Азаматтығын ата аманатына балаған

 Халқымызда «Жақсылардың жан дүниесі айналасына шамның жарығындай түсіп тұрады» деген жақсы теңеу бар. Осындай қилы қиын кезеңде сол шамның жарығына зәру жандар, ер-азаматтардың созған қолын есінен шығармай айтып жүреді. Жақсының жақсылығын айтсақ, көпшілік қауымға, оның ішінде қолында күзірі бар жандарға өнеге болары ақиқат. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған азамат та өз есімінің газетке жариялануына алдында үзілді-кесілді қарсы болса да, кейін біздің уәжімізге құлақ асып, тоқтап, «жарайды елге пайдасы тиер нәрсе болса, келістім» деп жылы жымиып, ризашылығын берді. Кешегі кеңес өкіметі тұсында дүниеге келіп, пионер, комсомол, партия жолдарынан өтсе де қанындағы тектілік қасиетін атадан аманатындай қабылдап алған Орынбек аға әке өнегесін алған аптал азамат. Ауылдан шалғай шет, Шымкент қаласында тұрса да, өзі туып, өскен ауылын, ауданын бір сәт есінен шығармаған Орынбек аға қолынан келер жақсылығы мен игі істерін еліне жұмсағысы келіп тұратын.

Жақсыда жаттық болмайды,

Жат көрмес туған қауымын.

Мекеннен жырақ жүрсе де,

Ұмытпас өскен ауылын.

Тамшыдай тамып кетеді,

Қуантып барша бауырын.

Жауындай жауып кетеді,

Күмбірлеп келген күздегі,

Орынбек үшін тым ыстық,

Әкенің қалған іздері.

Аққолтық Жартытөбеден,

Балалық шағын іздеді.

Ысқақ бап жатқан Бабата,

Иманнан күдер үзбеді.

 Кешегі отты жылдарда,

Халыққа түскен сындарда.

Ел ұлы болған Жұмабек,

Жұбаныш болған мұңдарға.

Соғыстан аман ап шыққан,

Ел жұртты ауыр тылдарда.

Жұмабектен туған Орынбек,

 Лайықты ерен ұлдарға,-деген жыр жолдары Орынбек ағаның адами қасиетін айғақтай түскендей әсер береді.

 Кешегі алдыңғы аға буын Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Аманжол Найманбаев сияқты ағаларының бойындағы ізгілік қасиеттерді бойына сіңіріп өскен азамат.

 «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»  демекші ауылдастарынан Орынбек аға туралы ұдайы жылы пікірлер естіп, мерейіміз көтеріліп қалады.

 -Расында Орынбек бауырымыз ауылда өсті. Көз алдымызда ер жеттті. Бала кезінен ойы ұшқыр, өресі биік, халыққа, ауылдастарына жақын болып есейді. Қолынан келсе, елмен бөліскісі келіп тұратын жомарттығы, ақ көңіл, ақ пейілділігі мол жан ретінде елдің құрметіне жастай бөленді. Ауылға келген сайын жасы үлкен біз қатарлы ағаларын іздеп жүріп амандасып, жағдай сұрасып, ағыл-тегіл жаңалығымен, әңгімесімен бөлісіп, қайтады,-дейді ауылдас ағасы Егізтай Еспаев.

