Он үшінші ойыншы (Ақиқаты мен аңызы)

  Әлі есімде, бала күнімде Шолаққорғанның орталық көшесі Жібек жолының теріскейінде Калинин атындағы алып совхоздың № 1 фермасына қарасты «Калинин» ауылдық кітапханасы бар болатын. Бесінші сыныпқа дейін сол кітапханада бар «Қорқыт ата кітабы», «Қобыланды, Алпамыс және Қамбар батыр» жырлары мен «Алтын сақа, Қаңбақ шал, Чиполлино» сынды т.б ертегілердің барлығын дерлік оқып қойған болатынмын. Сонда да қоймай ертегі кітап іздеткен маған кітапхана меңгерушісі Советхан апайдың: «Данияр! Кітапханадабар ертегі кітаптың бәрін оқып біттің, оның үстіне міне биыл 5 сыныпқа өтіп жатырсың, мұнан кейін де ертегі оқып жүре бермексің ба? Кел, оданда мен саған балалар әдебиеті бөлімінен жақсы бір кітап тауып берейін»- деп, жерлесіміз, жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы» атты кітабын тауып бергені күні бүгінгідей көз алдымда. Бұл егер жаңылмасам, 1985 жылдың қыркүйек айы еді. Кітаптың кітапханаға жаңа түскен кезі, су жаңа болатын. Өзі кейбір кітаптардың мұқабасының өзінің: «Кел, мені оқы»- деп тұратыны бар ғой, оның үстіне кітап авторының жерлесіміз екенін естігенде кәдімгідей бұл кітапқа қызығушылығым артты. Содан кітапты ынты- шынтыммен оқығаным сондай, басты кейіпкер «Айдар Қоңдыбаев» және оның айналасында өрбіген оқиғалар әлі күнге көз алдымда сайрап тұр. Олай дейтінім, кісі кітап оқығанда оның санасында кітаптағы оқиға желісінде көркем бір фильм қалыптастырады. Сондай- ақ, кітап қаншалықты қызықты болса, көңіл қиялыңыздағы көркем туынды да соншалықты қызық болады.Он үшінші ойыншы  (Ақиқаты мен аңызы) 1

