– Қалай ойлайсың, солардың шындығын қабылдаған болсақ, өлім туралы ойламас едік қой. Екеуміздің дәл осы жерде қиылысуымыз да болмас еді, – деп тауға қарап тұрған Екінші Досжан езуіне қыстырулы шылымын басбармағы мен сұқ саусағына қыса ұстап алды да, ортаңғы саусағымен күлін қағып-қағып тастады.

– Бәлкім… Сұр пиджак пен қызыл пиджактың таңдауы секілді дүние ғой, – деп жүгіріп келген Досжан қалтасынан шылымын шығарды.

– Дегенмен, бір-бірімізбен бетпе-бет келіп тұрмыз… Мойындайықшы. Мына дүниенің бейматериялық екеніне әлі күнге толық көзіміз жетпейді емес пе? Біз адамның қоршаған ортасын тек бес сезім мүшесі арқылы қабылдайтынын сөз еттік. Адамдардың көруі, сезуі, естуі, дәм сезуі және иіс сезуі – барлығы миға ақпаратты электронды түрде жеткізетінін алға тарттық. Яғни адам айналасын емес, сол айналасының электронды көшірмесін көретінін айттық. Қорытындылай келе, әлем – адам миының ішіндегі галограмма деген тұжырым жасаған едік, – деп Екінші Досжан бұған көз қиығын тастады.

– Иә, – деп қалаға қарап тұрған Досжан тауға телмірген «өзінің» сөзін жалғады. – Расында, бәрі дұрыс. Оған дәлел ретінде, адам миын адамнан бөліп алып, оны компьютерге жалғап, екілік код арқылы ақпарат жіберер болсақ, ми тәнсіз-ақ өзін қалыпты адам ретінде сезіне алатынын айттық. Мысалы адам түсінде шөлдегенін, шаршағанын сезеді. Қорқады. Тіпті біреуден қашып жүруі мүмкін. Бәлкім біреуді қуып жүруі мүмкін. Ол түсінде әрқашан қозғалыста. Және оянғанша түсін реалды өмір санайды. Бірақ оянған кезінде ғана ешкімді қумағанын, ешкімнен қашпағанын біледі. Яғни бүкіл нәрсені сезетін адамның миы ғана. Жақында Америкада тумысынан зағиптарға арналған көзілдірік жасалды. Ол көзілдірікке камералар орнатылған. Ал камералар тиісінше мидің көру процесін электронға айналдыратын тамырларына жалғанады. Тумысынан зағип жандардың көзі осылай ашылуда. Енді ойлашы, егер сол көзілдіріктегі камераны тек қара және ақ түстермен түсіруге баптап қойсақ, зағип адам өмірді қара мен ақ түстің реңтерінен ғана тұрады деп ойлайды емес пе?

– Бірақ мұнымен әлемнің бейматериалық екенін дәлелдеу мүмкін емес деп ойлаймын. Әлем біздің миымыздағы галлограма десек – мидың өзінің материадан тұратынын қайда қоярмыз? – деп тауға қарап тұрған Екінші Досжан қалаға қарай бұрылып алды да: – Расы солай емес пе? – деп сынай қараған.

– Бірақ миды да бас қауашағымызды ашып, қолымызбен ұстап, көзімізбен көре аламыз. Яғни ол да біздің миымызға электронды берілетін сигнал ғана, – деп Досжан қысқа түйіндеді.

– Сонда біз кімбіз? Біз неден тұрамыз?

– Егер қысқа қайырар болсақ, жан мен рухтан ғана тұрамыз. Өзге ештеңе жоқ.

– Ал бізге мына әлемді ғажайып етіп көрсетіп, өз тәнімізді, айналаны сезінуге беріліп жатқан сигнал – Тәңірден демексің ғой, – деп Екінші Досжан тағы да сынағысы келген адамша көз қырын ғана тастады бұған.

– Әлбетте. Адамдар өлмейді. Тек адам рухы Тәңір матрицасының бір фазасынан екінші фазасына ауысады. Бұл дүниеде көрген ғажайыптардан асқан ғажайып күтіп тұр ол жақта. Біз оны «о дүние» дейміз. Жұмақ дейміз, тозақ дейміз. Бірақ оны ешкім толық сипаттап бере алмайды. Өйткені ол жақта мүлде басқа өлшем. Біздің санамызға сіңген үш өлшемді әлемді ұмытасың. Санамызға төрт өлшемді, бес, тіпті мың өлшемді көре алатын, сезіне алатын мүмкіндік берілмек.

– Сен сонда мұғжизалардың барлығын дүниенің матрица екенімен түсіндірмекпісің?

– Иә, Құдай кереметтерінің барлығының ғылыми негізі бар. Бірақ оны бүгінгі дәстүрлі ғылыммен түсіндіру мүмкін емес. Ал матрицада өмір сүреміз десек, жауабы оңай… Біз қазір сол Тәңір ғажайыптарының ең төменгі сатысындамыз.

– Осы теорияға шын сенесің бе?

– Иә. Өйткені матрицада өмір сүруге болатынына екеуміз-ақ дәлелміз. Біз дәл қазір тәңірлік матрица ішінен жасалған жасанды компьютерлік матрицадамыз…

– Жасанды? – деп Екінші Досжан аңтарыла қалды.

– Иә. Жасанды және өте сапасыз матрицада.

– Сонда жасанды матрицадағы біз кімбіз?

– Мен – Тәңірмін!

– Мен де?.. Екінші Досжанның көзіндегі сыншылығы кетіп, жалпақтауға ұқсай бастады.

