Шуаштың хош иісі, немесе салық инспекторының бір іссапары (хикая)

     Әзіл әңгімелер әлемінің Әбдінағымы

 Әбдінағым Көшер Созақ даласында өсіп, сонда орта білім алды. Мамандығы бойынша әдебиетші емес. Ол Алланың берген таланты арқасында жастайынан-ақ прозалық шығармаларға, яғни көркем әңгіме жазуға құмар-ақ болатын.Әбдінағым оқушы кезінен сатираға құмар еді. Мектепте қабырға газетінің редакторы болды. Содан студент кезде де, жоғарғы оқуды бітіріп келгеннен соң да сатира әлемінде өзінің шығармаларымен танылды.«Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» сияқты қазақ газеттерінде «Қызыл етік», «Әнбикенің әлегі», «Пәштуәннің тойында», «Жеңгейдің бұйрықтары» және т.б. әзіл әңгімелері жарық көрді. Ол казақтың ең атақты сатириктері Оспанхан Әбубәкіров, Көпен Әмірбековтермен арқа-жарқа әңгімелесіп, қатысып тұрды.  Енді сонау бір жетпісінші жылдары, кеңес өкіметі кезінде сатиралық әңгімелерімен облысымызға, қалаберді республикамызға танымал бола бастаған жерлес жазушымыздың шығармашылығы жайлы аз-кем әңгіме өрбітіп көрелік.1993 жылы «Бірі кем дүние» деген сатиралық повесті мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Әбдінағым жастық, жігіттік кезін Созақ даласында өткізген. «Бірі кем дүние» жинағындағы повесте Шолаққорғандағы өзі білім алған пансионат туралы жазады. Ал кітапқа енгізілген басқа әзіл әңгімелер Созақ даласындағы Жуантөбе елді мекенінде өрбиді.Әбдінағым Республикалық ақындар фестивалінде бас жүлдені және лауреат атағын иеленген.

Мақсат Қарғабай

 

                     Шуаштың хош иісі,

немесе салық инспекторының бір іссапары

(хикая)

 

 Ысысыр одағы тарады. Содан бір күні облысымызда бұрын біз оқып-естімеген «Салық инспекциясы» деген мекеме ұйымдастырылды. Дәулердің ешқайсысына пәре бермей, тамыр таныссыз,сол мекеменің бас салық инспекторы деген қызмет орнына тегіннен-тегін қонжидым.

Сәбет кезіндегі орыстанған қоғам-пойыздың әлі жүрісі басылмаған шақ.«Тарсыл-парсыл, гүрс-гүрс, дүрсіл-гүрсіл пырс-пырс» деп әлі жүйіткуде. Себебі бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас жағы еді. Бірақ бұрынғыдай емес, екпіні нашарлау.Сонда да ақшамыз – рубль-сом. Общениеміз – орысша. Көп қазақтың ортасында бір орыс болса бәріміз жамырайорысша тіл сындыратын уақыт әлі жүріп жатқан кез. Тіпті қазақша тіл қатсаң ондай тіл барын білмегенсіп, орысшалап ыздыйатын, паспыртында қазақ атын жамылғандар да жетерлік болатұғын.

 Кәжің-күжің жұмыс атқарып жаттық. Бәрі ескі, кәнтөр гимараты да, кәбинеттер де, тіпті отырытын орындыққа дейін іске алғысыз – шиқылдақ.

 Сол шиқылдаққа құйрығымды қажап-егеп, анда-санда есінеп қойып, ерігіп отыр едім, бастықпен тікелей жалғастыратын ішкі телефон ара шағып алғандай шарылдай безілдеді. «Ойпырмай, тыныштық болса игі еді» деп, қара трубканың ернеуіне «әлөө» деп ернімді тигізіп едім, «әй, кім, тез-тез борбайыңды жылдамдата неғып, маған ысқуатыңды көрсет!» деген  бастығымның қатаң дыбысы естілді құлақ жағымда. Борбайлата, салып ұрып, жетіп бардым.

 Ол шалалау есінеді. Ерігіңкіреп отырғанын білдім. Ол әмәндә сөзін «ну, што безделники» деп бастайтын. Бұл ретте де тура солай болды. Осы кемсіту сөзінен соң «хватить гулят по городу и безделничать, езжайте по провинциям» деді.

Оххоо, Құдай берді. «А куды?» дей беріп едім, «ищь ты какой профессор, а, ты посмотри», «Кудыкина гору, вон!»,«и закрой дверь а!?» деп ақырып бергенде одан сайын қуанышым қойныма сыймай сүйіндім. Қуаныш пен сүйініш бірге келеді деген осы екен. Тух, не деген керемет настроение! Бастығымның көңілі өте жоғары екен. Мына сөзден соң өзімді патшадай сезіндім. Кадрлар, тойыс Ісмерлер бөліміне бардым да тез арада менің іссапарға кететінім туралы бұйрық дайындауын нығарлай айттым. «А куды?» деп тәлпіштенді шетте отырған инспектор қыздың бірі, қолындағы қыртпыш айнасына телміре, таздың шашындай бес тал қасын үтіп отырған күйі. «Кудыкина гору!!!» деп орысшасына орысша жауап қатып едім, ОК-ның бастығы «все так и…?» демесі бар ма. Айттым.

Мен өзім қазекемнің «жақсы қатын байымсақ, жақсы күйеу қайымсақ» деген мақалын өте құрметтейтін адаммын. Сондықтан іссапарды қайын жұрт тұратын қасиетті ауданға алдым. Сонда да үйдегі келіншегім менің іссапарға кететінімді жақтырмай, ауызы қисайыңқырап, көзі аларғандай болды. «Қайын жұртқа барып, қайындарымен ішіп мас болып қала ма» деген өте бір аксиомалық күдік бар-ау шамасы…

Аудандық салық инспекциясының есігін теуіп кір… жо-жоқ бұл қайын жұрт һәм қасиетті аудан, сондықтан теуіп кіруге болмайды. Бұлар міншіл келеді-ғой. Өл-тіріл мін таққызбау керек.

Мұндағылар менің іссапармен келгенімді біле сала, баяғыда бет жыртыса керілдесіп, енді бет көрместей болып өлдіге саналған туыстары қайта тіріліп келгендей өте бір керемет қуанды-ай!. Өтірік қуанып тұрғандарын кім білмейді дейсің. Тексерушіні жақтырған адам бар ма? Одардың қуанғандарын бекіту үшін мен де бір езуімді ұртыма қарай қисайтып, ыржаңдаған болдым.