Сонымен, әріптесім Мақсат Қарғабай екеуіміз Сәуірбек Бақбергеновтың өмірі мен шығармашылығына қатысты материал алуға барғанымымызда орталық кітапхана қызметкерлері тауып берген көп кітаптың ішінде осы «Он үшінші ойыншы» да болды. Бұл құдайдың құдіретін қойсаңызшы, 35 жылдан соң қолыма тиген «Он үшінші ойыншы» кітабы, сол баяғы өзім оқыған, «Калинин» кітапханасының кітабы боп шықты. Мұны кітаптың бірінші бетіндегі штампқа қарап ұқтым. «Келіннің бетін кім ашса ыстық болады»,- демекші, 35 жыл бұрын қолыма ұстаған кітабымды аша салысымен екінші бетін қарап кеп жіберіп едім: «Жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың жаңа шығармасы «Он үшінші ойыншы» повесінде астанадан шалғай жатқан аудандағы футбол командасының қалыптасуы, жастардың спорт өнеріне қызығуы қызықты суреттеледі. Повесть психологиялық тұрғыда жас адамның ішкі жан дүниесін ашып көрсету арқылы бүгінгі спорт өнерін, соның қырларын тілге тиек еткен»,- деген мазмұндағы баспахананың ескертпесіне көзім түсе кеткені. Енді неге әдейілеп осы ескертпені қарадым? Себебі, мен алғаш бұл кітапты оқығанымда осы ескертпе менің ойымда сол тұстағы астанамыз Алматының іргесіндегі бір ауылдың футбол командасы жайлы ой қалыптастырған болатын. Әсіресе, жоғарыда айтқандай кітаптың басты кейіпкері Айдар Қоңдыбаев пен оның жалғызбасты анасы Аршагүл апа мен құрбысы Сайра және тренері Тастүйнектің (Көшеков Түймебай), сондай- ақ, «Шалқар» командасының спорттық өмір белесі сол кездегі жасөспірім маған қатты әсер еткен еткен еді. Дегенмен, мен де бір күдік болатын. Олай дейтінім, шығармада басты кейіпкерлер Айдар мен Сайраның туған жерлеріне деген сезімдері суреттелген жерде «Шолаққала, Қасқабұлақ, Қарабұлақ, Мыңжылқы, Келіншектау, Қызылкөл, Қанжуған және Аққолтық» секілді біздің ауданымыздың территориясында орналасқан жер, су және тау атаулары кездеседі. Оның үстіне үлкендерден еститінім бар 60 жылдардың екінші жартысында «Шалқар» деген футбол командасы құрылып, бірнеше жыл даңқы асқақтап тұрғаны жайлы. Сондай- ақ, Шолаққорған ауылы С. Сиязбеков көшесінде тұрғанымда Каримов Әкбар есімдіағамыз бар болатын. Ол кісі де жастайынан доп тепкен, ауданға танымал футболшы. Сол, Әкбар Базарбайұлы:  «Он үшінші ойыншы» кітабы осы «Шалқар» футбол командасы жайлы жазылған. Шығарманың басты кейіпкері  бұрынғы аудан әкімдерінің бірі, спорт майталманы Аймұрзаев Аманғали Түктібайұлы»,- деп айтып отыратын.  Міне, осы себепті де менің санамда қарама- қайшылықтар пайда болды. Олай дейтінім, кітапта сөз болған жер, су және тау аттары мен футбол командасының атауы Әкбар ағамыздың сөзін растайды. Ал енді шығарманың негізгі желісіне үңілсеңіз, оқиға сол баспанахана ұжымы ескерткеніндей, ару Алматының іргесіндегі ауылда орын алған деген тоқтамға келесіз. Оның үстіне, осыдан бірер жыл бұрын әріптесіміз (Созақ үні газетінің штаттан тыс тілшісі), ақын, жазушы Ескермес Жақсымбетұлының «Теріскейде теңбіл доп» атты деректі повесі жарық көріп, газетімізде жарияланған болатын. Ал, бұл кітапқа сүйенсеңіз, оқиға бүтіндей теріскей жерінде орын алған және кейіпкерлері де күні бүгінге дейін арамызда жүрген, сондай- ақ, өмірден өткен жерлестеріміз көрінеді.

Әне, ағайын! Осы екі кітапта орын алған оқиға желісінің бір- біріне ұқсас тұстарының болуымен қатар, кереғар тұстарының да болуы мені ізденуге жетеледі. Сонымен, бұл жайында бір білсе, «Нәкең» біледі деген оймен, Сұлтанбек Қожанов атындағы музейдің директоры Дүйсенбеков Ниязәлі ағамызға хабарластым. Мен қозғап отырған мәселе Ниязәлі Омарбекұлының да қызығуын оятса керек, Нәкең бірден: «Данияр! Мына ойың дұрыс екен, мен осы жайлы білуі мүмкін деген бір- екі кісіні музейге шақырайын, сен де кел»,- деді. Содан, ертесіне салып ұрып музейге барсам Нәкең аудандық БЖФМ- нің директоры Сәрсенбаев Бақтыбай Байзақұлымен әігімелесіп отыр екен. Мен бұл кісілермен амандасып, жағдай сұрасып жатқанымда қолтығына қысқан кітап- альбомдары бар, ақ сақалды бір қария сәлемдесіп кіріп келді. Бұл кісіні мен сырттай, осы Созақ спортының ардагерлерінің бірі,футболшы Тайжан ағайдың ағасы деп танитынмын. Сонымен, әбден хал сұрасып болған соң, Ниязәлі Омарбекұлы үшеуімізді бір- бірімізге таныстырып, бүгінгі басқосуымыздың мақсатын түсіндірді. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жәйт тыңнан ой салған Нәкең жерлесіміз, биыл 100 жылдығы аталып өткелі отырған халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы» кітабын кітапханадан алдыртып бір шолып шығып жатыр екен. Бірден өзін, мені және оқырмандарымыздың назарын шеккен сұрақтарды сұхбаттастарымызға қарша боратты. Сонымен әуелгі болып сөз алған, «Он үшінші ойыншы» кітабының басты кейіпкерлерінің бірі де бірегейі, «Шалқар» футбол командасының құрушысы Батыров Таужан Көшекбайұлы былай деп сөзін өрбітті:

«Иә, екі кітаптада сөз болып отырған «Шалқар» жасөспірімдер футбол командасыныңқұрушысы, Бақбергеновтың «тастүйнек» (Көшеков Түймебай) деп суреттеп отырғаны мен едім. Негізінен, бұл кітаптың қысқаша тарихы былай еді. Бұл, Сәкең (Сәуірбек Бақбергенов) пен екеуіміз немере ағайынбыз. Біз мынау Аққолтықтың тумаларымыз. Ағам болған соң, Алматыға жолым түскен сайын Сәкеңе барып сәлем беретінмін. Ол кісі де өз кезегінде елдің, мұндағы ер- азаматтардың жайын менен сұрап, біліп отыратын. Өзі жақсы танитын бес- алты ел ағалары бар еді, әсіресе сол кісілер жайында әдейілеп сұрайтын. Әлі есімде, 70 жылдардың аяғы болатын. Ағама бір барып амандасқанымда: «Әй, Таужан! Естіп қуанып жатырмын, ауылдан бір жасөспірімдер футбол командасын жасақтап, аудан, облыс, Республика біріншіліктерін ұтыпсыңдар. Тіпті, одақ біріншілігінде де жақсы ойын өрнегін көрсетіп, елдің ықыласына бөленіп жатқан жайларың бар екен. Құдай айдап келіп қалған екенсің, осы жайында айта отыр. Қай жылы, қандай жағдайда құрылды бұл команда? Қалай аталады және кімнің балдары ойнайды?- деп тәтпіштеп сұрай бастады. Мен де егжей- тегжейлі жауап бере келе: «Сіз танитындардан Аймұрзаев Түктібай қарияның кіші ұлы шабуылшы боп ойнайды»,- дедім. Содан не керек, 1979 жылы «Жалын» баспасынан Сәкеңнің «Он үшінші ойыншы» деген кітабы жарық көрді. Енді, көркем шығарма болғаннан кейін оқиға желісі әсерлі болуы үшін, жазушылардың әсірелейтіні бар, білесіңдер. Оқырманының санасында сан сауал туындатып жүргені де содан. Әйтпесе, жазушыныңнегізгі сөз етіп отырғаны осы өзіміздің «Шалқар» футбол командасы және оның ойыншылары. Әлгі «тастүйнек» деп отырғаны да мен. Енді немере ағам болған соң, сәл еркінсіп солай атаған болуы керек. Ал, енді мына «Теріскейде теңбіл доп» кітабына келер болсақ, мұнда Ескермес Жақсымбетұлы біршама шындыққа жанасқан. Дегенмен, мұнда да бір- екі әттеген- ай дейтін тұсы бар. Соның ең бастысы, команданың атын «Торпедо»- дан «Шалқар»- ғаауыстыруымызға қатысты. Дәлірек айтсам, «Он үшінші ойыншы» кітабында жазушы бұл оқиға ауылда болған деп келтіреді. Яғни, мен балаларға ұсыныс жасаймын дағы балалар біздің Созақ жеріндегі жер- су аттарын атай жөнеледі. Соның ішінде «Шолаққала» деген атауда болады және мен бұл ұсыныстарды қабылдамай қоямын. Сондағы уәжім, команданың атауы ерекше болуы қажет. Сөйте келе: «Жарайды, балалар! Онда командамыздың атын «Шалқар» қояйық. Себебі, біздің ауданымыздың жері кең- байтақ, шалқар ғой. Ендеше, естіген құлаққа шалқар даладан екенімізді білдіріп тұрсын!»,- деймін. Ал, мына «Теріскейде теңбіл доп» кітабында ат қою оқиғасы аудандық біріншіліктен үздік шығып, облыстық чемпионатқа Шымкент қаласына барғанымыз және мұнда біріншілік жеңімпазы атанғаннан соң, балалармен ақылдасқанымыз сөз болады. Жеңістен соң қонақ үйде жатамыз дағы балалармен өткен ойынды талқылаймыз және әбден көңілім жай тапқан соң, демалуға кірісемін. Ал, команданың бас шабуылшысы Аманғали қабырғада ілулі тұрған кішкене радиоқабылдағыштың дауысын сәл көтереді. Міне, сол уақытта әуе толқынына «Шалқар» радиостанциясы шығады да ауыл еңбеккерлеріне арналған концертімізді бастаймыз дейді. Ән шырқалып, күй шертіледі. Сол сәтте ерекше әсерге бөленген мен: «Балалар!- деймін орнымнан тұрып. Маған бір ой келді, мына «Торпедо» деген атау бізге лайықты емес. Ауылдан келдік, далалықпыз. Қазақ радиосының мына бағдарламасы ауыл, дала еңбеккерлеріне арналған, атауы «Шалқар». Біз де тобымыздың атын «Шалқар» қойсақ қайтеді? Бұған қалай қарайсыңдар?- деймін.