– Жоқ, сен қолдан жасалған менің көшірмем ғанасың. Тағдырымның тұйықталған нүктесі де емессің. Сен, мына қоршаған әлем, қала, адамдар барлығы – біздің зерттеу ұйымының қолдан жасаған матрицасы ғана. Ал оны мен білемін. Сондықтан, Тәңірлік кейпім бар.

– Болжамыңа бас изедім. Делелің қайсы? – деп Екінші Досжан қармана бастады.

– Толып жатыр. Біріншіден, біздің зерттеу ұйымының «виртуалды қала» жобасы ешкімге қажет емес екенін басында-ақ айтқанмын. Бірақ олар, бастықсымағымыз бастап, Сәду, Нұржан, Дина бәрі жабылып ақшасын айтып қызықтырды. Бірақ біз сұратқан ақша тым көп еді. Ол ақшаның бес пайызға жетпес бөлігі ғана жобаға жұмсалып, қалғанының барлығы лабаратория мен суперқуатты компьютерлерге жұмсалғанын бүгін біліп отырмын. Біздің басекең мен ойлағандай ақымақ емес болып шықты, – деп Досжан рахаттана күліп алды да: – Ол менің, бәлки екеуміздің магистрлік жұмысымызды жата-жастана оқып, осы жобаны іске асырып отыр. Бірақ олардың суперқуатты компьютерлерінің де бұл матрицаны көтеруге қуаты жетпейді. Сондықтан кейбір сәттерде менің көзіме кубиктер елестеп кетеді. Бірақ ол кубик емес, пикселдер екенін мен түсінем.

Екіншіден. Сен менің өзім емес, көшірмем ғанасың дедім ғой. Ал жаратушың – Дина. Өйткені, тістерің аппақ. Дина маған іштей ынтық болса да, тістерімнің сарылығын ұнатпаушы еді. Ол осылай экспериментальды матрицаға Досжанның дәлме-дәл көшірмесін емес, өзі қалайтын Досжанды енгізген.

Үшіншіден. Сәдуақастың еңбегі. Ол да бүкіл ісін дұрыс атқарды. Тек бір нәрседен ғана қате кеткен. Ол Динаны ұнататын. Ал біздің үйдің жанындағы дүкеннің атының Дина болып өзгертілуі мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, қожайыны ауысқан жоқ, дүкеншілер де өз орнында. Оны Сәду-мәжнүн Дина үшін ғана жасап отыр.

Төртіншіден. Қала көшелерінде адам аз. Өйткені компьютердің операциялық жүйесіне артық күш түсірмеу керек. Ал, менің «тағдыры тұйықталған» тағдырласым. Мұнан артық саған қандай дәлел керек?

Осы ойлардың барлығын саралай келгенде мен әйеліммен лабораторияда жатырмын. Баяғы «Бөшкедегі» отырыстан кейін біздің бастық мені әйеліммен қосып үйіне неге шақыра қалды деп едім. Әрине, өкінішті. Өйткені олардың бізді матрицадан қашан ажыратары белгісіз. Дегенмен өкінішімнен гөрі қуанышым басым.

Досжанның сәтсіз көшірмесі аңтарылып тұрды да:

– Жалпы осы дәлелдеуіңнің құны көк тиын. Тәңірдің матрицасында өмір сүріп жатыр екенбіз деп ешкім бақытты болып кетпейді.

– Дұрыс айтасың. Бақытты болып кете қоймас. Десек те біз оған қарай қадам жасадық. Жүздесер күнге де жақындай түстік.

– Тәңірмен жүздесер күн деген – ақырзаман…

– Ол да мүмкін. Тек оны ақырзаман емес, Тәңірдің біз өмір сүріп жатқан төменгі матрицасын күйретуі деп қарау керек шығар. Біз келесі фазаға өтеміз. Бүгінгі тіл, бүгінгі ғылым, бүгінгі фантастика суреттеп бере алмас келесі матрицаға.

***

Кеңсе. Бастықтың алдында Дина, Сәдуақас және Нұржан отыр. Басекең тамағын кернеп алып сөз бастаған:

– Сонымен, эксперимент діттегеніне жеткен жоқ.

– Бәрі дұрыс келе жатыр еді, басеке, – деп жұтынып алған Сәдуақас, сөзін әрі сабақтады: – Тек тым асығыстық жасадық. Жүйе дайын емес еді.

– Жә, оны қойшы. Досжан өзінің «тағдырлас» көшірмесімен дамбадан секіруі тиіс еді. Өз-өзіне қол жұмсауы керек еді…

– Иә, басеке. Біз алғашқы сәттен бастап-ақ оның санасына өз-өзіне қол жұмсау туралы және басқа да сигналдарды үзбей жіберіп отырдық. Сол сигналдардың барлығын орындап келді де, соңғы сәтте оның миы сигналды қабылдамай қойды. Неге екені өзімізге де түсініксіз. Компьютер қателесті дейін десек, сигналдар архивінде бәрі айна қатесіз көрініп тұр. Бейне бір матрицадағы Досжан мен компьютер арасында тылсым күш тұрған секілді, – деп Сәдуақас тағы да кібіртіктеп түсіндіріп бақты.

– Адам миы мен компьютер арасындағы тылсым күш? Ол не тағы? – деп бастық ойлана қалды да қазақы қария көрген көкірегі күкіртше лап етіп: «Астапралда! Астапралда!» – деп маңдайындағы терін сүртті.

– «Не» емес, «кім?» шығар. Иә, кім?..

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...