Әлеуметтің әлеуметтік жайы нешік

Иә, бәлкім жетпіс жыл бойы социалистік мемлекетте өмір сүргендігімізден ба екен, әйтеуір «сананы тұрмыс билейді» деген коммунистердің жалынды сөзі жадымызда жатталды да қалды ғой. Әйтпесе, бабаларымыз ұрпақтарын «малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы»,- деп тәрбиелемеп па еді? Әрине, солай! Дегенмен, әрбір қоғамдық формацияның өз ерекшелігі, шарттары бар. Біз социализмге айырбастаған капитализмнің де бізді бабалар жолымен ар, иман және адамгершілік секілді рухани құндылықтарды алдыңғы орынға қоюға тәрбиелеп жатқаны шамалы. Керісінше, кеңестік кезеңде ата- аналарымыз  барына қанағат тұтып өмір сүрген- тін, қазірше?

Қазір, «кедей бай, бай құдай болсам» деп бәсекеге түскен заман. Бұрындары аталарымыз тышқақ лағын сойып, той жасауға арланып көрмеген болса, қазір қарыз алып, қауғаланып қатарынан қалмау мода болды. Нәтижеде, халқымыздың көпшілік бөлігі кедейліктің шегінде күнелтуде. Жоғарыда айтқанымдай, әлеуметтік мәселенің алдыңғы орынға шыққаны сондай, тіпті, дардай қылып Әлеуметтік қорғау министрлігін ашып алдық. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деп аталатын бұл мемлекеттік ұжымның басты шаруасы Қазақстан халқын жұмыспен қамтып, әлеуметтік жәрдем беру. Сондай- ақ, бұл министрліктердің облыс, аудандарда кәдімгідей бөлімшелері бар. Облыс, аудан әкімдіктеріне қарайтын бұл бөлімдердің атқаратын шаруасы шаш етектен. Қарапайым халықтың ең көп бас сұғатын, базына айтып келетін мекемесі де осы. Сондай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі біздің ауданымызда да бар және тікелей аудан әкімдігіне бағынады. Сол себепті де мынау 9 айдан бері әлемді жайлаған COVID-19 індеті біздің елімізді де айналып өтпеді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, әлемдік қаржы дағдарысымен қатар келген індет бүкіл адамзат қоғамын, Қазақстан халқын, оның ішінде Теріскей жұртшылығын да әбден титықтатып жіберді. Дегенмен, «Жалғыз баласы бардың шығар- шықпас жаны бар. Екі баласы бардың өкпе, бауыр,  жалы бар. Үш баласы барлардың Бұқара да пұлы (хан болардай халі) бар» деп аталарымыз айтқандай, бұл індет пен қаржы дағдарысы әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қатты әсер етті. Міне, осы орайда аудан әкімдігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Бакиров Ахат Абдусаматұлы жолығып, жоғарыда аталған топтарға кіретін жерлестеріміздің әлеуметтік жайын сұрап, осы бағытта жыл басынан бергі 9 ай бойына атқарған жұмыстарымен бөлісуін сұраған едік. Сау болсын, сөзімізді жықпады. Керісінше, 9 айда атқарған жұмыстарының қорытындысымен аудан жұртшылығымен бөлісуді өздері де жоспарлап жүргендіктерін мәлімдеді. Біз сендік. Сұхбатымызды оқып шықсаңыздар сіздер де бізбен келісесіздер деп ойлаймын.

 

-Ахат Абдусаматұлы әуелі, басшылығына келгеніңізге көп бола қоймаған жаңа қызметіңіз құтты болсын! Кейін, ел басына күн туып, ауыздықпен су ішкендей болған осы бір 9 айдың көлемінде ауданымыздың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жататын жерлестерімізге мемлекеттік жәрдем түрлерінің қандайын, қанша түрін және қай деңгейде көрсеткендеріңізге тоқталып өтсеңіз!

