Созақ және Абай

 Биыл ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейлі жылы. Абай есімі жылдар көшінде Теріскей өңіріне өзге өңірлердегі сияқты өзіндік із қалыптастырды. Абай мен Созақ даласы сан жылдардан бері бірімен бірі тығыз байланыста ғұмыр кешіп келеді. Созақ ауданында Абай атымен аталатын көшелер түгелге дерлік ауылдар мен кенттерде, елді мекендерде бар. Тасты ауылындағы орта мектеп кешегі кеңестік кезеңнен бері Абай есімімен аталады. Дәлірек айтқанда 1949 жылдан. Бұл жыл несімен есте қалады?

 «Абай жолы» — Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы — қазақтың тұңғыш эпопеясы. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген болатын.

Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың,-деп Абай шығармаларына ынтық болып, Абаймен сусындап,қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің жан жарасын емдеген жазушылар мен ғалымдар Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» деген Абай туралы дүние жазса, академиктер Ісмет Кеңесбаев пен Әлия Бейсеновалар Абай атын иеленген жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Шымкент қаласынан Абай мұражайын салған суретші-дизайнер Аманжол Найманбаевтар Созақ елін Абай әлемімен жалғастырған алтын көпірлер емес пе!

 Осы Шолаққорғандағы Абай көшесінде барлық саналы ғұмырларын өткізген, бірі бас жағында, бірі ортан белінде тұрған Өміртай Исаев, Дулат Тұрантегі, Совет Абдуллаев көкелеріміз,  Абайды жата-жастана оқыған, Абайдың шарапатымен абыройлы азамат атанған зиялы кісілер еді. Ауданымызда қайсыбір жылдардан бері аудандық, облыстық, республикалық «Абай оқуларына қатысып, атақ-даңқтары ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген дәстүрлі әншілер Ахат Кенжебаев, Елдос Жүсіптер осы «Абай оқуларынан» түлеп, көкке көтерілген өнерпаздар.

 Абай туралы сөз қозғап келелі кеңестерде шоқтығының биік екендігін танытқан Асқар Сүлейменовтің, Дулат Тұрантегінің өмір жолдарынан «Абайды оқу керек!» деген тәмсіл  бастау алады. Кешегі қызыл өкімет заманында Алматы қаласындағы Казақтың Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген созақтық азаматтар ақын-жазушылар, ғалымдар, аудан әкімінің орынбасары, білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары мен халық қалаулылары, білікті ұстаздар атанды. Әу басындаАсқар Сүлейменов, Дулат Тұрантегінен бастап, Мырзахмет Жылысбаев, Сейілбек Наурызбаев, Ахметбек Сопбеков, Нұрділда Сейділдаев, Садық Әбдірашұлы, Берік Тұрғанбаев, Төреғали Тәшенов, Ғалым Есенсариев, Ниязәлі Дүйсенбек, Әли Иманбеков, Бақыт Жұмәділ, Сәрсенбек Теңізбаев, суретші Мәмбет Уәлиев Созақ балаларына өнегелі ізгі жолдарымен ілім, білім нәрін құя білді.

Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы,-деп Абай жырлағандай бұл азаматтардың бірі интернаттың есігінен шықса, енді бірі Берік ағамыз сияқты осы интернатқа басшылық жасап, саналы,Абайшыл шәкірттерді тәрбиелеп жатыр. Жерлесіміз Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің ұстазы Нұрғали Махановтың «Абайтанудың алғашқы дәрістері» атты құнды кітабын да ерекше атап өткенміз орынды болмақ. Бұл кітап абайтануға қосқан Теріскей өңірінің сүбелі үлестерінің бірі.

 Сол Абай атындағы жоғарғы мұғалімдер оқу орнын басқарған аты аңызға айналған батыр Мәлік Ғабдуллиннің Созақ балаларына қамқор болуы, жергілікті батыр атамыз Омарбек Дүйсенбековпен хат жазысуы, бүгінде асылдардың соңғы тұяғына айналған Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаевқа қол ұшын беріп оқуға түсуіне себепкер болуы  да Теріскей өңірімен бір жіпсіз байланыс бар екенін сездіргендей болады.

