Жақсыдан қалған жәдігер

Жақсыдан қалған жәдігер 1Жақсыдан қалған жәдігер 2 -Әкеден жалғыз қалып, жасым сексеннен асқанда жабырқап жүрген жоқпын ба?! 1937 жылғы саяси қуғын сүргіннің, 1941-1945 жылғы соғыстың салған нәубеті санамда әлі күнге жаңғырады. 1937 жылы «Халық жауы» атанып, одан өзінің ақ екенін дәлелдеп соғысқа аттанған әкем -Жорабек Рысбаевтың артында жалғыз тұяқ қалдым ғой. Әкеме деген сағыныш әлі күнге бойымды кернейді. Жапырағын жайған бәйтерегім, асқар тауымның асыл бейнесін де көрмеппін. 3 айлық шақалақ кезімде, арысым, арқа сүйер қорғаным әкемді «шолақ белсенділер» арыз жазып, түрмеге жапты. Өмір бойы әке құшағына еніп, исін искеп, мауқымды бассам ғой деп армандап келемін. Әкем тірі оралса, ұл қыз тарап, артымнан іні сіңілім еріп, жайқалған жапырақтай бір қауым ел болар едік қой,-дейді Ханшайым Жорабекқыз.

        Ханшайым Жорабекқызы, Шолаққорған ауылында туып өскен. Апамыз 40 жыл білім саласында қызмет етіп, «халық ағарту ісінің озық» қызметкері атанған. Бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Білімді. Сөзге шешен. Құйма құлақтың өзі. Өткен оқиғаны айы күніне дейін тақылдап айтып береді. Адуынды апамыз, Асқар Сүлейменовпен бір сыныпта оқып,  партада қатар отырған. Ол кісі өмірден өткенше аралас құралас болды. «Асқар, Шымкентке келсе біздің үйге міндетті түрде соғатын. Сосын барып Созаққа кететін. 2018 жылы Түркістан қаласында 80 жылдығы аталып өтті. Бала кезден бірге өскен қимасым ғой. Шақыру қағазы уақтысында келмей, бара алмадым. Ақын Бәтима Батырбекова сабақ берді. Білімді ұстаз болатын»,- дейді.

        1937 жылғы қуғын сүргін біздің әулетке ауыр тиді. Ескі көздер біледі, ол кезде біз Нардың қорғанында тұрамыз (Әділет басқармасы ғимаратының маңайы). Үлкен жолдың бойы еді. Созақ ауылынан Жартытөбеге, Баба атаға баратын ел сол жолдан өтетін. Қасымызда Нұржан төренің үйі болатын. Аумағы ат шаптырым Нардың қорғанында 6 жерден үй тігіп қыс қыстап, жазда бұлақ маңындағы көгалда отыратынбыз. Созақ өңіріне,  Сарысуды жағалап, қазіргі Талас ауданы, Ойық, Аққөлден үдере көшіп келгенбіз. Үлкен атам ағайынды Нар, Бұрқан бай бағлан болып, ақ патшаның 60-шы жылдың соңындағы реформасы кезінде бас сауғалап осында келген дейтін, үлкен әжем Айтотым. Нар бабам астына мінген атын баптап, жүгені мен ерін күмістен, тоқымын мәуіті матадан салып мінетін маңғаз сұлу, атқамінер кісі болса керек. Ауыл аймаққа сөзі өтетін, сал серілігі де бар, байлығын шашып жүретін мәрт, ер мінезді азамат еді дейтін бала кезімде ескіқұлақтар. Әлі есімде әжем, әкемнің інісі Алпысбаймен маған, мына жерді қаз, мұнда қыздарымның алтын күміс сырғасын көмілген, мына жерде алтын жалатылған леген болатын деп отыратын. Атам Рысбайдың бәйбішесі- әжем Айтотым қолынан келмейтіні жоқ, сөзге шешен, іскер, елге сөзі өтімді, қарулы «нағыз Нардың» келіні дейді екен. Көрші қолаң сыйлап, бәрі «Айапа» атап кеткен.  Бірақ етегіне бала тоқтамай, өзі таңдап жүріп, күйеуіне Алтынкүл есімді қызды қосыпты. Одан туған Жорабек, Айтжан, Асылхан, Асқарбек, Алпысбай тарап Айтоты әжемнің бауырына салған.