Сонымен «практичесеий помощь» басталып кетті.«Советтен» қалған ескі кір-кір столдың үстіне пәпкі-пәпкі бума дүкімент-сүкіменттерді үйіп тастады. Мен тыжырындым. Мұндағылар түсінбей иек қақты. Мен «тұрысатын жерді» өздерің таңдаңдар дедім. Мына сөзімнен соң олардың тағы да қуанғандарын айтсайшы. Тіпті біреуі мені бас салып сүйіп алмақшы болып сиырдың желініне ұқсаған салпы ернін менің ұстарамен қырылған көгілдірленіп тұрған әдемі, сбежий бетіме тақалтып әкеле жатты. Сәбеттің Қызыл Армиясынан қашқан неміс-фашисттердей тез шегініп, бетімнің позициясынөзгерттім, сөнекейін лекцияға кірістім:

-Давай,«ұрыста тұрыс жоқ», қазір заман қиын боп тұр. Бюджет нөл. Мемлекеттік қызметкерлерге айлық бере алмай жатырмыз. Медиктер мен мұғалімдеріміз аштан өлуге таяу. Бірен-саран әу баста табиғатынан семіздері болмаса, пашти көбісінің кіндіктері омыртқаларымен қабысқан. Милиса мен жауынгерлер өз күндерін өздері көруде. ГАИ-ің анау, шопырларды тырдай жалаңаш шешіндіре тонауда. Енді қайтеді. Аштан өле ме? Ал шопыр байғұстар сүйікті әрі мейірбан Отанымыздың логистикасының дамуына және дүние мемлекеттерінің арасында алғы орындар алуына қанша үлес қоса, күш салғанымен ГАИ мен біздерден аса алмай жатыр. Давай, іске кірісу керек, баяғыдай нұсқау беріп отыратын «компартия» әдерем қалды. Қазір компартия да, үкіметте, рэкэтир де мына бізбіз, яғни салық инспекциясы.

Осы сөзді айтып, олардың беттеріне барлай қарап едім, ой не дейсің, марқаймаған бірі де жоқ. Көпшілігі өздерін Құдайдан кейінгі бастық ретінде сезінгендерін жасыра алмай тұрғандарын және патриотизмге шын беріліп, ісініп тұрған өр кеуделерінен байқадым. Өзімде де сондай жағдай орын алды.

 Содан соң-ақ өй бір бөстім дерсің. Бізсіз өмірдің бәрі қараң екенін ұқтырдым. Асыраушы да, кешіруші де тек біз, яғни салық инспекторлары екенін аса бір шабытпен құлақтарына құйдым. Салық төлеуден жалтарып, қашып жүргендерді ұстап алып, айыппұлдың құрығымен қылғындыруды, «пеня, неустойки, штраф» деген қаруларды тікелей өкпелеріне кезеуді тапсырдым. Заң солай, сол бір өтпелі кезеңде ондай шаралар қолданбағанда халық шынымен ашығар еді.

Сосын қасыма Салықбай деген жігітті ертіп алып өзім де үкімет пен партиян… тойыс, үкімет пен Президентіміздің қаржы саясатына білек түре кірісу үшін «нэпмандардан» салық жинауға шықтым.

Салықбайға «баста!» деген команда берілгенсоң ол қасқа да алға ұшты. Дереу бір мекемеге мені жетектеп әкелді. Кірер алдында маған:

-Міне мынау оң жамбасқа келмей жүрген «ПК». Осыны бір бәжәріп беріңізші, қанша тексерсем де кетігін таба алмадым. Өздері бай мекеме, бірақ мемлекетке көк тиын да төлемейді. Жаппай «убытка» — деді жыламсырап.

Бұғалтыры құлағы жымиған, бет терісі жылмыйған, мінезі қылмиған,әккіс бір неме екен, дүкіментті көрсеткісі келмей:

-Бастығымыз Балқашта, орынбасарымыз Орысиеттің Орынборында, үнемшіміз Үндістанда… деп келе жатыр еді, мен:

-Олардың маған көк тиынға да керегі жоқ. «Первичный дүкіменттерді» көрсетсеңіз риза болар едік – дедім сөзін бөліп.

-Бәрін «обықысыс» алып кетті!

-ОБХСС?, Тойыс?

-Қазір не дейтін еді, ә «укім» сыпырып кетті – деп, иығын қушита, екі алақанын екі тарапқа жайып жіберіп, амалы таусылған адамның кейпіне кіріп кетті. Мен оның«управления криминальной милиции» деп тұрғанын түсіндім де:

-Енді не бар, тіске басып талғажауға бірнәрсе қалған шығар?

-Баланстан басқа еш бәле қалмады!

-Ой, айналып қана кетейін, маған соның өзі достаточна, бере ғой! – дедім қуанышымды жасыра алмай. Бұғалтұрдың жүзінде де қуаныш ойнағанымен қасымдағы Салықбайдың салы суға кеткенін байқадым. Ол шарасыздана маған қарап:

-Первичный дүкіментсіз бұл жерден ештеңе өндіре алмаймыз-ау – деп, иегі кемсеңдеді. Мен:

-Гәбің ішіңде болсын бала, первичный дүкімент көрсетпесе өз обалы өзіне, мұндай қу түлкі бұғалтырлардың талайын шаң қаптырғанмын, менің бүкіл оңтүстік өлке бойынша Бас салық инспекторы екенімді ұмытпа! – десем, ол:

-Қайдам «Баланс» дегеніңіз екі бүктетілген бір-ақ парақ, одан не өндіретініңізге түсінбей тұрмын, ең болмаса аздаған первичный дүкіменттері болса бір сәрі, масқара болып, боқ та өндіре алмай, Напольенның кебін киіп, ұнжырғамыз түсіп, Мәскеуден кері қайтпасақ болғаны?! – деп, иегін кемсеңдетті.

Ал бұғалтыр ұялмай әрі батыл түрде «Годовой балансты» алдыма лақтырып тастады. Менің жыным қозса да індемей оған алара қарап едім, ол «мына цифрлардан не табамын деп отырсың, не бір ақымақ боларсың, не бұғалтырлық дүкіменттердің иісі мұрныңа бармайтын, дипломды сатып алған бір топас боларсың, қазір бұл парақты айналдыра үңіліп, иіскеп-иіскеп, сосын «бопты бәрі дұрыс екен» деп өзің-ақ ұялғаннан ертерек тайып тұруға әрекеттенерсің» дегендей сыңай танытты. Мен бұл пайымдауды оның мені мазақ қылған жылмың жүзінен оқып білдім.

Мен «Балансқа» әдейі бір сағат онбес минуттай шұқшидым. Ал маған Салықбай, бұғалтыр және фигурасы әдемі жас кассир келіншек үңіле қарауда. Тіпті әдемі келіншектің қалғып бара жатқанын да байқап қалдым. Бірақ Салықпай мен бұғалтыр мемлекеттік шекара күзетінде тұрғандай өте сақ, тіпті көздері де жыпылықтамайды. Мына ыждыхаттылығына қарағанда шекарадан ешқандай шпион өте алмайтынына кепілдік беруге даярмын. Мен қағазды орнынан жылжытсам бастарын көтере қояды да, қайта үңіледі.

