«Теріскей» әні осылай туған еді

  Оңтүстік өлкенің шалғайындағы Созақ ауданының әнұранына айналған, жасы да, кәрісі де шабытпен айтатын ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әні аудан тарихымен бірге жасап келеді

Созақтағы жылдарын сағына еске алады

 

1985 жылы Созақ аудандық «Мол­шы­лық үшін» (қазіргі «Созақ үні») газетінде жауапты хатшы болып жүргенімде облыс көлемінде лауазымды қызметтер атқарған 37 жастағы жігерлі жас Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Ол кісінің кезінде партия қата­рына қабылданып, облыстық теле­радио компаниясының басшысы Бау­дул­ла Қонысбеков ағамыз арнайы келіп, Досыбай Айтбайұлына жолығып, әлеу­меттік-экономикалық жағынан артта қалған ауданда жаңадан ашылған радио ха­бары редакциясына жауапты редактор етіп тағайындауы, кейіннен «Созақ теледидарының» негізін қалап, еңбек етуім – жастық шақтағы ұмытылмас кездерім еді. Тарихы бай шежірелі өлкеде құнды мәліметтер жинап, көнекөз қарттардың әңгімесін тыңдауым шығармашылығыма арқау болды.

Бұл күнде елге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының халық депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының құр­метті азаматы, «Халықтар достығы» және «Құрмет» ордендерінің иегері Досыбай Шерімқұлов шалғайдағы Созақ ауданына күрделі қиын кезеңде келіп, 1994 жылға дейін тоғыз жыл бойы жемісті еңбек етті. «Жас келсе – іске» демекші, ауданда ірі өзгерістер жасады, кеңшар директорлары мен партком хатшыларын, мекеме-ұйым басшыларын жігерлі жас мамандармен ауыстырды. Партиялық жауапкершілік тұрғысынан өткізген талай жиындарына қатысып, сауатты да жігерлі айтқан сөздеріне сырттай риза болып жүретінмін. Жергілікті жердің әлеуметтік-эко­нимикалық дамуына қатысты өзекті мәсе­лелерді ше­шу Досекеңнің іскерлік қабілетін жан-жақты танытқан еді. Одан бөлек До­сыбай Айтбайұлы Созақта қызмет еткен жылдары талай тарланбоз әдебиет және мәдениет қайраткерлерін, сахна саңлақтарын күтіп алып, халықпен кездесу жиынын өткізгенінің де куәсі болдым. Қазақтың талантты жазушылары Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Қуандық Шаң­ғытбаев, Төлеген Тоқбергенов, Тұт­қа­бай Иманбеков, Оралхан Бөкей, академик Ісмет Кеңесбаев, сахна саңлақтары Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Шолпан Жандарбековалармен кездесуде өнер майталмандарының мерейін кө­теріп сөйлеп, әсерлі кеш өткізгені есім­нен шықпайды. Күйші Төлеген Мом­бековтің 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп, Төкең «Досыбай» атты күй шығарғанын да білемін. Досыбай Айтбайұлы Созақта қызмет еткен жылдары сол елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көте­руде, таланттарын құрметтеуде абырой­лы еңбек етті. Ол кісінің әділ де іскер бас­шы болғанын Созақ халқы әлі күнге айт­ып жүреді. Өз басым Досекеңмен осы кезге дейін хабарласып, кездескен сайын қуанып қаламыз. Жақында жолыққанда Созақта бірге қызмет еткен жылдардан сыр суыртпақтаған едік.

 

Досеке, шалғайдағы табиғат жағ­дайы күрделі, облыстың өзге өңірле­рімен салыстырғанда халқының тұр­мысы төмен Созаққа өз еркіңізбен бармаған шығарсыз?

