Теріскейде туған ән (деректі повесть)

                                       Қарағұрда қалған із

 Сырғып келе жатқан машина, үлкен белге атып шықты. Батыс жақтан екі ауыл көрінді.

-Міне, Энгельс атындағы совхозға да келіп қалдық,-деді шопыр жігіт артына бұрылып. Меймандар жан-жағына таңырқай қарай астады. Тау бөктеріен етекке дейін көктемгі төл қоралар орналасқан. Айнала сол төл қоралардан ұзамай, бытырай жайылған отар-отар қой. Күн шуағын молынан төгіп тұр. Далада аттылы, түйе мінгендер толып жүр. Мал төлдетіп жүргендер екені беп-белгілі. Осынау қызу тірліктен көз алмаған бұлар, орталыққа келгендерін машина тоқтай қалғанда бір-ақ аңғарды. Совхоз кеңсесіне келген екен. Кеңсе алды топырлаған машина, ығы-жығы адам. Бұларды қарсы алған толық келген, дөңгелек жүзді совхоз директоры Айтбек Есенқұлов пен партия ұйымының хатшысы тасқын Ашықбеков өздерін таныстырып болғаннан кейін, отырғандардың аты-жөндерін біртіндеп атап шықты. Директор мен партком шаруашылық жайын біруақ әңгімеледі.

-Сіздер біздің үйге бара беріңіздер. Біз де қазір жетеміз,-деген директор шаруасына айналып қалды да, бейтаныс жас жігіт жол бастады.

-Есімім Байділда, совхозда есепшімін. Мына жігіт Жомарт, совхоз комсомол ұйымының хатшысы. Алматыда жетпісінші жылдарда студент болдық. Ол уақытта студент біз, сізді бір көруге ынтық едік. Жатақханада Оспанхан екеуіңізбен кездесу де өткізгенбіз. Сіздің әндеріңізбен студенттік өмір кештік, аға! Машинаға жайғасып, жолбасшылық еткен қағылез жігіт, қаңылтыр түнкелі үлкен үйдің алдына алып келді. Есік алдында күтіп жүрген жігіт машинаға келе берді.

-Ассалаумағалейкум? Қош келіпсіздер Қарағұрға!

-Әлейкумсалам!

Кабинадан түсе бере қол берген жігіт, түгел амандасып шықты. Шәмші аңтарыла тұрып қалды. Көптен бері «Ассамағалейкум» естімеген еді.

-Жүрекке жылы, құлаққа жағымды мұсылман халқымның сәлем-ай!-деді сосын Шәмші Сабырханға қарап.

-Күнделікті кездескенде бір-бірімізге «Алланың нұры жаусын!» деген жақсы сөзімізді де қимайтындаймыз. Бұл бүкіл мұсылманға тән. «Саған да Алланың нұры жаусын»- деп жауап береді. Үлкеннен ұлағат болып қалатын осы сәлемдесу ұмытылып барады. «Саламат па?», «аман ба?» деген сөзді мәдениеттілік деп білеміз. Ал, жаңа «көке» деген сөзді естідім. Мұны біз айтпағалы, естімегелі қашан? Бүгінгі бала «папа» дейді. Ақсақал болғанша сол «папа» қыр соңынан қалмайды. Қазақтың «көкесі» қандай әдемі. Көке-көк деген сөзден шығады. Ал көкте Тәңірің бар. Сонда балаға көкесі-көк Тәңірі сияқты ұлы бейне болады. Осы бір сәттен әсерленіп алған Шәмші, сөйлеп келеді. Үйге кіріп жайғасқан соң, әлгі жігіт Сабырханның «Ақбота» деген өлеңдер жинағып әкеліп ұсына берді.

-Мына кітабыңызға естелік жазып беріңізші, аға?-деді тізерлей отырып.

-Не деп жазайын. Есімің кім?

-Елеусізге деңіз. Орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін.

-Мен сені бір жерден көрген сияқтымын.

-Мен сіздерді жақсы танимын. Республикалық «Лениншіл жас» газетінің «Шаруа жастар» бөлімінде, қазақ радиосында 1975 жылға дейін қызмет істедім.

-Пәлі! Бәсе көзіме таныс. Сабырхан елпектеп қалды. Шәмші де қолтықтағы жастығын түзеп, бұларға қарады.

-Сол жылдары біз оқу бітіріп, ауылға қайттық та, бұл қызметте қалған еді. Осы ағасы да қызмет бабымен басқа жаққа көшті. Шешесі ешқайда бармай, жалғыз қалды. Содан соң ,амалсыздан елге келді ғой,-деп Байділда әңгімеге араласты.

-Лениншіл жаста» қызмет етсең, білдей журналшы екенсің ғой!..

-Қазақ радиосында қай бөлімде болдың?-деп қалды Шәмші, мүштегін алып жатып.

-1972 жылы Шымкентте «Лениншіл жастың» облыстағы өз тілшісі болып жүрген Мұхтар Шаханов ағамыз, қазақ радиосына келіп, музыка бөлімінде редактор болды. Мұқаңды «ағалап» іздеп бардым. Қайда барса қасынан тастамайтын, қолбала іні болып алдым. Міне мені қызметке орналастырып жүрген сол кісі. Бұл жылдардың әндері –«Қайдасың», «Кешікпей келем деп ең», «Жұбайлар жыры» дәуірлеп тұрған. Радиодан оқып, Нұрсұлтан мен Мұхтар аға әндерін кезек-кезек бергізіп, мәз болатын еді.

-Е, інім содан солай болды де. Даланың адамын жат жерге апару—көрге сүйрегенмен бірдей. Біздің де әке-шешеміз сол даласынан тапжылмай қалды ғой. Сен дұрыс жасаған екенсің. «Қызмет қолдың кірі»-деген. Денің сау болса екі қолға бір күрек табылар. Ал, ана табылмайды. Мен анам ауырып жатқанда бара алмай, қайтыс болғаннан кейін бардым. Менің өмір бойғы өкінішім—осы болды. Бейбақ анаммен еш болмаса қоштаса алмай қалыппын. Сонда ол кісі не ойлап кетті? «Мейрімсіз тас жүрек балам»-деп кетті-ау… «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада»—деген осы екен. Шәмші ойын ешкім бөлшен жоқ, тебіреніп барып тоқтады. Бір уақ ойда отырды. Маңғаз мінезді Сабырхан да үндеген жоқ.

-Сабыр аға, бұл ініңіз ақын,-деді байділда қайтадан әңгіме жалғап.

