ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗ ПЕРЗЕНТІ

  ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗ ПЕРЗЕНТІ 1Менің алдымда облыстық қоғамдық-саяси тарих архивінен аттай қалап алдырған  сарғайған деректі құжаттар. Бұл кешегі кеңес жылдары колхоз басқарған Асқар атамыздың құжаттары.  Асқар Рахышұлы 1894 жылы Созақ ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келіпті.

 Өмірдің тауқыметі ерте есейтіп, балалықтың не екенін білмей өседі. 1918 жылғы аласапыран аштық пен жалаңаштық Рақыштың отбасына да үлкен әсер етеді. Рақыш орташа дәулетті адам болса да, сол бір жылғы құрғақшылық, қатал қыс, қолда бар малды жұтатып кетеді.

 Амалы таусылған соң, аштан өлмеу үшін көкше құмды паналап, жау жұмыр қазып жеп күнелтеді.

 Рақыш құсбегі еді, бүркіт ұстап, құмдағы аң-құстарды аулап, қоянға тұзақ құрып аштықтан аман қалады. Сол он сегізінші жылдың қатты қысы мен 1927 жылдың құрғақшылығы елдегі мал басын үлкен шығынға ұшыратып, сауын малдардан тұяқ қалмайды. Ел шұбырып аштықтан өлгені өліп, қалғаны тасбақа етіне дейін азық етеді.

 Қыс бір жағынан қысса, жаңа үкімет жүн-тері, алым салықтан бас көтертпей үйлеріндегі кигізге дейін сыпырып ала бастайды.

 Отыз алты-отыз сегізінші алапат жылдары титықтаған елді одан сайын сорлатып, бір үзім нан тауып жеуге зар болады.

 Елде үрей қалмады, бай да, кедейдің жақсы азаматтары шетінен ұсталып, кете берді. Өз басын сауғалаған ел Теріскей асып, қашып әркім әр жерді паналап, ұйысқан ел тарыдай шашылды.

 Сол 1916 жылы Асқарды әкесі Түркістандағы медресеге алып барып, «осы баланы оқыт» деп аздаған ақшамен тастап кетті.

 Асқар сол медреседе оқып, бес кластық білім алады. Араб тілдерін әжептеуір үйреніп, оқу-жазуды жетік меңгере бастайды.

 Құран-Кәрім аяттарын жатқа айтып, көпшіліктің арасында оқи бастаған кезінде, елде тағы да байлар мен молдаларды қудалау басталады. Өзінен үлкен әпкесі, сол Түркістан қаласында тұратын дәулетті отбасыға тұрмысқа шыққан болатын. Жездесінің үйіне жиі барып тұратын. Бір күні кешкі қараңғысында үйге екі азамат келді. Жездесі алдарынан шығып: -Сәке! Жақсы жеттіңіздер ма? Деп ішкі бөлмеге алып кіріп, маған ешкімге айтушы болма! Деп ескертті. Кейін ол кісілер кеткен соң білгенім Сәкен Сейфуллин екен. Сол күні олар түн жарымына дейін оңаша отырды. Кейінгі кезде жездесі  Асқар үшін әпкесімен жиі сөзге келіп қалатынын сезіп жүрді.

 Бір күні әпкесі: -Шырағым Асқар! сен тез арада елге қайт, мен ауылдан келген саудагермен сөйлесіп қойдым, ертең сені алып кететін болды деп, бастан-аяқ бір сыпыра киім әперіп шығарып салады. «Мені бұл жерден қуып жатыр деп ренжіме жездең үкімет кеңсесінде жұмыс істейді, үкімет байлармен медреседе оқығандардың тізімін алып жатқан көрінеді, сенің зияның жездеңе тиіп кетер, елге бар да басқа кәсіппен айналыс»-дейді шығарып саларда жылап тұрып. Асқардың әпкесі өте мейірімді туыстарға, балаларға деген қамқорлығы ерекше болатын, кейін арада екі жыл салып науқастан қайтыс болды.

