Сәуірбек көке

  Тоқсаныншы жылдың тамыз айы болу керек, қазақтың қаранар қаламгері Сәукең–Сәуірбек Бақбергенов жетпіс жасқа толып, туған жеріне табан тіреген. Жанында саф алтындай сарғая сораятын, селдір шашын сулап кері қайыратын Сафуан Шаймерденов бастаған Рамазан Тоқтаров, Тұтқабай Иманбеков және бірер жазушы бар. Біз Жазушылар одағының облыс аралық бөлімшесінен ілескенбіз.
Созақ ауданының орталығындағы “Мыңжылқы” Мәдениет сарайында керемет кеш өтті. Сафуан ағамыз қазақ әдебиетінің әлеуеті, әлем жүзіндегі алар орны, оқырман деңгейі, Сәукең сынды қаламдас-қанаттасы және оның шығармалары хақында шешіле серпіліп, шешен көсіліп, сарайға лық толған жұрттың жанын байытып, жүректерді қозғап өтті. Сәукеңнің сырлас, сыйлас інілері һәм Сафағаң әуеніне әуезе үстеп, үйлесім шіркініңіз әзелдегі Әуезов елтіген, ерекшелеп ен тағып кеткен созақы күйдей кенен шертіліп, бозінгендей иіп кеп-кеп берсін-ай.
Ал Сәуірбек көкеміздің туған жерге, кіндік қаны тамған топыраққа деген перзенттік сүйіспеншілігі, сазды қырағатынан-ақ сезілген сағынышы талай-талай жанарларды жасауратқан.
Жетпіс жасқа толып, еліне есеп берген Сәуірбек Бақбергеновтің алдына ауыздығын қарш-қарш шайнаған ақбоз ат көлденең тартылды. (Ол жылдары темір көлікпен марапаттап, кілтін берудің ауылы әлі алыстау тұғын). Ақ киіктің сирағына сапталған сегіз өрім қамшы сыйлады созақтықтар. Түйе жүнінен тоқылған шекпен жабылды иығына. Сафуан Шаймерденовке ақ бота жетектетудің белгісі ретінде ақ конверт ұсынылған. Алматыдан келген өзге кісілерге бір-бір сағат тағылған.
Кешкі тамақтан кейін Шолаққорғанның қарапайымдау қонақ үйінде Сәукең мен Сафекеңдерге ілесіп, астанадан жеткен бір жазушыңыз көтеріңкі көңілімізді су сепкендей басты. Мұндай-мұндайды да кейде келтіре кеткеннің артықтығы болмас.
Әлгі жазбагеріңіздің аты-жөнін атамай-ақ қоялықшы. Н. делікші. Сол Н. қарама-қарсы бөлмеден дауыстап: “Маған кеп кетші!” деді. Кірсек, кереуетте шалқалап жатыпты. Тіпті топылиын да шешпеген. Шалқалай шіреніп: “Әй, сен мәз-мәйрамсың ғой тіпті?!” деді кекетіп. “Енді, аға, кешіміз жақсы өтті. Екі ақсақалымыз да, жұрт та риза. Соған қуанамыз дә”, дедік.
Н. сол күйі орнынан тұрмады. Жылтыр қара бет-жүзі, қарауытқан еріндері қуқылданып, діріл буғандай көгереңдеді. Тіксініңкіреп, іш жидық. “Мәз-мәйрам болмағын сен!–деді әлгі ағамыз. –Жегеніміз бір асым ет, таққанымыз браслет дегендей боп қайтатын түріміз бар. Әдебиетте бұлай жүруге болма-а-а-айды!”.
Қаншама үндемес, жуас атымыз шықса-дағы, шыдамның да шегі бар. “Әдебиетте қалай жүруді тап мына сізден сұрамаспыз! Ал көкейіңізді кеміріп жеп бара жатқан конверт мәселесіне келсек, дүние өртеніп кетсе-дағы беріңдер деп айта алмаспыз, өздері ұсынып жатса, қайтармаспыз”, деп бөлмесінің есігін тарс жаптық.
