ТІЛ- жебе, ЖАҚ- адырна, СӨЗ- қорамсақ

 Мамытов Ұзакбай Ілесбекұлы 1982 жылы 16 қазанда дүниеге келген. 2000-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінің «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша, 2015-2017 жылдары Халықтар достығы университетінде «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы өлеңдері 2004 жылдан аудандық, облыстық газеттерде жарық көрген. 2017 жылы «Жүрекке жылы жүз өлең» электронды нұсқадағы жыр жинағына өлеңдері енген. 2019 жылы ақын Нәзира Бердалының авторлық мектебі ұйымдастырған «Бұл – менің жүрегім» атты халықаралық мүшәйрасына қатысып алғыс хатпен марапатталып, «Бұл – менің жүрегім» жыр жинағына өлеңі енген. Қазіргі таңда Түркістан облысы Созақ ауданында тұрады. ЖШС «Казатомпром-Sauran» саласында оператор ГТС болып жұмыс жасайды. Отбасылы, 4-ұлы бар.Ауылдың қарапайым қара баласы ретінде асыл сөздің қадірін білетін, ұғатын, қадірлейтін азамат екендігін жамбы жырлары арқылы танытып жүрген ақын. Мәселе мамандықта, атқарған жұмысында емес. Айналаға, адамдарға, табиғатқа, жалпы дүниеге деген   жүрек танымында десем, Ұзақ сезімі мен түйсігін жыр алабында түйістірген шығармашылық иесі. Бүгінгі айдарымызды  танылмай келген талантымызға арнай отырып, тек шынайы шығармашылық табыс тілейміз!

Мақсат Қарғабай

Аффирмация
~ ~ ~ ~ ~ ~ ~

ТІЛ- жебе, ЖАҚ- адырна, СӨЗ- қорамсақ.
Алты құлаш ақ найза бол қаламсап
Бадана көз кіреуке, болат қалқан,
Сардардың семсеріндей біз бола алсақ.
Қыл құйрық тұлпар шабыт жер тепкілеп,
Ауыздығын шайнайды жырға жан сап.
Құйысқан, өмілдірік, күміс айыл,
Кер бестінің үстінде қозғалам сақ.
Аяғымда сақтиян, белде кісе,
Оңай жерден жүргем жоқ олжаны аңсап.
Алаштың көркем сөзді қорғанына,
Ризамын кірпіш болып біз қалансақ.

Жауhар жыр, асыл сөзді дәріптеген
Маржанды теріп жазып әріппенен
Қасиетті дара өнер- поэзия
Сен арқылы жаңғырды алып көнем.
Қазақтың өлең толы алтын кенін
Ғажаптың қаламымен қарып көрем.
Қазанатты аламан шынықтырса,
Азаматты шынжырла, шабыт көген!
Халықтың қазынасы лағыл, гауhар,
Нарықтың базынасын бағыпты өрен.
Бал- шекерге батырып қыл қаламды,
Жазармын жаһандану бағытта өлең…

Азбан сұр шабытымның жыр пырағы,
Жазған сыр жақұт үннің бір тұрағы.
Зұлпықар мен аймауыт, қара гүрзі,
Шайырдың шумағының бұл тұмары.
Көк тәңірді көрсеткен баба рухы,
Арда емгенді тізгіндеп жұлқынады.
Көксеректі баптаған көкжал барда
Көк бөрі көкке қарай ұмтылады.
Дүр өнерді қорғаған бөлтірікті
Көргенде жүрекке асыл жыр тұнады!
Болашақтан барынша үміттіміз
Қара өлеңмен тұсауым қырқылады.
Халықтың бір керегін жазсам игі,
Жарықтың сөнбес ұрпақ нұр шырағы.
Алдыңнан көркем өмір күтсін елім,
Бес күн жалған құдайдың кіл сынағы.

 

Өлең жазғым келеді…

Өлең жазғым келеді, намысы бар,
Намысы бар қазақты қамшылар.
Сылбырдың сауырынан осқыласа,
Сегіз өрім дыраудан жаны шығар.

Өлең жазғым келеді, дүрсілдеген,
Дүрсілдеген жүрегім жыр сүрлеген.
Сәйгүлігім шаңдатсын аламанды,
Көмбе көрмей кетпесе қыршын дөнен.

Өлең жазғым келеді, нөпірлеген,
Нөпірлеген, бейсауат көпірмеген.
Жырдан жақұт тағынып асыл құнды,
Қара өлеңге шоқ шайнап, от үрлеген.