Қарасам дипломды сатып алған мен емес екем, а наоборот, диплом сатып алғандар дәл осы бұғалтыр мен маған дейін осында келген тексерушілер екен. «Баланстың» активіндегі дебеттік қалдықтар мен пассивиндегі кредиттік қалдықтарды салыстырып көрсем кредит жағында «резервы предстоящих платежей» мен «доходы будущих периодов»  деген баланстық счеттарда пәленбай миллион ақша тұр. Оның үстіне активтегі «расчеты с подотчетными лицами» дегенде түгенбай миллион «дебетовый остаток»ақша тұр. Дерреу «баланстың» соңғы жағындағы «Расшифровка доходов и расходовты» көрсем әлгі баланстық екі статья тіке расходқа жіберіліп, ал «доходы будущих периодов» кіріске алынбаған, Яғни кіріс ақша кем, ал шығын көп көсетілген. Бірақ мен бұны бұлтартпас дәлелдермен дәлелдеуім керек ғой. Первичный дүкіменттерді «жоқ» деп, бізге бермей жасырып, мына касқаң құйрығының астына басып отыр. «РайОВД-ға қарасты бұрынғы ОБХСС (отдел борбы с хищениями социалистической собственности), қазіргі УКМ (управления криминальной милиции) алып кетті деп әдейі айтып отыр. Олар дүкіментті аларда «распискі» берулері керек. «Ол қайда?» десем олар «осындағы адамдармыз ғой, кейін аларсың, сен бізбен ойнама!» деді, дейді. Мен қазір ішкі істер бөліміне барып дүкіменттерді сұрасам қатты айқай болып, соңы ұзаққа созылатынын да біліп отырмын. Аудандық әкімшілікке қарайтын «райотделдер» бірінің артын бірі жауып, құйрықтарындағы қаспақтарын көрсеткісі келмей, облысқа сыр бермей, бұлаң құйрыққа салатындары тағы белгілі.

Сондықтан ішімді бірден ұстадым да бұратылдым. Бұғалтыр мен Салықбайдың менің ішімде істері жоқ, барлық естері менің алдымдағы баланста. «Ух-ахх» дедім дауысымды шығара ішімді ұстап.

-Ау, не болды, нербіңіз қатты жиырылып, аппендецит болып қалған жоқсыз ба – деп, Салықбай басымды сүйемелдеп еді, мен:

-Ішім қатты ауырып кетті, понос болмасам болғаны, өзім әшейінде туалеттте жарты сағат отырушы ем бұл жолы бір сағат отыратын шығармын, Маған тез арада ақ парақ беріңдер, тез арада әжетханаға барып келе қояйын, тәк Салықбай, мына бұғалтыр ағамыз бен кассир қарындасымыз бұл жерден шаг қолғалмасын, егер қозғалса үшеуіңді де қамауға алдырамын! – дедім де коридорға шықтым. Дәлізге шықтым да ПТО-ны іздедім. ПТО дегені өндірістік техникалық бөлім. Дәлізді жағалап отырып ПТО-ны таптым. Кірсем шикілсары, мұрты енді тебіндеген, әрі кетсе политехникумды енді тәмәмдәп келген стажер отыр.

-Што бам нада? – деді орнынан атып тұрып.

-Эй, дорогой успокойся, а?» — дедім де «қызыл корочконы» көрсетіп едім, дамбал ішіндегі шүмегінен су кеткендей, орындыққа отыра қалды.

-Басықтарың қайда?

-«Обьекітті приемкіге» кетті!

-Басқа инженерлер мен техниктер қайда?

-Екеуі аллергиямен болничныйда, біреуі туып жатыр, біреуінің күйеуі ұрып төркініне кетті. Біреуі контрольный обмер кезінде тамнан құлап…

-Әй, былай сауларың бар ма, солар туралы айтсай!

-Сауы мен, көке!

-Сауы сен болсаң «кебениматери», «форма два» бар ма?

-Бар!

-Бар болса тез арада былтырғы қабылдаған обьектілеріңдікін бере ғой! Қаншауын өткіздіңдер, «заказчик» қаншауын қабылдыды?

-Екеуін-ақ өткіздік, пормы нөмір двасы бар, бірақ мен бастығымның ұрықсатынсыз бере алмаймын!

-Неге?

-Мені жұмысқа қабылдарда «әкең түгілі министр келсе де менсіз ешкімге дүкімент берме!» деген.

-Ну ладно, маған бір-ақ дүкімент бер, соны көрем де кетем.

-Жоқ бере алмаймын

-Ө, шеше.. мен бір-ақ дүкімент сұрап тұрмын ғой, сен менің кім екенімді әлі білмей тұрсың ба, мә мынаны оқып ал! – деп «корочкымды төс қалтамнан қайта суыра беріп едім ол:

-Мақұл көке, мақұл көке, кешіріңіз, тек ғана пормы два – деді де, екі «ф№2 Акт приемки выполненных работ»ты қолыма ұстатты. Тез шолып шықтым да:

-Әй, бұның сметасы қайда, сметасыз жұмыс істеп құрып кетейін деп жүрсыңдер ме? – деп, ежірейіп едім:

-Ойбай көке, сметасыз істеп бізді жын ұрып па?! – деп шалт қимылмен ПСД-ны, (проектно-сметное документация) әкеліп қолыма ұстатты.

Оны да көріп шықтым. Негізі менің «памятым» (еске сақтау қабылеттілігім) өте күшті. Бір көрсем болды жаттап аламын.

-Енді маған «М-29»-ды көрсет!

-Ойбай көке, сіз әлгі орыстың каша пісіруне балта сұрайтын солдаты сияқты екенсіз, балта сұрадыңыз, бердім, тұздық сұрадыңыз бердім, енді май сұрап отырсыз, жігіт деген бір сөзінде тұруы керек емес пе деп, мені қатты ұялдырды. Қой «М-29»-ы, тойыс құрылысқа пайдаланған материалдар туралы ақпары құрысын. Материалсыз да басқасы жетіп жатыр. Оны тексерсем прорабтармен жаға жыртысып, уақыт өткізіп алатынымды ойладым да, баланы қинамадым.

Менің ПТО-дан біліп шыққаным: жұмыс түгел қабылданған және төленген. Бірақ сметада «расчеты с подотчетными лицами», оның ішінде іссапарлық шығындар, сосын «резерв предстоящих платежей» қаралмаған, тіпті «непредвиденные расходы» да сметада көрсетілмеген. Яғни ақшаларды «заказчик» төлемесе әлгі шығындарды мекеме «расходы» деген статьяға апара алмайды. Ол шығындарды «налог на прибыль» төлегеннен соң қалған ақшадан төлеуге болады. Ал мына жұртты менсінбейтін бұғалтырымыз бәрін «расходқа» жіберген. Тіпті мезгілдік түсімдерді «доходқа» көрсетпеген. Соның салдарынан пайданың орнына шығынкөрсетіліп, мемлекетке пайдадан алынатын салық елу үш жарым миллионға жасырылған. Ал ендеше!

Енді сол уақыттағы ереже бойынша бюджетке елу үш жарым миллионды бір аламыз, сосын тағы сондай соманы аламыз, тағы салық сомасы мен тағы сондай соманы айыппұл ретінде аламыз, сосын пеня дегені бар…

«Туалеттен» ішімді ұстап кірдім де, мұның бәрін іштей есептеп,ешқайсысына айтпай әшейін бұғалтырдың жиырылған жүзіне қарадым. Ол кекесінмен күлді де:

-«Балансты» ала берейін бе? – деді немқұрайды.

-«Ксерокс» бар ма?

-Ол несі тағы?

-Онда мына «балансты» мына келіншек тағы бірер бланкаға көшіріп бере қойсын. Сіз пешентіңізді ұрып беріңіз!

-Е ол оңай ғой, сонымен бітті ме?

-Әрине. Қазір акт жазамыз да мынаның көшірмесін қасына тігіп қоямыз.

-«Акт» емес «справка» жазамыз десеңізші, – деп бұғалтыр көңілдене менің сөзімді түзеп қойды.