-О, онда жақсы екен. Бәсе бекер босқа газет-журналды сағалап жүрген жоқ қой. Өлеңдеріңді баспаға бердің бе?

-Бердім, бірақ әлі шикілігі бар білем.

-Қане, бір өлеңіңді оқышы. Сабырхан жастықты шынтақтай қисайды.

-Менің шешем он бір құрсақ көтеріп, бәрін де құдайдың өзі қайтарып алыпты. Шешек деген ауру ауылдың шетінен кіріп, бар баланы баудай жусатып кетеді екен. Оны «қызылша» деп те атайды. Бұл бүкіл елдің дерті болған. Тек 1948 жылы балаларды білегінен егіп, содан тоқтапты. Алғашқы егуден кейін, біздер аман қалған екенбіз. Содан кейін дәрігерлер шешекке бала бермейтін болған. Сол шешеме арнап жазған өлеңім мынау:

-Он бір ұлы шешектен шетінеген,

Жесір қалған Жаңылдың жетімегі ем.

Жамандықтар жағамнан ала түсіп,

Жақсылықтар қараған бетіме кем..

Осы кезе есік айқара ашылып:— Сәлем бердік!—деп даудырап бір топ адам кіріп келе жатты.

-Өлеңің жақсы екен ақыным! Мына кісілер болмағанда түгел тыңдар едік. Оқасы жоқ. Шет жағасын тыңдадық қой. Талабыңа нұр жаусын!… Сабырхан орнынан көтеріліп, келгендермен сәлемдесе бастады. Шәмші де қозғалды. Сәлемдесіп болғаннан кейін, меймандар үлкен залға шақырылды. Үйдің стол басы, ауыл адамдарымен лық толды. Барлығы Шәмшіні көріп сәлем беруге келгендер. Екі иығынан демалып, үлкен сары самаурында жетті.

-Құрметте Шәке, Сәке! Алдымен сіздерге сәлем бергелі келген үлкен-кіші ауылдастары таныстырып өтейін. Ауылдың бір үлкені Қадыр, Жұмақан қариялар бастаған Амандық, Аманкелді, Ортай, Жеңіс қарсы алдыңызда отырған экономист Қасымбек, сазгер Махмұт. Қалғандарын әлгіде кеңседе көргенсіз,-деді үй егесі орнына жайғасып…

-Кешіріңіздер! Айтеке, сіз Қасымбектің Одақтағы Мүсілім Магамаев пен Ермек Серкебаевтар айтатын «Фигароны» орындайтынын айтпадыңыз-деп қалды біреу.

-Рас атады. Біз мақтанғанша Шәкеңнің алдында бір көрейік бір өнерін.

Үй егесі күліп жіберді. Жұрт шуласа дабырлап кетті. Көнтерлі Қасымбек жымиды да қойды. Көпшілік Шәмшіге қарады.

-Бұл арияны орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді Өздерің айтқандай Одақта екі-ақ опера әншілері орындайды. Шәмші қарсы алдында қызараңдап отырған кісіге қарады.

-Жас кезімде қызығушылықпен орындап көргенім бар. Орта жүз қоңыраттың жетімдеріне күйеу едім…—деп Қасымбек жалтарды.

-Жоқ, шыныңызды айтыңыз. Айту қиын, тыңдау оңай. «Ойнап айтса щда ойы ғой» деп Шәмші сөзді аяқсыз қалдырмады. Сосын біраз отырып қайтадан сөйлеп кетті.

-Әнші болса әнші шығар, бірақ опера оңай емес. Қайныларың құр қалжыңдайды екен. Әңгіменің төркінін енді түсінген Шәмші, күліп алды. Сосын барып:—Қайныңның қалжыңы-көңіліңді көтереді, балдыздың қалжыңы-бауырыңды елжіретеді»-деген ғой. Көңіліңді күнде көтеретін қайны-балдыздарың бар, бақытты жігіт екенсің,-деп Шәмши риза болды.

-Енді бір ерекше айта кететін жайт-Махмұт туралы болмақ,-деді үй егесі тағы да. Оның да мамандығы Шәке, сіз секілді зоотехник, ал өзі тамаша талант. Гитарада, баянда ойнап, өзі ән шығарады. Оны қазір әншілер орындап жүр.

-О-о директор жолдас, сіздің мамандарыңыз шетінен өнерпаз екен. Біі-әлемде некен саяқ әншілер орындайтын «Фигароны» айтады, бірі ән шығаратын сазгер. Бұл бір жақсы үрдіс. Ән көңілдің ажары емес пе? Әнді жаныңызға серік етсеңіз-көңілді жүресіз. Ал көңілді жүру—адам денсаулығының кепілі. Өміріңіз ұзақ болады. Шәмші шай ішіп отырып, толғана сөйледі. Өнерпаз жігіттерге риазышылығын білдірді. Жаңағы ду-ду күлкі бір сәтке басылып, шай үсті келген қуырдақ үнсіз желінді.

-Енді –деді айтбек—тамақ дайын болғанша тауға барып көлді тамашалап, өзенді жағалап, қонақтарды сейілдетеміз. Қалған әңгімені сол жақта айтамыз.

-Бұған қалай қарайсыздар?

-Орынды. Үйді көк түтін етіп отыра бергенше, сонымыз жөн. Тұрып жатқан Сабырхан Шәмшіге қарады. Қолынан мүштегі түспеген Шәмші, Сабырханның мына сөзін түсіне қойып, қалтасына қолын сүңгітті.

Дабырласқан көпшілік сыртқа шықты. Егді бір уақытта машинаға мінгендер еолді мекеннен үш шақырымдай жүріп, тау аңғарында үлкен өзен бойындағы қалың тал арасына келіп жетті. Тау ішінің жұпар иісті самалы, желпи соғып тұр. Меймандар машинадан түскен бетте, тізеден келетін қоңырбас пе жсан аралас қалыңға кіріп кетті. Күн шуағын төге түскен. Жақын маңнан көкектердің, түрлі торғайлардың құйқылжытқан үндері тамылжып тұр. Оған қосылған көлдегі сарыала қаздардың қаңқылы төңірегін азан-қазан қып, басына көтеріп жатыр. Көктем шыға таситын тау өзенінің екпіні, әлі басыла қоймапты.

-Мына төбе тегін төбе емес қой. Құмыраның сынықтары жатыр. Отырар секілді үлкен қорған болған-ау?! Шәмші білуге асыққандай жан-жағына қарады.

-Қазір Шәке! Бәрін де Жұмекең айтып береді,-деді Айтбек. Мен сол үшін алдырдым. Ағамыз шежіреші, тарихшы кісі.