Ертеңіне түк болмағандай жылмаңдайды. Оң жағымыздан бір, сол жағымыздан бір сөйлейді келіп. “Кешір-әй, сен. Кешегі ән¬ше¬йін әзіл ғой”, дейді. Одан бетер қусырыла тырыстық.
Сәукеңнің шекпені сол қолымызда, қамшысы оң қолымыздатұғын. Әзіл-қалжы¬ңы¬мыз қаттырақ кететін ауатком төрағасы Ша¬ла¬тай Мырзахметов (бүгінде білдей Мәжіліс депутаты) түнерген түрімізге қарап, тұтқиылдан тиісті. Қалжыңы онша орынсыз емес-ті. Бірақ, өзімізді өзіміз ұстай алмай, Шалатайдың қыртысы қалыңдау жон арқасынан Сәукеңнің сарқоңыр қамшысымен салып кеп жібергенімізді бір-ақ білдік.
Аңғарғандар аң-таң. Рамазан аузын аңқайтқан. Тұтқабайдың таңырқауы одан бетер. Өзгелер онша байқамаған. Озыңқырап кеткен бәрі де. Сөйтіп, Н-ның ашуын Шәкеңнен алғанбыз. Н-ға да рахмет. Соның себебі¬нен “Ауатком төрағасын сабаған” атымыз қалды. “Үндеместердің бұрқ етіп тасығаны қиындау болады. Қайын ағамыздың қамшы салғаны рас”, деп Шәкеңнің өзі арқасын қиқаңдатып, анда-санда айтып қояды екен сол оқиғаны.
Екінші күні екінші шатақ шыққан. Созақтың бір қиырында, Сәукеңнің жақын бауырының үйінде, түнгі сағат бірден өте, біразымыз ұйқыға жата бастаған шақта, жетпіске толған мерейтой иесінің өзі әскердегідей, взвод командирінше бұйрық беріп, жолға жиналдық.
Дала шырттай қараңғы. Тамылжыған тамыздың соңында жарық жұлдыздарыңыздың жер жарықтықтан жырақтап кететінін кім білген?! Алдымызда атақты Тұрлан асуы. Қаратаудың Созақтан Кентауға қарай асып түсер тұсы.
Тұрланның қилы-қилы, қысталаң жолдарымен қалың түнде жүріп өту аса қауіпті тұғын. Күндіздің өзінде абайлай-абайлай асатынбыз. Көлік біреу емес, әлденешеу. Бірінің жарығы біріне шағылып, ирелең өткелдерде кирелеңдеп, әбден-ақ азаптандық.
Кентауға жеткенше сағатыңыз төрттен асып, Таңшолпан туғандай. Аспанға қарауға мұрша жоқ. Кеншілердің қонақ үйіне әрең орналасып, меймандарымыз тоңтерістенген күйі таңғы ұйқыға кіріскен. Ал біз жоспарсыз жеткен Кентауыңыздың сол кездегі басшысы Сансызбай Бекбосыновқа қоңырау шалдық. Мән-жайды түсінген текті жетекші Сәкең жақында ғана жол апатына ұшырап, жаңадан жазыла бастағанына қарамады. “Ең болмаса бестен кейін оятсаңдар қайтеді?” деді-дағы, бәрінің ойдағыдай болатынын, уайымдап жүдемеуімізді ескерте есінеді.
Кентауда түске дейін мерекеледік. Сәу¬кеңнің ашуы қайтып, Сафағаңның қабағы жадырады. Тұқаңдар мен Рамазандар әнге басып, Түркістанға межеленген мезгілде жеттік. Сәуірбек көкеміз үшін Түркістанның жөні бөлек, жосығы ерек. Осындағы ба¬лалар үйінде тәрбиеленген түлек. Толқыды. Тебіренді. Біресе тынымсыз күліп, біресе кеудесін күрсін кернеп, бурыл мұртын қытыр-қытыр сүйкелеп, сытыр-сытыр сипалайды.