-Рахмет! Иә, менің осы бір жұмысы көп, жауапкершілігі ауыр салаға басшылыққа келуім, сіз атап өткен пандемия мен қаржы дағдарысынан  барша қазақ елі секілді Созақ жұрты да сынға түскен уақытқа тұспа- тұс келгені рас. Кім, біледі бәлкім басшылық осындай қиын- қыстау жағдайда жауапты қызметке әкеп, бір ширатып алайын деген шығар. Сонымен, аудан жұртшылығы білетіндей, бұл әлеуметтік сала үш бірдей министрліктің (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) бекіткен стандарттары бойынша жұмыс істейді. Аталмыш, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрлігіне қарайтын біздің бөлімде бүгінгі таңда 29 қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтар болсам, ардагерлермен  жұмыс және  жалғызілікті  қарттарға  үйде  арнаулы  әлеуметтік  қызмет  көрсету  бөлімшесі  2  түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Әлеуметтік көмек көрсету секторында 5 қызмет түрі, Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 8 түрлі, АХАТ саласы бойынша 10 түрлі, Жұмыспен қамту орталығында 4 түрлі қызмет көрсетілуде. Ол қызмет түрлерінің  барлығы дерлік ХҚКО арқылы көрсетіледі. Бұл қызмет түрлері — «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2017 жылғы 4 қазандағы  №320 бұйрығымен бекітілген. Сонымен, үстіміздегі 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1095 отбасыға атаулыәлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай- ақ, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған  1095 (адам саны-5909) отбасының ішінде:- шартты ақшалай көмек алғандар — 1000 отбасы 5543 адам (309890,1 мың.тг);- шартсыз ақшалай көмек алғандар — 95 отбасы 366 адам (36906,0 мың.тг). Тағы да 2020 жылдың наурыз айында Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек  тағайындау барысында есептелген барлық кірістерді ескере отырып, азаматтарға ІІ, ІІІ, IV тоқсанға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау министрлік тарапынан автоматты түрде ұзартылды және тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек бес пайызға көбейтілді. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезеңінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға алғаш рет жүгінген жағдайда тікелей байланысты болдырмау мақсатында өтініштер электронды түрде (онлайн) қабылданды.

 

— Егер, сіз айтқандай  төтенше жағдай кезіндегі атаулы әлеуметтік көмекке өтініш онлайн берілген болса, әдеттегі құжат тапсырудан қандай да бір өзгешелігі болды ма және цифрландырудың сіздердің жұмыстарыңызға қандай да оң не теріс әсері болды ма.

-Жоқ. Онлайн тапсырылатын құжаттардың офлайн жағдайда тапсырылатын құжаттардан еш айырмасы болмады және цифрландырудың тек оң нәтижесін көрдік десек болады.

Сонымен, атаулы әлеуметтік көмекке онлайн өтініш беру үшін, жерлестеріміз мына төмендегі әрекеттерді жасауы тиіс болды:

1.E-gov мемлекеттік қызметтер және ақпараттық онлайн порталына кіреді.

2.Өтініш беруші ЭЦҚ сертификаты батырмасын басып өз ключын таңдап, паролін теріп қол қояды.

3.Өтініш беруші қызметін таңдап, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш береді.

4.Шыққан терезеге өтініш беруші өзі туралы мәліметтер толтырып тастайды.

5.Осы тасталған өтініш онлайн түрінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіп түседі.

 

-БАҚ- дан және әлеуметтік желілерден келген ресми хабарларға қарағанда төтенше жағдай кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көмектің басқа түрлері көрсетілгенін білеміз. Ендігі жерде осы жәйтқа тоқталып, ашықтап кетсеңіз!

-Иә, дұрыс айтасыз! Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгеріс енуіне байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 05.01.2020 № 3 бұйрығымен  ұсынылған кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу Ережесі бекітілген болатын. Осыған сәйкес, әлсіз топтарға жататын азаматтарымызғааралғаназық түлік жиынтығы ай сайын   берілді.