Бұлар төбесін басына шықты. Төбеден жан-жағының бәрі көрінеді екен. Жаңағы сарыалақаз қаңқылдаған «көл тоған» жарқырап жатыр. Бұрын елдің қыстағы болған, қаратаудың үлкен аңғары, қалың талды қойнауға айналыпты.

-Бұл жер Қарағұр деп аталады. Орта жүз қоңыраттың жетімдер руы мекен еткен. Түркістанның базарына түсіп, астық алған ел, Созақа, осы қарағұрға ұн етіп тартырады екен. Мына өзен қырық диірмен жүргізіпті. Орындары жатыр. Археологтар қазып, зерттеді. Ақыры XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Ұлы Жібек жолындағы «Илиан қарағұрым» қорғаны деп атады. Үлкен бір шапқыншылықта қирап кеткен екен. Содан бұл жер Қарағұр атанған.

-Мұндай тарихи қамалдар Сырдың бойында көп болушы еді. Қаратаудың терістігі де құр емес екен ғой,-деді Сабырхан жел дудыратқан шашын қолымен тарқатып.

-Сулы  жерде ел болары хақ. Негізінде Қоқан заманында ағайынды жетімдер Атығайдан, Байзақ, Төлегеннен Үсембай Түркістанның Шоқтас деген жерінде датқалық қызмет атқарады. Ел іші дау-дамайсыз болмаған, ағайынды екеуі кездесіп қала беріпті. Ақыры екеуі ақылдасады. «Ағайынға ара түеміз деп бір күні болмаса, бір күні көңіл жығылар. Сен Қаратаудың Теріскейінен қалаған жеріңе орналас. Ағайынның алыстан сыйласқаны жақсы,-дейді Байзақ датқан. Үсенбай мұны мақұл көреді. Сөйтіп датқа Қоқан  ханының Түркістандағы бегі Беглербектен сұрайды. Бегілербек Үсенбайды Ханымбибі деген өте сұлу қарындасына көзі түсіп, жасаулап алған екен. Бекке ол жағынан да сөзі өтеді. Сөйтіп, Беген, қара атаның ұрпақтарымен осы жерге қоныс аударыпты. Жер қағазы, датқалық мөрі әлі сақтаулы. Көшірмесін Түркістан музейіне өткіздік. Қазір Үсенбайдың ұрпақтары осы рулы елі. Кеңес өкіметі тұсында қарағұр колхозы болып келген. Ана жерде жеті жылдық мектеп болған. Жұмахан алдындағы жазықты нұсқады. Жазықтың ортасы үйдім-үйдім төбе болып жатыр. Шығыс жағы өзен де, батыс жағын тал көмкеріп тұр.

-1960 жылы совхоз орнап, бұрынғы Шаға, Алтынтау, қызылбайрақ колхоздары бірікті. Содан бері  совхоз көркейіп, кемелденіп келеді. Ел мен жердің қысқаша тарихы осы,-деп тоқтады қария.

-Ауылыңыз үлкен тарихи орын екен. Бұл да «Отырар төбе» секілді қирап ктіпті. Мына археологтар шығарған үйдің орындары, ошақтар, құмыра сынықтары үлкен шаһар болғандығының белгісі ғой. Ой, шіркін-ай! Бірк ездері ел тірлік кешті-ау, ә? Кімдер болды екен? Ол жағы жұмбақ. Шәмші ойлы пішінмен тұрғандарға қарады. Қоңыр өңін жел қаңығ күреңденіп, маңдайы қыртыстана түскендей. Желбіреген шашын тақиямен бір бастырып қойды. Сабырханда үн жоқ. Төмендегі құстар үні тербеген тал—теректі ну алқаптан көз алар емес.

-Оу, Сәке!-деді директор мейманның ойын бөліп. Енді осы елдің маған артқан аманаты бар.

-Ол қандай аманат,-деп Сабырхан бері бұрылды. Елеңдеген Шәмші де жақындай берді.

-Сіз Теріскей туралы әнге өлең жазам,-дедіңіз бағана көпшілікке. Осы сөзіңізді естіп:-Біздің Қарақұрды осы өлеңіне қоссыншы, деген тілек білдірді жұрт. Осыны қалай көресіз?

-О, ол болады. Қолдан келетін нәрсе. Мақұл!—деді Сабырхан көңілденіп. Осы кезде төмендегі өзен жағасында, дастархан әзірлеуге қалған жігіттердің біреуі қол бұлғады. Төбе басындағылар төменге түсіп келе жатты.

-Әй, Сабыр, мына жуаның жуанын қарашы—ей!-деп Шәмші еңкейе берді.

-Жусаны мен жуасы, бұрқыраған ауылым,-деген осы ғой шіркін.

Сабырхан да қаптай өскен жуа сабақтарына қол салды. Төбенің топырағы жұмсақ, беткейіне өскен жуа сабағы оңай жұлынады екен. Екеуі демде уысын толтырып алды.

-Әй, тәйірі, балалығымыз ұстап кетті-ау!-деді Сабырхан. Күркіреген адуын өзеннің жағасына жайылған шағын дала дастарханы, қонақтардың жолын терген жуасымен толысты.

-Сарымсақ әлі пісе қойған жоқ шығар,—деді әңгімеге Тұрлыбек араласып. Бұдан кейін әңгіме біраз уақыт тиылып қалды. Өзен жағасындағы көгалға төселген көрпешеге жайғасқан екі мейманның көңілдері көтеріңкі.

-мынадан артық демалыс болмас,-деп қалды Сабырхан. Шәмші үнсіз дастарханға қол салды. Осы кезде күтуші жігіттер стакандарға арақ құйып, тарата бастады.

-Шәке, айып етпеңіз рұқсат болса….—дей бергенде Шәмші:-Сен тұра тұр, жігітім. Мен бір әңгіме айтып берейін. Реті келіп қалды,— деді бастаушы жігітті тоқтатып.

-Менің осы араққа бір табан болса да жақындау болғанымды білесіздер ғой. Мен үйде басым ауырғанда, көбіне Мұхтар деген баламды жұмсаушы едім. Ол дүкеннен білдірмей әкеп беретін. Бір күні солай жұмсасам:—Мені «маскүнемнің баласысың»-деп балалар мақзақтады,-деп жылап қалды. Санымды бір-ақ ұрдым. Баламның көз жасын көргенде жаным шығып кете жаздады.-Бұданда өлгенім жақсы еді-ау,-дедім өзіме-өзім. Сосын баламның көзіің жасын сүртіп:—Мұхтар балам,, мұндай жағдайға қарсы тұра білу керек. Жұрт не демейді?—деп біраз ойланып отырдым. Адамдық қадір-қасиеттен жұрдай болған екенмін…. Әлі де кеш емес. Қойдым!… Столды жұдырықтпен қойып қалғанымды сезбей қалдым. Қасында тұрған Мұхтарым селк ете қалды.