 Асқар елге келісімен ауылдық кеңеске хатшы болып бір жылдай істейді де, басқарма мүшелігіне өтіп, кейіннен почтаға ауысады. Осы қызметте жүріп, екі-үш жылдан кейін ауылдық кеңестің төрағасы болады. Елде хат танитын азаматтар аз еді. Содан да болар бас аяғы төрт-бес жылда жеке колхозды  басқару тізгіні қолына тиеді.

 Аштықтан сансыраған елдің әл-ауқатын көтеру үшін күн-түн демей жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін он шақырым жерге кетпенмен арық салып, Шаппа төбе үстіртіне су жеткізу керек болды. Басқарма отырысында бұл істі колхоз мүшелері толық қолдап, көктемгі егістікке жаппай дайындық жүргізілді. Техника жоқ, барлық егіншілік қолдың күшімен, кетпенмен егіс егілетін.

 1928 жылы көктемгі жауын-шашын мол болып, еккен егісі жайқалып шыға келеді. Тары, қонақ, бидай бітік шығып, жиын-терін кезінде колхозшылар күні-түні, екі-үш ауысымда жұмыс істеп, қолмен орып бастырады. Жас балаларға дейін масақ теруге қатысып егінді тез жинап алады. Үкіметтің жоспарын орындап, артығын колхоз мүшелерінің еңбекке қатысуына сәйкес, астықты бөліп беріп елдің еңсесін бір көтеріп тастайды. Халық аштықтан арыла бастады. Асқардың колхоз басшылығы тұсындағы алғашқы еңбек баспалдағының жетістігі осылай басталған еді. Асқардың әкесі  Рахыш құсбегілігімен қоса диханшылығы да бар адам болатын. Ол кісінің сонау «Кәрі тоғаннан», «Мәнжіге» дейін жиырма шақырым жерге қолдан тартқан арығының бүгінгі күнге дейін ізі сайрап жатыр.

 Егіннің бітік шығуына Асқар әкесі Рақыштың айтқан тәжірибесіне сүйеніп, күзгі, көктемгі суларды егіс алқабына жайып, оның сіңімділігін атпен жүріп көретін. Ат тізесіне дейін батпақтай бастаса, ол жерде өнім болатынына колхозшыларды ұғындырып, екі-үш ауысыммен сушылар дайындалып суды ысырапсыз пайдаланып отырды. Бір жолы егіс егетін егістік жерді таңдайды. Сонда Асқар атамыз әр жердің топырағын алып иіскеп, қолымен үгітіп көріп жүріп «мына жерге егеміз» дейді егетін жерді нұсқап. Кейін сол жерден колхоз мол өнім алады. Және жыл сайын қырауар табысқа жетіп отырады.

 Бұл ісі зая кеткен жоқ. Өзі еңбек еткен «Бірінші май», «Калинин» ол кезде бес колхоздан тұратын. Бүгінгі Құмкент үш колхоздан тұратын, Асқар жаста болса осы колхоздардың төрағасы болып істеген жылдары, егін шаруашылығынан үлкен өнім алады.  Өздері маңдай терлерімен еккен бидай, тарыға тойына бастаған ел жаппай егіс егуге бет бұрыс жасайды. Күзде дәнді-дақылдарды төкпей-шашпай жинап алып, күзгі ұрықтық өнімдерді де мұқият сақтап отырды. Асқар атамыздың жастай қосылған жары Қант апамыз ерте қайтыс болып кетіп, кейін Әшіркүл апамызбен қосады. Өзгенің баласы деп өзекке теппей Асқардың балаларына лайықта ана болады. Өте мейірімді, Мыңжасар ағамызды да басқа балаларындай жатсынбай бауырына басып өсірген екен.

 Асқарға әкесінің диханшылдығы үлкен мектеп болады, еңбек етудің қыр-сырын әкесінің ақыл-кеңесімен жетілдіріп, өзі де сегіз қырлы маманға айнала бастайды.