 -Бізде үш ауыл -Жартытөбе, Бабата, Аққолтық болып үш жерде орналасқанымен баяғы совхоздың кезінен бері бір орталыққа бағынып, бір ауыл болып кеткенбіз. Әлі сол жолмен келеміз. Біріне-бірі бауыр, құда-жекжат, нағашылы-жиен дегендей туыс-тума болып, қанымыз араласып кеткен. Орынбек бәріміз шаруашылықта, құрылыс саласында аралас-құралас болдық. Атаға бөліну, ру сұрасу дегенді білмей өстік. Ол жастайынан спортқа жақын болды. Біздің достық, жолдастық, сыйластығымыз бәрінен биік тұрды. Әлі де солай. «Тамса еліме, туған жеріме, туып-өскен ауылыма тамсын!» деген пайым парасатты мақсат тұтқан Орекең бүгінде ауылдың сыйлы азаматы. Мейлі, қалада тұрсын бәрібір. Ел азаматтары тарапынан бастама, бір мәселе бола қалса, есімізге алдымен Орекең түседі. Елдің қуанышынан, жақсылығы мен басқа да жағдайларынан бейтарап қалмай, қашанда болсын істің басынан табылып жүреді. Яғни, былайша айтқанда қашанда ел дегенде көлігі оталулы тұрады. Сол себепті Орекеңнің өз есімі айтып тұрғандай Орынбектің біз үшін орны бөлек,-дейді ауылдасының бірі Әшімхан Тәпі.

 Орынбек аға туралы әңгімені әкесі Мықтыбаев Жұмабек атамыздың өмір, еңбек жолынан бастасақ. Жұмабек ата 1898 жылы Созақ ауданы Шаға ауылында дүниеге келген. 1914 жылы бір топ ағайындары шұрайлы жер іздеп осы Аққолтық-Жартытөбеге келіп қоныстанады. Содан ауыл молдасынан хат таныған Жұмабек жаңа заманға сай сауатын ашып,  1925 жылдан қызметке араласып, Созақ аудандық тұтыну кооперациясында, азық-түлік дайындау мекемесінде, ауылдық кеңесте жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталардан бұрын 1938-41 жылдары «Тегістік» колхозында төрағалық етеді. Одан соғыс басталып, колхоз тізгінін алаңсыз қолына  алады. Соғыс өрті шарпыған 1941-1943 жылдары Шолаққорған ауылдық кеңесінде төраға, 1943-46 жылдары «Балдысу» колхозында төраға қызметтерін атқарады.

 1946 жылдан 1958 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «1 Май» ауылдық кеңесіне қарасты «Үштөбе» колхозында колхоз председателі  қызметтерін атқарады. 1958 жылы зейнеткерлікке шыққан соң, ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмысқа араласып тұрады. 1968 жылы 70 жасында дүние салады. Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы ерен еңбектері мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары атқарған абыройлы істері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып орден, медалдармен марапатталады.

 Жасы қырықтан асқан, Ұлы Отан соғысына бірнеше рет сұранғанымен жібермейді, елдегі жағдай соғыстан да ауыр еді. Тылдағы тынымсыз тірлікке де ер-азамат керек екенін алға тартқан аудандық партия комитеті атан түйеге жүк болар ауыр жұмыстарды Жұмабек қарияға арта түсті. Ашаршылық, соғыстың зардабы тиген әрбір шаңырақ, жылаған жас бала, қара жамылған ана, жұбайынан айырылған жесір әйел, қамыққан қарттар колхоз төрағасының жанына аяусыз жара салады. Сонда да жігерін жасытпай, ауыл-аймағына арқа сүйер азамат екенін, ел ағасы екенін танытып, көңілдері қаяулы халыққа қамқорлық көрсете білді.

 «Түркменстан республикасында әскери қызмет атқарып жүрген інім Алтынбек Шитібаев қамалып қалыпты деген суық хабар жүрегімді инемен шаншып алғандай әбіржітті,-деп бастайды әңгімесін Жұмекең.-Туыстық пен бауырлықтың жөні бөлек қой. Түн ұйқыны ұмытып, кірпік қақпай өткіздім деп ертеңіне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сүлеймен Айсаринге  кірдім. Ол кісі де кейін «халық жауы»ә ретінде ұсталып, хабар—ошарсыз кетті ғой. Тағдырдың тауқыметіне амал бар ма? Іскер де, ұйымдастырушылығы мол, қарапайым, зиялы азамат еді.

 Хатшы келген жұмысымның жай-жапсарын тыңдап болды да тез барып қайтуыма кеңес берді. Бірақ, ескертпе де жасамай қалған жоқ.

