«Болмасаң да ұқсап бақ…»

Созақ өңірінің қадір тұтар, өткен шақтың жақсы әңгімелерімен құрметпен еске алар ардақты азаматына айналған Бәкір Ахметов есіме түскенде, ойыма ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ…», — деген даналықпен өрілген өлең жолдары оралады. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Созақ аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып он сегіз жыл ел басқарған ол кісінің бұқараға басшылық жасаудағы тәлімді істерінен тәрбие алған, өнеге қалыптастырған сол кездің жастары, бүгінгі күннің ақсақалдары, аға өкілдері аз емес.

Өткен жылдарды еске түсіргенімде, алға жылжыған уақыт көшінің қатпарларында қапталып қалған жақсы күндер, көрген жақсылықтарым біртіндеп ойға оралып, қолға қалам алғызды. Бәкең ағамыздың сырт бітімінен бастап, халыққа қызмет жасау үлгісін алған азаматтарды өшпестей есімде қалдырғанның бірі мен едім.

            «Сырт бітімінен үлгі алғанымды» бекерге айтып отырғаным жоқ. Шын мәнінде солай. Оған дейін мүлдем хабарым жоқ ол кісіні алғашқы рет қалай, қандай жағдайда ұшырастырғаным есіме бірінші түсті. Мына жазып отырған әңгімемнің түпкі мағынасы да осында.

            Қарағанды мемлекеттік университетінде экономика және қаржы мамандығы бойынша оқып жатқанмын. 1976 жылы 2 курсті аяқтап ауылға келдім. Үйімізде ата-анамның қолымен егіліп, өсірілген тамаша бау болатын. Әсіресе өрік, алма керемет дәмді еді. Алманы мейірің қана жемек түгілі көзге сүртетін Қарағандыдан ауылға жетісімен, баудағы алманы рахаттана жей беріппін. Түнде ішім түйнеп ауырған мені ертеңіне учаскелік аурухананың дәрігері аудан орталығы Шолаққорғанға жолдамамен жіберді. Ол кездегі көліктің төресі аудан орталығына қайтатын сары автобус қана. Ауруым жаныма батып, Шолаққорғанға зорға жетіп, дел-сал күйде көшеде басым салбырап, аурухананы бетке алып келе жатқанмын. Ешкімге де, ештеңеге де назар аударуға халімде, зауқымда жоқ.

            Бір кезде қарсы алдымнан қара костюм-шалбары денесіне құйып қойғандай жарасқан, қап-қара туфлиі де жарқырап көзге ұрған, дене бітімі ерекше, шашын шалқасынан қайырған, қадамын нық басқан бір кісіні көрдім. Тротуармен маңғаздана жүрген, өзіне-өзі сенімді, жан-жағына нұр шашқан әлгі адамның менің көңілімді өзіне аудара тартқаны сонша, бір сәт айналамда ол кісіден басқа ешкім жоқтай сезілді. Мына сымбатты да келбетті жанғана айналаны көркемдік, парасаттылық, сенімділік, адамдық қуатымен толтырып, өмір сүрудің басты қасиетін танытып, өзгелеріміз әшейін-ақ жүрген пенделердей сезімге тарта жөнелді мені. Үлкен егін алқабында жалғыз комбайн көргендей сезім биледі. Жанымнан өтіп бара жатқан ол кісіні көзіммен ұзатып салып тұрып, өзімнің кеше түннен бері мазамды қашырған ауруымды да, тіпті өзімді де ұмытқандай халде тұра беріппін. Ол кісі біраз жер ұзап кеткенде ғана жан-жағыма қарап, бірінші жолыққан бейтаныс біреуден:

— Анау кісі кім? – деп сұрадым.

— Қайсы кісі? – деді ол.

— Анау қара костюм-шалбар киген кісі, — дедім.

