Бүгінгі таңның талабы – қашықтықтан оқыту

«Білім саласындағы жаңа коммуникациялық технологиялар» түсінігі компьютерлік техника және электрондық анықтамалық жүйелері мен адамның әрдайым жаңа оқыту әдістерін ізденуінен пайда болады. Оны оқыту әдіс-тәсілі уақыт талабына сай өзгеруде. Қазіргі уақытта дидактикада инновациялық оқыту кеңінен қолданылуда. Инновация – бұл жаңалықтардың таралуы және құрылуы. Қазіргі педагогиканың негізгі тенденциясы оқытуды өнеркәсіптік-технологиялық процесске айналдыру үшін дидактикалық жолын және құралын табу болды. Бұл ізденіс «педагогикалық технология» деген ұғымға әкелді. ХХІ ғасырда ақпарат жүйелерінің өркендеп, ғарыштап дамып келе жатқанын білеміз.
Сауатты өмір – дамудың жаңа фазасы, бұл жаңа сауатты оқыту технологиясын құруға біртіндеп көшуді талап етеді. Оқытудың жаңа технологиясына көшу ұзақ уақыт алады. Бүгінгі таңнын талабы – қашықтықтан оқыту. Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Себебі еліміздегі мектептер Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, оқушыларды қашықтықтан оқытуға кірісті. Ал қашықтықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтықтан оқыту карантин жағдайында оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр. Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқытуда екі компонент бар: оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Мұғалімдердің алдын–ала дайындау және ұйымдастыру шаралары жүргізілмесе, программалық қамтамасыз етілмесе оқушылардың білімі жоғарыламайды. Өйткені оқушының білімін, үлгерімін көтеруіміз үшін оқытушының біліктілігін көтеруіміз керек. Қашықтан оқыту бұл мұғалімнің біліктілігін көтереді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертеді. Әрине, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады.

 Қашықтықтан оқыту жүйесінің артықшылығы: Мұғалім оқушының ішкі жан – дүниесінің сырын ашып, оның симпатикалық ынтасының дамуына жағдай тудырып отырады. Қазіргі заманда білім жүйесінің заман талабына, уақыттың сұранысына қарай ғарыштап дамуы, әрбір педагогтан сабақты ғылыми жобада жасауын талап етеді. Сабақты ғылыми жобада жасай білген мұғалім оқушы жүрегіне жол тауып, оның сабаққа деген қызығушылығын арттырып, мұғалім мен оқушы арасында түсінушілік пайда болады. Мұғалімнің коммуникативті дамуы: оқушыларды тыңдау, олардың көзқарасын түсіне білу, сын жасай білу, әңгіме ұйымдастыра білу керек. Әрбір мұғалімнің бойында шартты рефлекциялық қасиеттер қалыптасуы керек: балаларды оқытуды өзінің тәсілін жұмысында қолданып, қиын жағдайларда шешімін тауып, шыға білу керек. Қашықтан оқыту курсы осыған бағытталған. Қашықтан оқытуды екі негізгі бөлікке бөлуге болады: техникалық және дидактикалық. Оның құралы болып телекоммуникациялар, аудио және видео жазбалар, жергілікті және ауқымды компьютерлік желілер. Ұйымдасқан – дидактикалық құрылымда қашықтан оқыту оқытудың негізгі компоненті болып табылады, оқушылардың өз бетімен білім алуы. Ақпараттық технология жақсы дамығанымен ол оқытудың басты құралы болып есептелмейді. Ол үшін оқу бағдарламасында және оқыту әдістеріне өзгеріс енгізу керек. Жаңа технологияны қолдану мұғалімдерге дайындық жұмыстарына көп уақытты керек етеді. Әрбір мұғалімнен ізденуді, шығармашылық жұмыс жасауды, алыс – жақын шетелдердің озық тәжірибелерімен танысуды және оның күнделікті өмірде қолдануды қажет етеді. Оқушылар қашықтан оқу арқылы өз білімдерін жетілдіре алады және ақпарат жүйлерін пайдалану мүмкіндігі артады. Мысалы керекті әдебиеттер мен оқу кітаптарын іздеу, бақылау және тестік тапсырмаларды орындау, лабороториялық жұмыстар, дайын баяндамалар, қашықтан олимпиядаға қатысу оқушының шығармашылық потенциалының дамуына әсер етеді.