– Мына сауалың Созақта өткен кезді еске түсірді. 1985 жылы облыс басшысы Асанбай Асқаров кабинетіне шақырып, Созақ ауданының бос тұрған бірінші хатшысы орнына менің кандидатурамды лайық көріп отырғанын айтты. Ол кезде Созақ ауданының экономикалық ахуалы, халқының әлеуметтік жағдайы басқа өңірлермен салыстырғанда көп артта қалып кеткен, проблемалары шаш-етектен, оны шешу үшін көп уақыт және қаржы қажет екенін жақсы білетінмін. Сондықтан онша аяғым тарта қоймады. «Асеке, сол ауданға мал шаруашылығы мамандарының біреуін жібергеніңіз дұрыс болар. Менің мамандығым эконо­мист қой», деп жалтарып едім, ол кісі жақтырмай қалды. «Иә, ол ауданның проблемасы жеткілікті, табиғаты ерекшелеу екенін білемін. Бірақ сен әлі жассың, күш-қуатың жеткілікті. Мұндай жұмысты қазір істемегенде қай уақытта істемексің? Мұндай қиындықтарды сендер жеңбегенде кім жеңеді? Біз осы жұмыс сенің қолыңнан келеді деп сенім артып отырмыз, сол сенімді ақтауың керек!», деп кесіп тастады. Артқа шегінер жол жоқ екені түсінікті болды. Әрі мұндай үлкен кісі екінің біріне қолқа сала бермейді, бүкіл облыс халқы пір тұтқан Асекеңнің өзі сенім артып отырса, оның сөзін қалай аяқасты етпекпін? Сондықтан келіспеске амалым қалмады. Обкомның ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған екі жылдың ішінде барлық ауданмен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен, Созақ ауданының жағдайын жақсы білетінмін. Сол жылы Асанбай Асқаров республика Орталық комитетінің қаулысымен қызметінен босатылып, облысымызға Рысбек Мырзашев келгенде Асекеңнің ұсынысы тағы да қозғалып, Созақтағы қызметке баруыма тура келді. Созақта тоғыз жыл қызмет еткенде байқағаным – халқы текті, мінез-жаратылысы бөлек жандар екен.

 

Заманымыздың ұлы сазгері, жер­лесіңіз Шәмші Қалдаяқовпен ұзақ жыл­дық сыйластық қарымқатынаста болға­ныңызды білеміз. Шәмші ағамен жақын та­ныстығыңыз қалай басталып еді? Сіз бас­шылық жасаған жылдары Шәм­ші ағаның Созаққа жиі келетінін көре­т­інбіз.

– Сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әнде­рін бала кезден тыңдап, жатқа айтып жүрген жастар біздің кезімізде аз болмады. Әсіресе, студент кезімізде бас қо­са қалсақ, Шәмшінің әндерін айтудан жа­лықпайтынбыз. Шәмшінің өзін көрмесек те, әндері арқылы біз үшін қол жетпейтін дара тұлға, данышпан, тума талант болып көрінетін. Ол кісімен ең алғаш кездесудің сәті облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрген кезімде, 1976 жылы көктемде түсті. Жұмыстың аяғына таман кабинетке Шәмші аға кіріп келді. Мен оны бірден танып, орнымнан тұрып амандасып, орындық ұсындым. Ол кісі өзін таныстыра бастап еді, мен сөзін бөліп:

– Сізді білемін ғой, сіз Шәмші ағасыз ғой, – дедім. Ол кісі:

– Бәрекелді, танығаныңа рахмет! – деп қуанып қалды. Сосын: – Мен осында келе жатып сендерге соға кетейін деп ойладым. Қазір Жамбылдан келе жатырмын, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғанов маған су жаңа машина сыйлады, – деп балаша мәз болып, желпініңкіреп қойды. Көңілінің көтеріңкі екенін байқап, мен де қосыла қуанып, құттықтап жатырмын. Елдің ардақты перзентіне айналған сазгерге осындай құрмет білдірген Х.Бектұрғановқа іштей риза болып та отырмын. Сөйлесе келіп, ол кісі мені бұрыннан сыртымнан білетіндігін айтып, әкеммен дәмдес болған сәттерін есіне түсірді. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген осы екен-ау. Талай жақсы-жайсаңмен сыйласып өткен әкемнің маған қалдырған ең үлкен байлығы жақсы аты екеніне осындай ардақты азаматтардың жылы лебізін естіген сайын көз жеткізе түсемін. Бүгін де, міне, бір көріп, қолын алуды талай адам армандаған Шәмші ағаның әкемнің арқасында танып, алдыма келіп отырғанының өзі не тұрады?! Сондықтан «Әркім сыйлағанның құлы» демей ме, жұмыстың аяғы болып қалғандықтан: «Шәке, келіп қалыпсыз, үйге жүріңіз. Немесе асығыс болсаңыз, бір жерге барып тамақтанайық!» деп ізет білдіргенде ол кісі Шәуілдірге, өзінің туып-өскен жері «Темір» совхозына кетіп бара жат­қанын айтып, сыпайы ғана бас тартты. Ол кісімен бірге сыртқа шығып, шығарып салайын деп ойладым. Тыста Шәкеңнің сыйға алған су жаңа, сары түсті «Жигули» көлігі жарқырап тұр екен. Шәмші ағаның әзілқой кісі екенін бұрын да естіп жүретінмін. Бұл жолы да қуақылана жымиып, алған ол көлігінің есігін ашып жатып: «Мен машина айдауды енді үйреніп жүрмін. Бағдаршамның алдына келіп, машинадан түсіп, жан-жағыма қараймын. Егер басқа машиналар жоқ болса, сонда ғана жүремін», деген сөзіне күліп алдым. Сазгерді жақсы көңіл күй­мен қоштасып, шығарып салдым. Одан кейін ағамен кездесудің реті болмады. Бірақ үнемі сырттай амандығын біліп жүретінмін.