Мұнан бөлек, Созақ ауданы бойынша 2020 жылдың 9 айдың қорытындысымен тағайындалған 1095 отбасыларындағы 1237 балаға яғни (1-3 жасқа дейінгі 478 бала болса, 3-6 жасқа дейінгі 675 балаға 1-6 жас балаға гигена 84, барлығы 1237 бала)  ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік топтама  азық түлік және тоқсанына бір рет гигеналық құралдары күні бүгінге дейін берілуде. Сондай- ақ, аталмыш кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың құрамына кіретін тауарлар баланың физиологоиялық өсуіне қажетті дәрумендері  бар азық-түліктерден құралған жәнеолардың ішіне мына тауарлар кіреді:1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға: жеміс езбесі гипоаллергенді, көкөніс езбесі гипоаллергенді, Балалар ботқасы, гипоаллергенді,жүгері жармасы, сұлы жармасы, балалар печеньесі, пастерленген балалар сүті;  3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға:пастерленген балалар сүті, қатты сұрыпты бидайдан жасалған макарон, сұлы жармасы, күнбағыс майы, гематоген, астық дақылдарынан жасалған сүтті түйіршіктер, балалар печеньесі, арпа жармасы, қарақұмық жармасы, уатылған бұршақ, ұнтақ ботқасы, табиғи бал; 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың гигиеналық құралдарына тіс пастасы, тіс щеткасы, сабын, гипоаллергенді, крем, кір сабын, кір жуатын ұнтақтары кіреді. Топтама отбасындағы әр балаға беріледі. Тұрмыстық химия тауарлары тоқсан сайын беріледі. Тағы да бұл кепілдендірілген әлеуметтік топтамадағы тауарлар бекітілген тізбеге сәйкес берілуде.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайдың енгізілуі және мемлекет басшысының азық – түлік және тұрмыстық жиынтықтарды ұсыну туралы тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығына сәйкес  халықтың жекелеген санаттарына азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету бекітілген еді. Әлеуметтік көмектің бұл түрін алуға лайық көрілгендердің ішінде мынадай азаматтар болды:

-атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар;

-тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

-тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер;

-мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

-халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздар.

Ал егер, азамат бірнеше санат бойынша сәйкес келетін болса, оған тек бір ғана азық- түлік және тұрмыстық жиынтық беріледі. Сондай- ақ, азық- түлік және тұрмыстық жиынтық мөлшері 5567 теңге болып бекітіліп, көмек алушылардың шоттарына қаржыны аудару арқылы жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, аудан бойынша  сәуір айында 5247 адамға  29210,0 мың теңге, мамыр айында 5257 адамға 29265,6  мың теңге , шілде айында 5274 адамға 29360,3 мың теңге, тамыз айында  5218 адамға 29049,0 мың теңге. Барлығы   116884,9 мың теңге  қаржы төленді.

-Әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың бірі, ардагерлер мен жалғызілікті қарттар. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

-Иә, расымен әлсіз топтарға қарттарымыз да кіреді. Сол себепті де ардагерлермен жалғызілікті қарттарға қызмет көрсету, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің  жұмысы болып табылады. Тағы да аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 13.04.2005 жылғы «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және 29.12.2008 жылғы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдары талаптарын орындауда біршама жұмыстар атқарып келеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №279 бұйрығына сәйкес, ардагерлермен  жұмыс және  жалғызілікті  қарттарға  үйде  арнаулы  әлеуметтік  қызмет  көрсету  бөлімшесі  2  түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді.Олар:1.«Семей  ядролық  сынақ  полигонында  ядролық  сынақтардың салдарынан  зардап  шеккен  азаматтарды  тіркеу, біржолғы мемлекеттік  ақшалай  өтемақы  төлеу, куәлік  беру» ;2.«Ақталған  адамға  куәлік  беру» ;

Сондай- ақ, 29 тамыз  «Ядролық  сынақтарға  қарсы  іс-қимыл күніне»  байланысты  27.09.2017 жылғы  «Созақ  аудандық  мәслихатының  2016 жылғы 19 шілдедедегі № 29  «әлеуметтік  көмек  көрсетудің, оның  мөлшерлерін  белгілеудің  және  мұқтаж  азаматтардың  жекелеген  санаттарының  тізбесін  айқындаудың  қағидасын  бекіту  туралы»   шешіміне  өзгерістер мен  толықтырулар  енгізу  туралы  № 104 шешіміне  сәйкес, Семей ядролық сынақ полигонына қатысқан 73 адамға 13890 теңгеден барлығы 1014,0 мың теңге төленді.

