Жемқорлық жайы сөз болды

  Қыркүйектің 1 күні Қазақстан халқына арнаған жолдауында Президент Қасым- Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арнайы тоқтады. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болған парақорлық, сыбайлас жемқорлық жайлы Мемлекет басшысы: Бұдан былай сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілдерін енгізген жөн.2021 жылдан бастап, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есеп шотқа ие болуы, қолма қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты заң аясында жаңа шектеулер енгізу қажет. Мемлекет қызметшісінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы жөніндегі мәлімет расталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқыққорғау орындарының қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы болғаны үшін жазаны қатайтып, қылмыстық кодекске өзгерту енгізу қажет. Сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша шартты түрде бас бостандығынан айыру шарасы бұдан былай қолданылмайтын болады. Жемқорлықпен ұсталған мемлекеттік және квази мемлекеттік сала қызметкерлерінің мемлекеттік секторларда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салу қажет. Сондай- ақ, сыбайлас жемқорлық оқиғасы орын алғанын хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет».- деді.

 Иә, ағайын! Еліміз тәуелсіздігін алған 30 жылға жуық уақыттан бері Елбасының бірқанша, Перезидентіміз Тоқаевтың екі жолдауында да осы сыбайлас жемқорлық жайы сөз болып келді. Мұнан бөлек, қаншалаған мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардың жиындарында егемен еліміздің адымын аштырмай, қоғамымызды жегі құрттай жеп, экономикамыздың алға ілгерілеуін тежеп келе жатқан індет жайлы айтылып келе жатыр. Әрине, құрғақ шөппен ауыз сүртуге де болмас. Олай дейтінім, қатардағы бөлім басшысы, жол патрульдік полиция қызметкерлерінен бастап, облыс әкімдері мен министрлерге дейін, тіпті премьер министрге дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлығы дәлелденіп, темір торға тоғытылып келді. Демек жұмыс бар, сыбайластықпен күрес жүргізілуде. Тек, нәтиже көңіл көншітерлік емес. Бұлай деуіме себеп, кешегі жолдаудағы Қасым- Жомарт Кемел ұлының сөзі және мына төмендегі ақпарат:

 Халықаралық эксперттер жылда осы сыбайлас жемқорлыққа байланысты статистикаларын жариялайтын көрінеді және бұл үшін арнайы индекс бекітіпті. Әлемнің 180 мемлекеті қатысатын бұл индекске сай, ең жоғарғы деңгейде- Жаңа Зеландия мен Дания елі 87 балдық көрсеткішпен тұр екен. Ал, ең төменгі деңгейге 9 балмен Сомали, 12 балмен оңтүстік Судан және 13 балмен Сирия мемлекеттері жайғасыпты.  

 Ал, кешегі посткеңестік елдердің ішінде ең жоғарғы деңгейге 56 балмен Грузия 44 орынды, 45 балмен Беларус 66 орынды, 42 балмен Армения 77 орынды иеленіпті.

 Қазақстан жаймен, бірақ анық өз нәтижесін жоғарылатуда- мыс. Егер, ең төменгі нәтиже 26 балдық көрсеткішпен 140 орынды иеленген 2013 жылға тән болса, бұл нәтиже былтырғы жылы 21 балмен 124 орынға жақсарған көрінеді. Дегенмен, Қазақстан өз аймағында, яғни, Орта Азияда сыбайлас жемқорлық жөнінен көш бастап тұр екен. Артта, Молдова 140 орында, Украина мен Әзірбайжан және Қырғызстан 30 балмен 126 орында, ал, Ресей 137 орында екен. Ал, ең төменгі орында 19 балмен 165 орында Түркменстан тұрған көрінеді. Сондай- ақ, эксперттердің айтуынша рейтинг бойынша Қазақстанмен бірге  Филиппин, Замбия, Непал, Сальвадор және Свазиленд сықылды әлемнің ең артта қалған елдері тұрғанға ұқсайды.

 Міне, ағайын! Әлемнің дамушы 50 елінің көшіне ілестік, ендігі мақсат, дамыған 30 елдің көшбасшысына айналу деп біз жүрміз. Сөйтсек, әлгі Африка елдерінің көшін бастап тұр екенбіз ғой. 