— Е,е. Ол аудандық партия комитетінің бірінші секретары Бәкір Ахметов деген ағамыз, — деді де өз жөнімен кете барды. Менің жадымда «Аудандық партия комитетінің бірінші секретары», «Бәкір Ахметов» деген есім жатталып қалды. Осылайша кісілігімен, парасатымен, сырт пішімімен жерден емес, көктен түскендей әсер еткен осы көріністен кейін «мен осы кісіге ұқсаймын, аудандық партия комитетінің бірінші секретары боламын» деген ойға шомып, соның жетегінде жүрдім университет бітіргенше. Балалығым болар бірақ, сол аудандық партия комитетінің бірінші секретары деген қызметке қалай баратынын, ондай оқудың бар жоғын өзім білмеппін, ешкімнен де сұрамаппын. Тек сондай адам, сондай қызметкер, сондай парасатты болуды армандаған бала көңіл- күймен жүре беріппін. Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, диплом алар кезеңде сол оқу орнында қызмет істейтін ағам Мейрамбек «Енді көп ұзамай диплом аласың қолға. Одан әрі кім болғың келеді?», деп сұрады. Баяғы Бәкір Ахметовтің бейнесі көңілімде жүрген мен «Аудандық партия комитетінің бірінші секретары боламын», — деп сарт еткіздім. Ағам ойланып қалды да «Мынауың керемет қой, ниетің жақсы екен. Ондай болса Қазақстан Компартиясы комитетінде тексеру комиссиясының председателі Халықов деген кісі бар. Сол кісінің күйеу баласы менің жақын досым. Жақында осында келеді. Сонымен сөйлесіп көрейік, қандай ақыл қосады екен» деді. Арада біраз уақыт өткенде айтқан досы келіпті Қарағандыға. Ағайын үйінде дастархан басында кездестік. Ағам мені таныстырып, туған інім, университет бітірді. Диплом қолында. Мақсаты аудандық партия комитетінің бірінші секретары болу деді. Әлгі кісі менен кім болмағымды қайталап сұрап, «Бірінші секретарь» деген таңдауымды естігенде рахаттана күлді дейсіз. Содан соң «бірінші секретардан бұрын, жалпы партиялық қызметке іліну үшін міндетті түрде коммунистік партияның мүшесі болуың керек партияда барсың ба?» деді. Мен басымды шайқадым. Партияға өтпесем ешқандай да басшылық лауазымға жете алмайтындығымды түсіндірген ол кісі қызметкерлердің партия мүшесі болуының өте қиын екендігін тағы да құлағыма құйды. Содан соң ауылыңа барып, партияға оңай қабылдану үшін қой бақ, кемі екі-үш жыл деген кеңес берді. Мен жолдастарымның оқуды оңдырмай, енді қойшы болып жүр дегенін айтып келіспедім. Онда құрылысқа бар, қатардағы құрылысшы болсам да тез қабылданатыныңды айтып еді, мен оған да көмбедім. «Армияға бардың ба?» деді. Бармағанымды естіген соң, онда армияға барып, жақсы қызмет етіп, сол жақта партия қатарына өтуге болатынын тағы ұғындырды. Сонымен коммунистік партия мүшелігіне өтпесем, аудандық партия комитетінің бірінші секретары, яғни Бәкір Ахметовтей бола алмайтынымды түсінген мен университеттік жолдамамен Қызылорда облысына жіберілдім. Көп ұзамай үйде анамның жалғыз қалғандығын айтып отырып, келісімдерін алып, елге Созаққа қайттым. Әуелі жұмысымды орталықтағы мемлекеттік банкте бастап, жарым жылдан соң әскерге шақырту алдым. Банктің меңгерушісі жақсы маман ретінде әскерге шақырудан алып қалатынын ескертті. Мен аудандық әскери комиссариатқа барып, Отан қорғауға дайын екенімді айттып, өз өтінішіммен сонау Сібір аймағынан бірақ шықтым. Камчаткінің жанындағы Елизова қаласында әскери борышымды өтеудегі үлгілі қызметім, ешқандай устав талабын бұзбағандығым бағаланып, коммунистік партияның мүшелігіне кандидат болып қабылдандым. Ол кездегі талап бойынша партия қатарына әуелі мүшелікке кандидаттыққа қабылданып, бір жыл сынақ мерзімінде жүретін. Содан кейін барып мүшелікке қабылдайтын. Ауылға партия қатарының кандидаты болып оралдым.