-Сіздіңше солай шығар, — деген жауабымды естіген Салықбайдың көңілі тіпті пәсейіп кетті. «Бұл жерден түк шығара алмадық па?»дегендей иегін көтерген. Мен «гәбің ішіңде болсын» дедім оның арқасынан қағып.

Сонымен жарты парақтан тұратын үш экземпляр акт жазып, бұғалтырдың қолына ұстатып едім, жарты парақтық дүкіментті менсінбей, оны оқымай-ақ қол қоя салды. Салықбай да оқымай қол қойды. Сөйтіп қол алысып қоштасып шығып бара жатқанымызда бұғалтыр «сарт мәзірет» жасап: «шәй-пәй ішпейміз бе?» деді кекесінді түрмен.

-Біздің қазекең шәйді кетіп бара жатқанда емес келген кезде беретін еді. Енді есегім судан өтті деп тұрған шығарсың, анау актіде көрсетілген бір жүз қырық екі миллионды төлеңдер, шайды сосын ішерміз – деп жылдамдата жүріп кеттім.

-Ойбай-ау, не дейді деп бұғалтыр отырып қалды. Ал Салықбай: -Рас па, қалай таптыңыз, соншама миллион, мәәә?! – деп маңырап, екі жағыма кезек-кезек шығып, сүрініп-қабынып келеді.

-Әй, Салықбай, сен не бала болғансың ба? А? Кемшілік таппасақ несіне салық инспекторымыз? Міне екеулеп жүріп бюджеттің қарнын қампиттық – десем, Салықбай әжептәуір ісініп, «серезный» болып қалды. Сосын: -Бекерге жүрген жоқпыз ғой! – деді бір үлкен жұмысты бітіргендей, жан-жағына менсінбей қарап.

-Ал, мемлекет қалтасына бірдеңе түсірдік, енді өзіміздікі туралы да ұмытпайық! – дедім Салықбайға, марқайған түріне қарап.

-Ой, ол жағын маған жіберің, қазір бір «ТОО»-ға апарам. Справка сүйкеп берсеңіз болды, жолын жасайды – деді де, немістер көп тұратын елді мекенге әкелді.

Бастық қазақ екен, біздің келгенімізге шын қуанып, бәйек болып жүр. Жіңішке бел бір қызды бұғалтериядан шақырып алып бірден шай әкелуге жұмсап еді, әлгі қыз кібіртіктеп тұрып-тұрып:

-«Пәй» керек емес пе? – деді сызылып. Бастық:

-Қарағым-ау, мына балалар «на трезвый голова» дүкіменттерді көрсін дә, сосын «пәй» де ешқай да қашпас! – деп еді, Салықбай жұтынып қойды. Қасқаң басын жазғысы-ақ келіп тұр екен. Кеше бір жерден әбден ұрған ғой.

 Содан сразым дастархан жайылып, тоңазытқыштан мұздай қуырдақ, кесек-кесек піскен ет, помидор-сомидор, анау-мынау бәрі келіп, кең дастархан тағамға толды да қалды. Бауырсақ та бар. Міне нағыз қазақ дастарханы. Бірақ конторда.

Бәріміз үстел басына жайғасқасын жайлап басып бір апа келді. Сөйтсек ол осы мекеменің басбухы екен.

-Иии, айналайындар келгендерің жақсы болды, осы салық заңдары күніге өзгереді, кейінгілерін біліп алайыншы деп, өздеріңді іздеуге әрекеттенсем де қу тірліктен қолым тимейді, енді сендерге қоятын сауалдарым көп. Бірақ алдымен дәм татып, сосын дөкіменттерді тексеріп алыңдар. Айыбымыз болса айыппұл салыңдар, одан қашқалақтамаймыз. Түсінбегенімізді сосын сұрап жатармыз – деп шын ниетін жасырмады.

Шайын ішіп, тамағын жедік. Тексердік, шынында да түк шықпады. Қайта салықты артық төлеп қойыпты. Үндемей жаба салып едім, бұғалтыр апам:

-Артық әдейі төлегенмін. Сен оны көрмеген болып отырсың. Оны мен біліп қойдым. Себебі артық құжат сұрамадың. Артық ақшаны қайтар деп миымды ашытар деп ойладың. Біз ондай емеспіз. Келген тексеруші ың-шыңсыз ренжімей, бізді ренжітпей кеткенін қалаймыз – деді күлімсірей.

-Ой, апа қалай біліп қойдыңыз, артық алған ақшаны қайтару ең қиямет- қайым жұмыс. Біздің ең әлсіз жеріміз сол. Ақша қайтару – азап. Үкімет қайта құса алмайды. Содан қиналып, қой құрысын деп тексеруді бірден тоқтатқаным рас –дедім апама.

Содан тағы шай келді. Тойыс «шәй-пәй» келді. Бірақ көп отырмадық. Себебі Салықбай иненің үстінде тұрғандай ой бір апалақтады. Бір кәйіп қылып отырайын деп едім, ол қайта-қайта бүйірімнен шұқылап кетуге асықтырды. Мұның да бір білгені бар шығар деген оймен мен орнымнан тұрып кетуге ыңғайлана беріп едім, бұғалтыр апамыз мені өз кабинетіне жетектеп апарды да:

-Ой айналайын-ай, сендер де қайбір жетісіп жүрсіңдер, мә мынаны үйдегі келінге бер, балаларға базарлық апарарсың, апаңның қолын қайтарма! – деді де көйлегінің жеңін түріп, жең ішінен ондықтардан бір бума ақша шығарып қалтама сүңгітіп жіберді… Охххооо!!!

Содан Салықбай екеуміз көңілді болып көшеге шыға салысымен ол:

-Жездеке, сағат төрт болып қалды, жаңағы жерде мен сіздің бүйіріңізден қайта-қайта түрткілеп, сізді асықтырған себебім, мен бір қызбен сағат бестерде кездесуім керек еді. Мен ойлап едім түске дейін «налогоплательщиктерді» аралап түс қайта қолымыз бос болады деп, сөйтсем сіз кешке дейін салық төлеушілерді араламақ ойыңыз бар ғой. Бюджет қалтасы да біздің қалтамыз да кампайған сияқты, енді қайтайық та, мен әлгі сүйіктіммен кездесейін, бүгін ләжі болса алып қашамын – деді, қуанышын жасырмай.

-Өй, шалың, үйленбекшісің бе, не? Жаңағы жерден қалтаңа бірдеңе түскен ғой! Дұрыс қалтаң көтерсе үйленгенің жақсы. Өте жақсы жаңалық екен. Бірақ біз «ПК» мен «ТОО»ны көрдік, акт-справкаларымыз разнообразный болу үшін бір «ЧП»-ны көрейік. Сосын боссың, қыз алып қашасың ба, қатын аласың ба оны өзің біл. Тек бір «ЧП»-ға (частьный предприниматель) апар – деп нығарладым.

-Онда әнеу бір жерде жеке дүкен бар. Соған барайық, бірақ тез шығайық, әлгі қыз мені көп күтіп қалмасын, ләжі болса даже бүгін үйленем, әйтпесе оны біреу алып қашайын деп жүр дейді – деп мені асықтыра әлгі дүкенге қарай жеңімнен сүйрелей жөнелді. Дүкен үлкен вагонда орналасқан екен. Кіріп бардық.

