Мал шаруашылығы саласының майталманы

Туған нағашым, анамның бауыры Еңбек Ері Әуесбек Мақұлбек туралы өзім білетін естелікпен бөліскім келеді. Мен Смайлов Ербол Бердібекұлы Мақұлбеков Әуесбектің туған жиенімін. Өзімнің алғашқы еңбек жолымды нағашымның қолынан бастаған едім. Ол кісі өмірден ерте өтіп кетті. Ұрпақтары жақсы бір ізгілікті іс бастап, кітап шығарғалы жатыр деп есітіп, қатты қуандым. Ол кісінің жақсы өнегелі, істерін айтып кітапқа мен де өз үлесімді қосқым келеді. Мақұлбек атамыздың тұңғыш перзенті- менің анам Набат Мақұлбекқызы, одан кейінгі аға-апаларымыз Төре, Әуесбек, Аман, Нәлікүл, Нұргүл деген ұрпақтары болды. Мен сол үлкен әпкесі Набаттың ұлымын. Әуесбек ағам жиендеріне түгелімен қамқор болды. Бәрін бала жасынан еңбекке тәрбиеледі. Мектеп қабырғасында жүргенде барлық жиендері болып Әуесбек көкеміздің үйінен табылып, шаруашылығына қолғабыс жасайтынбыз. Әкем Бердібек Смайылұлы Әукеңнің құрмет тұтатын жездесі болды. Осы жерде айта кететінім Әуесбек ағамыздың үйіндегі жан жары Дариға апамыздың адами қасиетін мақтап, атап өткім келеді. Дариға апамыз руы жағынан бізге әпкелік жағдайы да бар еді. Сол үйде қысы-жазы каникул сайын қаншама жиендері жүрдік. Сонда бір қабағын шытқан емес. Қазір соған таң қаламын. Топырлаған бала, сатыр-сұтыр алысып, дамылсыз кіріп, шығып жүргенде  ренжіп бір ауыз тіл қатпайтын. Өзі де өмірде байсалды, салмақты кісі ғой. Жағдайымызды жасап, кір-қоңымызды қолмен жуып, қазан толы тамағын істеп көңілді жүретін.

Әуесбек көкеміз еңбек адамы. Ол бізді кішкентай кезімізден еңбекке баулыды. Кішкентай кезімізден бізге адалдықты, еңбекқорлықты, шыншылдықты бойымызға сіңірді, көп ақыл айтатын. Былайша көпшілік аға шопан деп түсінгенмін, ол кісі көп қиындық көрген, өмір көрген, талайлы тағдырларды басынан өткерген азамат еді. Ақылды кісі еді. Сол ерен еңбегімен Қазақстан Компартиясы съезіне, Мәскеудегі ХХVІІІ-съезге делегат болды. Аудандық, облыстық кеңеске, Жоғарғы Кеңеске депутат болуы тегін емес еді. Көптеген орден, медалдардың иегері болды. Биік жетістіктерге еңбекпен жеткен тұлға. Бала кезімізде көп тәрбиесін алдым. Мен ол кісіге көмекші шопан болдым. Әуесбек ағам төрт түліктің жайын, жер жағдайын жетік білетін маман еді. Мал шаруашылығының озық майталманы десем де артық болмас.

Және де осы тұста Әуес ағамның тағы бір қасиеті ойыма түсіп отыр. Былайша үлкен философ еді. Кішкене кезімізден Төре апамның Сәрсенбек, Мырзабек, Өмірбек, менің әпкем Күлән, Ескермес деген ағаларым бас болып  Әуес ағадан тәрбие алдық. Бір күні, ұмытпасам 1981 жылы болуы керек. Жайлауда отырған едік. Әуесбек көкем жиналыстан келген екен. Сәрсенбек екеуіміз әр нәрсені айтып отырғанбыз. Ол кезде енді мектеп бітірген кезіміз еді. Мүмкін бір оғаш сөз айтып қалдық па, әйтеуір Әуес ағам қасымызға келді. Үстіндегі жаңа кастюм шалбарын да ауыстырмаған. Екеуімізді ағып жатқан таудың өзені арнасына ертіп келді де, жерден бір қолымен бір түп көк жусанды, екінші қолымен қураған ақ шөпті жұлып алып ағып жатқан өзенге ағызып жіберіп:-Балалар қараңдар,-деді. Қураған ақ шөп ағын сумен ытқи аға жөнелді де, аздан соң жағаға шығып қалды. Ал көк жусан бір қалыппен ақырын ағып бара жатты. Сендер өмірге жеңіл көзбен, жеңілтек мінезбен қарасаңдар анау қураған ақ шөп сияқты жағаға шығып қаласыңдар. Ал жусан сияқты салмақты, байсалды болсаңдар өмірдің ағысына ұзақ төзе аласыңдар. Сол себепті Абай аталарың айтқандай кірпіш болып өмірде қаланатын орындарыңды зерделеріңе тоқыңдар. Өмір деген күрес, салмағы бар нәрсе, әне ақырын ағып барады. Ал жеңілтектікпен адам өз тағдырына бейжай қараса, қураған шөп сияқты жағаға жиі шығып қалады,-деп екі алақанын қағып орнынан түрегелген бейнесі әлі көз алдымда. Нағашымның осы сөзі менің өмір бойы мақсатымның бағдаршамына айналды.

