Білім нұры себелеп тұрмаған елдің болашағы бұлыңғыр

  Қыркүйектің 1- күні Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына Жолдауында сайлауалды бағдарламаларын іске асыруға қатысты ой- пікірлеріне тоқталған болатын. Сол, ой-пікірлерінің ішінде «білім беру сапасын жақсарту» жайы да сөз болған еді. Білім саласына қатысты ең өзекті деген мәселелерге тоқталған ел Президенті: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе–ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек»,- деді.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген ауылдағы білім сапасы, ауыл мектептерінің бүгінгі тыныс тіршілігі жайлы сөз ету үшін. Сондай-ақ, қайтсек, ауыл мектептерінің деңгейін қала мектептерінің деңгейіне жеткізуге болады деген сауалдарға жауап алу үшін ауданымызға, тіпті, облысымыз бен республикамызға танымал ұстаз, білім ісінің үздігі Мұқанов Ақарыс Бекайдарұлына жолығып, сыр-сұхбат жүргізген едім. Сол сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынамын. Осы ретте, бұдан бір жыл бұрын да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Халқына жолдаған тұңғыш жолдауындағы білім саласы жайындағы Роман Қадырқұловтың ойларын газет бетінде жариялағанымызды оқырмандарымыздың есіне саламыз.

Сонымен, бүгінгі кейіпкеріміз жоғарыда айтқанымдай, аудан, облыс қана емес, Республикамыздың білім саласына еңбегі сіңген жан. Орта буын үшін таныстыруды қажет етпейтін азамат. Дегенмен, «көзден кеткен, көңілден де кетеді» демекші, кейіпкеріміз бұрынғыдай көп насихатталмағаны үшін, өзі қызмет істейтін білім ошағының мұғалімдері мен оқушыларынан басқа жерлестеріміз ол кісінің не тіршілік қылып жатқанынан хабарсыз. Сол себепті деүйінде оқушыларына онлайн сабақ өтіп жатқан Мұқанов Ақарыс Бекайдарұлының үйіне арнайы іздеп барып, сыр- сұхбат жүргізіп қайттым. Елімізде орын алған карантин жағдайына орай, дәстүрлі офлайн сабақтан қол үзіп қалса да оқушылары алдындағы жауапкершілігі әсте бәсеңдемеген. Жоғарыда айтқанымдай, соңғы уақыттары қылуетке түскен Құл-Қожа-Ахмет секілді қоғамнан бой тасалап, барлығы да ескерілмей қалған кейіпкерім Мұқанов Ақарыс Бекайдарұлының өмірдерегін оқырмандарымыздың жадында жаңғыртып алуды ұйғардым.

 Сонымен, Ақарыс Бекайдарұлы 1960 жылдың 28-ші қазанында Шолаққорған ауылында, көп балалы жанұяда дүниеге келіпті. Әкесі Мұханов Бекайдар қариясол тұстағы елордамыз Алматыдағы ҚазМу-дің журналистика факультетін бітіріп, саналы ғұмырын “Молшылық үшін” газетінде қызмет атқарумен өткізген. Анасы Смағұлова Хадиша апа ұзақ жылдар ҚазПоштаның аудандық бөлімшесінде есепші болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ә, айтқандай Хадиша апамыз жуырда ғана бақилық болды. Ол кісілер отбасында алты ұл,екі қызды дүниеге әкеп, тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып кетті. Ақаң, бауырларымен бірге бастауыш сыныбын Ә. Молдағұлова атындағы орта мектепте оқыған. Кейіннен, 5 сыныпта Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепке ауысып, 10 жылдықты сонда бітіреді. Болашақ бейресми ғалым, білімді де білікті ұстаздың тұлғасы осы уақыттарда қалыптаса бастайды. Хакім Абай айтқандай, кейіпкеріміздің қалыптасуына оқып- тоқыған текті әулеттен шыққаны, ұстаздарының ұстанымы және ұлттық, кеңестік және әлемдік әдебиеттің ықпалы мол болған. Әдебиетпен әбден сусындаған бала Ақарыстың арманы әкесі секілді журналист болу еді. Дегенмен, сол уақытта ауданда әжептәуір қызмет атқарған ағасы Мұқанов Ақшал қарияның айтқанын екі етпейтін әкесі: «Шырағым, Ақарыс! Ақшал көкең, Ақарыс Қызылордадағы Педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне тапсырсын деп жатыр. Бір үйге бір журналист жетер, көкеңнің айтқанын істе балам, бәлкім бір білгені бар шығар»,-дейді. Сөйтіп, көкесі мен әкесінің кесімді сөзі кейіпкерімінің бала арманына соң беріп, нәтижесінде  айтулы ұстаз болуына сеп болады.

