Құмай тазы

Бұл оқиға ертеректе болған еді деп әкем айтып отыратын.

 Болғанбек қария шаруашылықта ұзақ жыл шопан болып еңбек етті. Өзі шаруаға өте бейім кісі-тін. Жыл сайын отарындағы саулықтан 140-150 ден төл алатын. Ұжымшардың маңдай алды малшысы еді.

 Көктемгі төл қораға қатар келіп қалдық. Төл алынып болғанша осында отырамыз. Шөбі шүйгін, шаруашылыққа өте қолайлы жер. Сәл төменіректе сылдырап Ұшбастың суы ағып жатыр. Мал төлдеген кезде жердің тегіс болғаны да жақсы. Өйткені жас қозылар бұта-бұтаның арасында қалып қояды. Сосын оларды ит-құс айналдырып жейді. Мал төлдеген кез өте ұқыптылықты қажет етеді. Болғанбек қария әбден тәжірибе жинақтаған азамат. Төл алудың қыры мен сырын әбден меңгерген. Ит-құсқа, жаман қарғаларға төлін алдырған емес. Балаларын да шаруагер, әрі ұқыпты етіп тәрбиелеген. Бәрі шетінен шаруаға бейім. Қандай істі болмасын тиянақты атқарады. Балаларының бәрі жалқаулыққа қарсы болып өсті. Әкесі қандай тапсырма берсе, оны тиянақты орындайды. Қылтың-сылтыңдары жоқ. Барлығы да тәрбиелі, артық сөз де оларға жат қылық. Үйлеріндегі керемет сыйластық дәстүрі Болғанбектің перзенттерінің тәлімді-тәрбиелі болып өсуіне үлкен септігін тигізген.

 Қатар келіп қонған шопандар бір-бірімізді ерулікке шақырысып, алғашқы айда мәз-мейрам болып жатысамыз. Сондай ерулік берілген астың үстінде Болғанбек қария: -Жігіттер мына Сары қобының етегіндегі жыраға сарыала қаз ұя салған сияқты. Төңіректеп ұшып, сол маңнан ұзамай жүргеніне қарағанда солай топшаладым, — деді. Сосын әрмен қарай әңгімесін сабақтап, сары ала қаздың бір жұмыртқасынан ілуде бір мәрте құмай тазы шығады. Ол – бірақ сирек кездесетін құбылыс деді. Дегенмен де осы жылы әлгі сарыала қаздың жұмыртқалары ашылған кезді байқап көрсем бе деп отырмын. Мүмкін бір жұмыртқадан құмай тазы шығып қалмас па деген үміт бар. Ол болған жағдайда осы бастан әлгі ұя салған төңіректі мұқият қадағалауға алуым керек. Бүгінгі күннен бастап ол жұмыртқаларды көздің қарашағындай сақтаймын деді қария желпініп.

 Күндер өте берді. Болғанбек қарияның болжамы дұрыс келсе екен деп біз де елеңдеп жүрміз. Сарыала қаздың жұмыртқа ашуын бүкіл ауыл болып күттік.

 Болғанбек қариядан сарыала қаздың ұясы қай жерде еді деп сұрап қоямын. Бірақ ол кісі айтпайды. Бұрыннан келе жатқан қасиеті ешкімге сыр аша бермейді. Ары-бері сұрап көрген едім тіс жара қоймады.

 Сонымен бұл істің ақырын күтуге тура келді. Расында сол сарыала қаздың жұмыртқасынан құмай тазы шығып жатса қандай керемет болар еді. Адам таңқаларлық құбылыс емес пе?

 Көп ұзамай бір күні Болғанбек қариямен кездесіп қалдым. Өзі өте көңілді. Жас балаша масайрап, шаттанып, көзіне мейірім шуағы толып кетіпті.

 -Өткенде айтқан сарыала қаз балапандарын ашыпты. Олары өте сүйкімді-ақ. О, ғажап арасынан біреуі кіп-кішкентай құмай тазы болып шықты. Әлі көзін аша қолйған жоқ. Өзі тым кіп-кішкентай. Тұмсығымен әлденені іздегендей болады. Тым әлсіз сияқты. Көзін ашқаннан кейін алып кетемін деп шештім деді қуанышын жасыра алмай.

Ауылымыз аралас отырғаннан кейін Болғанбек қариямен жиі жолығысып тұрамын.

 Малды өріске қарай қаптатып, қасыма төбетімді ертіп отарымның ізінен келе жатыр едім. Болғанбек қария да малын өріске беттетіп, ізінен еріп келеді екен.