Барсақ, дүкенші бір дәу қатын екен. Ем… тойыс кеудесі футбол добынан екі-үш есе үлкен. Прилавканың арғы бетінде қасқайып тұр.

-Не керек? – деді, бірден, бізді састыру үшін. Сасқан адам дүкенші айтқан бағаға көне береді және сдача алуды ұмытады. Бірақ сасатын біз бе, «арақ керек» дедік қасқая қарсы қарап. Ол анау бөлмеден бір жәшік арақты сүйреп келіп, «қанша бөтелке» деді, қапшық дайындап.

-Бір бөтелке!

-Біреу-ақ па?

-Йә, біреу-ақ. Келіншек сауданы азырқанды. Мейлі өзі білсін, бізге осы біреуі де жетеді. Арақты қолыма алып айналдыра қарадым. Еш жерінде акциздік марка жоқ. Яғни контрабанда.

-Контрабандистка! Мына келіншекті дереу қамауға алуымыз керек – деп Салықбайға қарадым.

-Өзің қамалып қалма! Саған не керек өзі? – деп келіншек маған көзін аларта қарады. Мен Салықбайға, «осындағы жақын жерден милиса шақыр» дедім де әлгі келіншекке «салық инспекциясынан, арақтың акциздік маркасы қайда» деп қызыл «корочкамды» көрсетіп едім, ол сол тұрған жерінен теңселіп-теңселіп тұрды да « ах, жүрегім, ө-ө-өлдім» деді де жерге гүрс құлады. Салықбай екеуміз сасып қалдық. Не істерімізді білмей сыртқа атып шыққанбыз. «Скорый» шақырайық деп телефон іздесек, бұл жерден табылмады. Содан екеуміз жаяу жүгіре бір сағаттың көлемінде участковый врачқа барып, оны әрең көндіріп әлгі дүкенге әкелсек… дүкен құлыптаулы.

 Бұны көрген кәрі неміс дәрігер «кебиниматери, сволочи-обманщики» деп бізді боқтап-боқтап кетіп қалды. Біз ештеңеге түсінбей дал болдық. Содан әлгі дүкеннің терезесіне үңілдік, іштен түк көрінбейді. Терезесін ашып, әлгі «талып жығылған келіншеккке» көмекке ұмтылуға ыңғайлана беріп едік, ысқырық шыр етіп, милицияның «уазигі» келе қалды. Ішінен үш-төрт милиса сау ете түсіп «вот воры-вот воры» деп жамырасып, біздің қолымызды қайыра мәшине ішіне атып-атып жіберді. «Әй-үй» деп айтуға шамамызды келтірмеді. «РОВД»-ға барғасын айтасыңдар деп тіпті сөйлеткізбеді. Мен тіксіне қорқайын дедім. Сосын тез арада әлгі милисаларға білдірмей қалтамдағы әлгі бұғалтыр апамыз берген ондық ақшаларды алдым да носкидің табан жағына сүңгіттім. Салықбай екеуміз де мәшинәнің «обезьяннигінде» отырмыз. Іші қараңғы, сеткімен қоршалған. Ақшаны көрмейді. Содан РОВД-ге апарып ондағы «обезьянникке» қамайын деп жатқанда, Құдай айдап РОВД бастығы сол маңайдан өтіп барады екен. Ол интеллегент киімді бізді көрді де бері бұрылды.

-Што ето, бұлар кімдер? – деді әлгі сержанттарға қарап.

-Ұрылар, мастар, ауыздарынан арақ иісі шығады, «бытрезбителге» қамайық десек онда орын жоқ, иық тірескен адам, тем более бұларды қылмыскер ретінде дүкен терезесін қиратайын деп жатқанда оперативно қолға түсірдік. Қылмыскерлер амалдары таусылып қаша алмай, біздің оперативно іс-қимылымыздың арқасында қолға түсті – деп честь бере жауап қатты, старшина.

-Может бұлар терезе жөндеушілер шығар, қазір ешкім де ақша жоқ, ақысына жүз грамм ішеді де жұмысын атқара береді емес пе, қылмыстың қай түрінен белгі бар?

-Соны тергеп тексеру үшін қамауға алдық.

-Оны қашан анықтайсыңдар?

-Бері кетсе бір аптада, әрі кетсе екі-үш айда, әзірше қамауға алдық, содан қамап жатырмыз, жолдас подполковник.

-Менің кабинетіме әкеліңдер, мен де шұқылап көрейін – деп бастық кабинетіне кетіп қалды. Старшина асығар емес, дежурный частьпен екі пиялай шай ішіп алды. Кекірді. Терін саусағымен сүртті. Сосын барып біз есіне түстік.

-Ох, мына ұрыларды жаңа бастық кабинетке әкел деп еді-ау, – деді де, бізді жүгірте асықтырып,төрт конвоймен бастығының кабинетіне апарды. Бастық сұсты.

-Әй Салықбай, сенің райкомның секретарының келінінен басқа налогоплательшиктерің құрып қалды ма?, А? – деді түкірігі шашырап,

-Сәбет құлап, райкомыңыздың дал-далы шыққан жоқ па еді?

-Ол көкеміз қазір райәкімнің бірінші орынбасары екенін білмей қалдың ба? Кеще! Бұрын бірінші секретарь қазір бірінші орынбасар! Бүкіл органдар мен контролирующий мекемелерді басқарады, Ол сенің де бастығың емес пе?

-Жоға-а! Біздің мекеме сіздер сияқты местный әкім-сәкімдерге бағынбайды. Вертикаль! Тіке министр мен Президентке бағынады. Соны әлі білмейсіз бе?

-Әй, Салықбай, сөзді доғар, саған әлім келмесе де сенің туысқандарыңа әлім келеді, так что сенің кесіріңнен туыс-пуыстарың қамалып жатса, маған өкпең болмасын – деп ежірейіп еді, Салықбай бірден пас болды. Ендігі қалған көзірі мен екенімді түсініп:

-Өй Жәке, мен емес, тексеріп жүрген мынау облыстың бас салық инспекторы, іссапармен жүр – деп ақтала жауап қатты. Бұл жауапты естіген РОВД бастығының түсі сразым бұзылып кетті. Сосын жан-жағына қарманып тұрды да менің қасыма келіп:

-Кәне құжатыңызды көрсетіңізші! – деді емініп. Мен «корочкамды» мұрнына тақадым. Ол тез көз жүгіртті де:

-Ойбай не дейді, облыстан? Қап! Әй, Жүндібай, қап, шешеңді с.. Жүндібай, мені позор қылайындедің бе? Ө шешең… – деп, бастық тұтыға сыртқа айқайлады. Сосын шалт қимылмен маған келіп басын ие кешірім өтінді.

-Мен бар ғой сендерді өзіміздің ауылдың аузы сасықтары ма деп ойлағанмын. Қап ұят болды-ау, енді облыстағы басшыма не неймін. Ай атаңа нәлет Жүндібай мені қызметтен қудыратын сен болдың ғой, деп ашудан қалшыдап тұрғанда әлгі жайтабан Жүндібай да жетіп келді.