 Содан Ақарыс Бекайдарұлы 1978-1983-ші жылдары аралығында Қызылорда педагогика институтының жаратылыстану факультетінде оқуға түсіп, бітіріп шығады. Бітіретін жылы топ жеткшісі Огай ТаисияВасильевна химия факультетінің меңгерушісі Адиевке ертіп барып, институттың атынан Москвадағы одақтың Ғылым академиясына бір ғана жолдама барын және соған Ақаңды лайық көріп отырғандықтарын мәлімдейді. Бұл қалай, менен гөрі үздік оқитын жігіттер мен қыздар бар ғой дегеніме қараған жоқ, керісінше: «Сенің бойыңда ғалымдарға тән қайсыбір қасиеттер бар, сондықтан ойлан»,- деп мұрсат берген көрінеді. Бірақ, ол кезде білім-ғылымға қызығушылығы аса ояна қоймаған кейіпкеріміз ұстаздарының ұсынысын сыпайы түрде кері қайтарады.

 Осы ретте, Ақарыс Бекайдарұлы институтта білім берген ұстаздары жайлы естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, Таисия Васильевна тобындағы студенттердің шалғай ауылдардан келіп, жатақханада жатқандарына кәдімгідей қамқорлық танытқан көрінеді. Бөлмелерінің тазалығы мен жылуына, киімдерінің бүтіндігіне және ішіп-жемдеріне дейін көмектесіп, өз балаларындай қорып, қолдап жүретін ұқсайды.

 Сонымен, қатар кейіпкеріміздің химия пәніне, ғылымына деген қызығушылығын ұстаздары: органикалық химиядан сабақ берген Әміреев Рахыш Әміреевич пен аналитикалық химиядан дәріс оқитын Козырь Бронислава Ефимовналар оятқан. Ақаңның айтуынша, ол кісілер өз салалары бойынша аса сауатты болғанға ұқсайды. Хакім Абай «Отыз бірінші қара сөз»- інде айтқандай:

 Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер»,- деп.

 Білікті ұстаздар шәкіртіне дәріс оқығанда бәлкім біліп, бәлкім білместен хакім Абай көрсеткен әдістемені жүзеге асырған көрінеді. Яғни, Ақарыс Бекайдарұлының өздерінен естігендерін ұмытпасы үшін дана Абай айтқан төрт түрлі себепті бойына әбден сіңірсе керек.

 Иә, сонымен кейіпкеріміз 1983-ші жылы аталмыш жоғарғы оқу орнын бітіріп,Қыземшек кентіндегі қазіргі Л. Бөкенов атындағы мектепке химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады.

 Ал, 1984-1985-ші жылдар аралығында Луночарский атындағы орта мектепте жұмысын жалғайды. Сондай- ақ, 1985-ші жылы Ақарыс ағамызды аудандық білім бөлімінің сол тұстағы меңгерушісі С.Байділдаев әдіскерлік жұмысқа шақырады.Аудандық білім бөлімінде бір жылдай жұмыс атқарып, 1986-1988-ші жылдары Отан алдындағы әскери міндетін өтеп қайтады. Екі жыл қатарынан Кеңес Одағы әуе- десантында қызмет атқарғаны да өмірдің қайсыбір қиындықтарын жеңуге кәдімгідей себін тигізеді. Сондықтан да, тәжірибелі ұстаз өз шәкірттеріне: «өмірде, білім- ғылымда белгілі бір нәтижеге қол жеткіземін десеңдер спортты серік етіңдер»,-  деп үнемі айтып отыратын көрінеді.