 -Байқаңыз! Біз білмейтін, түсінбейтін жағдай аз емес сияқты. Көп аялдамай тез оралатын болыңыз. Шаруашылығыңыз тағы бар. Ұмытпассыз… Сөз төркінін көңіл таразысымен кейін сараладым. Сол кезде «халық жауы» көрініс тауып, әр жерден бірлі-жарым адамдар ұстала бастаған-ды. Хатшының күдіктене рұқсат беруі сол екен ғой. Кейін репрессияға аудандық партия комитетінің барлық басшы қызметкерлері ілікті емес пе?»»

 Ауданды басөаратын адам болмай қалғаны әлі есімде. Нұсқаушы Бақберген Қожамбердиев сайланбай-ақ, бірінші хатшының орнында отырып, ауданды екі-үш ай басқарған (Ол кезде мен түрмеде отырғанмын) «Тазалаушылық» соншалықты дәрежеге жетті.

 Сонымен Түркменстан республикасы шекарасындағы ігіме сапар шектім. Бақсам ол да «халық жауы» ретінда қамалған. Жолығу қайда? Ұнжырғам түсіп ауылға оралдым. Қамалу себебін де ұғына алмадым. Қалай «халық жауы» болады? Адал азаматтың бірі еді ғой дей беремін.

 Інім ліккен «қақпанға» ұзамай өзім де түстім. Ол кезде Үштөбе колхоз басқармасының төрағасы болатынмын. Қамалған күннің ертеңіне-ақ тергеуге іліктім. Түркіменстан Республикасына баруым, «халық жауымен» сабақтас болып шықты. «Інің «халық жауы» ретінде үлкен қылмыс жасаған. Сен сонан бұрын-соңды Совет өкіметін «құрту жөнінде» байланыс жасап, нұсқау алып тұрғансың» деген күйе жағуға кезіктім. Шет елден қару-жарақ «алдырғанымды», кімдермен байланыс жасағанымды сұрайды. Басқа халық жауларын атауымды талап етті. Тізім көрсетіп, оны «ақиқаттауға» күшейтеді. Сонда аған жеңілдік болатынын ескертеді. Аққа қалай күйе жағайын. Өз тағдырым үшін біреуді қиянатқа қалай апарамын. Бұған не айтарсың? Протоколға қол қоюуымды, жапон империализмімен «байланыстылығымды» мойындауымды талап етті. Мен ақиқатқа жүгінемін. Өзімнің Совет өкіметі үшін адал екенімді, сол жолда еңбек етіп жүргінемді түсіндіргім келеді. Уәжді ақиқатты тыңдайтын тергеуші ме? Әлден соң күшке басты. Тепкінің астаны алындым, сойыл сотының қырына іліктім. Сонда да қол қоюдан бас тарттым. Абақты азабына төзімділік жасадым. «халық жауы» қақпаны астында сегіз жарым ай отырдым. Түн баласы ұйқы көрсетпейді, ұрып-соғу, жауап алу. Маған тағылған айып аз болмады. Колхозды басқару кезінде оның мүлкіне жанашырлықпен қарамаған сияқтымын. Халық ағарту ісіне зиянкестікпен қараппын. Не деген арсыздық, бетсіздік?

