Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі болған Созақ ауылы, Көктөбе елді мекенінде 6 көшені асфальттау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда елдімекен 100 пайыз заманауи жолмен қамтылды. Сондай-ақ, Созақ ауылдық округі орталығында жаттығу залы мен үлкен, заманауи үлгіде (стадион) футбол алаңы құрылысы жүріп жатыр. Ыбырай елді мекенінде Құрманғазы мектебінің құрылыс жұмысы басталды. Көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары барлығы дерлік кезең-кезеңімен орындалуда. Келесі жылы Созақ ауылында 6 көшеге асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжат дайындалуда. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауыл округі тұрғындарымен есептік кездесу барысында мәлімдеді.
Тұрғындар ағымдағы жылғы аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.
Жиыннан соң аудан әкімі футбол алаңы құрылысы және «Сызған» дәрігерлік амбулаториясында болып, жұмыс барысымен танысты.
Есептік жиын Сызған ауыл округінде жалғасты. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы, атқарылған жұмыстарды баяндады. Басбұлақ елді мекенінде жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Қайнар елді мекенінде 8 шақырым тас жол, 1,5 шақырым асфальт жол төселіп, жарықтандыру мәселесі шешімін тапты. Сызған ауыл округі тұрғындарының өтініштеріне орай ауылдық аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, «Сызған» дәрігерлік амбулаториясын сонда көшірілді. Қазіргі таңда тұрғындар қолайлы орында ем қабылдауда. Сонымен қатар, жол белгілері де толықтай орнатылды. Бұл жөнінде ауыл тұрғындары өтініштің аяқсыз қалмағанын айтып, алғыстарын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар электр жарығының бағандарын ауыстыру, ауыз су, ауыл шаруашылық мақсаттағы жер теліміне қатысты сауалдарын қойды.
Аудан басшысы өз сөзінде кездесуге келудегі басты мақсат ұсыныс, пікірлерді тыңдап, алдағы атқарылар жұмыстарды пысықтап алу екенін жеткізді. Аталған сауалдар бойынша тиісті бөлімдерге тапсырмалар жүктеп, заң шеңберінде жұмыс атқарылатынын айтты.
Есептік жиыннан соң аудан әкімі жергілікті тұрғындарды жеке мәселе бойынша қабылдады. Аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесулеріне бірқатар тиісті бөлім, мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Созақ үні» — ақпарат.