 Мұнан соң,  кейіпкеріміз1988-1999-шы жылдар аралығында өзі білім алып шыққанЫ. Алтынсарин атындағы орта мектепке химия пәнінен мұғалім боп қайта жұмысқа орналасып, қызметін жалғастырады.Ал, 2000-шы жылыТ.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп лицей- интернатына ауысып, содан бері аталмыш білім ошағында химия пәнінен сабақ беріп келеді. Ауданымыз бойынша білімді де білікті мектеп басшыларының бірінен саналатын Тұрғанбаев Берік Мыңжанұлының мұрындық болуымен Химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытатын лицей мектебі заман талабына сай жабдықталады. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол тұста оқушылардың тереңдетіп алған білімдері мен түрлі деңгейдегі пән олимпиадаларынан алған жүлделі орындары мен жетістіктері аудан, облыс әкімдерінің рейтингіне едәуір әсер еткен көрінеді. Сол себепті де аудан әкімдігі мен білім бөлімінің және мектеп әкімшілігінің тарапынан химия- биология пәндернің мұғалімдері Ақарыс Бекайдарұлы мен Жұмашов Кенжебек ағайларға қатты қолдау көрсетілгенге ұқсайды. Қойылған талап,облыстық,республикалық білім жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп, аудан мектептерінің білім деңгейін дәлелдеуі тиіс болған.Осындай ауыр талапты орындауда өз әріптесі,биология пәнінің мұғалімі Кенжебек Жұмашовпен бірге қоян-қолтық бірлесіп еңбек етеді. Осы ретте, білікті ұстаздароқушыларды пәндік олимпиада мен ғылыми жобалар жарысына дайындау жоспарын түзіп,қажетті әдебиеттер жинақтап,таңдап алған оқушыларды сабақтан тыс уақытта білім жарыстарынажүйелі дайындау жұмысын бастап кетеді.Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл өзі“инемен құдық қазғандай” өте күрделі жұмыс болған.Себебі, олимпиада есептері логиканы,біліктілікті қажет ететін күрмеуі қиын тапсырмалардан құралады жәнешәкірттерді күнделікті бірнеше сағаттан баптау керек. Аудан, облыс намысын қорғайтын болғандықтан, аламан бәйгелерде үлкен күшпен қол жеткізген жетістіктерді ұстап қалу да оңай емес. Әрине, бұл ретте сол уақыттағы аудандық білім бөлімінің басшысы БайділдаевСағынтай ағай мен Берік Мыңжанұлының Созақ біліміне деген жанашырлықтары ерекше сезілген. Міне, осы кезең Теріскей өңірінің білім саласы үшін бір алтын дәуірдей із қалдырған. Тағы да айтсақ артық болмас, Тұрғанбаев Бекеңнің бұл алтын дәуірге қосқан үлесі ерен болған дейді кейіпкерім. Ә, айтқандай! Ақарыс Бекайдарұлы мен Жұмашов Кенжебек пен қатар, жоғарыда сөз еткенімдей былтыр ғана өзім екі беттік мақалама өмірі мен шығармашылығын арқау еткен Созақ ауылының тумасы, «Созақ» орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Роман Қадырқұловтың бұл бағытта атқарған еңбегі орасан зор. Ең қызығы, Роман Қадырқұловтың да білімі мен білігін шыңдауға, облыстық, республикалық деңгейдегі барлық жетістіктеріне жетуге Берік Мыңжанұлының қолдауы мықты болған.. Олай дейтінім, Бекең біраз жыл Роман Қадырқұлов қызмет істейтін Созақ мектебін басқарған болатын. Менің сөзімді біреулер асыра мақтан деп түсінбесін, өзім өмірлері мен еңбек жолдары жайлы сыр-сұхбат жүргізген Ақаң мен Рекеңе және бұйыртса, сыр-сұхбатқа шақыру ойымда бар Кенжекеңдерді насихаттап отырып, олардың жеткен жетістіктеріне тәнті болып,  бұл үш кісіні  Созақ білімінің, Теріскей ұстаздарының этоллонына теңегім кеп отыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- дейді