-Көке, құмай тазыны үйге алып келдіңіз бе, — деп қарияның жауабын күттім.  – Ия, кеше алып келдім, — деді қуаныштан жанары жалт-жұлт етіп. Көзін ашты, бауырымен жорғалап жүр. Жеңілдеу ғой деп ешкінің сүтін беріп көріп едім, жәйлап жұта бастады. Содан шикідей сол сүттен беріп қоямын. Кішкентай күшікке жақсы азық болды. Үйдегі немерелерім айналшықтап құмай тазының қасынан шықпайды. Өзі сондай әдемі әрі сүйкімді, — деді.

 Шамасы бір айдан астам уақыттан кейін Болғанбек қарияға өтініш жасап жүріп, құмай тазысын көрсетуді сұрадым.

 Алғашында әр түрлі сылтау айтып көрсеткісі келмеді. Мен де қадалған жерден қан алмай қоймайтын әдетіме басып: — Тым болмаса сыртынан көрсетіңізші, — дедім.  – Сен де інім, бірнәрсені айтсаң орындатпай қоймайсың енді, — деп күліп алды да, ал енді көрсетейін жүре ғой, — деді. Қуанып кеттім. Екеуіміз атпен аяңдап келе жатырмыз. Жақындаған сайын қашан құмай тазыны көргенше асығып келемін. Енді ше? Өмірімде бірінші рет сарыала қаздан құмай тазының пайда болғанын көріп тұрғаным осы. Келдік. Кіп-кішкентай ұяшық жасап қойыпты. Ұядан басын шығарып күшік сыртқа беттеді. Кішкентайлығы болмаса құдды иттің күшігі. Бірақ тым арық. Жіп-жіңішке, аяқтары да ұзындау көрінеді.

 Болғанбек қария: — Күшіктің көрімдігін юермейсің бе, — деп қалжыңдап қояды. – Күшігіңіздің көрімдігіне бір қозы атадым, — деп қойдым. Бала көңілді қария қуанып қалды.

 Күзге қарай сарыала қаздың жұмыртқасынан пайда болған құмай тазы әжептеуір есейіп қалды. Болғанбек қария өзімен бірге малға құмай тазысын ертіп шығатын болды. Басқа иттерге қарағанда бұл өте жылдам қозғалады. Бір-екі мәрте дала қояндарын тырп еткізбей ұстап қарияның қанжығасын майлады.

 Және бір-екі айдан кейін қыстауға қарай көштік. Қыстауда да Болғанбек қариямен қатар отырамыз. Жайылымды қатар пайдаланамыз. Қарияның қиянаты жоқ жақсы кісі. Кейде өрісте малдар қалып қойса, ит-құсқа жем етпей дереу хабар бере қояды. Екеуміз бір-бірімізге ешқандай қиянат жасаған емеспіз. Адалмыз.

 Сол жылғы қыста Арқа жақтан бізге қарай ақбөкендер лек-легімен өтті. Тіпті өрістегі малымызбен отар-отар болып, қосылып, жайылды.

 Болғанбек қария күн сайын құмай тазысын қасынан қалдырмай ертіп жүрді. Өзі тым жүйрік.

 Талай ақбөкенді ұзаққа жібермей, табанда жетіп барып олжалап жүрді. Қариямен бірге талай мәрте қансонарға шығып, қызығын тамашаладық.

 Әлгі құмай тазыны Болғанбек қария қысты күні астына бөстек салып киіз үйдік ішіне бір бұрышына ұстайтын. Өйткені құмай тазының терісі жұқа суыққа тез тоңады екен. Шаруаның мән-жайын жақсы білетін Болғанбек қария құмай тазыны өзінің жанынан да жақсы көрді. Үнемі иттің жағдайын жасап, бәйек болып жүретін.

 Көктемге таман құмай тазы әжептәуір өсіп қалды. Бұл кезеңде құмай тазы жүгірген аңды жібермейтін. Құмай тазының арқасында Болғанбек қарияның есімі бүкіл аймаққа мәлім болды. Жәй көріп қайтуға келген адамдардың қатары да көп болды.

 Арада бірнешелеген уақыт өтсе де сарыала қаздың жұмыртқасынан құмай тазы пайда болғанын есітігенім жоқ. Бұндай жағдай ілуде бір ғана болатындығын көңіліме түйдім, — деп әкем әңгімесін аяқтап еді.

Сәрсенбек Теңізбаев. 

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...