Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ҚР Президентінің 2022 жылғы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шу, Тасты ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті. Есептік кездесу жиынында аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында сөз етті.
— Шу ауылдық округінде алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген жарықтандыру мәселесі бойынша Тәукехан көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, мал өлекселерін тастайтын «Беккери» шұңқырының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржысы қаралды. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады. Бүгінгі таңда Шу ауылдық округінде алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс пікірлер толығымен орындалып, өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл жылы да жоспарларымыз көп, өткен жылдан асыра орындамасақ, кем қылмаймыз,- деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы осы жылы атқарылар біршама жұмыс жоспарымен бөлісті.
Аталған жиын Тасты ауыл округінде жалғасып, тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар баяндалды. Атап айтар болсақ, Амангелді, Қазақстан көшелеріне 1,2 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салынып, Қазақстан көшесінен ауылдың кіре беріс аркасына дейін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Қылти елді мекенінен оқушыларды мектепке тасымалдауға «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны демеушілігімен ағымдағы жылдың қаңтар айында газель автокөлігі берілді. Өткен жолғы жиында Тасты ауыл округінің тұрғындары Мәдениет үйі салынып берілсе деген талап тілектерін жеткізген болатын. Осыған орай ағымдағы жылы Тасты ауылынан 75 орындық мәдениет үйі салынатын болады. Бүгінде жобалық сметалық құжаттамалары дайындалуда. Жиында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан басшысы көтерілген мәселелерді назарда ұстайтындығын айтты.
Аудан әкімінің кезекті есеп беру жиыны Қыземшек кенті мен Жуантөбе ауылында жалғасты. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентінде болып, ондағы «Шолаққорған-су» КММ мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу жүйесіндегі сұйық және қатты отынмен жанатын жылу қазандықтарының жай-күйін бақылады.
Қаңтар айында ауа температурасының суықтығына байланысты, ең алдымен тұрғындарды сапалы жылумен қамту керектігін айтып, тиісті мамандарға бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, өткен аптада Қыземшек кентінде ауа температурасы -13 градусты көрсетсе, жылу қазандығынан шыққан температураның баруы 70 градусты, қайтуы 50 градусты көрсетіп тұрған болатын.
Қыземшек кентінің тұрғындарымен кездесу жиыны барысында аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді баяндады. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын, биылғы жылы Таңбалы тас көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, Қыземшек кенті дәрігерлік амбулаториясына анализ алатын арнайы лаборатория ашу және мал өлекселерін тастайтын «Беккери» шұңқырының құрылыс жұмыстарын бастау жоспарда екенін жеткізді. Жиында тұрғындар тарапынан әр сала бойынша қойылған өтініш-пікірлер тыңдалып, орындау үшін жауапты мекеме, бөлім басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, жеке тұлғаларға ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бұйрығына сәйкес ағымдағы жылғы бірінші ақпаннан бастап жылу тарифінің төмендегенін хабарлады.
Жуантөбе ауылдық округінде жалғасын тапқан жиында аудан әкімі атқарылған және алдағы уақытта атқарылар бірқатар жұмыстарды тілге тиек етті.
-Мен аудандағы ауыл округтер мен елді мекендерді жоспардан тыс та жиі аралап, жай-күйін бақылаудамын. Осы ауданның азаматы болғандықтан бұл ауылдағы атқарылу керекті өзекті мәселелер маған етене таныс. Шу бойындағы елді мекендер сұранысына орай Жуантөбе ауылдық емхана ғимаратына арнайы зертхана үшін 2 бөлме әзірленген, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін анализ алатын лаборатория ашу жоспарлануда және жақын күнде жедел жәрдем көлігі берілетін болады. Сондай-ақ, Жуантөбе ауылдық клубының жылыту қазандығы мен еденіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржысы қаралды,- деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Есептік жиындар соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша аудан басшысына жүгініп, оларға тиісті бөлім-мекемелер тарапынан заң аясында жауаптар берілді.
Нұрсұлтан Қанатұлы.