Өлең жазғым келеді, ары басым
Ары басым болғанбыз xаны Қасым.
Тай тұяқтан құйылған қара шалдың,
Қастерлейік жыр маржан қазынасын.

Өлең жазғым келеді, жасындайын,
Жасындай үн қозғаса ғасыр жайын.
Жағымпаздың желкесін қиып түсер,
Наркескені жазылмай басылмайын.

Өлең жазғым келеді, Алдаспандай
Алдаспаным арсызбен арбасқандай.
Шындығы шымырлатар шымбайыңды,
Ұлы көшке ұлықтап нар қосқандай.

 

Ғаламат ғасыр!

Сайтты сыңар қылып сыр айтамын,
Санамды сұңғыла оймен мұңайтамын.
Заманым қызыл түлкі қыл жұқпаған,
Шала алса, шала туған құмай тазым.

Қиялға қисаңдаған қисық ерік,
Жұпардың жеткізбейтін иісіне еріп.
Желінің жер ұйығын табатындай,
Ұйқтамаймыз тұрса да ұйқы келіп.

Сеть қуып сенсор ұстап сайтты ашып,
Сан қилы статусқа лайк басып.
Пайызы төмендесе көңіл түсіп,
Қуатталсақ аламыз байыптасып.

Күнделік сол бір істі қайталаймыз,
Сымтетікті соншалық Ай санаймыз.
Қалтафонға тәуелді боп барамыз,
Бірақ соны өзіміз байқамаймыз.

Бүгін бармыз, ал ертең қорымдамыз,
Тұжырымды ой түйіп орындаңыз.
Ғаламтор – деп атын да қойған екен,
Дәл қазір сол ғаламның торындамыз.

 

Сезім  селі

Жан сыңарым!
Селге айналып барады тамшыларым.
Өзіңсіз өтер күнге қанша уақыт
Білмедім жан шыдарын.

Ынтығамын!
Сезімді жеткізуге ұмтыламын.
Зүбәржат асыл ерке, ардағым-ай!
Айта алмай тұншығамын.

Еңлігім,
Кешір енді жігіттің серілігін.
Көк күймеге мінгізіп Күнікейдей
Көтерем сені бүгін!

Лебіз үнің,
Жүрегім жүрегіңмен егіз ұғым.
Толқын ұрып тулаған, түн ауғанда
Құштарлық теңізімін.

Ақ білегің,
Қылықтым, еркелігің тәтті, керім!
Сырғалы, қайың мүсін, күн дидарлым
Мен саған бақ тіледім.

 

СЕНІМГЕ КҮДІК

Күдікшіл болма күркірегеннен секем ап,
Жексұрын ойдың жетегіндесің жеке қап.
Сарылу, күту, сарғаю… сабыр — саф алтын,
Тәңірдің сыйы неке, бақ.

Жалғыздың ойын ібіліс арбап қағытқан,
Тізгінді шалып, тура жолдағы бағыттан.
Былапыттардан аршып ал өзің Жаратқан,
Айыра көрме бақыттан.

Жабырқағанда жазадыма екен жырды адам,
Алтын ғұмырды санаулы сағат ұрлаған.
Ор қасқа ойды орамды тізбек құраса,
Қағазға түсір қылқалам.

 

Сырды үздім.

~ ~ ~ ~ ~ ~ ~ ~ ~

Сырды үздім…
Шынайы сезімді білгіздің.
Көктемде жайқалған жауқазын гүліндей,
Өлеңін оқыдым үр қыздың…

Дір еттім,
Шабыты оянып жүректің.
Гауxардан жасаған мұнара сезімдер,
Жауxардан құралған жыр екпін.

Әппағым,
(Өлеңнен әріге аспадым)
Өлеңге аттадым, нақты адым.
Сымбатты сұлуды жыр қалам гүлге орап,
Кестелеп түсірмес xатқа кім?

Жібегім,
Ағыттым ақ боз ат шідерін.
Төлеген болайын жебеден жаралы,
Тауып бер жараның бір емін.

Мүмкін бе?
Жыр қысып көмейім бүлкілде.
Жақұт пен маржанды тізбекте қаламсап!
Шап қане шабысым іркілме.

Ботам-ай,
Жәудіреп жанарың ботадай.
Шексіздік әлемнің сезімшіл сырнайы,
Көңілге жыр құйды нотадай

О, тоба-ай !

Ұзақбай Мамытов

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...