Сол уақытта балалардың барлығы жапа тармағай: «Ағай, мынауыңыз үлкен жаңалық болды- ау»,- деп шуылдай жөнеледі, қуанып.

 Ал негізінде, оқиға 1968 жылы болған. Жоғарыда айтылған облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанғаннан кейін, қазіргі СҚО орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласында Республикалық «Былғары доп» жүлдесін сарапқа салып, І орынды иеленіп, Республика чемпионы болған кезіміз. Басшылықтың шешімімен Армения ССР- ның астанасы Ереван қаласында өтетін бүкілодақтық «Былғары доп» жарысына жолдама алғанбыз. Петропавлдан әрі қарай Ереванға пойызға отырдық. Міне, сол уақытта соған дейін «Торпедо» атанып келген командамыздың атауын қазақшалау ойымызға келген болатын. Себебі, «Торпедо» деген атауды иемденген одақта командалар көп болатын. Соның бірі де бірегейі Мәскеудің атақты «Торпедо»- сы. Біз де сондай танымал командаларға еліктеп «Торпедо» атауыносы уақытқа дейін иемденіп келсек- те, шетелге бара жатқандықтан командамыздың атауынан қазақылықтың иісі шығып тұруы қажет деген байламға келдік. Енді қандай ат қойғанымыз жөн деп жатқанымызда әлгі Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасы сөйлей жөнелді. Команда болып қазақша атау іздеп жатқан біздерге бұл бір ишарат сияқты көрінді. Сонымен, аяқастынан Шолаққорған ауылының жасөспірімдер футбол командасының «Торпедо» атауы «Шалқар» болып шыға келді. Сөйтіп тұңғыш рет Арменияның астанасы Ереваннан бір- ақ шықтық.

Келесі ұқсассыздық кітаптың атауына қатысты. Мысалға, Сәкең, Бақбергенов «Он үшінші ойыншы» деп АйдарҚоңдыбаевты келтіреді де оқырманның ойын соның айналасына жияды. Бұдан ел арасында орын алған «Он үш» саны қырсықтық алып келеді деген ұғымды жоққа шығарғандай болады. Сондай- ақ, кітапты оқыған адам Айдар Қоңдыбаевтың «он үш» санды жейдені киюіне ұлы Отансоғысының батыры Талғат Бигелдиновтың 13 нөмірлі ұшақпен ұшып, ерлік көрсеткендігі себеп деп түсініп қалады. Ал, «Теріскейде теңбіл доп»- ты оқысаңыз, автор сол уақыттарда «Шалқар» құрамасының капитаны болған Аманғали осы «Он үшінші ойыншы» деп түсіндіргісі келеді. Ал, негізінен кітаптың «Он үшінші ойыншы» атануымен «Шалқар» футбол құрама командасының еш байланысы жоқ.Айтайын дегенім, кітап авторының негізгі идеясы қазақ, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру болған.