 Абайтанушы жартытөбелік Жабал Шойынбет Алматы қаласындағы бірегей ізгілік ордасы Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығын басқарады. «Абай қара сөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері», «Абай мұрасының өзекті мәселелері» «Абайдың дана сөздері» ғылыми еңбектер жазып,  Абайтанудан ғылыми диссертация қорғаған ғалым еңбегі де Созақ даласының ұлылығын айғақтайды.

 Кешегі жылдарда осы өңірге аяқ артып келіп, әулие-әмбиелерге зиярат етіп, «Оңтүстік сапарлары» деген деректі жолжазба жазған, «Созаққа барсаң күйшімін деме!» деген ғибратты да ұлағатты сөз қалдырып кеткен «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезовтің Созақ даласын шарлауы да тегін емес.

 Абай Құнанбаевтың қара сөздерін санасына құйып, әрбір өлең жолдарын өміріне мәңгілік мұрат тұтқан теріскейлік шәкірттердің ешбірі жаман болған жоқ. Олар қазақы қара сөздің мәні мен мағынасын терең түсіне білетін азаматтар болып қалыптасты. Созақ үшін Абай өлеңдері мен қара сөздері ұлы ғибраттың қайнар көзі бола білді. Жастарымыз қашанда өз ұясынан адамгершілік, намыс, ұят, саналық, сияқты жақсы жолға бет бұрды. «Бес нәрседен қашып», «бес нәрсеге ынтық болуы да» Созақ балаларының тектілігі мен тазалығынан болса керек.

 Абай есімін иеленген азаматтардың бірі аудан әкімдігінде, бірі ауыл әкімдігінде, бірі полиция мен мәдениет саласында, енді біреулері ұстаздық пен өнер жолында кездесіп жатады. Абайдай ақын болмаса да олар ізгілік жолын мансұқ тұтқан Абай аталарындай ұқсап бағып халқына қалтқысыз қызметтерін жасауда.

 Ауданымызға белгілі шопандық саладан майталман шамшырақ атанған сызғандық Абай Қалмырзаев, облысқа танымал дәрігер қозмолдақтық Абай Жақсыбергенов, ішкі істер саласының ардагері қарақұрлық Абай Тұрмаханов, Құмкент ауылында әкім болған Абай Көбенов, бейәдеп сөзден ада, өрелі де есті сөзге әуес асаба Абай  ақын аталарының атына дақ түсірмей елге қызметтерін көрсетті.

 Сөз басында айтқанымыздай өнер мен өнегенің алтын ұясы саналатын мектептерге қайта оралсақ. Тасты ауылындағы Абай атындағы орта мектептің тарихына көз салайық. Абай атындағы жалпы орта мектебі 1949 жылы ашылған. 1950-1951 оқу жылында мектеп тұрақты істеп, 1960-1961 оқу жылында сегіз жылдық білім беру дәрежесіне көтерілді. Алғашқы дәріс берушілер Хасенов Нұртаза, Галина Петровна Тыщенко деген деген ұстаздар болды. Кейін ұстаздар қатары жоғарғы оқу орнын тамамдап келген Қонарбай Айтбаев, Нұрзейін Ерімбетова, Аман Мырзалиев, Аппаз Бейсенбаев деген жас ұстаздармен толығады.  Осы мектепті үздік бітірген Мырзабеков Жақсылық Алматыдағы қазіргі аграрлық университеттің проректоры,профессор атанады. Сонымен қатар, осы мектеп қабырғасынан Қазақ-түрік университетінің доценті Нұриддин Алыбаев, елге танымал әнші-сазгер Ақжігіт Дәрібаева, доцент, филолог Нұрсәуле Айтбаева, филология ғылымдарының кандидаттары  Сүйінжанова Жанар, Толысбаева Әдемі, университет оқытушысы Тілеулинова Мейрамкүл есімді тұлғалар білім алыпшығып ғылым саласына «кірпіш болып қаланады». Мектеп 2013 жылдың қараша айынан бастап үш қабатты жаңа, типтік үлгідегі ғимаратқа көшіп, Тасты ауылының көркіне көрік қосып, ауыл балаларына есігін айқара ашып келеді.