Түркістандағы әдеби жиын жаман өтпеген. Алайда Саф ағамызды бір де бір сөйлеуші, тіпті мерейтой иесінің өзі де жөндеп, дұрыстап айтпаған сыңайлы сезілді. Түркістанның Мәдениет сарайынан алыс¬тамай жатып-ақ “ауа райының бұзылғаны” байқалған. Талай күннен бермен қарата сыпайы-сырбаз, көңілді-кербез келе жат¬қан Сафуан Шаймерденовтің жып-жылы жүзі сұрланып үлгерген. Бір бүйірге ығы¬сыңқыраған ысқаяқ Рамаш (Рамазан) пен титтей нәр¬сеге таңырқай аңқиятын Тұтқаш (Тұтқабай) аға¬ларымыз екеулеп “диагноз” қойысты: “Жаңағы жиында жұрттың бәрі жұмылып, Сәукеңе ауып кетті-дағы, Сафағамыз ұмыт қалды. “Ауа райымыз” бүгін¬дікке бүлінді дей береміз енді”, десті.
Шынымен-ақ “диагноз” дәл қойылған екен. Түркістандықтар по¬йызға аса жылы шырайлы жағдайда шығарып салғанымен, бір купеге жайғасқан қос тарланымыз қырғын шайқасты бастады. Қойқаптағыларын қозғасқан, сұқ саусақтарын безескен сөз соғысынан бәріміз безіп кетуге мәжбүрміз. Бірнеше мәрте кәдімгідей-ақ төбелесіп қала жаздады. Тоқтаров қана тоқтатты.
Ақырында ақсақалдардың екеуі екі купеге бөлініп, енші алысты. Бәрібір, қайта кездесіп қалса, керілдесе кетеді. Ондайда Тұтқабай мен Рамазан қырағы кезекшілік етіп, араларына барып тұра қалады.
Сафекең де, Сәукең де–бәріміздің сүйікті жазушыларымыз. Шаймерденовтің өзге туындыларын былай қойғанда, тек “Инеші” мен “Мәжнүнталы” ше? Неткен ғажап дүниелер?! Сондай ғажайыптарды тудырған сүйрік саусақтарынан сүйгіңіз келетінін қалай жасырарсыз. Ал Сәуірбек Бақбергеновтің даңқты панфиловшылардың дивизиясында взвод командирі болғанын, 1945 жылы журналистік жолын “Социалистік Қазақстанда” бастағанын, Динаны, Кененді, Бауыржанды, Шоқанды, Талғатты жазғанын жатқа білеміз ғой. Кітаптарының аттары қандай?! “Алтын күрек”, “Бозторғай”, “Алтынемелден асқанда”, “Қайран шешем”, “Қарға тамған қан”, “Адам және көлеңке”, “Ақбоз атты ару”…
Алпыс төртінші жылдың желтоқсанында Қазақ университетіндей жылы ұямыздан жұлып алынып, әскерге әкетілген пақыр¬лардың біріміз ғой. Қиыр Сібірге кететінімізді біліп, бар ақшамызды бір досымызға тастадық: “Оқта-текте жаңа шыққан қазақша кітаптарды салып тұрарсың”, деп өтіндік. Сондай кітаптардың арасында Шыңғыс Айтматовтың “Тау мен дала хикаялары” мен Сәуірбек көкемнің “Қасиет” повесі де Чита облысына артымыздан барғаны, қазақ жауынгерлерінің қойны мен қонышында жүріп оқылып, тоз-тозы шыққаны көз алдымызда…
Түркістаннан Арысқа жеткенше қиналысып, қиқы-жиқы ой кештік.
Кенет!