 Мен басқаратын Үштөбе колхозында ( қазіргі Жартытөбе совхозының Шұқырши мал жайылымы) біраз Әзейрбайжан туыстар үйі жер аударылып, көшіріліп келген еді. Сол туыс халықтарды қоныстандыру оңайға түспеді. Ол кезде бір-біріне тіркесе салынған колхозшылардың пәкене жатағына, тар үйлеріне орналастыруға мүмкіндік болмады. Сонан кейін колхоз орталығындағы бастауыш мектептің екі-үш бөлмесінің есігін сыртына шығарып, уақытша соған орналастыруға мәжбүр болдық. Мектепке класс жетіспеушіліктен оқу сменді  жүйеге көшірілді. Менің осы қамқорлығым «халық жауы» болуымның бір фактісіне айналды. «Мектепті қастандықпен бұздырдың, халық ағарту ісіне зиянкестік жасадың» деген қара күйе жағылды. Жағдайды түсіндірмек, ұғындырмақ болған ниетім әдірем қалды. Тыңдағысы да, түсінгісі де келмейді. Күн сайын азап шегіп, ұсынған қағазына қол қоюдан бас тартып жата бердім. Азаптаудың қиыны—тырнақ астына жуалдыз тығу екен. Құлындаған дауысыңды шығаратын бұл азапқа да көндіктім. Барлық күшім тісімді тістеп, жағымды қарыстыруға ғана жетті. Сол азаптың қырсығы мәңгі дақ қалдырды. Бас пен ондағы жүйке жүйелеріне қан ұйыған болуы керек, екі жағым қақсағанда барлық өмірім қазан болады.

 Жан азабын атртқан жалғыз мен бе, анау «Жұмысшы» колхозында етікші болған Тлеген, 1-Май колхозында диырмен ұстаған, «ишанға» қол берген Мейірбек, қатардағы колхозшы Батыр Досұлы, бәрі де ешкімнің ала жібін атамаған, бейкүнә жандар еді ғой. Қапыда мерт болып, арманда кеткен асыл азаматтарымыздың орны болар ма?!»

 Жұмекең Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдары көрнекті күрескер, Түркстан республикасының басшысы қызметінде болған Сұлтанбек Қожановқа жолығып, одан көп тәлім алған, оған шәкірт болған адам. Сұлтанбектің нұсқауымен Созақ селосында шүлен көже ұйымдастырып, көп адамды ашаршылық апатынан арашалап қалыпты.

 Жұмабек Мықтыбаев отыз сегізінші жылдың соңында ақталып, туған ауылына қайтып оралған. Партия билетін қайтып алған. Сонан кейінгі жылдардың өзінде бірнеше жерде колхоз басқармасының төрағасы, ауылдық совет атқару комитетінің төрағасы, ферма басқарушысы қызметтерін атқарып, құрметті пенсияға шыққан ардагер…

 Сөз басында аты аталған, Жұмекеңнің інісі Алтынбек Шитібаев та Созақ көтерілісін куәгері. Сол кезде комсомол комитетінің хатшысы болған. Көтерілістен қашып шығып, кейін оны басуға өзі де қатынасқан. Түркменстанда әскерде жүргенде сол жайында айналасындағыларға айтып, артынша қамауға алынған. Отан соғысына өз еркімен атанып, онда ерлік көрсетіп, елге орден-медальмен оралған. Кейін де абройылы қызметер атқарып, құрметке бөленген жерлесіміз.

  1938 жылы көктемде біздің №8 ауыл советінің председателі Жұмабек Мықтыбаевқа да «кезек» келді. Сол күні Жұмабекті ұстап әкетеді.

  Жұмабек атамыз ескі тарихи әңгімелерді, аңыз, дастандарды ауызша жатқа білетін зерек кісі болған екен. Өз ата-баба шежіресін көзі тірісінде балаларына айтып отырады екен. Арғы аталары Сәтбайдан Мықтыбай, Шитыбай,  Жылқыбай есімді үш ұрпақ тарайды. Мықтыбайдан Жұмабек, Жұмабек атамыздың үлкен ұлы Жанбек атамыз 1922 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-сау елге оралады. Жанбек сол уақыттағы аудандық «Социалды шаруа» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған екен.  Жанбек атамыздың әйелінің есімі Жұмакүл екен. Ауылдың келіндері аталарының есіміне ұқсас болғандықтан есімін атай алмай Ақтиін деп кеткен екен. Ол кісі аудандық ауруханада беріге дейін шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарады. Жанбектен кейін өмірге Дәрікүл есімді қыз бала, Әуезбек, Орынбек атты ұлдар келеді. Дәрікүл талай жылдар аудандық баспахананы басқарған еңбек ардагері Ерденов Қалман көкенің анасы екен.  Ал одан кейінгі Әуезбек ағамыз Алматыдағы ауылшаруашылығы институтының түлегі. Бірнеше жылдар Сайрам ауданындағы «Ленин жолы» тұқымдық шаруашылығында, Шымкент қаласындағы ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институтында бас инженер болып қызмет атқарып жүріп өмірден озады. Соңында Мадинадай асыл жеңгеміз, Ержан, Ерлан, Нұржан, Ернар атты ұлдары қалды.