 Рақыштың соңынан ерген інісі Өтеш қария: -Асқар ағамыз қысы-жазы тыным таппай еңбек үстінде жүретін. Халықтың ризашылығына, қолдауына ие болған ол қырық жылдан астам колхоз төрағасы болды. Жетім, жесір кембағал жандарға ерекше қамқорлық көрсететін деп естелік қалдырыпты.

 Сондай-ақ -1950 жылы болуы керек біздің ауданға ұлы жазушы Сәбит Мұханов келіп, елді аралап колхозда халықпен кездесу өткізді. Өзі жазушы болғаннан соң ба елде ескерусіз жүрген өнер адамдары жайлы сұрастыра бастады. Асекең ол кезде колхоз төрағасы болатын. Сол кісінің айтуымен Жаппас Қаламбаевпен кездесіп, күйшілік өнерінде дарындылығы бар екендігін сезген Сәкен Алматыға барған соң шақыртамын деп Жаппасқа уәде беріп кетеді.

 Арада шамалы уақыт өтісімен күзгі жиын терін аяқталып қалған кезінде, Жаппасқа Алматыға шақыру қағазы келеді.

 Аудандық партия комитеті, колхоз төрағасы Асекеңді шақырып, мына Жаппасты Алматыға шақырып жатыр, не істейміз деп ақылдасады. Ал Жаппас Қаламбаевтың ол кездесе Алматыға баруға еш жағдайы жоқ болатын.

 Жетіспеушілік, қолыңда сататын малы да жоқ еді.Асекең шұғыл колхоздың басқармасының отырысын шақырып, еңбекшілерге Жаппастың Алматыға барып қайтуына қаржы керек, соған еңбек үлестеріңнен қол ұшын беріңдер деп, ұйғарым жасады. Егер де Асекең болмағанда Жаппас Алматыға бара алмай, күйлері таспаға түспей, танылмай қалатын еді,- деп кезінде Калинин колхозында Асқар атамызбен бірге еңбек еткен Қаратай, Ұртай атты қариялардың еске алғаны бар.

 Ол кезде ел басқару оңай емес еді. Басшы болып істеу кез-келгенге бұйыра бермейтін, ол үшін адам бойында ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, өресі биік біліктілік пен жүректілік, батылдық пен қарапайымдылық та қажет, қысқасы осы қасиеттер Асқардың бойында бар еді. Халық Асқарды сол үшін жақсы көруші еді. Тәжірибеге бай ауыл шаруашылығының жетік маманы еді. Журналист Кәрібай Әмзеев ағамыз Асқар атамыз туралы өзінің бір естелігінде «ауылшаруашылығының академигі» дегені бар. Шынында бойында біліктілігі мен биіктігі бар Асқармен аудандық партия комитеті мен ауыл шаруашылық басқармасы да ұдайы санасатын.

 Ол кісінің біліктілігі, талапшылдығы, табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті кісі қызығарлықтай еді. Теріскейдің қатал қысы мен жаздың ыстыған төтеп беріп халықты аштықтан алып шыққанын ел жұрты мойындайды, халқы қуаттайды. Оған айшықты тарих беттері куә.

 Иә «жемісті ағаш жерге иіледі, жетелі жігіт елге иіледі» демекші Асқар мінезді, қатқылдау өжет кісі болса да елге деген жанашырлығы, кембағалдарға деген мейірімі ерекше төгілген жан болыпты.

 Көне көз қариялардың айтуынша ол кісінің бойында зеректілігі басым болыпты, әрбір істі жете зерттеп, одан түсетін колхозға пайданы болжай отырып есеппен жұмыс істейтін азамат болса керек. Әрбір жанұяның жағдайын көзімен өткізіп, барынша жағдай жасауға тырысады екен. Бақуатты отбасылардың еңбек ақысынан жағдайы нашар шаңырақтарға тиесілі бөліс жасап отырады екен. Тіпті бір жолы өзінің інісіне тиісті еңбек күнін күн көрісі төмен отбасыларға бергізіп отырады екен.