-Басеке, не болды, апарып онбес сөткіге қамайын ба мына ұрыларды? – деп честь бере беріп еді, бастық үстел үстіндегі қолына іліккен нәрсе- өзінің шәпкесін аға сержантқа қарай жіберіп ұрды да:

-Құры атаңа нәлет, сен қазірден бастап жұмыстан боссың, арызыңды отдел кадрға тастап кет! – деп айқайға басып еді, старшина демде ғайып болды…

Содан Салықбай екеуміз асыға-үсіге әлгі қыз күтетін жерге жеткенбіз. Қайда-а-а?! Сағат бес емес жеті болып барады. Есі бар қыз жігітті екі сағат күте ме? Салықбайдың басы салбырады. Оның настроениесін көтермек болып:

-Ей, Салықбай, басыңды көтер, дүниеде қыз құрып қалған жоқ, «бұйырған кетпес, бұйырмаған жетпес» деген мақал бар. Бұйырса соны аларсың, болмаса тағы біреуі кездесер, одан да жүр, біздің қайын енемізге барып сәлем берейік. Жылы-жұмсағын қаужап, жүз граммнан көрерміз. Өткен-кеткен әңгіме айтып, мылжыңдасармыз – деп оны көндіріп қайын енемнің үйіне ертіп келдім. Алдымыздан сылаңдап балдызым шықты. Жаңалық сұрасам, ол:

-Үйдегілердің бәрі Балықбайдың үйіне кетті, ол қыз алып қашқан екен, қыз көнбей жатқан көрінеді, соны көндіреміз деп сонда кетті, менде сол жаққа барайын деп жатыр едім, жүріңіздер бірге барайық, қызық көріп қайтамыз — деп қиылды. Амал жоқ Салықбай екеуміз де балдызға еріп Балықбайдың үйіне тарттық.

Келсек әжіке-күжіке болып жатыр екен. Дарбаза алдында тұрған бір жігіттен сұрасақ ол:

-Ошешең… қыз ерісі мойнына кетіптоңқи секіріп тұр, далбайоп – Балықбай ыбылжып бір шүйкебасты осында неғыпты, ол шешең… «жұрттың бәрін еземін» деп ырбыйып, нетіп жатыр,  – деп, оқиғаны шымкентшелеп, местный говормен түсіндірді. Ойпырмай мұндай да сөз шешені болады екен-ау, ұмытылып бара жатқан халық әдебиетін сақтаған мына жігітке өте риза болдым. Дәл қазір сәбет әдебиетінде бұндай ашықтық жоқ. Бәрі қала мәдениетінің тілі. Міне нағыз Дала мәдениеті. Қысқа да нұсқа. Біз мына жауаптан соң диалектикалық материализм мен образға тез түсініп басымызды изеп ілгері оздық.

Адам көп жиналған. Әсіресе балдыздар. Олар мені көре салысымен групповой, кросспен бері ұмтылды. «Өләәәә, жезде-е-е, жездеміз келіп қапты, жезде-е-е», «өләәәә» десіп, ұрандата, менің шамалы көгеріп тұрған, сақалы жаңа қырылған әдемі бетіме қызыл жағылған өте сүйкімді,піскен шиедей,бал татыған балғын еріндерін бірінен соң бірі тигізіп жатыр. Әттең көпшілік іші. Үлкендер бізге қарап тұрмаған болса «ой, ой-бай-й-й-йжезде-е-е» дегізіп, умаждап алар едім. Мына жерде болмайды. «Оу, қызғалдақтарым!!!» деп сытылып өтіп кетейін десем болмады. Қойын қоншымды ақтарып тастады. Осы сәтте бір шалдың:

-Әй, құтырған сайтандар, шиебөрінің көтіндей шуламай жайларыңа тұрсаңдар қайтеді – деп ақырып еді, бір кемпір:

-Әй, өзің құтырған шалсың, қыздар мынадай қызықшылықта тайраңдамағанда сенің асыңда тайраңдай ма, әлде аталарының басында тайраңдай ма, баяғыда, қыз кезімде келін түсу тойында «биге шықпадың» деп торсиған сен емес пе едің, сөйтіп биге шықпаған маған ерегісіп көрші ауылдың қызына үйленген де сен емес пе едің, өнесей!? – деп щалдың үнін өшірді. Мен осы паузаны пайдаланып үсті басымды тексерсем, қу балдыздар алтын сағатымды шешіп алғандары мен қоймай қалтамды да үптеп кетіпті. Бағана милисиялардан қорқып ондықтарды носкиіме тыққаным қандай жақсы болған.

Қыздардан құтылып алға аяңдадым. Соңымнан Салықбай ауызының суы ағып «ой, сұлулар-а-й, ой сұлулар-ай» деп есінен адасып келеді.

Аулада талтайған мосыларға ілініп, бұрқ-сарқ қайнап жатқан шәугімдер мен жерошақтағы қазандардың қасында қолдарына кепкір мен елгезер ұстаған қатын-қалаштар үрпиісіп тұр. Тіпті біреулерінің қолында атыөшкір болса енді біреулерінің қолдарында көсеу һәм шымшуыр. Ал тамның кірер есігінде шал-шауқандар мен кемпір-сампырлар күңкілдесуде. Мен солай қарай беттедім. Тура алдымда бір келіншек маған қарап безірейіп тұр екен. Таныдым. Бағанағы дүкендегі қатын. Ой, шешеңді… дегенімше болмады, әлгі қатын: «өй жүрегіммм, ө-ө-ө-өлдім!» деді де тағы да жерге екінші рет гүрс құлады. «Бұл жалғанда екі өлу жоқ» деген заңды мен де білетінмін. Сондықтан мен оған іштей «өлмесең өмірем қап» дедім де үстінен аттап өте шықтым. Соңымда менің балдыздарыма аңсары ауып келе жатқан Салықбай алдында көлденең құлап жатқан келіншекті байқамадыма қайдам, сүріне етпеттей беріп менің желкемнен ұстап қалып, құламады әйтеуір, Байқасам оның бәтіңкесі әлгі  өтірік талып жатқан келіншектің ем.. тойыс футбол добына ілініп қалған екен.

-Әй, Салықбай көзіңе қарасаңшы, алдыңда адам талып жатыр ғой – десем Салықбай оған үңіле қарап:

-Оябайййй! Бағанағы дүкеннен мынаның өлігін біреу сүйреп осында әкеп тастаған ба,а? – дейді таң қала.

-Әй, Салықбай дәл қазір талып жатқан келіншекке емес, кетем деп байбалам салып жатқан келінге қарауымыз керек – деп оны реализмге шақырдым. Тамға кіре беріс есік алдындағы топырлаған халық бір байғұсты мәпелеп жатыр екен. Оның маңдайы қан. Соны сүрткіштеп, сүлгі желпіп жатыр бәрі.

-Оу, не болды? – дедім жағдайға қаныққым келіп.

-Ана келін кіргізбейді, мына ақсақал мәмлеге келтіруге ішке кіріп еді, анау болашақ келін пештің плитасының қақпағының бір шойын дөңгелегін лақтырып ұрып мына шалдың маңдайын жарып тастады – деді бір сары қатын. Басқалары да жамырасып жатыр. Сөздеріне адам түсінбейді.