            Туған ауылым Құмкентте маған лайық жұмыс та, қызмет те табылмай бос жүргенмін. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші секретары Бәкір Ахметов шақырып жатыр деді. Ол кісі ешқашан көрмеген мені қайдан біледі? Деген таңданыспен аудан орталығына келіп, партия комитетінің кеңсесіне бардым. Сөйтсем мен қызмет еткен әскери бөлімнен «Партиялық есеп кітапшам» осында жіберіліпті. Соған қарап мені Бәкір Ахметов өзі іздепті. Ол кісінің жалпы басқа жақтан партия қатарына өтіп, осындай есеп кітапшасы жіберілген жас коммунистерді өзі жеке қабылдап танысатын дәстүрі бар екен. Отбасылық жағдайымды, туған-туыстарым, тағы да басқа мәселелерді, болашаққа мақсатымды сұрап, біраз әңгіме жасады. Менің әкемді сырттай білетін болып шықты. Бір кезде маған «Шу» совхозына аға экономист болып баруды ұсынды. Мен анамның жалғыз екендігін алға тартып келіспедім. «Шу» совхозының директоры аудан орталығы Шолаққорғанда жүр екен, іздетіп шақыртты. Ол кісі келіп еді, мені таныстырып, барлық жағдайын жасайсың деп тапсырма берді. Мен тағы да келіспедім. Біраз-біраз ашуланды да «Құмкент» совхозының партия комитетінің секретарына телефон шалып, мен туралы айтып, қызмет тауып беруді тапсырды. Келсем, совхоз директоры қызмет жоқ, декретке кететін бір есепшінің орны босайды, бірақ адам бар деп жолатпады. Содан парткомға барып, жағдайдың өзгергенін ескерттім. Мені ертіп директорға кірген партком секретары бұл тапсырманы берген Ахметовтің өзі екендігін айтты. Совхоз директоры мені аталған қызметке уақытша қабылдады.  Осы қызметте алты ай істеген соң, декретке кеткен апайым оралып, қызметтен босағаным сол ауданда «Сельхозэнерго» деген мекеме жаңадан ашылып жатыр, соған бас есепші болып келсін деген бұйрық түсті. Солай болуы керектігін бірінші өзі айтса керек. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Балтабек Ботанов ағамыз маған жұмыстың қиындығын біраз түсіндіріп, ақыры сол қызметке жіберді. Белсенді маман, партияның насихатшысы бола жүріп, араға бір жарым жыл өткенде аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушылыққа шақырылдым. Бас есепші дұрыс па, нұсқаушылық дұрыс па дегеніме ақылшыларым аудандық партия комитетіне қызметке екінің бірінің шақырылмайтынын, оған әркімнің қолы жете бермейтінін ескертіп, барғын деді. Жұмыс таппай жүрген кезде аудандық ішкі істер бөліміне ойым кетіп, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына ОБХСС бөлімінен қызмет сұрап бардым. Ала алмаймыз, учаскелік милиция өкіліне қабылдайын деді. «Маған милицияның формасын кимей жүріп орындайтын қызмет керек» деп келіспедім. Арада екі-үш жыл өткенде аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары қызметіне ұсынылып, сайландым. Міне, осы кезде баяғы милиция бастығы «бізге сұранған ОБХСС-іңе кел, жас коммунист керек болып жатыр» деп хабарласты. Әрине, аудан жастарының жетекшілігін, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі деген лауазымды тастап бармадым. Бәкеңмен қызметтес болдым. Ол кісі менің еңбекқорлығымды, алда мақсаты бар, ойы қалыптасқан азамат екенімді бағалады.

            Осы қызметтерді абыроймен атқара жүріп, мен Бәкір аға Ахметовтің көп жақсы қасиеттерін көрдім. Ол кісінің дәл өзіндей бола алмасам да, ұқсап бағуға тырыстым. Сондағы ұққаным да, ұтқаным да егер халыққа қалтқысыз қызмет ете алсаң, оныңды көпшілік те, қызметтес басшыларың да елеусіз қалдырмай, сәтін салған күні бағалайтындығы. Біздің теріскей өңірінде ширек ғасырға жуық қызмет жасап, оның ішінде үздіксіз он сегіз жыл бойына ауданды басқарып, аудандық партия комитетінің бірінші секретары дейтін жауапкершілігі өте жоғары басшылық жұмысты атқара жүріп, Бәкір аға Ахметов сол уақыттың талабына сай еңбек ете жүріп, Созақ өлкесін көтерді. Ал Созақ өлкесі де Бәкір Ахметовті жоғары бағалады. Осындағы қызметінде ол кісі кеңес заманының ең жоғары наградасы Ленин орденімен, «Октябрь революциясы» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезіне делегат әрі орталық партия комитеті Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды. 1980 жылы ҚазССР Жоғарғы Совет депутаттығына сайланған Бәкір ағаның Созақ, Қазығұрт аудандарының «Құрметті Азаматы» атанғандығы ерен еңбегіне көрсетілген елдің құрметі екендігі даусыз. Ол кісінің жарқын бейнесі өзі тәрбиелеген әріптес інілерінің есінде әрдайым жүре бермек.

            Қазір ойланамын. Егер сонау 1976 жылы ол кісіні көрмегенімде, парасатты жүрісін, маңғаз бейнесін бағаламағанда менде үлкен мақсат, болашаққа деген талпыныс, желкені қисаймайтын ізгі арман болмас еді. Жаратушының сол мезетті көрсеткеніне ризашылығымды білдіремін. Ұлы Абай ақын айтпақшы бір жақсыға ұқсап бағу үшін ол жақсыны көру керек. Оның шарапатын көрсең, одан өзің жігерленіп шығасың. Қазір қызметте жүргенде облыс басшыларымен, республика деңгейіндегі лауазымды қызметкерлермен, депутаттармен жиі кездесіп тұрамыз.  Әр адамнан әртүрлі әсер аласың, білімділердің, ізденістегілердің ой өрісіне, талабына, талпынысына, білген тәжірибесіне таң қаласың, мойындайсың. Айта кетерлік жайт. Өмір жолында Бәкір Ахметов, Балтабек Ботанов, Досыбай Шерімқұлов, Нұрдаулет Сәрсенов, Әбдірахман Омбаев, Қуаныш Айтаханов, Камардин Сарсенбеков сынды ағалардың қарамағында әртүрлі қызметтер атқардым. Әрқайсынан әртүрлі жұмыс үйрендім, тәжірибе жинақтадым. Менің өсу жолымда осы тәжірибелер өзіндік ықпалын тигізді. Сол үшін асыл ағаларға, ұстаздарыма ризашылығымды, жақсы тілегімді, алғысымды білдіремін.

Бахытбек Танакөзов,

Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...