 Содан да болар табиғаттың төрт мезгілінде атқарылатын жұмыстарға колхозшылар жұмыла кірісетін. Жұмысқа жарайтын еңкейген қарттан бастап, балаға дейін еңбек етуші еді, көктемде қой айдап, жазда мал азығын дайындауға, шана сүйретіп, сауын сауып сүтін мемлекетке өткізу, қысқы дайындық жұмыстары, бір сөзбен айтқанда жыл он екі ай, тынымсыз еңбек еді. Жастардың орынсыз жүрулеріне мұршалары жоқ еді. Өйткені қолы бос уақыт жоқтың қасы болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәжібаев ұдайы Асқармен ақылдасып отырады. Кейде бәр жайдың мәселесімен тығырықтан шыға алмай тұрғанда «шақырыңдар Асқар академикті» дейді екен.

 Асқарды қашан көрсең де тынымсыз күй кешіп жүретін,- деп естелік қалдырып еді көзі тірісінде қызметтес болған інісі, Созақ ауданының Құрметті азаматы Ақшал Мұқанов.

 -Асқарды жалаң шаруашылық пен халықтың жай-күйі ғана алаңдатып қоймайтын, ол кісі руханият, мәдениет мәселелеріне, рухани құндылықтарға да жете көңіл бөлетін. Ұлт болашағы мен әдебиетке, жастардың білім алуына үлкен көңіл бөліп, көмектесетін. Колхоз төрағалығы ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқытуға, бухгалтерлік есеп қисаптардан білім алуға Калинин колхозынан бес жігітті Шымкент қаласына жіберіп, оларға материалдық қолдау көрсеткенін тарихи құжаттар айғақтайды.

 Ауданға өнер адамдары келсе, аудандық партия комитеті Калинин колхозына жіберетін. Өйткені Асқар өнерді ерекше құрметтейтін, өзінің де бейімділігі бар еді. Ол кісі сөзге шешен, қара сөзге дес бермейтін азамат болыпты. Сонымен бірге ескіше хат танитын молдалығы да, діни танымдылығы да бар еді.

 Созақ колхозына бара жатып ауданға белгілі, бұрын қызметтес болған әріптесінің қайтыс болғанының үстінен түседі. Жаназасын шығарытын ешкім болмағандықтан, сол жердің қариялары Асқарға қолқа салады. Одан бас тарта алмаған Асқар әлгі кісінің жаназасын шығарса керек.

 Арада екі күн өтісімен біреулердің жеткізуімен Асқар аудандық партия комитетіне шақырылып, партиялық мәселесі қаралатын болды. Бюрода  «мен жаназа шығарған жоқпын, жарапазан айттым», деп жарапазанның шумақтарын түсініксіз түрде тақпақтай жөнеледі.

 Әлгі арыз айтушыға аудандық партия комитеті Бюро мүшелері осы ма деп сұрағанда, осы деп жауап берсе керек. «Бұл құран емес» деп, аудандық партия комитетінде мәселе қаралмай қалады. Міне, осылай Асқар өзінің зеректігі мен сөз тапқыштығының арқасында үлкен қауіптен аман қалады.

 -1941-47 жылдары кешегі Калинин колхозы, төрт колхоздан тұратын. Жоқшылықтан, аштықтан қысылған халық, әбден сансырады, іске жарайтын ер азаматтар соғысқа кетіп, колхоз даласындағы барлық шаруашылыққа кілең әйелдер мен жас балалар, мүгедек кемпір шалдар қалды.

 Колхоздың қоржынында да ештеңе жоқ. Мал басы да төмен болатын. Егіс шаруашылығымен айналысатын техника жоқтың қасы, белсене кірісетін азаматтарда жетіспейтін. Осы бір ауыр кезеңде аудандық партия комитетінің ұйғарымымен 1947 жылы Сталин колхозынан ауысып Калинин колхозына төраға болып Асекең келді. Асекеңді біз сырттай еститінбіз өте тәжірибелі, іскер қатал басшы деп. Расында солай болып шықты,-деп еске алады Оразбек қария. Ол кісінің іскерлігі тәжірибесінің арқасында колхоз екі-үш жылда еңсесін көтеріп, халық аштықтан арыла бастады. Егін шаруашылығын барынша көтерді. Халық жаппай егіспен айналыса бастады.