Содан Әуесбек нағашымның тәрбиесін ала жүріп алдымен мұғалім болдым, кейін Түркістан ауданына қоныс аударып мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікке айналыстым.

Сол кәсіппен Түркістан облысының әрбір аудан, ауылын түгел «Камаз» автокөлігімен аралаймыз. Бірде Тұрсынбай, Қалдарбек есімді екі жігітпен сауда жолымен сапарлас болдым. Сонда жол бойы Әуесбек көкемнің өнегелі жолын, өрісті тәрбиесін, ақыл-кеңестерін жиі айта беріппін. Сонда әлгі Түркістандық жолдастарым:—Жолға шыққалы нағашым, нағашым деп айтып тауыса алмай келесің! Не сонда сенің нағашың Абай Құнанбаев сияқты кемеңгер ойшыл азамат болғаны ма?—деп тосын сауал қойды.

-Онда Әуесбек нағашымды өз көздеріңмен көріңдер, сөзін өз құлақтарыңмен естіңдер,-деп көлікті Шағадағы Әуесбек көкемнің қара шаңырағына бұрғыздым. Шағаға барсақ сол жылы Әуесбек көкем Балықшыдан ауылға көшіп келіп, орналасып жатқан кезі болатын. Сыртта қора-қопсысының шарбақтарын жөндеп жүр екен. Бізді көріп қуанып, қалбалақтап,- амандық-саулық сұрасқан соң:-Жүріңдер, үйге кіріңдер деп бәйек болып өзі бастап үйге кірдік. Апамыз әп сәтте қазан көтерді. Содан арнайы әзірлеген дәмді жеп, әңгімелесіп ұзақ отырдық. Кейін қоштасып былай шыққан соң әлгі жігіттер:

-Ербол, дұрыс айтыпсың, біз кіргеннен бастап өзі қарапайым еңбек адамы бола тұрып, зерделі, өнегелі әңгімелер айтты,-деп дән риза болысты.

Ол кісінің ақылдылығы адамды өзіне еріксіз тартатын. Кез келген адам ол кісімен сөйлескенде абайлап, байқап сөйлесетін. Өйткені кез-келген тақырыпта адами ой тұрғысынан, адамгершілік қағидаттарына сүйеніп, өмірдің түрлі жағдайларын мысалға айналдырып сөйлейтін. Әуесбек көкеме көмекші болып жүріп мал шаруашылығының қилы сәттерінен көп тәжірибе жинадым. Заман мынадай болды. Мал саудасымен айналысып, мал бордақылау ісімен шұғылданып жүргенде сол ағамнан үйренген тәлімім маған зор пайдаға асты. Енді міне, сол нағашымнан үйренгенімді балаларыма үйретіп жүрмін. Өзім ауылдан көшкелі 25 жыл болыпты. Бірақ шаруашылықтан бір сәтте қол үзбедім. Жаңа Ихан деген жерден жеке иелігіме жер алдым, мал шаруашылығымен айналсамын. Нағашымның балалары Сүйеніш пен Серік те әке жолын қуып өз жұмыстарына қосымша кәсіп ретінде мал шаруашылығын мұрат тұтып келеді.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген екен дана халқымыз. Сол себепті әруақытта нағашым, еңбек майданының шамшырағы, мал шаруашылығының академигі, екінші тың саласының білгірі Әуесбек Мақұлбекұлы сияқты тұлғалы кісінің жиені болғанымды мақтан тұтамын.

 

Ербол Смайлов,

Шаруашылық жетекшісі, жиені, әрі шәкірті Түркістан ауданы.

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...