-Мұхтаржан маған ең соңғы бір бөьелке әкеп бер. Басым жазылсын. Уәде бердім, ғой,-дедім. Әкеліп берді. Бас жазған соң, стаканды да бөтелкені де лақтырдым. Сөйтіп, жыннан айырылған бақсыдай күн кештім.

-Ойпырмай оған бір мықты төзім керек шығар?-деп таңданды Қадыр қария.

Жаңағы үйде жеген қуырдақ дастарханға қайта келді.

-Оу әлгіде ғана жеп едік қой,-деп қалды Сабырхан жуа жеп отырып.

-Таза ауада жеген тамақтың орны бөлек. «Досыңның тамағын дұшпаныңша же»-деген. Нәсіп еткен дәмді алған жөн. Айтбек салмақпен сөйлеп, шанышқы—қасықтарды жақындатты. Қуырдақты жуа қосып қапырата бір-екі асап алған Шәмші, әңгімесін ары қарай жалғап кетті.

-Бұл сырыңды ешкімге айтпа, екі-үш күн жүріп қалдым. Бір күні Көкшетааудағы психиатор-дәрігер досым Аманкелді Сұрағанов ойыма түсе кетті. Оның үстіне өзім бала жастан табынатын Ақан серінің басына барып, бір тәуап етуді армандап жүретінмін. Орай келгендей болды. Сонымен не керек Көкшетауға барып, ақын Еркеш Ибраһим мен Аманкелдіні ертіп алып, Тереңкөлдің дәл жағасындағы Ақан Сері бейітіне келдік. Сері қабірі жағалаудан бір шетте екен. Айнала тып-тыныш. Құстар да жақындамай, алыстан сайрайды. Көл толқынының шуылы да бұл жерге келе бермейді екен. Бар өмірін серілікпен, думанмен тағы қуғынмен өткізген сері, осы жерді мәңгілік тыныштық тауыпты.

-Ассалаумағалейкум, ақын аға, әнші аға!-деген үшеуіміздің дауысымыз жамыраса шықты. Келген бетте қарама—қарсы, тізерлеп отыра  кетістік. Мен қыраттан құран оқыдым да басымды иіп біраз отырдым.

-Сізге тағзым ету арманым еді. Келген бетім осы болды, баба! Тізе бүгіп басымды идім. Дауысым жарқыншақтана, үнім дірілдеп шықты-ау деймін. Мола үнсіз.

-Қайда жүрсем де әруағыңа басын иген балаңның, ақжүрегінен шыққан сәлемін қабыл алғайсыз,-дедім тағы.

Молда әлгідегі қалпында, бұл жолы да үнсіз қабылдады. Осы кезде ту сыртымыздан адамның тықыры естілді. Үшеумізде жай қарастық. Бәкене бойлы, қара шал келген бетте тізерлеп отыра кетті де «Әлхамды» судыратып оқи жөнелді. Шал менің қыраттағанымдай емес, өзге бір әуенге салып алып, тебіреніп Құранның ырғағымен теңселіп кетті. Байыптап қарағанға құраншының әуезі жоқтау айтқанға көбірек ұқсап кеткендей еді. Өлі тыныштықтағы мына бір қоңыр үнді әуен, демде-ақ баурап алып, ұйытып әкеткендей болды. Қол жайып «аллау акпар» деген соң ғана, біз қасымыздағы кісіге зер салдық. Сосын шалдың қолын алып, аман-саулық сұрастық.

-Мен Лекеров Мәжит деген ағаларыңмын. Иманды болғын сері моласының шырақшысымын. Жасым сексеннің екеуінде. Сері біздің ауылдағы әпкесінің қайтыс болғанда, мен он сегіз жастағы жігіт болатынмын. Қақаған қыс айы еді. Жер тоң болатын.

Ауылдың бар жігіттері жаблып тоңын ойып, жерледік.

Шал аз-кем ойланып қалды. Осы кезде менің көзім цемент тұғырдағы жазуға түсті. Онда «Ақан Сері Қорамсаұлы 1840—1910 жылдар» деп жазылыпты.

-Мына тас серінің басына үш рет орнатылып отыр. Бұл ауылда серінің көзін көрген жалғызмен қалдым. Қазір бейітіне шырақ жағып отырмын. Жақын жерге үй салып алдым. Ол кісіні көзі тірсінде сыйлаушы едім, енді өлгеннен осң да, сол борышымды атқарып келе жатырмын. Мен өлген соң, кім шырақшы боларын қайдам?-деп қария мұңайып қалды. Дауысы біртүрлі күңіреніп шыққандай болды. Асыл ағаның көзін көріп, оның әндерін өз құлағымен естіп, оны жерлеген адамның да дәл қасымда тұрғаны мені  бейне бір сезімге бөледі. Шерменде көңілім қапалықтан қамығып, іштегі бір өксік шыға берді. Бейітті құшақтаған күйі, еңіреп жылап жібердім. Мұны көріп ьұрған әлгі шырақшы шал:—Е, қарақтарым, жылаудың да жылауы бар. Біреу-өкініп, біреу-сағынып, енді берулер жоғалтқан асылын іздеп, жылайды. Қайсысы болса да оңай емес,—деді мені жұбатып. Мен болсам енді  ешқашан орны толмас, қайталанбас дараның жығылған туын көтеріп әкете алам ба, мұнша неге мүсәпір болдым?-деп ызылана жыладым. Сөйтіп жүремнен көзімді жұмып отырдым. Қанша отырғанымды білмеймін. О,ғажап! Бір кезде бейтаныс біреудің:-Уа Шәмші, сенбісің?—деген дауысы қасымнан анық естілді. Басымды көтеріп жаныма жалт қарадым. Алғашқыда құр елегзу, елес болар дегенмін. Абайласам, буылдыр тұман арасында құр сүлбе болып біреу тұр.

-Ақан аға! Деп айқайлап жібердім. Орнымнан қозғаларға дәрмен жоқтай.

-Иә, бұл мен! Сен шын жыладың. Арақты не себептен ішесің?

-Өмірдің азабынан ішемін. Әр әнім биікке самғаған сайын, жолымды қырсық шалады. Өрге жетелеген болып, көрге сүйрегендер ішпесіме қоймайды.