 Көкөніс, бидай, тары егу мен өнім алуда колхоз ауданда алдыңғы қатарға көтерілді.

 Ел басқаруда Асекеңнің турашылдығына, әділдігіне ел ризашылығын білдіріп, алғыс жаудырып жатты. Мен Асекеңмен әріптес болған сол кезеңде, бірге істеген азаматтарды нағыз адал азаматтар дер едім.

 Олар, Бабажанов Атыш, Смайлов Өтеп, Тұяқов Абдіқайым, Туранов Зекен, Берденов Кенжеғұл, Орынбаев Елікбай кейінен Жаманов Мырзабай, Тоқбергенов Құдайберген, Смайлов Өтеп, Сүннетов Тасхожа, Қауынбаев Әдіш, Ниязбеков Сәрсенқұл, Атажанов Жолдас, Тәжіметов Абыл, Үсенов Арыстан, Айтеев Жайлау тағы басқа да көптеген азаматтарды айтар едім.

 Кейін 1957—1958 жылдары Асекеңмен Шу бойында совхоздың шөп дайындау науқаны кезінде кездестім. Арада біраз жылдар өтсе де ол кісі мені бірден таныды. «Сен Жолдасекеңнің баласы емессің ба?» деді. Мен де «иә» дедім. Асекең сонда біраз жасқа келіп қалған кезі болатын, соған қарамастан әрі қарулы, бойын асқақ ұстап, тік жүретініне, әрі зеректігіне таңғалдым. Марқұм Жайлауов Салбектің әкесі Созақтан Кентау қаласына ат арбамен алып бара жатқан сүзбесінің күн ыстықта суы ағып, барған жерінде сүзбесі кем шыққандықтан істі болыпты. Сонда Асқар колхоздың төрағасы екен. Әлгі кісіге үлкен көмегі тиіп жаладан аман алып қалыпты,-деп еске алады бүгінде ортамызда жүрген Оразбек қария.

 Сол уақытта Асқармен қатарлас Жұмабек, Сандыбай, Бұзау, Әлтек, Шайық, Ысқақ, Білдаш, Ақшал, Есберген, Алшынбек, Бабатадан Сопбек, Баймұса, Калинин колхозынан Омарбек, Ергеш, Жүніс, Өмірбеков Есіркеп, Паридиннов Есіркеп, Үббі, Төре, Тоқабай, Кенжеғұл, Жүсіпбек, Созақ  колхозынан Тұяқов Әбдіқайым тағы басқалары бүгінде марқұм боп кетті, ол кісілердің естеліктерінде айтылғандай Асқар Рақышұлы  рухани күш қуаты мол, өресі биік, парасатты жан болғанын дәйектей түседі. Өрісті де өнегелі еңбек жолдарында Асқар Рақышұлының ерен еңбектегі ерліктері ескеріліпалдымен Сталиндік сыйлықты, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстанның 25 жылдығы», «Еңбек озаты», «халық шаруашылығы Жетістіктері көрмесінің күміс медалдарымен, облыстық Құрмет Грамотасымен наградталып, республикада ауылшаруашылығын өркендету ісіне жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгендігі үшін ауылшаруашылығы озатының Алтын кітабына есімі жазылды.

 Бүгінде Асқар Рақышұлының атында Шолаққорған ауылында даңғыл көше бар. Артында ел-жұрт танитын татымты ұрпақтары қалды. Ендігі кезекте ол кісінің өлмес рухы мен айдарлы есімі Мәңгілік елдің тарихына алтын әріптермен жазылып қалуы заңдылық деп білеміз.

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...