        Әкем Рысбаев Жорабек көзі ашық, орысша білетін, сауатты жан болған екен. Аудандық банктің меңгерушісі қызметін атқарды. Аршыған жұмырқадай аппақ, сұлу кісі болса керек. Шымкент қаласына үш айлық оқуға кеткенде, адуында Айтотым апам, «балам оқудан шаршап келеді. Рысбайдың жылдық асын өзім беремін деп, ағайындарын жинап 1937 жылы үлкен құран береді». Оған  ел аралап құран қатым түсіріп жүрген шаяндық, Аппақ ишанның ұрпақтары да қатысады.  Соны көрген көршілері. Бұлар бай бағланның тұқымы. Кеңес үкіметіне қарсы. Ишанға қол берді, «халық жауы» деп, арыз жазып, Нардың тұқымынан асқа қатысқан 10 азаматты соттатады. Оқудан асығып келген Жорабекті құлқын сәріде НКВД қызметкерлері тұтқындап, жазықсыз түрмеге тоғытады. «Әкеме ас берген ағайыннан басым алтын емес. Үкімет ақ қарасын әлі –ақ ажыратады. Құдай қолдап, босап шығармыз» деген әкеме, от ала келген «шолақ белсенділер», бесіктегі мені бір искеуге мұрша бермепті. Артында аңырап анасы, ақ адал жары, нәрсте баласы мен қалыппын. «Халық жауы» болып сотталған бір әулеттің тумалары «Беламор Балтық» каналын қазған мыңдаған тұтқынның қатарында болады. Түрмеде орысшаға жетік, өзі пысық Жорабек Рысбаев біраз сотталған адамдарға басшылық жасап, өзге ағайындарына бас көз болып, көп көмегін тигізсе керек. Отан алдында ақ адал екенін дәлелдеп соғысқа кетуге сұраныпты. «Аз ғана қалды ғой. Елге аман есен барайық» деген ағайындарына, «ауылға түрмеден шықты дегеннен соғыстан келді деген жақсы ғой»,- деп Саяси Бюро мүшесі М. Калининге хат жазып, отан қорғау жолында соғысқа аттаныпты.

        Өмір бойы әкемді күттім. Жасы 80 толғанда тірі болса осы уақытқа дейін келер еді ғой деп, 1992 жылы ағайын туыс, көзкөргендерді шақырып, үлкен ас бердім. Шариғат жолымен сүйекке түскен азаматтарға жыртыс таратып, ырымын жасадым.  Осы беріректе әкемнің інісі Асылхан, өлер алдында мені шақырып: — «Ханшайым, сотталып, артынан соғысқа сұранып кеткен әкеңнің  артынан «қара қағаз» келіп еді. Өлді деп, үмітіңді үзгім келмеді. Сонша жыл жасырып жүрген мені кеш деп қолыма «қара қағазды» ұстатты»,- дейді.