-Еліңе береріңді әлі беріп  болған жоқсың. Әнің асқақтап тұрғанда, мұндай осал болма. Қиындыққа мойыма күресе біл! Жасық жылайды. Жігерлі, қайратты бол! Өнеріңмен өрлей бер! Батам осы! Әумин!

Әлгі кісіен арадағы әңгіме осы болды, Ақан сүлбесі ғайып болды.

-Ақан аға!-деп айқайлағаныма қараған жоқ. «Бұл өңім бе әлде түсім бе?-деп дал болып біраз тұрдым. Әлден уақытта өзіме-өзім келіп:—Осы мен неге күйініп, өмірден неге түңілем? Әндерім елімнің аспанында шарықтап тұрған шақта неге ішем?— деген дауысым қатты шығыпты. Мені тастапк еткен Аманкелді жетіп келді. Мен ештеңе болмағынан айттым. Осылайша Ақан сері ағамның ауылынан арақ деген аурудан мүлдем арылып қайттым. Психиатор-дәрігер досым Аманкелдінің емісіз-ақ Ақан ағамның әруағы мені осылай емдеді. Ал, ақын Еркеш осы керемет жайлы өлең—новелла жазды. Мен арақпен осылай қоштастым. БҰл 1977 жылдың көктемі еді. Ал өздерің көрем десеңдер еріктерің;—деп бірақ-ақ тоқтады. Негізгі меймандар ішпеген соң, өзгелер де алған жоқ. Дастархан басындағылар бір уақ үнсіз отырды.

-Шәке, «Арыс жағасындағыдан» аяулы ән жоқ. Біздің жігіттердің басы қосылған жерде Арыс бойының қызы-әйелін мақтап шыға келеді. Әннің шығу тарихын аузыңыздан естиікші,—деп төмендеу отырған Байділда әңгіме жалғап.

Жұрттың назары Шәмшіге қайта ауды. Жанағы бір әңгіме сарынын әлі де шыға алмай отырғандай.

-Ол бір өзі кездейсоқ оқиға. Шәмші еріксіз күлімсіреп, толғанып отырып алды.

Сосын:—Оның шындығы былай,-деді әңгімеге беріліп алған Шәмші, түзеліп отырып.

Жазлың бір күні еді. Маған қара торы, орта бойлы келген жігі жолықты да:—Мен қалқожа Жолдықожаевпын,—деді сәлемдескен бетте.

-Е, болсаң бол. Онда маған не дейсің?-дедім мен де.

-Сіз Аыстың бойында туыпсыз. Мен де Арыстың бойында туғанмын. Бір өзеннің суын ішіп, өзен жағалап өіпсіз. Осы өзеннің жағасында мен өзімнің сүйіктіме жолықтым. Сіз де бәлкім жолыққан боларсыз?

-Олай деме! Ол сұлу маған жолықса да менің қиылымда жүр ғой.

-Онда әндеріңізде неге Арыс жоқ. Ерке өзеннің аруларын неге әнге қоспайсыз. Оларды әлде жақтырмайсыз ба?

-Әй, бала сен барған сайын үдетіп барасың ғой? Өзің қалай-қалай сөйлейсің, ә? Мен қандай ән шығарам, оған кімді қосам, кімге арнаймын, онда сенің қандай шаруаң бар? Өрескелдеу сөзі шымбайыма батып, шырт ете қалдым.

-шаруам бар ,-деді тапжылмай қлқожа. Туып-өскен жеріңізді неге жырламайсыз? Мен-Қалқожа, соны айтуға келдім. Осы есіңізде болсын. Кетім!-деп әлгі жөніне кете барды.

-Кетсең бар,деп қала бердім.

-Өй мынау не деп кетті өзі?—деді қасымдағылар.

-Міне мақтамен бауыздады деп осыны айтады. Жігіт өте дұрыс айтып тұр. Арыста туып, суын ішіп, жағасында сайраңдап жүрмі. Сөйте жүріп, арқырап жатқан өзенді көрмейміз. Оны ән мен жырға қоса алмаймыз. Бізге дәл осындай қамшы керек,-деп үнсіз тұрған Мұхтар жұлқынды да қалды.

Қас қағым сәтте ат дорбасын арқалаған көлденең көк атты қалқожа деген бір бала республикаға белгіліміз деп жүрген біздің әптер-тәптерімізді шығарда да кетті.

-нағыз ауру жерімізді түртіп кеттің. Қап сені ме, Қалқожа!—деп қала бердім.

Мұндай сөзді естімеген Мұхтар да мен де намысқа тырысып бақтық. Өлеңді де әнді де бірнеше рет өзгертіп жүріп, ақыры бір жүйеге келтірдік-ау әйтеуір. Дереу Алматыға аттандым. Алдымен екі дауыспен айтатын қазақ радиосының әншілері Ескендір мен Нұрғалиға үйреттім. Эстрадалық оркестірдің сүйемелдеуімен екеуі орындағанда, ән құлпырып кетті. Бірақ радионың музыкалық кеңесінің мүшелері әнді тыңдап болып:- Ой бұл да вальс екен-деп қабылдамай қойды. Әнді ірінші естіген радионың көп қызметкерлері мен жұмысшылары айқай шығарды. Арыстың қарапайым қалқожасы шығартқан бұл ән зордың күшімен, екі әншінің азаматтығының арқасында шықты,-деп Шәмші тоқтай беріп еді, отырғандар қалқожаның азаматтығын айтып, дбырласа жөнелді.

-Нағыз жігіт екен қалқожа! Онымен ән шыққанан кейін кездестіңіз бе?

-Содан санасам аттай жиырма жыл өтіпті. «Арыс жағасы «шырқалған сайын қалқожа ойымы түседі. Содан бір күні кездейсоқ бір жігіт келді.

-Мен Қалқожамын деді жігіт қолын ұсынып.

-Болсаң, боларсың…-дедім танысам да бұрынғы әдетке басып.

-Енді бүіннен бастап Сайлыбаймын. Сондықтан сізбен қайта танысайын деп келдім. Сөйтті де Сайлыбаймын «Арыс жағасынданы» барылдаған дауыспен көшенің ортасында шырқап қоя берсін.

-Әй,әй Сайлыбайжан қой,қой-деп жалынып жатырмыз. Болар емес. Ақыры әнді аяғына дейін айтып барып тоқтады. Ойымнан шықпай жүрген Қалқожаны сағынып-ақ қалыппын. Со баяғы ақкөңіл қалпы, аңқылдап, еслпілдеп тұр. Көңілінде титтей де қылау жоқ-ау сабаздың. Мауқымыз басылды.