 

«Райкомның қаулысымен ән жазылмайды»

– Енді әңгімемізді тек Созақтың ғана емес, жалпы қазақтың сүйіп айтар «Теріскей» әнінің дүниеге келуіне себепші болғаныңызға тоқталсаңыз…

– Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғаннан кейін, Шәмші аға Жамбылдан баяғы көлігімен келіп, арнайы құттықтады. Ол кісінің бұл ізетіне қатты қуанып, төбем көкке жеткендей болып қалды. Бұл кезде менің отбасым әлі ауданға көшіп келмеген. Сондықтан оны өзім жатқан шағын мейманханаға, қасыма жайғастырдым да:

– Шәке, ақыры келіп қалған екенсіз, енді 2-3 күн болып, халықпен кездесіп қайтыңыз, – деп қолқа салдым.

Ол кісі бірден қабыл алып:

– Мен қайда асығамын? Саған кедергі болмасам болды ғой, – деп күлді.

Сонымен ауданның екі-үш шаруа­шылығында болып, халықпен бірнеше кездесу өткізді. Ол кісінің қасына еріп жүру үшін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Мырзалиев деген ағамызды қосып бер­дім. Өзім күндіз партия жұмысынан қо­лым босамайтындықтан, тек кешке қ­арай дастарқан басында бірге отырып, әңгімелесіп, ол кісінің қызықты хикая­ларын тыңдайтынмын. Шәкеңнің әрбір әңгімесінен кішіпейілділігі, қарапайым­дылығы, сөзге шебер, әзіл-қалжыңға құмар­лығы байқалып тұратын. Әдетте ауданға келген өнер мен әдебиет өкілде­рінің өз талаптарын қоя келетіні бұрыннан белгілі жағдай. Ал ондайлардың жанында Шәмші ағаның болмысы мүлде бөлек еді. Ол кісі өзіне жасалған мұндай «қамқорлықтарды» жақтырмайтын. Елге ол үшін келмегенін айтып, кейбір басшылар ұсынған «хатқалталарын» қайтарып жібергенін де естіп жүрдім.

Шәкеңнің сол келгенінде дастарқан үстінде:

– Шәке, сіздің еліміздің әр өңіріне арнап жазған әндеріңізді бүгінде халық аузынан тастамай айтып жүр. Мысалы, «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Мо­йынқұм жастарының әні», «Каспий тол­қынында», тағы сол сияқты әндеріңіз көп. Бірақ біздің сырлы Созақ еліне арнаған әніңіз жоқ сияқты. Сондықтан осы ел мен жердің құрметіне арнап бір ән шы­ғарсаңыз, – деп тілегімді айттым.

– Досыбай, сенің айтып отырғаның дұрыс. Бірақ ән шығару райкомның қаулы­сы­мен орындалмайды ғой. Ән өзі­нен-өзі шыға бермейді. Бірақ ойласайық, мен саған уәде бермей-ақ қояйын, дегенмен әрекет жасап көрейін, – деді Шәкең.

Сазгер осылай деген соң, бұдан кейін бұл әңгімені қайтып қозғаған жоқпын.

1986 жылдың жаз айларында Шәм­ші аға маған телефон соғып, ауданға келетіндігін, қасында белгілі ақын, өзіміз­дің жерлесіміз Сабырхан Асанов болатынын ескертті. Созақта «Қызылкөл» деген демалыс орнында сырттан келген құрметті меймандарды күтетін қара­пайым үш-төрт үйіміз бар еді. Бұл үйлер аудан­дық тұтынушылар қоғамының есебін­де болғандықтан, мекеме басшысы Әбді­мәжит Битабаровты шақырып, сол үйдің біреуін қонақтарға арнап дайындауды тапсырдым.