 Өте өкінішті. Оқып отырған адамның өксіп- өксіп жылағысы келеді. Олай дейтінім, мынау әлемді жайлаған «тәжіндет»- тен адамзат қоғамы жайлап құтылып келе жатыр, бұйыртса құтылады да. Ал, мына жемқорлық індетінен құтыла алар ма екенбіз? Бұл сауал, мемлекетіміздің басшысы Қ. Тоқаевтың да басын қатырғаны сондай, кешегі, ел басына күн туған (пандемия) жағдайында да айылын жимаған жемқорлар, бұқара халықтың ішіп- жеміне, дәрі- дәрмегіне қол сұқты. Нәтижесінде, қаншалаған азаматтарымыз жанынан айырылды. Министрлер кабинетімен онлайн жиын өткізген Президенттің айтуынша, тек, соңғы 7 айдың ішінде 912 адамға сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалыпты. Ал, былтырғы 12 айдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 820 қылмыстық іс қозғалған екен. Ел жанын шүберекке түйіп, аурумен арпалысып жатқандағы 7 айдың ішінде аталмыш қылмыстың өршігені Мемлекет басшысының ашуын тудырды. Тіпті, төтенше жағдай жағдайында пара алудың түр- түрін ойлап тапқан ғой бұл адам сипатындағы …. . Өзі жанын қоярға жер таппай жүргендерден шекара бекетінен өткізу үшін пара алғандардың тірлігі сорақылықтың бер жағы ғана боп қалды. Өйткені, мемлекет атынан пандемияға қарсы күреске бөлінген миллиардтаған қаржы құмға сіңген судай, ізім- қайым жоқ болды. Осының бәріне ашуланған Президент тиісті сала министрі мен қатысы бар компаниялардың басшыларын орындарынан алып, қылмыстық іс қозғатты.

 Сең қозғалған секілді, артын бағайық. Қарамағындағылар Мемлекет басшысының сенімін аяқасты етпей, нақты істер атқарылып, осы жолы парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты түп- тамырымен жойсақ екен деп тілейік.

 Жә, сонымен сыбайлас жемқорлықпен еліміздің, әлемнің қалай күресіп жатқанына біраз деректер келтірдік. Ең қызығы да сол, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының басшылығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» деген кітап жарыққа шыққан екен. Содан бері барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерге осы кітаптардан дәрістер өтілетін көрінеді. Мақалама қажетті ақпараттарды іздестіріп отырып, осы кітаптың электрондық нұсқасын жолықтырдым. Кітап керемет. Көп дүние қамтылған. Бірақ, мына соңғы 7 айдағы статистикаға қарап, біздің мемқызметкерлер бұл кітапты теріс оқыған ба, деген ойға қалдым.

 Кітапқа сүйенсек, біздің «сыбайлас жемқорлық» атап жүрген аты жаман індетіміз латын тіліндегі: «corrumper» деген сөзден шықса керек. Сондай- ақ, бұл сөз көптеген мағына береді екен. Атап айтар болсам: бүлдіру, құлдырау, параға сатып алу, азғыру, тура жолдан тайдыру, күйреуге әкелу,бұрмалау, алдау, қорлау секілді т.б ұғымдарды білдіретін көрінеді. Тағы да «rumpere» сөзі көп мағыналы бұзу, қирату, заңнан аттап өту және шартты бұзу деген ұғымдарды береді екен. Сонымен қатар, бұл «rumperre» етістігіне «co» қосымшасы жалғанған жағдайда бұл әрекеттің көппен, сыбайласып жасалатындығын ұқтырады- мыс. Біз үнемі шет тіліндегі бір сөзді аударатын болсақ сөздіктеріне жүгінетін орыстар осы латын тіліне жүгініп «коррупция» деп атапты бұл індетті. Қарап отырсаң, әлгі «corrumper» сөзінен шығып келетін ұғымдардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа анықтама болуға лайық. Дегенмен, садағаң кетейін, біздің аталарымыз секілді дәл, лайықты бере алмаған. Олай дейтінім, біздің ізгі бабаларымыздың бұл індетке «жемқорлық» деп атау беруден мақсаты, бұдан ұрпақтарын жирендіру, алыс ұстау болса керек- ті. Анығырақ айтсам, егер бұл «жемқорлық» сөзін әлгі латын тіліндегі сөз секілді тәпсірлейтін болсақ, әуелі, «жем, жемтік» деген сөздер шығады. Кейін, «қорлық» сөзі жалғанып, бүтін бір ұғымды береді. Бұдан шығатын қорытынды, біздің ата- бабаларымыз бұл парақорлық пен жемқорлықтың елімізді алға сүйремейтінін, керісінше, ұлт, мемлекет ретінде жойылуға апаратынын жақсы ұққан. Сол себепті де аты жаман індетті «нанқорлық, асқорлық» деп емес, «жемқорлық» деп атаған. Себебі, елдің, жердің, жетім мен жесірдің, сәби мен ананың қарттар мен мүгедектердің несібесін жеген, қоғамды кері сүйрегенекі аяқты махлұқаттарды «адам» деп есептемеген. Жем, жемтік жегендері үшін «жемқорлар» деп атаған. Онымен де шектелмей, «қор», «қорлық» деген сөздерді тіркеген. Өйткені, мұндай адамтектестерді қор көрген. Істеген істерін де қорлыққа теңеген. Бұл дүниеде құтылса да ақыретте қорлық көретінін білген. Ескерткен.