-Ал сен Сайлыбай болу себебің не? Соны айтшы,-дедім.

-Өзім қожа тегіненмін. Туғанде желкемде қалым бар екен. Содан Қалқожа атанып кете бардым. Жақында аудандық газетке хабарладыру жазып, өзіме молдалар қойған есімді қайтып алдым. Егді үйге жүресіз. Жаңа атымды жуамын,-деді. Одан кейін Сайлыбай қойсын ба, сүйрегендей етіп үйіне әкелді. Үйі Темірланның шет жағында екен. Сол бір кеш мәңгі есімде қалды. Аты шулы «Арыс жағасында» қайта туғандай еді. Темірланнан ары-бері өткен сайын Сайлыбай інімді бір еке алып қоямын. «Арыс жағасында» маған қалай жақын болса, дарылдаған шексіз ақкөңіл Сайлыбай інім де, сондай жақын болып кетті.

Шәмші сөзін аяқтай бере, әңгіменің әсерінен арыла алмағандар орнынан тұрды.

-Бұл бір тамаша серуен болды. Әттең уақыт тығыз. Әйтпесе әр әннің шығу тарихын айтуға Шәкең жалықпас еді,—деді көпшіліктің ішінен біреу. Шәмші әңгіме айтқан сайын, ширай түскендей. Көңілі марқайып, жібек желді көктемгі даланы сағынып қалғандай. Өзен бойынан, Кұлтөбенің бағанағы жуалы беткейінен омырауын гүлге толтырып алды. Көл жағасына келгеннен кейін, Сабырхан екеуі екі бөлек кетті.

Бейне бір әсермен жүргендігін бәрі де білді. Сондықтан да ойларын бөлген жоқ. Қоңыр салқынмен тербеліп жатқан көл бетін, саңқылдай ұшқан үйрек-қаз тынымсыз бейне бір думанға бөлейді. Жағаны жұлқылаған түстіктің жолы, оқта текте бір соғып қояды. Мұндайда көл бетіне қатпар-қатпар сызықшалар түсіп, жағаға қарай жөңкиді. Күн төбеге келіпті. Шәмші тұңғиық бір ойдан арылар емес.

-Шәке қайтсақ…. Дәм дайын болып, бізді күтіп қалған шығар,— деді таянып келген директор.

-ОНда жүрдік,—деді Шәкең де елпелектеп.

Бұлар машинадан түскенде, есіктің алдында күткен кісілердің қарасы барағырақ екен. Енді үйге қарай жүрді де, есік алдында тұрғандар қарсы жолығысты.

-Ауылдық кеңестің төрағасы Төлеген жұмысшылар ұйымының төрағасы жанаман деген жігіттер,— деді директор таныстырып. Сабырханды ортаға алып, ауыл адамдары дабырласа үйге беттеді. Көпшіліктен сытылып шыға берген Шәмші, есік алдындағы оңаша бауға кіріп бара жатты. Қолпаштағысы келген біреулерді Сабырхан ыммен қайтарды. Бақ іші тып-тыныш екен. Жеміс ағаштары гүлдерін төгіп, түйін сала бастаған. Мұна тек көкшіл аспаннан басқа ештеңе көрінбейді.

-Дәм дайын болғанша, таза ауада дем ала тұрсын. Сосын ертіп келерсің. Ит байлаулы. Абайла абайсызда босанып кетіп жүрмесін?—деп үй егесі інісі Елеусізге дайындады да, өзі кісілермен біргі үйге кіріп кетті. Елеусіз де баққа кіріп келе жатып, оқтап қалды. Шәмші бақ ішінде жәй сейілдеген кейіпте, көкшалғында еркін кешіп жүр. Елеусіз өрік талдың тасасында үнсіз тұра берді. Сазгердің екі беті алаулап, бойындағы бір тынжы ештеңені байқатпайтын сияқты. Кейде екі қолын тарақтап, кейде зеңгір көкке көз жіберді. Шалқайта тараған шашын, саусақтарымен оңдыс-олды тарақатай берді. Кенет вальс ырғамыне баяу ғана билеп жүргендей болды да, қайта сабасына түседі. Осылай жүріпк еліп, алма ағашының түбіне аялдады. Сәлден соң аяңмен жүріп, баудың тау шетіне шықты. Бұл жерден қарағұрдың биігі—Айыртау тиіп тұрғандай еді. Шығысқа қарай бағанағы Мыңжылқы, Келіншектауға ұласатын, қаратаудың қатпарланған сілемдеріне ұзақ қарап тұрды. Теріскейдің тамаша табиғаты көңілін көркейтіп, бір сырлы әуен тербетіп, еріксіз толқытып тұрғандай көрінді. Шәмші өзін-өзі ұмытқандай. Осы кезде:-Әй,Елеусіз –ау, Шәкеңді біз сен әкеледі десек… Неғып тұрсың?—деп қартаң жігіт келді. Елеусізщ тосылып қалып артына қарады. Шәмші бұларды байқамады ма тұра берді.

-Қазір алып кірем бара беіңіз,— деп Елеусіз қайтарып жатты. Сабасына түсті білем. Шәмшіүйге қарай беттеді. Көңілі көтеріңкі. Реңінде үлкен бір іс тындырғандай., өзіне-өзі ризашылық сезім сәулесі ойнайтындай.

-Әй журналшы бала, мені зідеп жатыр ма?—деді күлімсіреп.

-Иә,-деді Елеусіз Шәмшіні үйге бастап. Қонақтар үлкен бөлмедегі ұзына бойы орналасқан үстелге жайғасты. Шәмшіні қаумалап, қақ төрге отырғызды. Дәм келді. Шәмшіге алдымен бас тартылды. Шәмші бас тартылған тарелкенің шетінен ұстап отырып:—Жолдас директор, сіздің тоқалыңыз бар ма?—деп қатарласа отырған адамдарға қарады. Мына тосын сауалға аңтарылып қалғандар, бір сәт тым-тырыс бола қалды. Бәйбіше-тоқал деген сөздер қазір қолданыстан шығып қалғаннан кейін бе, бұл сөз жұрт құлағына жағымзыдау тиген болуы керек, бәрі ынтыға Шәмшіге қарады. Директор тосын сұраққа сасыңқырап қалып:—Жоқ, Шәке!-деді. Дастархан басы тып-тыныш. Директордың сасқалақтағанына біреулер күліп жатты.

-Онда мына бастың бір құлағы қайда?

-Бізде бастың бір құлағын алып қояды ғой!…

-Иә білем. Мына олтүстік жақта басты құлағымен қояды екен. Бір үйде қонақта маған басекі құлағымен келді. Үй иесінен мәнісін сұрадым.