        -Подождите, подождите, давайте по очереди – деп едім, «әй шырағым өшеретке тұратын бұл мәгәзін емес!, өзеуреген өзің кімсің, мәгәрки қуғыншы болсаң біліп қой, әкете алмайсың, үйткені біз оның қыз көйлегін шешіп үстіне свадебный платье кигізіп қойдық. Көйлегі өте кең, жаяу қаша алмайды, міне саған» деп бір кемпір саусақтарын «зымбылдық» қып көрсетті. Мен қалтамнан қызыл корочкомды көрсетіп: «главный налоговый инспектор по Чим области» деп едім, тобыр жайымен ығысып кетті. Осыған қарағанда бұл шал-кемпірлердің бәрі салықтан қашқан, бұрылыстарда семішкі мен насыбай сататын теневой бизнесмендер-ау деймін. Есік алдында ешкім қалмағансоң Салықбай екеуміз ішке кірдік.

Кірсек, мә-әәссаған, пештің үстінде бір қыз тұр. Үстінде әппәқ свадебный платье. Басында фата. Екі қолында пештің плитасының дөңгелек шойын қақпақшасы. Біреуін бізге қарай жіберіп ұрды. Мен бұға, еденге жабысып үлгердім. Плита дөңгелегі Салықбайдың мұрнының ұшын жалап өтті. Қыз дөңгелектің екіншісін жіберіп ұра жаздады да тоқтап қалды. Сосын:

-Жанн-ы-ы-ммм, Салик, Салько келдің бе?! – деп менің соңымнан кірген Салықбайға құстай ұшты. Шынымен ұшты. Үстімнен ұшып өтті. Ол қона бергенінде еденге жабысып жатқан мен оның свадебный платьесінің етегінің ішінде қалып қойдым. Көйлек өте кең екен. Етектен шығамын деп арпалыса қарманып жүріп қыздың балтырынан да бір-екі рет ұстап алғанмын. Жұмсақ, оқтай түзу, өте әдемі әппәқ балтыр екен. Ақ бұтынан ұстамағаныма шүкіршілік, тұншыға-мұншыға етек астынан әрең шықтым-ау. Содан кері бұрылып Салықбайға қарасам,әлгі дүкенде сатылатын, шынашықтай ыдыстағы «момент» желімдей, қызбен жабысып қапты. Бетпен бет. Ерін мен ерін. Кеуде мен кеуде. Алды мен алды. Екеуін әрең ажыраттым. Алғашында беттері ажырап, еріндері көрінді-ау. Одан соң өңештерінен тілдерін суырысты. Әсіресе қыздың тілі Салықбайдың өңешіне тереңірек кіріп кетіпті. Қыз әрең дегенде суырып алды. Сиырдікіндей жүдә ұзын екен қыздың тілі. Маған солай көрінді…

Содан сыртқа шықтық. Жұрт таң қала бізге қарасты. Мен:

-Халайық! Біз егеменді елміз. Егеменді елде біріне-бірі тиген емес, бірін-бірі сүйген қосылады. Бұған дейін егемен бола алмай бодан болып жүргенімізде біздің талай ғашықтарымыз біріне бірі қосыла алмай арманда кетті. Мысалға оларды қолымызға алып, беттеріне ықыластана үңілер болсақ, Жібекқыз Төлеген, Қозыбай Ақбаян, Шолпан Тайыр, Ләйлә Мәжнүн, Шәсенім Кәріп, Парахат Шырын екендерін танимыз. Сосын тағы кім еді, ну ладно, және осыларға ұқсаған тағы да басқалары, өте көп қой қайсы бірін айта берейін. Ал енді егемендік алған кезімізде махаббатқа да егемендік берейік. Мына ғашықтар бақытты болсын. Кәне «әумин» – деп едім, көпшілік те «әумін» деп бет сипасты. Бірақ Балықбайдың апасы:

-Әй бала, мына асылып жатқан ет пен палау-сорпа қайда қалады. Ал хабарланып қойылған ағайындарға не айтамыз? Қалаберді әне-міне келіп қалар деп күтіп отырған қуғыншыларға не бетімізді айтамыз? – деп менің алдымнан кес-кестей бергенде мен:

-Апа еш уайымдамаңыз. Біріншіден, мына қыз Балықбайға тимеймін, көнбесе милисаға арыз беремін дейді. Сіз Балықбайдың сотталып кеткенін қалайсыз ба? Екіншіден, хабаршылардың кеткеніне бір сағаттан асты. Қуғыншылардың келер мезетінен де жарты сағат өтті. Мына қыздың үйі мына көрші көше емес пе? Значить олар әдейі келмей әліптің артын бағып отыр. Үшіншіден, Салықбайдың үйі жолдың мына бетінде, қақпаларыңыз қарама-қарсы тұр. Мына пісіп жатқан қазандарды қазір жігіттер көтере-мөтере сонда апарады. Орнына Салықбайдың қорасынан тірі екі қойды сіздерге әкеп береді. Төртіншіден, келген қуғыншыларға қыз алып қашқан Балықбай емес Салықбай, өздерің шығар шатастырып жүрген деп өздеріне дүрсе қоя берсек, олар қателескеніне ұялып, біздерге ешнәрсе айта алмайды. Бесіншіден, Салықбай мен Балықбай немере ағайынды әрі кластастар. Сондықтан бұлар өзара түсініседі деп ойлаймын. Ал сізге бәрібір емес пе, туған балаңыз үйленді ме әлде немере балаңыз үйлендіме, бәрі әулет қуанышы ғой деп едім, жұрт ырза болып мені аспанға біраз лақтырды.

Сосын барлығы салтанатты түрде Салықбайдың үйіне қарай жылжыған. Мені балдыздарым ортаға алып сүйгіштеп жатыр. Қазақы жарасымды әзіл-қалжың болып жатты. Ешкімнің ешкімге өкпе-реніші болмады. Бұл жағдияттан бірден хабар алған қуғыншылар да келіп қалды. Олар да мәз. Себебі олар нағыз жанашырлар – осы әулеттің нағашылары еді. Балдыздардың арасында ойын күлкімен әбден сілтеппін.

Ертесіне беташар болды. Тап сол кезде мен де ұйқымнан ояндым. Аулаға шықсам жас келінге сәлем салдырып жатыр екен. Ұйқымнан оянып менің де келгенімді көріп, беташаршы жігіт мені де жырына қосып, келін маған да иіліп сәлем салды. Ортадағы бәнкіге ақша салуды ұмытпадым.

Беташар аяқталған соң Салықбайды оңаша шақырып алдым да:

-Әй Салықбай, мен кеше қатты мас болып қалыппын. Тойана бере алмадым. Қазір енемнің үйіне кетіп барамын, Сен үш күн боссың. Мен арғы күні қалаға қайтамын. Так что мен қазір саған тойанаңды беріп қояйын – деп, носкиіме қол жүгірттім Носки табанынан әлгі бұғалтыр апамыз берген ондықтардың бумасын шығарып алып әуелі иіскеп көрдім. Баяғыда кішкентай кезімде бес нәрсенің иісін жақсы көруші ем. Біріншісі нанның иісі. Екіншісі ақшаның иісі. Үшіншісі мәгәзиннің иісі. Төртіншісі қыркүйек айындағы мектеп иісі, сосын, бесіншісі машинадан шығатын бензин иісі еді. Қарап отырсам бұлардың бәрі байлық екен ғой. Носкиден шыққан ақшаның иісін иіскеп көріп едім, ақша иісімен аралас шуаштың иісі де сәл байқалды. Иісі сасықтау болса да ақша ғой. Ол барлық нәрсеге жарай береді. Ал бәлкім бұл шуаш емес, еңбектенген тердің иісі болар. Оны кім екшейді. Сол бума ақшаны Салықбайдың қалтасына сүңгіттім де:

-Мынау аз-маз екі қойдың ақшасы болар. Сенің тойыңа қосқаным – деп оның арқасынан қақтым.