Сонымен қатар, ауданда 3-Ұлы отан соғысының ардагері, 19 Ұлы отан соғысының мүгедегіне  теңестірілгендер (Семей ядролық  сынақ  полигонындағы ядролық сынақтардың  салдарынан  және әскери қызметін орындау кезінде  мүгедек  болып оралғандар), 21 ауған соғысының  ардагері,  6- Чернобыль  апатына  қатысқандар, 17 қайтыс  болған  соғыс  мүгедектерінің  қайтадан  некеге  тұрмаған   жесірлері, 320 тыл  еңбеккерлері    және  4237 көп балалы аналар (бұның ішінде 182-ы батыр ана, 901-і алтын алқа иегерлері, 1067  күміс алқа иегерлері) бар.

-Жә. Ауданымызда жалпы саны 4623 адамды құрайтын түрлі деңгейдегі ардагер аталарымыз бен ағаларымыз және батыр аналарымыз барын білдік. Енді бұл кісілерге төленетін тиісті жәрдемақыларынан басқа қандай жеңілдіктер, қызметтер қарастырылғанын айтып өтсеңіз!

-Иә, мұндай аяулы жандарға  тек қаржылай көмек қана көрсетіп қоюымыз жеткіліксіз болар еді. Себебі, біздердің бүгінгідей бейбіт өмір сүруіміз үшін ол кісілер жанын да тәнінде аямады. Нәтижесінде, денсаулықтарынан айырылғандары, тіпті мүгедек болып қалғандары да болды. Сондықтан да мемлекет мұндай азамат- азаматшаларымызға денсаулықтарын қалпына келтіру және тиісті емдерін алу үшін жағдайлар қарастырған. Біздің ауданымызда да бұл бағытта бірқатар жұмыстар ретке қойылған. Атап айтар болсам, 2020 жылдың 9 айында аудандық  бюджеттен  бөлінген  қаржыға  Сарыағаш  қаласындағы  «Керуен» шипажайымен  Түлкібас ауданындағы «Таң нұры» шипажайына 126  зейнеткерлеріміз  дем алып  келді. Ал енді, ардагерлермен  жұмыс  және  жалғызілікті  қарттарға  үйде  арнаулы  әлеуметтік  қызмет  көрсету  бөлімшесіне  аудан  бойынша  88 жалғызілікті  қарттар  әлеуметтік  қамқорлыққа  алынған.  Оларға  20  әлеуметтік  қызметкерлер  бекітілген және арнайы  кесте  бойынша  қызмет  көрсетуде.

Бүгінгі  таңда  қамқорлыққа  алынған  43 жалғызілікті  қарттарға  демеушілер  арқылы 605,0 мың  теңгенің қаржылай,  заттай және азық-түліктей көмегі берілді.

Сондай-ақ, 15 ақпан  Кеңес  әскерлерінің  Ауғанстан  жерінен  шығарылған  күніне  байланысты  аудан  әкімінің  мерекелік  қабылдауы  ұйымдастырылып аудан  көлеміндегі  21  Ауған соғысының  ардагерлеріне  жергілікті  бюджеттен (5 АЕК)  13 255  теңгеден   барлығы   278,8 мың теңге   берілді.  Тағы да 8 наурыз  халықаралық  әйелдер  күніне  байланысты  аудан  көлеміндегі  1080  батыр  аналарға 13,0 мың  теңгеден  барлығы  14040,0 мың  теңге  жеке  есеп  шоттарына  аударылып берілді. Сонымен қатар, 9 мамыр  Ұлы  Жеңістің  75  жылдық  мерекесіне  байланысты  аудандық  маслихаттың   шешіміне  сәйкес, аудандық  бюджеттен  әр ардагерге 500,0 мың теңге  көлемінде және демеушілер  есебіне  500,0 мың тенге барлығы 3 млн теңге  қаржы  берілді, 355 тыл ардагерлеріне және 18 ҰОС мүгедегінің жесірлеріне 30,0 теңгеден 373 адамға 11190,0 мың теңге, 6 Чернобыль  апатына  қатысушыларға және  18  ҰОС мүгедегіне  теңестірілгендерге   5 АЕК (13890 теңгеден) 24 адамға 333,7 мың теңге  көлемінде  қаржы бөлініп, барлығы  14523,7 мың теңге  жеке  есеп  шоттарына  аударылып  берілді.

