Созақтық ақынның мерейтойы

Алматыда Ұлттық кітапханада белгілі ақын, талантты журналист, бүкіл түркі дүниесі ақындары жыр фестивалінің жүлдегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Төреғали Тәшеновтің 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби кездесу өтті.

Алпыстың асқарындағы Төреғали ақын екеуіміздің таныстығымыз сонау өткен ғасырдағы сексен үшінші жылдың күз айында басталған еді. Сол кездегі ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға бірге түстік.

Екеуіміз бір топтың студенті атандық. Бұрын ауылда жүргенде аудандық «Молшылық үшін» газетінен мақалалары мен өлеңдерін жиі оқып тұратынмын. Елге сол кездің өзінде таныла бастаған Төреғалимен бір топта оқу бұйырды. Сонымен студенттік күндер басталып кетті. Кілең қыздардың ортасында төрт жігіт қана оқыдық. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы және Басқар Әлиев деген жігіт, сосын Төреғали. Таныса келе Төреғали екеуіміз құрдас болып шықтық. Төкең де менің мақалаларымды аудандық газеттен оқып тұрады екен. Сөйтіп екеуіміз сырттай бір- біріміздің аты-жөнімізге қанық болып шықтық. Сол жылдардан басталған достық қарым-қатынасымыз қазіргі күнге дейін үзілген жоқ. Ол оқу орнын бітіргеннен кейін мектептерде мұғалім болып, шәкірт тәрбиесімен айналысты. Кейін Жаңатастағы қалалық газетте, сосын республикалық басылымдарда қызмет атқарды. Бірнеше өлең жинақтарын шығарды. Публистикалық жазбалары қалың оқырманның жүрегінен орын тапты. Алматыда зиялы қауым өкілдері ортасынан ойып тұрып орын алды. Созақтан шыққан Төреғали Тәшенов бұл күндері қазақтың белгілі ақыны.

Өткен жұма күні Ұлттық кітапханада ақын-журналист Төреғали Тәшеновтің 60 жас мерейтойына байланысты әдеби басқосу- «Айттым құлдық, Қаламқас» кітабының тұсаукесеріне қатысып қайттым.

Мерейтойлық басқосуға белгілі қаламгерлер мен бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев алып, мерейтой иесіне Мемлекет басшысының құттықтау сәлемін жеткізіп, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып ақынға шығармашылық одақтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, барша қаламгерлер атынан шапан жапты. Төреғалиға өзі қызмет еткен республикалық «Айқын» газеті ұжымы құттықтау хат тапсырды. Сондай-ақ, «Созақ үні» газетінің бас редакторы Сәрсенбек Теңізбаев құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің құттықтау хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Кеудесіне «Оғыз хан» медалі тағылды. Әдебиетші Абай Мауқараұлы Төреғали Тәшеновтің ақындығы мен шығармашылығы жайлы баяндама жасады. Белгілі қаламгер, «Ана тілі» басылымының Бас редакторы Қали Сәрсенбай, ақындар Байбота Қошым-Ноғай, Кәдірбек Құныпияұлы, жазушы Өтеш Қырғызбаев сөз алып, кеш иесіне шығармашылық табыс тіледі.

Белгілі күйші Шәміл Әбілтаев күмбірлете күй шертіп, жерлесіміз, әнші Жұбаныш Жексенұлы әннен шашу шашты. Ақынның мерейтойы қарсаңында шығарылған «Айттым құлдық, Қаламқас» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Созақ ауданының мерейін асқақтатып, мақтанышымызға айналған Төреғали Тәшеновтің қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосып келе жатқан үлесі қомақты. Әлі де бұл салаға қосар үлесі мол, Алпыстың асқарын бағындырған Төреғали сонау студенттік жылдардың өзінде-ақ қалың оқырманға танылып үлгерген еді. Бұл күндері ол шығармашылықтың толысқан шағында. Өзі айтқандай, ақынның екінші тынысы ашылды. Жалынды жастық шақты бірге өткізген досымның руханият әлеміне алдағы кезде де сүбелі шығармалар ұсынары анық.

Төреғали Тәшенов республикалық «Айқын» басылымында ашылған сәттен бастап, 2018 жылы газет редакциясы Астанаға қоныс аударғанға дейін табан аудармай тілшілік қызмет етті. Сол күндерде оқырмандар Төреғалидың жазған мақалаларын іздеп жүріп оқитын. Газеттің әрбір санына оның танымдық, тағылымдық дүниелері үзбей жаряиланып тұратын. Мақтанышпен айтуымыз керек, оның қаламынан туған жазылымдар жұртшылықтың жүрегінің төрінен орын алатын.

Қатысушыларын үлкен әсерге бөлеген басқосуды белгілі актер Байғали Есенәлі жүргізіп, тартымды кештің шырайын кіргізді.

Мұнан кейін мерейтойлық кешке жиналған қауым мейрамханада арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, ақын жайлы кеңінен сыр толғады.

Сәрсенбек САЙЛАУБЕКҰЛЫ.

Latest news

ҰЛТТЫҚ ЖОБА БОЙЫНША 236 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде мүгедектігі бар 90 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 236 азаматтар жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты...

Аудан басшысы Шу бойындағы халықпен кездесулер өткізді

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ҚР Президентінің 2022 жылғы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шу, Тасты ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті....

Бөлім бастығы есеп берді

Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы ПД Созақ аудандық полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Ж.Нысанбаев аудан тұрғындарына 2022 жылдың...

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІНЕ АУДАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Түзелбек Абжановты қабылдап, «Созақ ауданының Құрметті азаматы» төс белгісін табыс етті. –Саналы ғұмырыңызда...

Related news