 Ал негізгі кейіпкерімізге қайта оралсақ,  Орынбек Жұмабекұлы 1956 жылы Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында дүниеге келген. 1972 жылы орта мектепті бітіріп, бір жыл совхоздың жем-шөп цехында жұмыс істеп, 1978 жылы Шымкенттегі ҚазХТИ-дің құрылыс факультетін бітіреді. 1978 жылдан Шымкенттегі ПМК-36 мекемесінде шебер қызметінен бастап, учаске бастығына дейінгі қызметтерді абыройлы атқарған. 1986 жылдан «Модуль» заводында учаске бастығы, ал 1996 жылдан осы заводтың директоры қызметін атқаруда. Жоғарыда аттары аталған ауылдастарының айтуынша елден қол үзбеген Орынбек аға көптеген игі істердің бастамашысы бола біледі. Атап айтқанда Нәзір Төреқұлов мешітіне, шежіре шығаруға қомақты демеушілік жасады. Созақ ауданының 80 жылдыған байланысты қақпаны істеген. Жартытөбе ауылының аумағына кіре беріс қақпасын тұрғызады. Орталықтағы бұрынғы кеңсенің алдына бюст тұрғызады.

Спорт мектебінің алдыңғы келбетін ретке келтіреді. Шолаққорғанда орталық мешіттің шарбағын істейді. Калинин совхозындағы мәдениет үйін спорт мектебіне айналдыру кезеңінде көмектеседі.

 Жартытөбе ауылындағы қорымды қоршап береді. Бабата елді мекенінде жол бойындағы мектептің алдына шарбақ орнатқан. Аққолтық елді мекеніндегі мектептің компьютер класын жабдықтап береді. Жартытөбелік ақын-жазушы азаматтардың кітаптарын шығаруға қол ұшын береді. Еліміздегі орын алып жатқан төтенше жағдайға байланысты отбасында әлеуметтік мұқтаж жандарға азық-түлік, ас-ауқаттан көмек беріпті.

Орекеңнің үйіндегі жеңгеміз Гүлнар өмірден ерте озып кетті. Ол кісі Қозмолдақтағы Тілеубай деген кісінің үлкен қызы болатын. Нұрлан, Нұрғали, Нұрсұлтан, Салтанат есімді ұл-қыздары бар. Бәрі үйлі баранды. Орынбек аға бұл күнде немере сүйіп отырған бақытты аталар қатарында. Тек осы қызықшылықты жан жары марқұм Гүлнармен бірге бөлісе алмағанына іштей өкінеді.

Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауда, түрлі әлеуметтік жобалардың ортасынан табылған елжанды азамат Орынбек Жұмабекұлы облыстық, республикалық, мемлекеттік деңгейлердегі түрлі марапаттаулар мен мадақтамалардың иесі атанды.

 Ер есімі ел есінде ерен еңбегімен есте қалады десек, Орынбек Жұмабекұлының әлі де ауылдастары мен аудан жұртшылығына берер тағылымды ісі мен қайырлы тірлігі жалғасын таба бермек. Ең бастысы деніміз сау, ағайындарымыз бен ауылдастарымыз аман болсын!Азаматтығын ата аманатына балаған 1Азаматтығын ата аманатына балаған 2

Мақсат Қарғабай

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...