Ал енді, кешегі өткен 1 қазан қарттар күніне байланысты Созақ ауданы бойынша қамқорлыққа алынған 88 жалғызілікті қарттарға 2 АЕК (5556 теңгеден) барлығы 488,9 мың теңге берілді. Сондай- ақ,  демеушілер есебінен 365 зейнеткерлер мен қарттарға барлығы  3963,0 мың теңге көлемінде азық түлік себеттері және қаржылай, заттай көмектер көрсетілді.

-Айтыңызшы, ауданымыз бойынша қанша мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар бар және оларға қандай қызмет түрлері көрсетілуде?

-Жоғарыда айтқанымдай, біздің бөлімде «Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету  бөлімшесі» бар. Ол бөлімшенің қызметкерлері тікелей аталмыш топпен жұмыс жасайды. Сондай- ақ, ауданда бүгінгі таңда 2633 мүгедек бар. Оның ішінде: І топ мүгедегі-261;  ІІ топ мүгедегі -993; ІІІ топ – 997 мүгедек; Бала жастан мүгедектер саны– 382.

Мұндай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі дайындаған жеке оңалту бағдарламалары бойынша бөлім тарапынан «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне олардың орындалуы туралы деректер мен есептіліктер енгізіліп отырады. Яғни, мүгедектерді әлеуметтік оңалту, олардың анықталған қажеттіліктері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі әзірлеген мүгедектің ЖОБ-сы міндетті түрде «Е-Собес» ААЖ-де көрінеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің  2015 жылғы 28 сәуірдегі №279 бұйрығымен бекітілген стандарт бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектер бөлімшесі 8 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.Олар: 1. «Мүгедектерді протездік-ортопедиялық  құралдармен қамтамасыз ету»;  2.«Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигеналық құралдармен қамтамасыз ету»;3. «Мүгедектерге кресло-арбалар беру» ;4. «Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету»;  5. «Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшініңжәне есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін»; 6. «Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу»; 7. «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу»;8. «Медициналық – әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу».

Тағы да   «үйде әлеуметтік қызметтерін ұсыну үшін» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша  2020  жылы жергілікті бюджеттен 43260,0 мың теңге қаржы бөлінді. Жеке оңалту бағдарламасы негізінде 143 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға 27 әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, «мүгедектерді протездік-ортопедиялық  құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша: басұстағыштар, балдақ, тізе протезі, тутор, қол протезі, ортопедиялық аяқ киім, кеуде протезі,таяқ, емдік белдік, бандаж, ортез, жамбас протезі, аппарат, корсет, жетек арба, реклинатор, балаларға арналған емдік шалбар, аяқ киім аппараты жатады. Бұл заттардың қайта ауыстыру уақыты балаларға 1 жыл, ересектерге   2 жылды қамтиды.

Сондай- ақ, «мүгедектерді протездік-ортопедиялық  құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша  2020 жылы 17 мүмкіндігі шектеулі азаматтар 47  протездік-ортопедиялық құралдарды қажет ететін болса, 2020 жылдың 9 -айында Шымкент қаласындағы «Көгершін протездік-ортопедиялық орталығы» арқылы,  54  мүмкіндігі шектеулі азаматтар 98 протездік-ортопедиялық  құралдармен  қамтамасыз ету үшін жолдама берілді. Өтініштер ХҚКО арқылы беріледі.

Тағы да «Мүгедектерді міндетті гигеналық құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша  жергілікті бюджеттен 16964,6  мың теңге,   облыстық бюджеттен 26253,0 мың теңге  бөлінді.

«Мүгедектерге кресло-арбалар беру» қызметі бойынша облыстық бюджеттен 21 дана қол арбалар беріліп, ОЖБ-на сәйкес тиісті азаматтарға таратылып берілді.

«Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша  2020 жылы мүгедектерді емделу сауықтыру орындарына облыстық басқармадан 5964,5  мың теңгеге 56  жолдама (Береке-7, Асыл Бұлақ, Сарыағаш Арасан, Біркөлік) берілсе, Жергілікті бюджеттен бөлінген 15853,0  мың теңгеге 130 дана жолдама (Асыл Бұлақ, Керуен,) алынып. Бүгінгі таңға барлығы 75 азаматтар демалып келді.