Иә, сонымен біраз нәрсенің басын ашқан болдық. Не керек, биылғы мерейтойы мына карантиндік жағдайда өз деңгейінде тойлана алмай жатқан Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы»- сы да Ескермес Жақсымбетовтың «Теріскейде теңбіл добы»- да өз кезегінде оқырманын баурап аларлықтай, жылдар өте келе қайта оқып, санада жаңғыртуға әбден лайық дүние.

Әрине, бұған ешкімнің де таласы жоқ.Дегенмен, меніңбұл мақалаға бас ұрғандағы басты мақсатым жоғарыдағыдай болғанымен, әлгі музейдегі кездесуден соң ойым сан- саққа бөлініп кетті. Мақаланың негізігі нобайын түзіп қойсам да көкейімде иі қанбаған бір дүние іспетті ой тұрды да қойды. Сонымен ойым жинақталып, оқырманға ұсынар дүнием пісіп жетілгенге дейін мақалаға ара беруді жөн деп таптым. Міне, сол ара берудің де елімізде орын алған ТЖ секілді күні жетіп, кезекті еңбек демалысынан түсе сала мақалама соң беруді қолға алдым.

Сондағы түйгенім, Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы»- сындағы тастүйнектің, Ескермес Жақсымбетовтың «Теріскейде теңбіл доп»- ындағы Батыров Таужан Көшекбайұлының образы екі кітапта да екінші, үшінші орынға ығыстырылған сықылды. Әйтпесе, екі кітаптағы оқиға желісіне де арқау болған «Шалқар» футбол командасының құрылуына басты себепкер адам осы Таужан ағай екеніне мен пікірлескен Созақ спортының жанашырлары меңзегендей болды. Екі кітапты да қайта оқып шығып, мен де осы ойға бекідім. Болмаса, неге қазіргі таңда да доп теуіп жүрген аудан футболшылары да сол атақты «Шалқар» шыққан олимп шыңына шығып, биік белестерді бағындыра алмауда. Әрине, жұмыс бар, жеңіс пен жеміс те жоқ емес. Десек- те, «Он үшінші ойыншы» — дай кітап жазар Бақбергеновтей заңғар жазушылардың я өзі жоқ, я сондай сол кісілердің көркем шығармаларына арқау боларлықтай дүние жоқ. Міне, осылардың бәрін ескере келе, алдыңғы буын ұрпақ замандастарының тұлғасымен тағы бір мақтанып, дүр сілкініп қалсын. Кейінгі буын ұрпақ осындай саңлақ спорт майталманының өмірі мен еңбек жолымен таныссын. Соған қарап, бой түзесін. Егер, шын талап қылған жан болса, бағындырылмайтын асу жоқ екенін ұқсын деп, Таужан Көшекбайұлының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертуді жөн көрдім.

Жә, сонымен қарапайым ғана ауыл балаларын облыс пен Республика, тіпті Одаққа танымал етіп, қазіргі таңда шет-ел атап жүргеніміз, Армения жеріне дейін алып барған. Ауыл кинотеатрынан басқаны көрмеген, қара домалақ балдарды сол тұстағы өнер танитын адамдар аузының суы кетіп әңгіме ететін үлкен театрларға апарып, музей үйлерін аралатып, теңіздерде жүздіріп, курорттарда демалдырып, үлкен қалаларды аралатуы кез- келгеннің қолынан келе берер шаруа емес екені анық. Әрине, ол үшін әуелі тіл білу қажет. Кейін, ел- жер тани білуі тиіс. Осының бәрі үшін ең әуелі батылдық керек. Себебі, артында тақымын қысып, хабарын күтіп отырған елі, ата- ана, аудан, облыс, тіпті Республика басшылары бар. Өзі шептігіне алған он екі баланың тағдырына жауапкершілік.