Сонымен бірге:

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге,-деп тағы Абай жырлағандай ауданның барлық мектептеріне көз жіберсек әйгілі «Абай оқулары» шарасында аудан оқушылары биік тұғырға көтерілді.

 Мысалы, Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің Оразбай Шакизат
Нұрпейіс Ардақ, Оразбаева Нұрай, Жаппарбек Толғанай, Құрманбек Ақмаржан аттыоқушыларынан құралған «Шабыт» квартеті Шығыс Қазақстан облысы, Абай туылған Семей өңірінде өткен республикалық байқауда 3-ші орын иеленіп, «Көңілім әнді ұғады» аталымын жеңіп әкелуі, осы мектептен тағы да биылғы жылы  Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы мұрасы» халықаралық өнер және білім фестивалінде «Көркемсөз шебері»  бөлімі бойынша Жұман Лаула лауреат атанса (жетекшісі Қаламқас Жұбаева), аудандық «Көзімнің қарасы» атты ән байқауында осы мектептің оқушысы Ақмаржан Құрманбек 1-орынды иеленеді.

 Сонымен қатар, кезінде Берік Тұрғанбаев басқарған Созақ мектеп гимназиясынан Қасымбек Оңғарсын атты оқушы 2017 жылы қыркүйек айында облыстық байқаудан бірінші орын иеленіп, содан Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқуларынан» ақын өлеңдерін жатқа оқу бойынша 300-ге жуық өлеңін жаттап жүлделі екінші орын иегері  атанады. (Жетекшісі Таңатова Алмагүл). Бүгінгі таңда Қасымбек Оңғарсын жоғарғы оқу орнының студенті.  2015 жылы Абайдың 170 жылдығы мерейтойы қарсаңында Семей қаласында өткен өзге ұлт өкілдері оқитын мектептер арасындағы республикалық байқауда осы мектептің 10 сынып оқушысы Мәуленқұлова Мавлюда есімді қызымыз байқаудың бас жүлдесіне ие болады. Байқауға қатысып отырған біршама азаматтар Созақ ауданын білмейді екен.  Сонда болардың біразы Қазақстанның картасына үңіліп Түркістан облысынан Созақ ауданын картадан іздепті. Сол сәттің өзі Шерхан атамыз айтпақшы «бір кем дүние» деген құдіреттің өзі емес пе?

 Қарт Қаратаудың етегінде Абай деген шағын ауыл бар. Ертеректе осы таудың баурайындағы зәм-зәм бұлақты, құнарлы алқапты Абай деген дәулетті кісі мекендеп, сол кісінің есімімен Абай ауылы аталып кетіпті. Ол Абайдың ақын Абай Құнанбаевқа тікелей қатысы болмаған күннің өзінде осының өзі Абай әлемінің Созақ әлемімен рухани ортақ әлемі бір екенін айқын ұғындырып тұрғандай.

 Теріскей өңіріне келін болып түскен Семей өңірі-Абай елінің қыздары бүгінде ана, апа, әже атанып киелі қарт Қаратаудың аяулы аналарына айналды.  Қаншама жас-бүлдіршін Абайларымыз өсіп келе жатыр. Оларда ертең егеменді еркін елге өздерінің перзенттік парыздарын қосары анық.

 Ендігі бір міндет «аудан орталығындағы Абай көшесінің бас жағынан үш көшенің қиылысына Ұлы ақынның кеуде мүсіні қойылатын болды!» деген қуанышты жаңалықты естіп қуанып қалған едік. Сол жаңалық жақсылыққа ұласып, Абай атамыз көшенің басынан тұрқы биік тұғырдан орнықты орнын тапса, Абайды оқитын жалпақ жұрттың жан дүниесі Абай рухымен жанданып, жаңара түсер еді.

Мақсат Қарғабай

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...