ғой дана халқымыз. Себебі, бұл үш білім бәйтеректерінің еңбегі тек ауданымыздың немесе облысымыздың ғана емес, бүтіндей Республикамыздың біліміне еңбегі сіңіп, беделін арттырып отыр деуге толық негіз бар. Нақтырақ айтсам, Ақарыс Бекайдарұлының 2002-ші жылдан бастап көптеген шәкірттері химия пәнінен облыстық олимпиада мен ғылыми жобалар жарыстарының жүлделі орындарын иеленіп, республикалық жарыстарға қатысқан. Олар: Сұлтанбаев Ержан, Оңдасын Құлымбетов, Ақерке Мұханова, Мәншүк Мұханова, Бағдан Ысқақов, Меруерт Сүгірбаева, Мөлдір Қуандықова, Нышанғали Ұласбеков, Әсел Каримова, Айнел Бақтыбайқызы, Әсел Нұржігіттер. Бұлардың барлығы дерлік, «сен тұр, мен атайын» дейтін дарынды шәкірттер көрінеді. Дегенмен, бұлардың ішінен де ерекшелеп, Ысқақов Бағдан (Қайыпұлы) мен Мұханова Ақеркенің есімін атады. Себебі, бұл екеуі облыста жеңімпаз атанып, ғылыми жұмыстары республикаға ұсынылған талантты оқушылар болғанға ұқсайды. Бірақ үлкен өкінішімізге орай,  екеуі де републикада орын ала алмаған. Ақарыс ағамыздан сұрағанымда себебін былай түсіндірді: Бұлардан, Бағдан Ысқақовтың орын ала алмауына себеп болған кейбір атақты ғалымдар секілді оның да бір өзгеше мінез иесіболғаны көрінеді. Олай дейтінім, бүгіндері аудандық ауруханада дәрігер болып жұмыс жасайтын Бағдан Қайыпұлы есепті тек ойында шығарады екен. Яғни, сол шығарған есебін өмірі қағаз бетіне түсірмейді екен. Республикалық олимпиадаға барғанда да ұстазының ескертуіне құлақ аспаған Бағдан осы бір мінезінің құрбаны болғанға ұқсайды. Себебі, берілген есептерді толық әрі дұрыс шығарған Бағдан Ысқақов осы бір қисынсыз әрекеті онсыз да бас жүлдені мүмкін болса бермеуге пейіл олимпиада комитетінің мүшелері үшін әдемісылтау болған. Екінші шәкірті, Ақарысқызы Ақеркенің де есепшығару әлеуеті өте жоғары болған екен. Бұған дәлел, Қазақ Ұлттық Университетінің қазақ химия факультетінің профессоры Бекишев  1 курс студенттерінің қарым-қабілетін байқайын деп, 30 күрделі есеп береді. Содан, өзі жинап алған студенттерінің есеп дәптерлерін тексеріп отырып,  Ақерке Ақарысқызының 30 күрделі есепті дұрыс шығарғанын көріп, таң қалады. Кейіннен кейімкерімізге айтқанындай профессор: «Бұл қалай, кеше ғана университет табалдырығын аттаған, 1 курс студенті мынадай күрделі есепті қалай шығарды»,- деп өз- өзіне сұрақ қояды. Сөйтіп, жалма- жан Мұханова Ақеркені шақырып алып: «Сен мына есептерді қалай шығардың, ұстазың кім?»- деп сұрапты. Ақерке де: «Ұстазым әкем, есеп шығаруды да сол кісі үйретті»,- деп жауап қайырады. Ғалым адам емес пе, қызығыушылығын басу үшін, Ақарыс Бекайдарұлының телефонына  хабарласып, Алматыға шақырады. Сонымен, ғалым ұстаз бен бейресми ғалым әкенің таныстығы осылай басталады және бұл таныстық екі бірдей білім иесінің достығына ұласады. Екеуара бірнеше күн сырласып, мән- жайға қанық болғаннан кейін: «Қалайша сенің шәкірттерің, мынадай дарындарымен республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанбады?»,- деп сұрайды. Ақаң: «Мен,«сізден осының жауабын білгім келеді»,- деп өзіне жабысады. Сөйтіп, Құрманғазы Бекішев сұрастырса, облыстық олимпиада ұйымы Ақеркенің есептері жазылған дәптерлерін республикаға жібермеген боп шығады. Қараңызшы, өз ісіне бей- жай қарайтынқайсыбір азамат- азаматшалардың кесірі білімді ауыл жастарының жолын қалай байлауда.