Кенет Арыс қаласының темір жол стансасында ән әуелеп, терме тербеліп, күй күмбірлеп тұрыпты. Керемет-ай десеңізші! Толайым-тұтас пойыздың күллі жолаушылары таңырқай қарап қалысты. Бір тұста топ-топ әнші сұлулар. Екінші жерде ұлттық киім киген домбырашы қыздар мен термеші жігіттер. Одан әрегіректе және шоқ-шоқ өнерпаздар. Одан да арырақ алаңшада ақ шағаладай қалқып билеген мектептің жас өскін өрендері. Айтыс ақындары арнау айтып бастады. Мұның бәрі Арыстың сол сәттегі басшысы Айтаханов Қуаныштың шебер ұйымдастырған тірлігі екен. Микрофонды алып, қаламгерлерді құттықтады. “Қазақтың көрнекті жазушысы, жерлесіміз, мақтанышымыз Сәуірбек Бақбергенов жетпіске толып, кіндік кескен киелі мекені Созақта, Қаратау тәжі Кентауда, түркінің ортақ мерейі Түркістанда болып, Арыс арқылы өтіп бара жатыр. Қазақстанның аса көрнекті суреткері Сафуан Шаймерденов ағамыз бастаған бір топ қаламгерлер ортамызда!” деді Айтаханов. Қаздай қалқыған қыз-келіншектер қымыран ұсынды. Қойдың басы әкелінді. Арыстың ақ қауыны ақтарылып, қараала дарбызы қақ жарылып, жеміс-жидегі мен жүзімі мөлдірейді.
Тоғыз жолдың торабында әжептәуір аялдайтын айтулы пойызыңыз тағы біраз кешіктіріліп, қырық минөтке жуық уақыт қырғын той дүркіреген. Бір қарасақ, бәріміз билеп кетіппіз. Сафекең мен Сәукеңе дейін. Қыздар құрымағырлар еліктіре еліттіріп әкеткен ғой.
Тұтқабай мен Рамазан көкелеріміз екі ақсақалымыздың арасында билеп-билеп жүреді де, кенет ағаларының алақандарын бір-біріне тигізіп, ұштастыра қояды. Сәукең мен Сафекең Тұтқаш-Рамаш сценарийі бойынша айқара құшақ айқастырды-ау ақырында. “Арыста… Арысымызда табысқандарыңыз қандай ғажап, ағалар!” дейді Иманбеков иман тұнған жанарына жас үйіріліп. “Табысамыз! Табыспай не көрініпті?!” дейді Сәукең бурыл мұртын сытырлата сүйкелеп. “Әй, табыспайтындай соншама қатты кетіскен жоқпыз ғой. Нетістік те жай ғана. Мына тамызда жетілетін бала қораздардай қоқиландық та аз ғана”, дейді Сафекең. Тоқтаровыңыздың танадай жанып тұрар “панарларынан” да түйір тамшы тамып кеткендей. Манағы майқана-майданды, қырғын соғысты көрген көздердің мынадай мамыражай татуласуға куә бола тұрып, жасқа шыланбауы мүлде мүмкін емес-ті. “Болмашыға бала бола беретін, сәл нәрсеге нала бола салатын қайран даналар-ай!” демеске лажыңыз кем.
Шабыттана шаттанған шығармашылдар шоғыры Шымкентке шейін шалқыған.
Шошайып біз қалып қойдық перронда.
Пойыз жылжи берер сәтте Сәукең мен Сафекең екеуінің бір купеде шахмат ойнауға кіріскенін әйнектен көріп, бұрынғыдан бетер қуандық.
Сәукең көкем біздің кетпей тұрғанымызды байқап қалып, бір түп-түзу, ұзын фигураны ала салып, биік көтере бұлғаңдатты.
“Бәрі дұрыс. Түгел-түзу. Тұп-тура”, дегені болар-ау, сірә.

Мархабат Байғұт,

жазушы

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...