Әне, осы аталғандардың бәрін жүзеге асырған сол тұстағы небәрі 25- тегі өрімдей жас жігіт, жерлесіміз Батыров Таужан Көшекбайұлы ағайымыз болатын. Ол кісіні түбі осы Созақтың Аққолтық ауылынан шыққан демесек, негізінен 1943 жылы Кентау қаласына қарасты, Ащысай поселкесінде дүниеге келіпті. Орта мектепті осында, кеншілер поселкесінде тәмамдаған Таужан ағай еңбек жолын да осы Ащысайдағы коммуналдық тұрғын үй бөлімінде жұмысшы боп бастаған. 1962- 65 жылдар аралығында Кеңес әскері қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеген. 1966 жылдың 14 қаңтарында ата жұрты Созаққа, нақтырақ айтсақ, Шолаққорғанға келіп, Ы. Алтынсарин атындағы орта метепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

1966 жылы Ы. Алтынсарин орта мектебінініңжанынан футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлерінен үйірмелер ашады. Дегенмен, осы спорт түрлерінің ішінен барша совет балалары сияқты Шолаққорғандық жасөспірімдер де футбол ойынымен көптеп шұғылдана бастады. Нәтижесінде, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, сол уақытта «Шалқар» жасөспірімдер құрама командасы жасақталған. Сонымен, 1968 жылы шымкент қаласындағы «Спартак» стадионында өткен «Былғары доп»- тың ұйымдастыруымен өткен облыс біріншілігінде жүлделі І орынды жеңіп алып, СҚО, Петропавл қаласында Республикалық «былғары доп» жүлдерін сарапқа салу ойынына аттанады. Нәтижеде, Созақтық саңлақтар Республика чемпионы атанады және Армения ССР- ның астанасы Ереванда өтетін бүкілодақтық «Былғары доп- 1968» чемпионатына берілетін жалғыз жолдаманы жеңіп алады. Содан, Петропавл қаласынан Ереванға баратын пойызға отырып, Армения қайдасың?- деп тартып отырады. Дегенмен, мұнда да шенеуніктердің немқұрайдылығы орын алып, Таужан ағай бастаған «Шалқар» футбол құрамасы әлгі біріншілікке уақытынан кешігіп барады. Міне, Таужан Көшекбайұлының ұлтжандылығы, спортсүйгіштігі және табандылығы осы тұста сыналады. Жарыстың ұйымдастырушыларының: «Сендер уақытынан кешігіп келдіңдер, сол себепті де жарысқа қатыстырылмайсыңдар» деген уәжімен келіспей, одақ бойынша көмсомол комитетінің өкіліне жолығып, жағдайды түсіндіреді. Нәтижесінде, бір ойын ғана жіберіп, әрі қарай жарысқа қатысу құқығына ие болады. Содан, пәлен уақытқа созылған қиян- кескі ойында талай азуын айға білеген атақты командаларды сан соқтырып, финалға жетеді. Сонымен, барша Созақ жұртының, Қазақ елінің қуанышы мен өкінішіне орай жүлделі екінші орынды иеленіп, абыроймен елге оралады. Сондай- ақ бұл тарихи оқиға жайында Созақ футбол майталмандары қайсыбір жылы жарыққа шығарған естелік альбом сыр шертіп тұр. Қызыққан адам қарап, көп нәрсе ұғатындай көркем дүниелер бар әлгі естелік альбомда.