 Ә, айтқандай! Сол тұстағы аудан әкімі Әбдіқұлов Созақбай ағамыз «Катко» кәсіпорынымен келісіп, Мұханова Ақеркені Францияға жіберіп, білімін жетілдіруге ықпал етуді ұйғарады. Дегенмен, қыз баласының жападан- жалғыз шет елге шығуы Ақарыс ағамыздың көңіліне жата қоймайды дағы, аудан басшысының ұсынысынан сыпайы түрде бас тартады.

 Ақарыс Бекайдарұлының өзі 2002, 2007, 2011, 2018-ші жылдары мұғалімдер арасында химия пәнінен өткен облыстық олимпиада сайыстарында жүлделі орындарды иеленеді.Ал, 2007-ші жылы “Ең үздік ұстаз” номинациясын жеңіп алады.

 2020-шы жылы облыстық “Заманауи тәжірибелік және зертханалық жұмыстар” жарысының гран-при иегері атанады. Негізінен, Ақаңның күні бүгінге дейін иемденген атақ дәрежелері атан түйеге жүк боларлықтай. Дегенмен, тумысынан қарапайым, асыра мақтанды жаны сүйе бермейтін кейіпкерім, басқа да лайық болып жеткен жетістіктері жайлы сөз еткісі келмеді. Бүгіндері, алпысты алқымдаған Ақарыс Бекайдарұлының екі қызы Мәншүк пен Ақерке тұрмыста. Гүлназы Қызылорда да мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Ханифа мен Жәннат Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей-интернатының бастауыш сынып оқушылары. Жолдасы Динаның да мамандығы мұғалімдік. Ол да осы мектепте жұмыс істейді.

 Жә, сонымен, кейіпкерім Мұханов Ақарыс Бекайдарұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз етіп, біраз жерге барып қалыппыз.

 Мұнан әрі, кейіпкеріме мақаламызға арқау болып отырған Президент жолдауында сөз болған бүгінгі білім саласының өткені мен ертеңі және ауыл мектептерінің жай-күйі, сондай-ақ, білім саласын қайтсек жақсартамыз деген сауалдар берген едім. Білімді де білікті, жиған тәжірибесі көпке өнеге болар, бейресми ғалым-ұстаздың жауаптары да мынадай болды.

 Жалпы, посткеңестік кезеңде білім алып, еңбек еткен менің түйгенім, одақ кезіндегі білім жүйесінің де өз артықшылықтары мен кемшіліктері болды. Дегенмен, өз пәнім жөнінен айтайын. Әлі күнге дейін, химия пәнінен мықты әдебиеттер сол посткеңестік дәуірде жазылған орыс тіліндегі кітаптар. Бұл дегеніңіз, советтік дәуірдегі оқу бағдарламалары мен әдістемеліктерді жазып, шығаруға мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қараған. Жанашырлық болған.