 Ә, айтпақшы! Қасым- Жомарт Кемелұлы өз сөзінде осы сыбайлас жемқорлыққа ең көп себеп болатыны мемлекеттік сатып алудың әділ өтпейдіндігі деп басып айтты. Сондықтан да мемлекеттік сатып алуға қатысты заңдарды да қайта қарап, бақылауды күшейту керек деді. Осы арада айтпағым, осы мемлекеттік сатып алуды қысқартып, «тендер» деп атап жүрміз. Бәлкім, мұның да бір анықтамасы бар шығар деп «википедия»- ға жүгініп көріп едім, ағылшынның «tender» сөзінен шыққан екен. Мағынасы: Тауарларды жеткізу немесе мердігерлерге белгілі бір жұмыстарды орындау жөнінде тапсырыс берудің ерекше нысаны дегенді білдіреді екен және бұл нысан сауда-саттықты ұйымдастырушылар үшін мәміленің неғұрлым тиімді коммерциялық немесе басқа да шарттарын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жеткізушілерден немесе мердігерлерден ұсыныстар алуды көздейді»,- деп беріліпті. Не деген ұзақ аударма. Әдетте, балконды «қылтима», крокодилды «қолтырауын», лифтіні «жеделсаты» деп аударып жүрген аудармашыларымыз неге осы «тендер» сөзіне келгенде сараңсып қалды екен?- деп көп ойландым. Сөйтіп, қой тіл маманы болған соң қазақ тіліне мен де үлесімді қосайын деп, бабалар ізімен «тендер» сөзін «жеңдер» деп аудардым. Айтуға да өте қысқа, түпкі мағынасынан да (жем- қор- лық) аса алыс емес. Сосын, қазіргі біздің қоғамдағы қолдану мақсатына да атауы үйлесіп тұр. Республикада отырған көкелері опырып жеп алған соң, облыста  отырған інілеріне асап «жеңдер!», олар аудандағы інілеріне көсеп «жеңдер!», олар да ауылдағы інілеріне «ауыз тиіңдер!»,- деулері үшін, тілге жеңіл, құлаққа жағымды, көңілге қонымды.

 Сөз соңында. Менің түсінігімде, бұл парақорлық пен сыбайлас жемқорлық індетінен түбегейлі құтылудың мынадай жолдары бар.

 Бірінші жол. Кісіге әуелі иман қажет. Себебі, бір нәрсеге сенбеген, иланбаған адамнан әсте жақсылық шықпайды. Онан соң, сол иланған нәрсесінен бек қорықпақ керек. Сол себепті де аталарымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық!»,- деп қатаң ескерткен. Өйткені, құдайдан қорықпаған адам ешкімнің көз жасына қарамайды, келешегіне алаңдамайды. Сосын, мұндай адамдардың мүмкін болса ұйқтап қалған ұятын оятуға әрекет ету қажет. Себебі, ұят иманға алып баратын баспалдақ. Сол үшін де ізгі бабаларымыз әй осы енді адам болмайды- ау, әй, түзелмейді- ау деп түңілген адамына: «Құдайдан ұялмасаң, білгеніңді істе!»,- деген мағынада қарғыс айтқан.

 Екінші жол. Жарайды, бұл індеттің ұлттығымызға, мемлекеттігімізге үлкен қауіп екенін білдік. Ендеше, бұдан былай мәймөңкелеудің еш қажеті жоқ. Президентіміз айтпақшы, мемлекеттің, халықтың қазынасына қол сұққандарды шартты түрде бас бостандығынан айыруды доғарып, ең қатаң шараларды қолдану қажет. Кеңес заманындағыдай, барлық дүние- мүлкін тәркілеп, өздерін итжеккенге айдау керек. Тіпті, жеті ұрпағына таңба болатындай, масқара ету қажет.

 Жә, сонымен, сенат депутаты Дана Нұржігіттің «Евразия- 1» каналының журналистеріне берген сұхбатымен сөзіме соң  бергім кеп отыр. Дана апамыздың пандемиядан арылғаннан соңғы сөзі былай болды: «Шүкір! Пандемиядан жайлап құтылып жатырмыз ғой. Ендігі жерде, мына қоғамымызды жегі құрттай жеп келе жатқан парақорлықтан, сыбайлас жемқорлықтан да түбегейлі құтылсақ екен. Тура коронавирус секілді әбден өршіп, жететін шегіне жетіп, бұл індет те жойылса екен. Сосын, біздің қоғам болып парақорлар мен жемқорларды жек көретініміз ашық айтылса. Тіпті, қол беріп амандаспайтындай, қыз берісіп, қыз алыспайтындай деңгейде араласпасақ. Сен кешегі, ел басына күн туғанда окопта тығылып жатқансың, оқ- дәрі, қару- жарақты жауға сатқансың, сол арқылы еліңді сатқансың деп халық боп айыптасақ. Егер, қылмысы әшкереленіп, дәлелденіп жатса жеті ұрпағына кететітндей етіп масқараласақ. Мынадай, ел басына күн туып, жұрт індеттен қырылып жатқанда, жасанды жолмен демалдыратын аппараттарды, дәрі- дәрмектерді жасырып қойып, қаншалаған азаматтарымыздың өліміне себеп қолғандардың аты- жөні белгілі болса.Міне, осылай қоғамды тазалауымыз керек».

Данияр Бек

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...