Гранттан нәсібін алып, кәсібін дөңгелетуде

Елімізде 2013 жылы 9 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен «Атамекен» Одағы» қазақстандық үкіметтік емес ұйымының бірлескен шешімімен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Кейіннен, 2015 жылдың 27 наурызында «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми қайта тіркелген. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету. Сондай- ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сондай-ақ шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамытуға бағытталған. Егер толығырақ айтар болсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мына төмендегі қызметтердің барлығын көрсетеді:

-кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

-өңірлерде кәсіпкерлік қызметке жасалынған жағдайлардың, кәсіпкерлік белсенділіктің қоғамдық мониторингін жүргізу;

-кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу;

-отандық өндіріске қолдау көрсету және ұйымдардың сатып алуларында жергілікті мазмұн үлесін арттыру;

-мамандар дайындау, қайта дайындау, біліктілігін арттыру, сертификаттау және аттестациялау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту;

-кәсіпкерлік субъектілердің сыртқы экономикалық қызметін ынталандыру;

-инвестицияларды тарту және экономиканы әртараптандыру.

Міне, осы Ұлттық кәсіпкерлерінің палатасының облыс, аудандарда бөлімшелері бар. Сол, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының филиалы біздің Созақ ауданында да ашылып, міне бірнеше жылдардан бері ел игілігі үшін жұмыс жасап келеді. Аудандық филиалды осы уақытқа дейін басқарып келген Жүсіп Ғабит Елбергенұлының басқа жұмысқа ауысуымен бұл қызметке осы мекеменің ұзақ жылдар бойы бас маманы боп абыройлы қызмет атқарып келген Анарбаев Арман Қаламбайұлы тағайындалған болатын. Басшылық қызметке келгеніне көп болмаса да бұл саланы бес саусағындай жетік білетін білімді де білікті азамат, Арман Қаламбайұлына жолығып, аудандық кәсіпкерлер палатасының тыныс- тіршілігі жайлы әңгімеге тартқан едік. Су жаңа басшысымен болған су жаңа сұхбатымды назарларыңызға ұсынамын. Оқып шығып, бағасын өздеріңіз берерсіздер:

 

-Арман Қаламбайұлы, жаңа қызметте жаңа табыстар тілеймін! Сіздей, білімді де білікті басшының осы қызметке келгеніне аудан кәсіпкерлерінің қуанышты екенін әлеуметтік желілердегі пікірлерден оқып, көріп жүрміз. Ендігі жерде жыл басынан бері атқарған жұмыстарыңыз жайлы тарқатып айта отырсаңыз!

-Көп рахмет! Иә, жыл басынан бері ауданымызда  426 жаңа кәсіпкерлік субектілері ашылып, жалпы саны 3000-ға жеткен. Атап айтар болсам,  275 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 910 шаруа қожалықтары,  1815 шағын және орта кәсіпкерлік субектілері болып табылады. Біз бұл кәсіпкерлік суъбектілерінің кез келгеніне бухгалтерлік және салықтық есептерін жүргізу, заңгерлік, қаржыландыру бойынша толық сүйемелдеу, кеңестер беру бойынша тегін қызметтер көрсетіп келеміз. Сондай- ақ, биылғы жылы ауылшаруашылық мақсатындағы жайылым, суармалы жерлерді алу бойынша, палатаның сүйемелдеуімен 36 шаруа қожалық конкурс комиссиясы қорытындысы нәтижесінде жеңімпаз атанды. Тағы да Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының бекітілген іс-жоспарына сәйкес ауданның  10 ауылдық округтерінде және 2 поселкеде  кәсіпкерлермен және ауыл халқымен кездесулер өткізіліп,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметтері түсіндіріліп,  кездесулер барысында несие алу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алу, субсидия алу мәселелері алда тұрғаны анықталды. Қазіргі таңда бұл мәселелер бойынша тиісті мекемелермен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша  Созақ аудандық филиалына жыл басынан бері  10  кәсіпкерден өтініштер түсіп, оның ішінде 8 кәсіпкердің өтініштері оң шешімдерін тауып, кәсіпкерлердің  550 000 теңгесі үнемделді. Қалған

2 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек,             Кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының кеңесші-менеджерлерімен  1940  кәсіпкерлер мен жеке азаматтарға бухгалтерлік, салықтық, статистикалық есептілікті жүргізу, бизнес-жоспар жасау, заңгерлік қызметтер көрсету, жеке тұлғаларға кәсіпкерлік ашу, мал басын көбейту бойынша несие алуға, субсидия бойынша кеңестер беріліп құжаттар дайындауға көмектер көрсетілді.