 Сондай-ақ, ол уақыттағы мұғалімдердің білім әлеуеті мен ұстанымдары мықты болған. Сондықтан да мықты ұстаздардан білім мен тәрбие алған ол уақыттағы шәкірттердің, білімі мен білігі және ұстанымдары өзгеше болды. Өйткені, ол уақыттағы оқушылардың заманында технология бүгінгідей дамымаған, сол себепті де хакім Абай айтпақшы, ойлары кеселді нәрселерден қашық болған. Яғни, ол оқушылардың ойы уайымсыз салғырттықтан, бей-берекет ойыншы-күлкішілдіктен, я бір қайғыға салынудан және түрлі құмарлықтардан ада болды. Қайта керісінше, оқушының көкірегі байлаулы берік болуына, оқыған, естіген білімнен ғибратлану, яғни, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұқтыруға және алған білімді бірнеше қайтара қайталап, көңілге тоқуларына мән берген. Тағы бір мысал, қазіргі таңда әлемді аузына қаратып отырған АҚШ-та келешекте мемлекет басқарады-ау деген ерекше дарынды балаларды қоғамнан оқшаулап, қаланың тысындағы орманды жерлерде оңаша ұстайды екен. Мақсаттары, білім мен тәрбие алуда балаға қажеттісінен артық, керексіз информацияларды бермеу екен. Ал, біздің уақытымызда ше, мынау ғылым мен технологияның жетістіктері көптеген істерімізді жеңілдетіп, айтарлықтай мүмкіншіліктер бергенімен, зардабы, зарары да шаш етектен. Мысалға, бір ғана ғаламтордың өзінің алып кеп жатқан кесапаты неге тұрады. Демек, балаға білім берерде осы мәселелерге аса мән берген жөн. Сосын, тағы бір білімнің сапасын жақсартудың тетігі, тіпті, ең бастысы деуге болады, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай мұғалімнің мәртебесін күшейтіп, жалақысын көтеру қажет. Өйткені, қарапайым тех қызметкерден мемлекет басшысына дейін оқытып, білім мен тәрбие беретін, тұлға, ұстаным қалыптастыратын ұстаздың, ғалымның жалақысы өте жоғары болуы тиіс. Тек санасын тұрмыс билемген, ой кеселдерінен ада мұғалім ғана дұрыс ұрпақ тәрбиелей алады дейді. Сондай-ақ, Ақаң осы ойына дәлел ретінде басынан өткен мына бір оқиғаны келтірді. Сонымен, бұдан бірер жыл бұрын Ақарыс Бекайдарұлы бір ғылыми шараға шақырту алып, Шымкент қаласына барады. Содан, облыстық білім департаментінің қызметкерлері Ақаңа өзін Болысбек есімді химик- ғалым досы іздестіріп жатқанын жеткізеді. Қалай да мені іздеп келсін деп сәлемдеме жолдаған соң, кейіпкерім әріптес досын іздеп қаладағы жоғары оқу орындарының біріне барады. Барса, баяғы қарапайым ғана университет ұстазы боп жүрген танысы университеттің ректоры болып сайланыпты. Кабинетіне кіріп, амандасып, хал- жағдай сұрасқан соң досы өзінің бұл қызметке қалай келгенін екіауыз сөзбен былай жеткізеді:

 «Иә, Ақарыс! Ғылым қуып жүріп, тиын санаған мәдени қайыршыға айналып кеткенімді де аңғармай қалыппын ғой. Бірде, студенттеріме лекция оқып шығып, аялдамада тұрғанмын, қалтамдағы тиынды санап. Кенет, желке тұсымда тұрған студенттер бі- біріне сыбырлап: «Қара, дардай профессор, тиын санап жүр»,- деп келемеждеді. Қанша намыстанып, ашулансам да артыма қарамай, автобусыма отырып жүріп кеттім. Содан, бұған дейінгі әріптестерімнің: «Университет ректорын сайлауға неге түспейсің?»,- деген ұсыныстарына мән бермей жүрген мен, міне, бүгін өзің көргендей, сайлауда жеңіп, осы қызметке келдім. Бірақ, осы қадамға барғаныма өкінішім де жоқ емес. Себебі, әкімшілік жұмыстардан басымды ала алмайтын болдым. Нәтижесінде, ғылымға аз көңіл бөлетін боп жүрмін»,- деп, ішкі қынжылысын білдіреді. Міне көрдіңізбе, сананы тұрмыс билейді деген сосы. Әйтпесе, үкімет ғылым- білімге көңіл бөліп, ұстаздардың айлық- жалақыларын едәуір көтеріп қойса, бұл кісі өзі жақсы көретін ғылымын әкімшілік қызметке әсте айырбастамас еді ғой. Міне, осыдан кейін де ортаң қол ұстаздар қауымын, пара алады деп күстаналап жатамыз. Әрине, мен парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа батқан білім саласы қызметкерлерін ақтаудан аулақпын. Дегенмен, күнделікті тұрмыста қажет ішіп- жемі мен киім- кешегіне, коммуналдық шығындарына тапқан бес- он теңгесі жетпеген соң, қоғамның ең сыйлы азаматы мен азаматшасы болуға ғана лайық жандар қылмысқа баруда. Беттің  арын түріп тастап, оқушыларынан семестрлерін жауып беру үшін ақша бопсалауда. Өйткені, мұқтажын жабу үшін алған кредиттерін сұрап, банктер қысып барады. Қит етсе, есеп шоттарын жауып тастап, қоқан- лоққы жасап қысым көрсетеді. Демек, барша  мектеп,коледж және университет қабырғасынан білім алып шығатын бұқара халықтың аяулысы ұстаздар қауымын қылмысқа, арсыздыққа өзіміз итермелеп отырмыз. Осы орайда, біреулер айтуы мүмкін: «Бұрын, кеңес заманында да ұстаздар болды ғой. Қанша, күн көрістері төмен болса да әсте ардан аттамады, қылмысқа б»рмады»,- деп. Бұл ой маған да келді. Бірақ, айтуға ғана оңай. Олай дейтінім, посткеңестік заманда барша пролетарият сияқты мұғалімдер де коммунистік идеологияда тәрбиеленді. Азды қанағат тұтты. Ішер тамағы, киер киімі мен тұтынатын аздаған заты болса, соған шүкір етті. Ал қазір ше? Қазір біз капитализмге өттік. Үйіміздегі … базардағы нарық билейтін қоғамдық формацияда өмір сүрудеміз. Осының есебінен, бүкіл құндылық атауы құнсызданды. Құнсыздық атаулы да құнданып шыға келді. Өкінішті әрине.