2020-2021 жылғы жаңа оқу жылы елімізде қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша басталғаны белгілі. Осы орайда ауданымыздағы білім саласы, мектептердің қазіргі жай-күйі жайында сөз етпекпіз.

Ауданымызда жалпы білім беретін 35 мектеп бар. Оның ішінде толық жинақталған 23 мектеп, шағын жинақталған 12 мектеп. Аудандағы барлық оқушылар саны – 15450, оның ішінде штаттық режимде 1383 бала, қашықтан оқу форматында 14067 бала білім алуда.

2020-2021 оқу жылы Республика бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 тамыздағы «Орта білім беру ұйымдарында 2020 — 2021 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» №340 бұйрығының негізінде оқу жылы басталды. Оқу жылы ішіндегі каникул 3 кезеңнен тұрады: 1-11 – сыныптарда: күзгі каникул – 10 күн, қысқы каникул – 11 күн, көктемгі каникул – 12 күн және 1-сыныптарда: қосымша каникул – 7 күн (2021 жылғы ақпан айында).

2019-2020 оқу жылындағы бітірушілер саны – 682, Оның ішінде 53 оқушы «Алтын Белгі» белгісінің иегері атанса, 47 оқушы Үздік аттестатқа қол жеткізді. 2020 жылғы грант иегерлерінің саны – 263 оқушы болды.

Аудандағы толық жинақталған 23 мектеп «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №137 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы мимнстрліктің 2020 жылғы 28 тамыздағы №374 бұйрығына сәйкес қашықтан оқу форматына көшсе, қалған 12 шағын жинақталған мектеп санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, штаттық режимде (дәстүрлі форматта) жұмыс жүргізуде.

Қазіргі таңда қашықтан оқып жатқан толық жинақталған 23 мектепке бюджет қаржысы есебінен сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық талаптарға сай болуы үшін аталған мектептерге дезинфекциялық құрал-жабдықтар жеткізілді. Жуырда ата-аналардың өтініштеріне сәйкес кезекші сыныптар (әр кезекші сыныпта 15 оқушыдан артық емес) ашылады деп күтілуде.

Білім беру ұйымдарына 1 сыныпқа оқушыларды қабылдауды автоматтандыруға сай 1 сыныпқа келетін оқушыларды қабылдау mektep.sitcen.kz  сайты арқылы жүзеге асуда. Білім беру мекемелеріне педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдау автоматтандырылып, жұмысқа қабылдау www.jumys.sitcen.kz сайты арқылы жүргізіледі. Ал техникалық қызметкерлер www.enbek.kz сайтында жариялану арқылы қабылдануда.

2020-2021 оқу жылында 11-сынып жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп, толығымен 1-11 сынып жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Барлық мектепте «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы министрліктің 2020 жылғы 28 тамыздағы №373 бұйрығына сәйкес бағалау жүргізіледі. Аталған бұйрыққа сәйкес биылғы оқу жылының ерекшелігі – қалыптастырушы бағалау балдық жүйемен (1-10 балл аралығында) бағаланады. Оқу жылының басында Білім және ғылым қызметкерлерінің Созақ аудандық кәсіподақ комитеті қашықтан оқыту жағдайында сапалы жұмыс жүргізу үшін әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, жалғызбасты, көп балалы 20 мұғалімге компьютер алуға (әр қайсысына 50 мың теңге көлемінде) қаржылай қолдау көрсетті. Қашықтан оқу форматына көшкен 23 мектеп қазіргі таңда «OnlineMektep» платформасы арқылы жұмыс жүргізуде.