        Бала кезім қиын заманмен тұспа-тұс келіп, әкесіз өстім. Десек те, әжем Айтоты мен Алтынкүл жетімдіктің тауқіметін тартқызған жоқ. Қос әжемнің махаббатына бөленіп, ортасында тербеліп өстім. 1951 жылы Нардың қорғанынан көшіп, «Балтабұлақтың» төменгі жағына қоныстандық. 1954 жылы мектеп бітіріп, Шымкент педагогика институтының математика мамандығына оқуға түстім. 1959 жылы алғашқы түлегі болдым. Игі жақсылармен араластым. Өстім. Өндім. 40 жыл ұстаздық еттім. Сексеннің үшіне келсемде әкеге деген сағыныш бір сәт басылған емес. Жатсам тұрсам, әкем бейітін тауып,  басына барып, зиярат етіп, құран оқысам дейтінмін.  Қолымда осы уақытқа дейін архивтен ізденіп жүріп, «1937 жылдың 25 желтоқсан айында ұсталып, 30 желтоқсан күні сотты болды. 1944 жылдың 12 қаңтар күні қылмыстық құрамның болмауына байланысты ісі тоқтатылды»,- деген тілдей қағаз ғана болатын. Құдай қосқан қосағым Бәкір Нұржанов ұзақ жылдар құқық қорғау органында лауазымды қызмет атқарды. Тұтас бір әулетті «халық жауы» деп арыз жазып, соттатқан кім екенін анықтап бер деп қанша сұрасам да, жылы жауып қоя салатын.

        Жақында қызым, ізденіп жүріп, әкем Жорабектің соғысқан, жерленген зиратын тапты. Соғысқа қатысқан туралы анықтама қағазында «Қызыләскер Рысбаев Жорабек Нарұлы (документте әкесімен, атасының есімдері ауысып көрсетілген) 1944 жылдың қаңтар айында соғысқа аттанады. Ленинград облысы, Салнцев ауданы, госпиталь ХППГ 624, 1944 жылдың 26 сәуір айы қайтыс болды. №2, №13 зират. Соңғы қызмет еткен әскери бөлім 354 зсп. Туған жері, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, Калинин атындағы №7 колхоз. Әйелі Рысбаева Зере»,- деп анық көрсетілген. Осы хабарды алғанда, өмір бойы іздеген әкем тіріліп келгендей қуандым. Ес білгелі әкемнің қолымда қалған жалғыз суретіне қарап,  зиратына туған жердің топырағын салып, құран оқимын деген арманым бар еді. Бүкіл әлемді мына бір індет жайылып, ешқайда шығуға мұрша жоқ. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін іздеп, игі іс жасап жүрген сыйлас інім, журналист Дулат Әбіш те, «апа әкеңіздің басына апарамын»,- дейтін. Сәтін салса міндетті түрде басына бармын. Құран оқып, әке аруағымен сырласып, мұңымды бір шағамын,-дейді.

        1947 жылы түмеден аман келген әкемнің ағайыны Пәзтай Райымқұлов пен Әти Тоқбергеновтен әкем туралы жиі сұрайтынмын. «Несін айтасың Ханшайым. Әкең адамның асылы еді ғой. Мейрімді, мәдениетті, сыпайы, іскер болатын. Түрмеде көп адамға шарапаты тиді. Аз ғана қалды ғой, ауылға қайтайық деген бізді тыңдамай, соғысқа сұранды. Осының өзі-ақ, адал азамат екенін білдірмей ме?!»,- деп отыратын. Бала кезімде әкеммен сыйлас болған жақсылар, мені алдарына алып «жақсыдан қалған жәдігер» деп мейірленіп, алдына алатын әлі есімде. Сұлу, өңді ер кісі көрсем, әкемде осындай болды-ау, деп артынан еріп жүретінмін. Қазір көкеймде осындай естеліктер ғана сайрайды.

        Журналист, жазушы Мұхммеджан Рүстемовтің Созақ көтерілісі туралы жазған «Созақ қасіреті» атты тарихи кітабы бар. Сонда 30 жылдардағы «Ханшайымның тақсіреті» деген көлемді дүние де жазған.

        Ия, бұдан сексен үш жыл бұрын елдің оқыған білімді азаматтарын ажал оғына айдаған реппресия зардабы әлі жойылған жоқ. Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Бұл адамзат тарихындағы ең ауыр соғыс болғаны белгілі. Талай отбасының ошағын ойран етті. Оны ұмыту мүмкін емес. Оған қатысқан  сарбазды, тылда аянбай еңбек еткен еңбекшілерді ардақтау әрбір ұрпақ үшін абыройлы міндет болып қала береді.

        Ерлан Райымқұлов.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...