 Дегенмен, Президентіміздің жолдауы  үкіметтен, халықтан ортақ қолдау тауып, білім саласына, білім иелеріне (ғалымдар мен мұғалімдерге)  деген көз- қарас түзеліп, лайықты мәртебесін орынына қоя алсақ қоғам ілгері қарыштап дамыр еді. Ол үшін әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ауыл мектептерінің әлеуетін моральдық және материалдық тұрғыдан арттырып, оқу бітіріп уылға келген жас мұғалімдерді дипломмен ауылға бағдарламасымен қолдау қолдау қажет. Осы ретте, мелекеттен бөлінгелі отырған 20 миллиард ақша тағы да құмға сіңген судай болмауы тиіс. Әсіресе, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлген жөн дейді, кейіпкеріміз. Ендеше, ылайым солай болғай деген нотада, біз де Ақарыс Бекайдарұлының өмірі мен шығармашылығына табыс тілеп, сыр- сұхбатымызға соң береміз.

 Сөзімді қорытындылай келе мына жәйтқа тоқтала кеткім келіп отыр. Алдыңғы жылы, ауылға жолы түсіп кеп қалғанжерлесіміз, абайтанушы- ғалым Жабал Шойымбетті «Мыңжылқы» мәдениет үйінде халықпен өткен кезесуінен соң үйге, қонаққа шақырғаным бар еді. Мақсатым, анамның әрі нағашысы әрі сыныптасы, ауданымыздың мақтанышы болған жақсы ағамен сыр-сұхбат жасап, әңгімелесіп қалу еді. Әрине, әңгімемізге көрік берсін деп бажам, бүгінгі кейіпкерім Ақарыс ағаны, бөлем әрі әріптесім Мақсат Қарғабайды да шақырған болатынмын. Сөйтсем, Жабал аға қасына ӘшірханШойынбетті де серік етіп, ерте келген екен. Содан, бұл кісілердің барлығы да бір әулеттен боп шықты. Амандасып, хал- жағдай сұрасу барысында Әшірхан Шойынбет Ақарыс Бекайдарұлын ініңіз деп таныстыра келе: «Жәке, өзіңіз де сырттай білесіз, сіздің білім әбден берілген, яғни, білім өтіп кеткен екі ініңіз бар. Бірі осы Ақарыс, екіншісі Кенжебек. Өзарамызда әзілдеп, Ақарысты «Менделеев», ал, Кенжебекті «Ломоносов» деп атап кеткенбіз»,- деп, рахаттана күліп алғаны бар еді. Мен де мақаламның тақырыбын «Созақтың Менделееві» деп алғанда осы оқиғаға сүйендім және кейіпкеріммен болғаннан сырлы сұхбат барысында ол кісіден: «Ақа, қалай ойлайсыз мұғалімдікпен шектеліп қалмағанда, сізден ғалым шығар ма еді?- деп сұрадым. Сонда, Ақарыс Бекайдарұлы біршама ойланды да: «Иә» деп қысқаша жауап бергенболатын. Осы себепті де Ақаңды танитын оқырман менімен толықтай келіседі деген ойдамын. Ендеше, Созақтың Менделееві, Ақарыс Бекайдарұлына өмірде және шығармашылықта мұнан да биік белестерге қол жеткізе беріңіз дейміз!

Данияр Бек.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...