Көп ұзамай ақын мен сазгер де келіп жетті. Оларды алдын ала дайындалған көл жағасындағы үйге жайғастырып, бар жағдайын жасап жатырмыз. Сабырхан Асановты бұрын-соңды естігенім болмаса, көрген адамым емес. Өзі ірі де­нелі, сым­батты, өте мәдениетті кісі екен. Са­бырхан ағамыз да Шәкеңнен қалыс­пай­тын, әзілге жүйрік адам болып шықты. Та­нысып, сөйлесе келе маған:

– Шәкең ағаң өте қызық кісі ғой, өт­кен жолы маған телефон арқылы Ал­­ма­тыға звондап: «Мен Созақ ауданы туралы бір ән жазуға сол ауданның бас­­­шысы Досыбай деген інімізден тап­сыр­ма алдым, сен соған өлең жаз», дейді. Мен: «Оу, Шәке, мен ол аудан­ды көр­месем, білмесем, өлеңді қалай жазамын? Алматыда отырып жаза алмаймын ғой», десем, «Онда сол жаққа барып қай­­тайық», деді. Сосын сендерге келдік», деп әзілдеп отырды.

Сөйтіп, қонақтарымыз «Қызылкөлде» демалып, арасында 2-3 шаруашылықта кездесу өткізіп, он шақты күн болып, қайтып кетті. Кетерінде Шәкең маған:

– Досыбай, сенің өтінішіңнің орындалатын түрі бар. Сабырхан екеумізге біраз уақыт бер, дайын болғанда хабарын айтамыз, өзіміз әнді алып келеміз! – деді.

Сонымен 1986 жылдың күзінде каби­нетімде отырсам, Шәмші аға кіріп келді. Құшақтасып амандасқан соң, ол кісі ән дайын екендігін айтып, маған ноталар мен өлең мәтінін көрсете бастады.

– Сабырхан ағамыз қайда? Бұл қуа­ныш­ты жаңалықтың сүйіншісін өзі сұрай келмеді ме? – деп едім:

– Ол ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Мен бұл жақсылықты жеткізуді  кейінге қал­дырғым келмей, өзім келдім. Сен қазір екі әнші және баянмен сүйемелдеушіні ал­дырт. Мен оларға әнді өзім үйретіп ке­тейін, – деді.

Тез арада Мәдениет бөлімінің бастығы Тұрлыбек Жақсыбаевты және әншілерді шақыртып, «Бәрің кіші мейманханаға барып, ән үйренуге кірісіңдер» деп тапсырма беріп, шығарып салдым.

Жұмыстан соң сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы марқұм Рах­матулла Момбеков екеуміз Шәмші аға ән­шілерді үйретіп жатқан жерге бардық. Үлкен бөлмеде жұмыс қызу жүріп жатыр екен, біздің әншілер әнді толық бол­маса да, біраз үйреніп алған сияқты. Мә­дениет бөлімінің меңгерушісі Тұрлыбек Жақ­сыбаевтың ән салатын қабілеті бар еді, өзі өтініш айтып:

– Осы әнді мен орындайыншы, менің даусым осы әнге ыңғайлы. Шәкең де қолдап отыр, – деп бәйек болғанда Шәкең:

– Бұл жігіттер мен қыздардың бәрі жақсы әншілер екен. Барлығы тамаша орындап жатыр. Бірақ, Тұрлыбектің айтып отырғаны дұрыс, соның даусына ла­йықталып жазылыпты, – деп Тұрлыбекті қолдады.

Әннің аты «Теріскей» екен, бұл маған аздап жұпынылау естілді де:

– Шәке, атауын «Теріскей әні» немесе «Теріскей сағынышы» сияқты етіп өзгерт­сек қайтеді? – деп ұсыныс айтып көріп едім, ол кісі:

– Досыбай, Теріскей деген сөздің өзі сенің айтып отырған ұғымдарыңды толық қамтиды. Сондықтан аты тамаша. Оның үстіне Сабырхан ағаң да атын өзгерт­пеңдер деп жатыр! – деп кесіп тастады.

Сонымен әңгіме аяқталып, біз әнді тың­дауға отырдық. Тұрлыбектің орын­дауын­дағы әнді еліте тыңдап шыққан соң, оның сөзі мағыналы, сазы тартым­ды шыққанын бәріміз жапырыла мақтай жөнелдік. Сол жолы әнді екі-үш емес, кемінде 20-30 рет тыңдасақ та қанбай, тыңдай бергіміз келді. Сөйтіп отырғанда түннің ортасы болып қалыпты. Созақтың келбетін айшықтайтын жаңа әннің туғ­анына қуанып отырып, уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппыз. Ара­сында Шәкеңе: «Тамақтанып алайық, сосын жал­ғастырармыз» деп ұсыныс жаса­ғанмен, ол кісі: «Жоқ, мыналарға толық әуенді жеткізбейінше мен тамақ іше ал­маймын!» деп жұмысын жалғастыра берді. Содан өзінің қоңыр дауысымен әнді әншілермен бірге қосылып айтумен болды. Көп жерлерінде тоқтатып, «Бұл жер былай айтылуы керек» деп түсіндіріп әлек болып жатты. Ақыры әншінің орын­дауындағы ән ойдағыдай болып шық­қаннан кейін ғана демін алған ағаны тамақтануға көндірдік.