«Мүгедектерді сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету» 2020 жылы облыстық басқармадан 3 адамға 4 құрал  берілді.

«Мүгедектерді тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету» үшін облыстық басқармадан  14 азаматқа 27 құрал толықтай таратылып берілді.

«Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі бойынша  жергілікті бюджеттен бөлінген 1818,0 мың қаржыға бүгінгі таңда 55 үйде оқитын мүгедек балалардың ата анасының жеке бет есебіне ай сайын 2 АЕК 5556 теңге көлемінде төленіп келуде.

«Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекші маманының қызметтерін ұсыну» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша, І топтағы жүріп-тұруы қиын 153 мүгедекке жеке оңалту бағдарламасы негізінде 142 жеке көмекші қызмет көрсетіп келеді.

-Иә, сөзіңізге сенсек, бас- аяғы 9 айдың ішінде сіздің бөлім қыруар жұмыстар атқарып тастапты. Еңбектеріңіз жана берсін! Ендігі жерде 2020 жылдың 4 тоқсаныда және жаңа 2021 жылда атқаруды жопарлап отырған жұмыстар жайын сөз етсеңіз!

-«Ертеңін ойламаған ерден без» демеуші ма еді. Сол айтпақшы, алдағы уақыттарда атқаратын игі істеріміздің де жоспарын жасап қойғанбыз.Атап айтар болсам:

Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы және мүмкіндігі шектеулі азаматтар санаториялық-курорттық емделуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші құралдарды, арнайы жүріп-тұру құралдарын сондай – ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы алатын болады.

Сондай- ақ, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар техникалық оңалту құралдарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге өз бетінше тапсырыс бере алады. Мүгедектерді оңалту құралдарына протездік- ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ мүгедектер арбалары жатады.Арнайы  әлеуметтік қызметтер жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емделу қызметтерін қамтиды. Порталдың енгізілуі оңалту қызметтеріне  қажеттілікті айқындайды.  Ең батысы, көрсетілген қызметтер мен оңалту құралдарының қызмет алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу мәселелерін шешеді, себебі мүмкіндігі шектеулі азаматтар қажетті құралдар  мен қызмет түрлерін өздері таңдай алады. Тағы да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұсыныстарына сәйкес техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің белгіленген бағаларын өтеу механизмі қарастырылған. Бұл анағұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау барысында порталда қосымша төлем жасау функциясы қолжетімді болатындығын білдіреді.

Сонымен қатар, Порталдың іске қосылуы оңалту құралдары мен қызметтері, үйден «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмек алу, сонымен қатар, жеке қажеттіліктерді есепке алу, өнім берушілер мен қызмет көрсетушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырады және оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруда әлеуетті өнім берушілердің қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде, өнім беруші тіркеуді еркін негізде Порталда электрондық түрде http://aleumet.egov.kzсілтеме бойынша жүргізеді.

Осыған орай, аталған азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсыну пилоттық жобасына қатысу үшін  электрондық-цифрлық қолтаңбаны  алу қажет.Электрондық цифрлық қолтаңба – бұл сіздің жеке басыңызды куәландыратын және электрондық көрсетілетін қызметтерді алу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сертификат. ЭЦҚ бізге өтініш беруге және Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тек өз компютеріміз арқылы алуға мүмкіндік берді. Сондықтан ЭЦҚ – ны әрдайым өзіңізде ұстаңыз және үшінші тұлғаларға құпия сөзді хабарламаңыз деп жерлестерімізге кеңес береміз.

Иә, өз ісіне жауапты, білімді де білікті бөлім басшысымен болған сұхбатымыз өз деңгейінде болды деп ойлаймын. Ахат Абдусаматұлы ұлы алтынға парапар уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз және тұщымды жауаптарыңыз үшін рахмет. Алдағы уақыттарда сізге және сіз басқаратын ұжымға толағай табыстар тілейміз. Осылай, халықтың қызметінде болып, құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!

Сұхбатты жүргізген: Данияр Құл- Ахметұлы

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...