Сонда әлгі кісі былай деді:

Бұрын байлардың бәйбішесі, тоқалы болады. Бәйбіше би болғандықтан, оның балалары да еркін жүріп тұрады ғой. Тоқалдың балалары үйдің босағысынан да сығалай алмайды. Келген қонақ болса да, құлақты кесіп балаларға бееді. Сонда құлақтың екеуі де бәйбіше балаларына тиеді екен де, тоқал балалары құр далада қала береді. Бірде ызыланған тоқал:—Бас-сирақты үйітетін мен. Қазанды от мен күлге араласып асатын мен. Жақты жейтін бәйбіше, екі құлақты да жейтін балалары,— деп ашуланып, бір құлағын кесіп алып, баласына береді. Артынша-ақ: Құлай қайда?-деген шу шығады. Тоқал тапжылмай әлгі сөзін көпке айтып салады. Сонда үлкендер ақылға келіп:—Әйел кімнен кем? Қазан иесі кім? Сол не берсе, соны жейсіңдер. Тоқалдың сөзі уәж,— депті.

Отырғандар аңтарылып қалыпты.

-бастық бір құлағы жоғына қарағанда  тоқалыңыз бар. Немесе мәнісін айтыңыз?—деп Шәмші күлімсіреп жан-жағына қарады. Үй иесінен жауап бола қоймады. Лық толы үй ішіндегілер аңтарыла Шәмшіге бір, үй иесіне бір қарап, дал болды.

-Міне ешқайсысың жауабын айта алмадыңдар. Онда менің сөзім дұрыс болғаны ғой ә!—Деп Шәмші кеңкілдеп күліп алды.

-мынаны қайдан таба қойдың. Шынында атарлық уәж екен. Манадан бері үнсіз отырған Сабырхан әңгімеге араласты.

-Шәке Айтекең жасырып отыр. Тоқалы бар,— деп үй иесімен әзілдесетін қатар-құрбылары шуласып жатты. Тамақ желініп, кәрлен кеселермен сорпа жағалады.

-Шәке біздің ел әзілкеш келеді. Әзілмелдеме отыра алмайды. Бірда ауылда бір көкеміз сорпаны ұрттап көріпті де:—Өй мына сорпа суып қапты ғой,-депті.

-Онда маған бер. Жұмысқа асығып отырмын,-деп Дәрібай деген ауылдың молдасы алады да, аузын толтыра ұрттап қалады. Молда әзілкештердің сырын білмейтін, сырттан келген кісі екен.

-Бұл ауылдың шалы да қағынған, сорпасы да қағынған,-деп күйген аузын басып тұра қашыпты. Сондықтан меймандарым, сорпаны абайлаңыздар! Үй иесінің әзілді ескертуіне жұрттың бәрі мырс-мырс күліп алды. Сосын қолдарындағы сорпаларын байқап жатты.

-1961 жылы Мұхтар Әуезов келгенде бір әзілкеш сөздің реті келгенде, кіші жүз тамалардың сорпаға әуестігін айтады. Снда жаушы таң қалыпты ғой. Еттің бар маңызы сорпаға шығатын крінеді. Орта жүз қоңыраттар:—Етке тойған соң, сорпаға иттігім жоқ,— деп сыпайыланады екен де, ал кіші жүз тамалар:

—Ет –етке, сорпа-бетке,-деп ыңқиып тойып алады екен. Манадан бері сөздің ретін келтіре алмай отырған Төлеген әңгімені жігімен  жалғастырды.

-От құсатып көсей берсең, тың әңгімелер біріне-бірі өтіп, айтылып жатыр. Шынында сөзге ұста, әңгімеге зерек келетін мына дәстүрлеріңіз жақсы екен. Әңгіме түбі-шежіре. Ал, шежіресін білген елдің ұл-қызы дана емей немене?-деп тоқтады Сабырхан.

-Ас шіліп болды. Дәм ақысын қайтарыңыздар,— деп үй егесінің баласы қолын жайды.

Жұрттың бәрі төре отырған Жұмақан мен қадір қарияға қарады.

-Су аяқтан бата бастан. Тау асып, тас басып келіп отырған Шәкең береді,— деді Қадыр қария. Енді жұрттың назары Шәмшіге ауды.

-Е мен берем бе батаны,—деді де Шәмші қолын жайып, мүдірместен сырғыта жөнелді.

-Дастарханың берекесі болсын,

Әр күнің мерекелі болсын.

Несібең таса берсін,

Дұшпаның қаша берсін.

Жамылдың жасын берсін,

Лениннің басын берсін!

Шаңырағың Кремьлдің сарайындай биік болсын!

Босағаң-Ақсақ Темірдің дарбазасындай берік болсын!

Әумин!

Бата берілген соң, сөзді иүй иесі қайта алды.

-Ал құрметті Шәке, Сәке! Біздің ауылды көрдіңіздер, тарихымен таныстыңыздар. Қонағын құдайдай күтетін халықпыз ғой. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады»,-дейді. Қазақтың сыйлы қонағына ат мінгізіп, шапан жабатын әдеті бар. Совхоздағы жұмысшылар ұйымы, сіздерге жол жоралғыларыңызды әкеліп, маған тапсыруды міндеттеп отыр. Соны берумен рұқсат етіңіздер,— деп директор қара торы келген жігіт-ағасының қолындағы екі конфертті алып, табыстай берді.

-Атта, шапан да осының ішінде. Көпшілік ду қол шапалақтап жіберді.

-Рахмет, рахмет деп риза болған Шәмші мен Сабырхан бас изей берді.

-Сіздерге шексіз ризашылығымды айта келе, бағанағы аманаттарыңызды ойлданып қойғанымды айтқым келеді,-деп еді жұрт шулап кетті.

-Өлеңіңізді оқып беріңізші. Көңіліміз күпті болмасын.

-Ойпырмай қоймадыңдар-ау,-деп Сабырхан төсқалтасына қол сұқты.

-Мінекей, тыңдаңдар!

Мыңжылқы, Келіншектау, Шолаққорған,

Қызылкөл босамайды қонақтардан.

Қарағұр Сарыарқаға сәлем айтар,

Қаптаған қаратаудан бұлақтардан.

Бұл бұрын «Теріскей Сарыарқаға сәлем айтар» болатын. Осындағы «Теріскей» сөзін «Қарағұр» сөзімен алмастырдым. Енді ризасыздар ма? Сабырхан көзәйнегін алып, көпшілікке қарады.