Қалаға қайтпақшы болып аудандық салық инспекциясынан шықтым. Инспекция қызметкерлері бір бауырын армияға шығарып салатындай барлығы мені қоршап алып сүйісе қоштасты. Сөйтіп тұрғанымда Салықбай да келді. Ол мен отырған машинаға бастықпен бірге жайғасты. Былай шыға бере шопырға: «біздің үйге соға кетейікші» деп өтінген. Үй тұсына тоқтағанда ол тағыда шопырға: «қимылдамай тұра тұр, мен қазір тез шығам» деп қақпадан кіріп кетті де артынша қорадан інісі екеуі екі дәу қошқарды алып шығып машина багажнигіне атып ұрды. Сөйтті де машинаға қайта отырып бастығына: -Өткелге кеттік пе, жігіттер сонда күтіп отыр ғой – деді. Мен олардың сөзіне мән берген жоқпын.

Біраз жүрген соң шопыр күре жолдан түсіп канал бойлай жүріп өткелге келді. Келсек салық инспекциясының бес алты жігіттері «мужской коллектив»жасап жатыр екен. Мангалда шәшлік пісібатыр. Мосыда шай бұрқылдайды. Қазанда қуырдақ шыжғырылыбатыр. Ия, жағдай түсінікті. Нағыз қазақы сыйластық, нағыз қазақы қонақ шығарып салу.

Жігіттер кезекті бір қызық әңгімеге берілгенде бастық мені шетке шақырып алды да, канал жағаладық. Сосын маған жақындап тұрып;

-Сендей инспекторды талай көрдік ғой, бірақ саған вообще ырза болдым. Біздің мекемеде әрине алыс-беріс көп болып тұрады. Ол заңдылық. Ол бізге дейін де болған, Бізден кейін де болады. Тек берекесін берсін. Көре алмаушылар мен жаман адамдардан Құдай сақтасын!. Ал енді інім қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген ұлағатты сөз бар. Мынау жол пұлың, барғасын сенен де дәмететіндер бар, бастығыңа берерің бар, жассың, жас болғасын олай-бұлай жүрерің бар, айлық аз, жиен мен қарындасымызға да бірдеңе апаруың керек ғой. Бұл қазақтың салт-дәстүрі. Тіліміз бен салт-дәстүрімізді ұмытсақ ел де болмаймыз, ұлт та болмаймыз, жойыламыз» — деп қалтама конверт сүңгітті. Мынадай сөздерден кейін алмауға ұялдым. Бәрі орынды. Сонда да:

-Ал әлгі машина багажнигіндегі тыпырлап жатқан екі қойды қайда апарамыз – деп бастыққа қарап едім ол қарқылдай күлді де, егер сен болмағанда талай адам сотталып, талай ғашықтар арманда кетер еді, соны түсінбедің бе – деп арқамнан қағып жүр аналарға барайық дегендей белгі берді. Мұнда келгесін Салықбай «ой қайда барып келдіңдер-ей, жоғалтып алдық қой, халайық мен бір сөйлейінші» деп тост сұрады. Берілді. Ол маған қарап стақанын көтеріп тұрып:

-Мына ағамызбен жүрген күндерім асылы естен кетпес. Мен қазір жеке айтсам көнбес. Сондықтан бәріміздің көзімізше айтамын, машина қорабындағы екі қошқар ағамызға деген ақкөңіл сыйымыз. Алмаса бәріміз, тіпті ауыл ренжиді. Менің сүйгеніме қосылуыма себепші болған ағамсың, алмасаң қатты қапа боламын – деді де мас боп құлап қалды. Мен де мас едім. Бәрі мас. Бәрі шайқатылап не айтып оырғандарын көбісі білмейді. Осы жағдайды пайдаландым да бір өзім каналды жағалап күре жолға жеттім. «Тух, қазекең не болып барады, алыс-беріс, нарықтық екеномика, кешегі оған берген тойанамды екі қошқармен қайтарып жатыр, Мен оған өзімнің інімдей көріп ақша берсем, ол маған жауындай көріп, бүгін бірден есеп айырысты» деп қатты қапа болдым. Ішіп алғасын мастықтан ба, қатты өкпеледім. Қисалаңдап тұрып жолмашина тоқтаттым. Шопыр:

 -Қуды?

-Чимкент можно?

-Только до Чимкента, или дальше, у тебя вообще деньги есть? – деп, шопыр, былайырақ шыға әңгімеге тартты.

-Ты че, то же рыночное экономика?

-Неее, шучу, шучу – деп, шопыр алдындағы жолға қарады. Ол кездерде жол машина жолаушыдан ақша алмайтын заман еді.

Ертеңіне ұйқыдан оянсам үйде жатырмын. Кеше қатты мас болыппыз. Үйге қалай келгенімді есіме түсіре алмаймын. Ауызым кеуіп шөл қысып жатыр. Аяғымда носки. Жайымен табанымды сипап едім, бос. «Қап» деп ойлана бере кеше оны Салықбайға бергенім есіме түсіп, жайбарақаттандым. Бірақ бекер сипаппын, носкиден шуаш иісі бұрқ ете қалды.

«Носкисіз ревизор – жалаңаяқ» деген жаңа мақал бар. Оны әркім әрқалай түсінеді. Носкисіз жүруге болмайды, носки әрі денсаулыққа да пайдалы. Аурудың бәрі табан арқылы келетінін де ұмытпауымыз қажет дейтін үлкендердің кезінде берген ақылдары есіме түсе, есінеп біраз жаттым.

Үйдегі залдан телевизор ма, адамдардың ба дауыстары естіледі. Киінуге ерініп, труси-мәйкемен және аяғымдағы носкимен жатын бөлмеден тіке асүйге барып тоңазытқыштан коньяк алып бір кесесін төңкеріп едім, бірден бой-бой терлеп, рахатқа баттым. Сосын әлгі залдан шығып жатқан дыбыстарға құлақ салсам Салықбайдың дауысы, «қос қошқар» дей ме-ау. Терезеден сыртқа қарасам аулада қос қошқар күйсеп тұр.

Сол труси-майке, носкимен залға кірсем кешегі канал бойындағы жігіттер бәрі төрт көздері түгел дастархан басында отыр. Бастық төрде. Менің келіншегім тойыс олардың қарындастары төркіндеріне шай құйып отыр….

Ол бері жалт қарады. Жанарында сағыныш пен ырзашылық бар… Ол менің осында кіргенімді носкиімнің иісінен байқағанын, мұрнының тыржиғанынан білдім.Сосын мен қайындарыммен емес, наоборот қайындарым менімен ішетінін түсінгенін білдіріп қойды.. Меймандар да «хош» иісті сезсе де сыр бермеді.«Ел асыраушы етігін шешпейді» деген мәтел мен туралы айтылған-ау шамасы…

Әбдінағым КӨШЕРОВ

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...