 

-Менің білуімше, мұнан алдын сіздердің ғимараттарыңызда кәсіпкерлік мектеп жұмыс жасап келген еді. Естуімше, сол кәсіпкерлерді оқыту жұмыстарын қазір сіздер үйлестіріп отырған көрінесіздер. Бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстарыңыз жайлы сөз етсеңіз!

-Дұрыс айтасыз! Қазір аудан кәсіпкерлерін оқытып, қажетті білім беру жұмыстарын біздің мекеме үйлестіруде және бұл бағытта да біршама жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтсам, «Бастау Бизнес» және «Бизнес Кеңесші» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша онлайн сабақтары өткізіліп,  264  адам қатысып, барлығы дерлік оқуды толық бітіргендігі жөнінде сертификаттарын алды. Қазіргі таңда  қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда:

«Ырыс» МҚҰ ЖШС арқылы  жыл басынан 20жоба жалпы сомасы 65 млн теңгеге несие алуларына көмек көрсетілді. Ал, «Ауыл шаруашылығы  қаржылай қолдау қоры» АҚ  25 жоба 95  млн теңге несие алуларына толық көмек көрсетілді. Сондай- ақ, «Қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасына, ауданымыздан 22 жоба өткізіліп, оның   «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  арқызы 10 жоба 103 млн теңге несие қаражаттарын алды.

Мәселен, «Бастау-Бизнес», «Жас Кәсіпкер» жобалары бойынша 2019 жылы 6 топ оқытылған болатын. Оның 4 тобы, яғни, 226 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша  оқып, сертификаттарын алған болатын. Ал, «Жас Кәсіпкер» жобасы бойынша 2 топ оқытылып 100 азамат сертификат алған. Міне, осыған қарап- ақ  білуге болады елімізде орын алған пандемияға байланысты кәсіпкерлерді қолдау тоқтап қалған жоқ. Керісінше, онлайн оқытуды жолға қойып, кәсіпкерлерімізді мемлекеттің қолдауы артып отыр. Осының нәтижесінде, бүгінгі таңда сертификат алған азаматтар мал шаруашылығы бойынша несиелер алып және жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз істерін жүргізуде. Атап айтсақ,  Жеке кәсіпкер Кенжеқараев Байдос дәнекерлеу цехын ашу, Тусупбекова Назипа  Сейілбаевна мемлекеттік грант иегері атанып екі сиыр алып, кәсібін  одан әрі үлкейту үшін «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3,5 млн несие алып 12 бас сауынды сиыр алып кәсібін жүргізуде. Сондай- ақ, «Жас Кәсіпкер» жобасы бойынша бітірген Ермахан Жұбан мал басын көбейту мақсатында 3,8 млн теңге несие алып 10 бас жылқы бордақылауда. Ал, жеке кәсіпкер Ғабит Ордабаев мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, шлакоблок шығарумен айналысуда және 3 бірдей жерлесімізді  жұмыспен қамтып отыр. Тағы басқа осы секілді «Бастау Бизнес» «Жас кәсіпкер» жобаларын бітірген 94 азамат жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, қазір өз істерін жүргізуде.

 

-Иә, шынында елімізде орын алған карантин жағдайына қарамастан өкіметтің жерлес азамат- азаматшаларымызды моральдық және материалдық жағынан қолдап- қуаттап отырғанына көз жеткіздік. Ендігі жерде, алдағы уақытта атқарамыз деп жоспарларларыңызбен оқырмандарымен бөліссеңіз!

-Алдағы уақытта да ісін жаңадан бастағысы келіп жатқан азаматтарды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытып, несие алып өз ісін дөңгелетуіне қолайлы жағдайлар жасап,  несие алу кезіндегі құжаттарын жеңілдетуге ықпал жасау мақсат етіп отырмыз. Бұйыртса, аудандық басылым арқылы атқарылған жұмыстарымыз жайымен аудан тұрғындарынхабардар етерміз.

Жалпы, кәсіпкерліктің одан әрі дамуы, еліміздің, ауданымыздың экономикасының өсіп өнуі болып табылатынын жақсы білесіздер. Сондықтан, аудан экономикасы үшін маңызды, кәсіпкерлік саланың жұмысын үнемі насихаттап, қолдап- қуаттап жүрген «Созақ үні» газетінің ұжымын, барша аудан жұртшылығын аудандық басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сіздердің барлықтарыныздың еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

-Арман Қаламбайұлы, сырлы сұхбатыңызға рахмет! Оқырмандарымыз біраз жәйтқа қанықты деп ойлаймын. Жаңа қызметіңізде аудан экономикасына жаңа табыстардың қосылуына сеп бола беріңіздер!

Сұхбатты жүргізген

Данияр Бек

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...