Ертеңіне кешке, келісілгендей, аудан халқын Калинин атындағы совхоздың клубына жинап, ән кешін өткіздік. Жинал­ған қауым «Теріскей» әнін өте жылы қабылдап, қайта-қайта қол соғып жатты. Сол кеште Шәкеңнің басқа да әндері айтылып, халық бір демалып қалды. Мен өз басым осы күнге дейін сол ән­нің шы­ғуына ықпалым тигеніне, оған себеп­ші болғаныма мақтанамын. 1988 жылы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында сазгер: «Теріскей» әнім Созақ ауданының басшысы Досыбай ініміздің өтінішімен шыққан еді, бірақ сәтті шық­қан ән деп есептеймін», деген еді.

Елдің сүйіп орындайтын «Теріскей» әні мен Созақта қызмет еткен жылдары өмірге келгенін, Шәкеңді күтіп алып, әннің алғаш орындалуында басы-қасында болып, өнер иелерін ұйымдастырып, елге жеткізуде шын ниетіммен еңбек еткенімді мақтаныш етемін.

 

Шәкеңнің ән-ғұмыры жалғасып жатыр

– Шәмші ағаның өміршең әндері ха­лық арасында жалғасып жатыр. Ол кісінің әндері қазақ мәдениетінің алтын қорына өшпестей жазылып қалды десек те болады.

– Иә, қазақтың біртума азаматы, талантты сазгер, адамдық қасиеті таудай азамат, жерлесім Шәкеңмен дәмдес, сыр­лас іні болған күндерімді өмірімнің бір жарқын белесі деп есептеймін. Одан кейін де Шәкең біздің ауданымызға бір­неше рет келіп жүрді, сыйласып, көп рет дастарқандас болдық. Ол кісіге қолым­нан келгенше жәрдемімді беріп жүрдім. Мұндай елдің бағына туған біртуар азаматқа қандай құрмет көрсетсең де жара­сады ғой… Соңғы рет Шәкеңді 1992 жылы Отырар ауданының тойын­да көрдім. Бұл кезде ауырыңқырап жүр­се керек, мазасы болмай, реңі солғын тарт­қанын байқадым. Алдына барып амандасқанымда бұрынғысынша құшақ­тап, көзіне жас алған Шәкең маған: «Досыбай, менің «Теріскей» әнімді айтып жүрсіңдер ме?» деп сұрады. Мен бұл ән ауданның әнұранына айналғанын айтып, көңілін көтеріп қойдым. Бұл расында да солай еді. Шәмші аға бұдан кейін жағдайының төмен екенін, ауруханада жатқанын айтып қалды. Осы кездесуден кейін Шәкең емделіп жатқан ауруханаға барып, көңілін сұрап қайттым. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Көп ұзамай ол кісі дүниеден өтті. Қазір ойлап отырсам, сазгердің 60-тан енді ғана асқан шағы екен ғой. Сол аз ғұмырында қошеметті де көп көре алмай кетті. Шәмші аға тағы біраз өмір сүргенде, әлі «Теріскей» сияқ­ты қаншама тамаша әндер дүниеге келер еді… Дегенмен, әйгілі сазгердің артында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан баға жетпес мұра, рухани байлық қалды. Ол кісінің өміршең әндерін халық осы күнге дейін сүйіп тыңдап, орындап келеді. Мұн­дай әндерді ұмыту мүмкін емес, керісінше ол әндерге уақыт өткен сайын жаңа күш, жаңа рух қосылатын сияқты. Соның ішінде кезінде көп теперіш көрген «Менің Қазақстаным» әні бүгінде еліміздің Әнұранына айналғанының өзі неге тұрады?! Бұған да шүкіршілік…

Қазіргі таңда жыл сайын астана мен Алматыда, басқа да облыстарда, соның ішінде сазгердің туған жері – оңтүстікте Шәмші әндерінің фестивальдары мен бай­қауларын өткізу дәстүрге айналды. Соларды көріп, Шәкеңмен қатар жүрген кездерім ойға оралып, көңілім бір босап қалады. Шәкең сияқты ұлы адамды бізге сыйлаған Аллаға мың да бір рахмет!

 

Әңгімелескен

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...