Иә, немере ағасы, Қазақтың, Созақтың заңғар жазушысы С. Бақбергеновтың Таужан ағайды неліктен өзімсініп «Тастүйнек» деп атап жүргенін мен енді ұқтым. Себебі, ол кісінің дене бітіміне қарулы көзбен қарасаң, әрқашан, не нәрсеге де тас- түйін дайын жүретін адамды байқайсың. «Шаққан адам» деп те атайды мұндай кісілерді біздің қазақ. Олай дейтінім, жасы 73- ке келсе де қазірдің өзінде спорттың қай түрінен болмасын кез- келген 25 жасар жігітке есе жібермейтіндей сыңайы бар. Сосын, Таужан ағаймен сөйлесіп отырып ұққаным, ол кісі орысшаға өте сауатты екен. Сыртқы жинақылығы, ішкі мәдениеті ол кісіні қарапайым ауыл адамынан ерекшелеп тұрады. Дана халқымыз мұндай кісілерге қаратып «орысша оқып, тәрбие алған екен» деп те жатады. Көп сөйлемейтіндігі, сабырмен кезегін күтіріп отыратындығы, сөйлесе де тек өзіне қатысты болғанды сөйлеуі ол кісінің тектілігін де көрсетіп тұрады. Жалпы, кейіпкеріміз жайында отырып алып біраз нәрсе жазуға да болар еді. Дегенмен, Ниязәлі мен Бақтыбай ағайлар бар төртеуміз қоштасып, тарқасып жатқандағы Таужан ағайдың мына бір елеусіз қылығының өзі ол кісі жайында көпнәрсе ұқтырғандай. Нақтырақ айтсам, үйді- үйімізге қайтатынымыз анық болғанынан соң: «Жеткізіп салайын»,- деп ізет көрсеткен БЖФМ- нің директоры Бақтыбай ағамызға Таужан ағай: «Жоқ, рахмет! Үй мына жерде ғой, жаяу бара саламын»,- деп жауап берді. Әйтпесе, қайсыбір ағаларымызға: «Сізбен жолығу керек еді»,- десең, кергіп: «Мынадай жерде отырмын келіп алып кет, кейін әкеп тастарсың»,- деп жатады ғой. Міне, осыны біздің халқымыз «қарапайымдылық» деп атайды және осы «қарапайымдылық» деген қасиеттің өзі кісі жайында көп нәрсені ұқтырады.

Сөз соңында айтарым, бұл Таужан ағайымыз Созақ спортының қалыптасуы, дамып, өркендеуі үшін көп еңбек сіңірген жан. Дегенмен, еткен еңбегін бұлдамайтын қарапайымдылығы себепті де көп елене бермейтіні бар.

Ал, енді бұл Таужан Көшекбайұлы ағайымыздың алған біліміне келер болсақ, 1968- 1973 жылдар аралығында Қазақ физкультура институтының сырттай бөлімінде оқып, «физкультура және спорт оқытушы» мамандығын алып шыққан. Кәсіби еңбек жолын 1970- 73 жылдар аралығында Созақ аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметінен бастаған. 1673- 76 жылдары №14 мектеп- инернатында дене тірбиесінің мұғалімі, тәрбиеші болып жұмыс істеген. 1984 жылы аудандық білім бөлімінде әдіскер маман қызметін атқарған. 1986 жылы қыземшек поселкесіндегі СУ- 1 орта мектебіне директор болған. 1989 жылы Халық депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 1994-98 жылдар аралығында Қыземшек поселкесінің әкімі боп жұмыс жасаған. 1994 жылдан Қыземшек поселкесіне қарасты «Дала кен» басқармасына қарасты коммуналды шаруашылық мекемесінде қызмет атқарып, 2006 жылы зейнет демалысына шыққан. Дегенмен, зейнетке шықтым екен деп, үйде қол қусырып отырып алмаған. 2008 жылдың қарашасынан күні кешеге дейін аудандық БЖФМ- де инструктор болып, жиған- терген тәжірибелерін немере шәкірттерінң бойына сіңіріп келді. Үлкен отбасы бар. Жұбайы, Жаппарова Малика зейнеткер. Отбасында екі ұл, үш қызды дүниеге әкеп, тәрбиелеген. Қазіргі таңда сол ұл- қыздарынан 12 немере, бір шөбере сүйіп отырған жағдайы бар.

Таужан ағай 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына арналған, Лениннің 100 жылдығы мерекелік, 2012 жылы «Облыстық спортқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Тағы да «Созақ ауданының құрметті азаматы», Қазақстан конституциясына 20 жыл мерекелік медальдарының иегері. Бір сөзбен айтқанда бір басына білімі де тәжірибесі де жеткен, ауданына, еліне ерен еңбек сіңірген спорт майталманы, арда ақсақал!

Данияр Бек

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...