-Ризамыз Сәке! Рахмет-деп шуласқан жұрт өре түрегелді. Енді Шәмшіні қаумалап, қолқалай бастады.

-Сөз біреу-ақ! Сәкең дайын болса мен дайын. Бүгінде пысықтап, шамалы өзгерттім. Қуана беріңіздер «Мощный» ән болды. Мені қолпаштағандарыңа мың да бір рахмет! Ал, босағадан аттамай тұрып, тағы бір бата берейін,—деді. Сөйтіп өлең сөзді мәнерлеп, әдемі қоңыржай әуенге салып, шұбырта жөнелді.

-Шәмшіжан мына батаны кім үйретті?—деді далаға шығып бара жатып қатарласа берген Қадыр қария.

-Көкесі елдің ішінде жүрген адам бәрін үйренеді екен. Мен үлкен жиындарда және жастар жиналған орталарда лайық бата түрлерін жаттап алғам. «жақсы сөз жарым ырыс деген ғой» Осындайда жүдә керек болады екен.

-Оның өте орынды. Ана бір жылдары әндеріңді радиодан есіткен сайын сені «арақ ішкіш» деп ойлаушы едік. Оның бәрін тастап, ата-бабаның мұсылмандық жолына түскеніңе шексіз қуанып қалдық. Сен елге керек адамсың. Осыны есіңнен шығарма. Қайда жүрсең де бір Аллам жарылқасын! Қария Шәмшінің арқасынан қақты.

-Айтқаныңыз келсін қария!—деді Шәмші де.

Машинаға дейін ілесіп келген қария кісілер қала берді. Үлкен ауланың дарбазасынан шыға бере, күтіп тұрған бір топ адам қарсы жолықты.

Жапатармағай амандасып: «Сізді көрейік» деп ек, «Сізді тыңдайық»-деп ек,—дегендер Шәмшіні қаумалап алып барады. Сабырхан мен ересек ауыл адамдары шәімшілердің артынан ерді. Үсембай датқа көқшесімен ылди төмен жаяу жүргендер, әлі кетіп барады. Енді жеңіл машина озып барып, Шәмшінің алдына тоқтады. Көшенің борпылдақ топырағында, ирек-ирек болып Шәмшінің ізі қалып жатты.

-Қош ағайын! Көріскенше күн жақсы!-деді Шәмші соңғы рет. Шығарып салып қимай қоштасқандар ұзап бара жатқан машина соңынан ұзақ қарап тұрды.

ҚЫЗЫЛКӨЛДІҢ ТУЛАЙДЫ ТОЛҚЫНДАРЫ

Жастыққа басы тие, ұйықтап кеткен екен, ашық қалған денесі тітіркеніп оянды. Байқап қараса, Сабырхан тұрып кетіпті. Таза ауа кірсін деген болуы керек, терезені ашып қойыпты. Жапырақ шығарып қалған тал бұтақтары терезеге төніп тұр. Торғайлардың түрлі әуенді шықылығы, көкектің үйреншікті үні, құлаққа жақыннан естіледі. Терезеден соққан таңғы самал, бөлме ішін  хош иістендіріп жіберген. Шәмші әдеттегіше орнынан шапшаң қимылдап, атып тұрды. Біраз денесінің құрысқанын жазды. Сосын барып жуынып алды да Сабырханды іздеді. Баудың ішін аралап еді, біреумен әңгімелесіп жүр екен. Жақындап барғанда таныды. Жігіттік шақтағы ескі досы, сазгер Жанғали Меймандосов екен. Жанғалидың «Алыстасаң армансың», «Жұлдызым» деген әндерін әнші Бақыт Әшімова радиодан орындап жүр. Оның бір қасиеті—әннің өлеңінде өзі жазады. Одан кінә тауып жатқан ешкім жоқ. Әнге өлеңдері қона қалады. «Сабырханның да қолтықтап жүргені сол болуы керек»—деп топшылады. Жйымен қыдырып жүрген екеуі оған қарай бұрылды. Шәмшіні бірінші көрген жанғали жүгіре басып келді де құшақтай кетті.

-Сау-саламатсың ба, Шәкем?..

-Ой Әлімбек көкемнің баласы, бармысың? Өкпелеп, торсаңдама, саған телефон шалуға уақыт болмай қалды. Сені сұрастырғанымда Пернебай інің:—Ол кісінің уақыты жоқ,-деді. Оның үстіне қыдырудан қол босамай жатыр.

-Жақсы демалып жатқан соң, сені оятпадық. Жәңкең ерте келіп еді. Кешегі өлеңді талқылап келеміз. Енді Қызылкөлдің бенесін көз алдыма елестете лмай-ақ қойдым. Көлді көріп қайталық,-деді Сабырхан жаймен.

-жарайды мен онда кешегі машиналарыңызды алып келейін. Сіздер шайынып алыңыздар. Елгезек жанғали жүгіре басып, аудандық мәдениет үйі  жаққа кетті. Шәмші мен Сабырхан қонақ үйге келіп, аяңдап асханаға барды. Әпсәтте-ақ, осы жерге жігіттер жиналып қалды.

-Шәке біз ән үйренейік деп келдік. Кеше қолыңыз босамағанын көрдік. Енді бүгін ше?

-Бүгін Сабырханға қызылкөлді көрсетіп келуге уәде беріп едім. Сендермен кешке кездесейік,-деді Шәмші жап-жас жігіттер мен қыздарды қимай. Мұның ішінде Шәмшінің танығаны Шолаққорғанмен араласып кеткен Калинин атындағы совхоздың клуб меңгерушісі, кең дауысты әнші әрі баяншы Нұрболат шабахов, әншілер Әділбек нсанбаев пен Әділет Бектаевтар. Шәмші ауданға келіп-кетіп жүріп танып алған. Көбісі Шымкенттің мәдениет институтын бітірген кәсіби әншілер. Әнді қалай үйреніп, қалай айту керектігін әңгіме етіп тұрғанда, машинасымен Тұрлыбек жетіпк елді.

-қане Шәке, кеттік пе?—дед алдыңғы орынды Шәмшіге босата беріп.

-Жүрсек, жүрелік. Біз көп кідірмейміз. Шәмші әншілердің көңілін жыққысы келмей, артына қарайлай барып, машинаға отырды.

-Шәке, Қызылкөлдегі демалыс орнын білесіз ғой? Жаңа сұрастырсам, ол әлі жұмысын бастай қоймапты. Сондықтан түске дейін қайтуымызға тура келіп тұр,—деді жолбасшы Тұрлыбек машинаға жайғасып жатып. Машина Шолаққорғаннан шықты.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...