Жаңашылдық жаршысы

  Осыдан екі-үш жыл бұрын 9 мамыр мерекесі күні Жартытөбе ауылындағы өмірден өтіп кеткен, майдангер Білдаш көкеміздің шаңырағында болдым. Ондағы мақсатымыз майдангердің отбасы, бүгінде көзі тірі, шежірегөй әжемізден «Жақсылар түскен үй» деген тақырыпта облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тапсырмасымен деректі сұқбат әзірлеу керек болатын. Ағайын-туыс, көршілерін, құда-жекжаттарын «үйге тілші» келді деп қарт әжеміз түгел бала жіберіп шақыртып алды. Өзі әлі күнге дейін күш-қуатын жоғалтпаған апамыз барлығын билеп төстеп отырады екен. Әңгімеге де жүйрік. Есте сақтау қабілеті де зор екен. Онысы маған жақсы болды. Қаламым зырғып тоқтар емес.  Бір уақытта әжем:-Әй, балалар Нұрлан баламды шақырдыңдар ма?-деді. Балалары «Иә, апа шақырдық. Қазір келеді» деді. Дастарханның айналасы әп сәтте ағайын-туыс, құда-жекжатпен толды. Бір кезде сымбатты, денелі, бойшаң жігіт кіріп келді. Төрдегі апаммен қос қолдап амандасып, амандық-есендігін сұрап жатыр. Сөйтсем, осы шаңырақпен туыстас, осы үймен біте қайнасып өскен, әрі апамыздың өзінің қалауы бойынша, ешкім арнайы бекітіп бермеген «жеке дәрігері» екен.Жиналып шағын бас қосу басталады дегенше сағат түнгі он болды. Сағат он бірге таяу Нұрланға аудан орталығынан шұғыл шақырту келді. Апыр-топыр көлігіне мінді де науқас шақыртқан нүктеге жүріп кетті. Айтқандай сол күні Нұрлан ініміздің дүниеге келген-30 жасқа толған туылған күні екен. Үйінде келіншегі дастархан жайып, туған күн иесін таң атқанша күтіп отырыпты. Оны кейін есіттім. Нұрлан дәрігермен алғашқы кездесуіміз осылай басталды. Кейін туылған күн дегенде туылған күнін вызовпен өткізетін Нұрлан інім сияқты дәрігерлердің қиян-кескі, қым-қуыт тірліктері есіме түседі. Екінші рет Нұрланмен кездескенім Раң ауылынан Ибрайымов Мұхтар есімді қатарласым науқастанып, қан қысымы көтеріліп шұғыл ауруханаға түсіп,  сол азаматтың жағдайын білейін, көңілін сұрайын деп барғанымды жолықтырдым. Екі-үш рет күндіз  барғанмын. Бір күні кешкісін іші пысып жатқан шығарғ әрі тамағын апарып берейін деп барсам, Мұхтар мен Нұрлан әңгімелесіп отыр екен. Дереу Жартытөбеде Білдаш қарияның үйінде жолығысқаным есіме түсті. Сонда байқағаным қанша асығыс тірлігі болса да науқастың көңілін бөліп, қасында отырып әңгімелесу дегенннің өзі әдептілік пен дәрігерлік антының адалдығынан болса керек. Сол жолы қашанда қалтамда жүретін қағаз-қаламымды алып дәрігерБердімұратов Нұрлан Төреханұлының өмірдерегін түртіп алдым.
Нұрлан Төреханұлы 1987 жылы 09 мамыр күні Жарты төбе елді
мекенінде дүниеге келген екен. 1993 жылы Жарты төбе елді мекеніндегі Құлыншақ атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттап, 2004 жылы 11 сыныпты толықтай бітіріп, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Осы оқу орнында мәдени іс – шараларға белсене араласып, топ жетекшісі болады.
Аталған оқу орнынан Түркістан қаласындағы Хожа – Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университетіне ауыса жүріп, 2011 жылы терапевт мамандағы бойынша бітіріп шығады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас маман  туған өлкедегі Созақ аудандық орталық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметіне және терапия бөлімінің емдеуші дәрігері қызметіне тағайындалады.
Аудан халқының денсаулығын қорғау мақсатында қосқан орасан зор үлесі үшін 2011 жылы желтоқсан айында орталық аурухана бас дәрігерінің «Алғыс хатымен» марапатталады.
Жас маман болып туылған өлкеге келгеннен бастап жаңашылдық пен озық ойлардың арқасында орталық ауруханаға жаңа леп әкелді.
Осы аталған ынта – жігерінің арқасында бас дәрігердің бұйрығымен 2015 жылы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Келесі жылы еліміздің жетекші саяси «Nur Otan» партиясына мүшелікке қабылданды.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрінің денсаулық сақтау саласын оңтайландыру жүйесі бойынша аудан көлемінде екі мемлекеттік мекеме ретінде орналасқан аудандық емхана мен аудандық орталық аурухананың бірігуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысының 2017 жылғы бұйрығымен Созақ аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта тағайындалады.
2015 жылдан бастап қазіргі таңға дейін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары және терапия бөлімнің емдеуші дәрігері қызметін қоса алып келе жатыр.
Жоғарыда аталған жылдар көлемінде Созақ ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» бес рет, Созақ аудандық мәслихатының «Құрмет грамотасымен» екі рет және бас дәрігердің «Алғыс хатымен» бірнеше рет марапатталады.
Жанұялы, Жұбайы Лаура Талғатқызы екеуі отбасында Нұрасыл, Нұрдәулет есімдіекі ұл мен Інжу есімді бір қызды тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя иесі.Адамзат тарихында бірінші байлық денсаулық делінген, сол себепті денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытып, жаңа технологиялармен жұмыс жасап,  түрлі заманауи аппараттардың тілін тауып  аудан тұрғындары үшін жаңаша стилде қызмет ету Нұрлан сияқты жас та білікті мамандардың міндеті.