Аудан мектептеріндегі (35 мектепте) компьютерлер саны – 1980. Оның ішінде жарамдысы – 1498. Қазіргі таңда барлық мұғалімдер компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген. Қашықтан оқытылатын 23 мектептегі барлық 1603 компьютердің жарамды 1201-і үй жағдайында компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік осал топ құрамына кіретін мұқтаж отбасындағы (аз қамтамасыз етілген, жетім, ерекше оқуды қажет ететін) оқушыларға уақытша үлестірілді.

Сонымен қатар, «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарына 100 дана компьютер сыйға тартты. Сондай-ақ, жуырда республикалық бюджет есебінен келген планшеттер аудан мектептеріне таратылып берілген болатын.

Мектептегі білім беру жүйесін қашықтан оқытуға дайындау кезінде республикалық бюджет қаражатынан бөлінген компьютерлік техниканы бөлу рәсімі қолжетімді және ашық болуы тиіс. Осыған байланысты республикалық бюджет қаражатынан бөлінген компьютерлік техниканы бөлу мақсатында аудандық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының сатып алу және жергілікті қамту бөлімінен, аудан әкімдігінің ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі бөлімінен, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен, «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалынан, аудан әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі және мектептерден информатика пәнінің мұғалімдері мен бағдарламашылары қосылды.

 Білім мекемелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары мен қыс маусымына дайындығы

Жоғарыда білім саласы, қашықтан оқыту жүйесі жайлы айтып өткен болсақ, ендігі жерде қысқы маусым, мектептердегі жылу жүйесі жайлы айтып өтсек.

Жалпы, аудандағы 35 мектеп пен 2 мектептен тыс мекемелердің 13-і сұйық отынмен, 20-ы қатты отынмен, 2 мектеп жай пешпен, 1 мектеп электр жүйесімен және де 2 мектеп орталықтандырылған жылу жүйесі бойынша жылытылады.

2020 жылы білім бөліміне қарасты 22 жалпы орта мектептке қажетті 8032 тонна қатты отынның, әр тоннасы 11500 теңгеден 85 млн 329 мың теңгеге келісім шарт түзіліп, қазіргі таңда қатты отын мектептерге толықтай жеткізілген. Ал, сұйық отынмен жылытылатын 13 мектепке қажетті 634 000 литр сұйық отынға, 1 литр бағасы 168 теңгеден 106 млн 512 мың теңге қаралып, қазіргі таңда мектептерге кезең кезеңімен цестирна сыйымдылығына қарай сұйық отын тасымалданып жатыр. Жылу маусымы басталған уақыттан бері бүгінде аудандағы барша мектептер толықтай жылу жүйелерін іске қосып, жұмыс жасап отыр.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарына келер болсақ, 2020-2021 оқу жылына дайындық барысында білім бөліміне қарасты 35 мектеп пен 2 мектептен тыс мекемелерге әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, аталған жұмыстар толығымен аяқталған. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралған. Сонымен қатар, аудандық бюджеттік комиссияның қорытындысымен білім бөліміне қарасты 6 мектепке, атап айтқанда, «Созақ» мектеп-гимназиясына, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясына, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Мұратбаев, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептеріне әжетхана салуға қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «ALUA DS» ЖШС жеңімпаз болып анықталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.

Қорыта айтқанда, әлемді жайлаған індеттің тезірек көзі жойылып, еліміз бұрынғыдай қалыпты өмір сүру режиміне оралса, оқушыларымыз мектеп табалдырығын қайта аттап, сылдырлаған қоңырау үнін естіп жандары жадырап жүрсе, бүлдіршіндеріміз балабақшаларға барса, адамнан адам сескенбей, шүйіркелесіп әңгіме дүкен құрып отыратын мына өмірдің қарапайым құндылықтары қайта жанданса дейміз.

Нұрсұлтан Қанатұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...