 Осы тұрғыда Нұрлан Төреханұлын алдағы уақыттарда қандай бағытта халыққа қызмет ету керек, бас дәрігердің орынбасары ретінде ойға түйген жұмыстың жаңаша тәсілдері  туралы аз-кем тілдескен едік.

-Жұмыр жерді шарпыған кесел бүкіл әлемді сынаққа салды. Негізгі сынақ-қай мемлекеттің немесе қай жеке тұлғаның, жас мамандардың қолынан не келеді дегенге жауап іздеттірді.Көп адамдар бұл ауруға төтеп бере алған жоқ. Оның себептері өте көп. Жаңа виру болғандықтан, күрес тактикасы жиі өзгеріп отырды. Халықтың енжарлығы мен немқұрайдылығы да індеттің өршуіне соқтырды. Осының кесірінен еуропа елдері басынан кешкен күрделі жағдай бірер ай шамасында бізге де жетті. Ауруханаларда орын болмады. Төсек орын жетіспеді. Орын болғанның өзінде ол заман талабына сай келмейтін. Медицина тосын келген вирустың алдында өз дәрменсіздігін көрсетті. Сол себепті жаңашылдық керек.

-Мақсат аға, өзіңізде көріп жүрсіз ғой, Жібек жолы көшесінде орналасқан 20 төсектік жұқпалы аурулар ғимараты  тозығы жеткені баршамазға аян, қазіргі бүкіл әлемдік пандемия кезінде және одан кейін аудан халқының денсаулығы үшінде, осы аталған ғимаратты қазіргі заманға сай етіп, барлық керекті құрал-жабдықтарымен жаңарып, жаңадан қайта бой көтерсе деймін. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  2020 жылғы 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауының ІV тармағы, үшінші тармақшасында көрсетілгендей «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» оның ішінде ана мен бала өлімін болдырмау үшін үлкен көлемде іс шаралар мен жүйелі жұмыстарға ат салысып жатырмыз. Алайда осы жүйені жаңаша жетілдіре түсу керек сияқты.
-Денсаулық сақтаудың үздік әлемдік стандарттарына қол жеткізу үшін кейінгі жастар білімді болуы керек. Үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Бүгінде «ақылды инглятор» демікпені емдеудің негізгі әдісі, дұрыс қабылдаған жағдайда пациенттердің 90 пайызына көмектеседі. Хирург робот, Мидың сымсыз сенсоры-науқастың жай күйін қадалап отыратын сенсор. Телемедия-дегеніміз бар, ол пациенттермен қашықта отырып жеке қабылдай алады. Иммундық терапия-қатерлі ісікпен ауыратын науқастың жасушаларына генетикалық өзгерістер енгізу әдісі, 3D баспа әдісі-жаңа үлгідегі технологиялар. Осының бәрі жаңа кезеңнің жаңашылдық жаңалықтары. Жастар алдағы уақытта осы бағытпен жұмыс жасайды.
Бүгінде бүкіл ел болып «Салауатты өмір салтын» орнықтыру саясаты үшін жұмыс жасаудамыз. Сол себепті әлі де аудан халқына арналған спорт алаңдары мен мәдени нысандарының құрылысына жағдай жасап, денсаулық салауатты өмірдің басты кепілі ретінде оларға жаппай денешынықтыру, спорт, мәдени мұра мен шығармашылық белсенділіктерін насихаттау және дамыту үшін балалар мен жастардың бос уақытын өткізуге қолайлы жағдай жасала түссе. Әлі де кемшін тұстарымыз бар. Мысалы, әрбіріміз өзімізден бастасақ, өз денсаулығымызға өзіміз терең мән берсек. Темекі, ішімдік, есірткі сияқты зиянды әдеттерден аулақ болуымыз керек. Бізге Алла тиесілі ғұмыр берген, алайда біз өзіміз сол өмірді одан да қысқа болуына себепті қолдан жасап жатырмыз. Осыны барша халық түсінсе деймін. Аудан көлемінде барлық көп балалы аналардың  қажетті мұқтаждықтарын орындауға, төленетін жәрдем ақысын заң шеңберінде тағы пысықтала түссе халқымыз үшін оңды орасан іс болар еді,-деп Нұрлан бауырым ағынан жарыла ішіндегі ой пікірімен кеңінен бөлісті.

 Жақында редакцияға  Қаратау ауылынан Мұрат есімді азамат хабарласып аурухана дәрігері Нұрлан Бердімұратовтың атына білдірген ризашылығы осы шағын мақаланы жазуыма себепкер болды. Бұл бір ғана азамат емес ауданымыздың түкпір-түкпірінен хабарласқан  талай азаматтар жанына шипа дарытқан дәрігерге  шынайы алғыстары мен лебіздерін  аудандық басылым арқылы білдіріп келеді.

Уақыт мезгіл өзендей тасиды, кейде басылар,

Адамдар деген ағын су арнаға қарай асығар.

Алғыс пен бата, жылы сөз жаныңа жақын дем берер,

Мадаққа лайық қашанда ел мақтап жүрген асылдар,-демекші елдің айтқан игі тілектерін айшықты өрнектеп нағыз иесіне жолдау біздің міндетіміз бен парызымыз.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...