КӨЛ ЖАҒАСЫ КӨРКЕМ КҮЙГЕ ЕНДІ

 Дүниежүзілік тазалық күніне орай сенбі күні Оңтүстікке  емдік шипасымен аты шыққан әйгілі  Қызылкөл көлінің жағасында кең көлемді сенбілік шарасы  Құмкент ауыл әкімдігі аппаратының бастамасымен ұйымдастырылды. Қызылкөл Құмкент ауылынан батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Сенбілік жөнінде ауыл әкімі алдын ала хабарлап, лажы болса шараға қатысып кетуімді сұрады. Біз барғанда көл жағасы сенбілікке қатысушылармен толыға түсіпті.

 Қызылкөлдің емдік қасиетін Израильдегі өлі көлмен салыстыратындар да аз емес. Ілгеріде бұл көлдің даңқы елімізден асып, шетелдіктерді де таңырқатқан деседі. Бірі Чехиядағы атақты Карловы Варына (тұзбен емдейтін шипажай), енді бірі екінші Қара теңізге теңейтін еді. Мұнда бұрын сырқатына ем іздегендер мен демалушылардың көптігінен бос орындар болмайды екен. Суы қалыпты жылдары айдында аққу қонып, қаз ұшып жататын. Осы қасиетті көл 2000 жылдардан бері белгісіз себептермен жиі тартылып қалған, бірақ биылғы жауын-шашынның жиі болуынан көлдің 70-80 пайызы суға толған. Теңіз деңгейінен 335 м биіктегі тұзды көл 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аймақ тізіміне енгізілген. Ауданы 16,2 км², ұзындығы 6,1 км, ені 2,8 км, тереңдігі 10 м.

 Көл  алыстан көз тартады. Кереметі – керемет! Кезінде бұданда керемет еді. Бүгінде етегі сырылып, жалаңаштана бастаған.

 Кеңес кезінде Қара теңізден мамандар келіп, көл суының емдік қасиетін жоғары бағалапты. Ауасы, суы мен қара балшығы тек тері аурулары емес, таныс алу жолдары, белсіздік, гинекология, сүйектің қақсауы сынды (емделу 7-10 күн) көптеген сырқаттарға бірден-бір ем екен. Тіпті Астанадағы бірқатар белгілі шенеуніктер де осында келіп дертінен айығып кеткенін естуші едік. Ондағы лайды кезінде Жаңақорған мен Манкенттегі шипажайларға алып кетіп жатқандар да болды.

 Таудағы бұлақтардан тұщы су келгенімен, көл астында тұз бар. Сондықтан, тұзды суға айналады. Емдік қасиеті сонда.

Қызылкөл ашаршылық кезінде, 1937 жылдары тартылып, астынан тұз шыққан. Сонда бұлақ басына үйректер топтанып қонып, қанатын тұзға батырып ұша алмай қалатын көрінеді. Сол үйректерді маңайдағы ауыл тұрғындары ұстап қорек еткен деседі.

 Көлдің атауына келсек, мұнда ертеректе бір байдың қызы бұлақтың бастауынан су алған. Аңыз бойынша, қызды су перісі алып кеткен дейді. Кейіннен көл Қызылкөл деп аталған.

 International Bioexploration Socieaty сайтының мәлімдеуінше, осыдан екі жыл бұрын Қызылкөл халықаралық туристік маршруттың қатарына енген.

 Созақ ауданының ауасы құрғақ, жауын- шашынның аз түскендігінен, бұл өңірде ірі өзендер жоқ, жергіліктегі сулар кішігірім өзендер мен санаулы көлдер болып саналады. Олар Қаратау жотасынан бастау алатын Үшбас, Үштөбе, Тарлан, Балдысу, Біресік, Суындық, Қарақұр, Күмісті, Бақырлы, Ақсүмбе және Қарабұлақ өзендері. Бұл өзендердің кейбіреулері маусымдық ағатын өзендер болып есептеледі. Сондықтан ауыл тұрғындары ауыз су үшін жерасты құдық суларын пайдаланады. Ауданымыз аумағындағы Шу өзені республикамыздағы ең үлкен өзендердің бірі. Шу өзені Орталық Тянь- Шаньның Қырғыз жотасынан бастау алып, туысқан Қырғыз Республикасы жерінен, Қазақстанның Жамбыл облысынан өтіп, өзеннің суын біздің ауданның Мойынқұм өңіріндегі Ақжайқын көліне келіп құяды. Өзеннің жалпы ұзындығы 1186 км. Қазақстан жеріндегі ұзындығы 800 км. Созақ ауданы аумағындағы ұзындығы шамамен 185 км. Шу өзені өзіне тән жануарлар дүниесінен тұрады. Бұл өзенде сазан, алабұға, шортан, көксерке, карас, жерих секілді балықтар кездеседі. Жергілікті балық аулаушылар аудан халқын азда болса балықпен қамтамасыз етіп отырады. Шу өзенінің суы ауданымызда ауыл шаруашылығының барлық салаларына маңызы зор.
Құмкент кеңшарына қарасты Қызыл көл, Ақжар және Мойынқұм қойнауында орналасқан Шу өзені құятын Ақжайқын көлдері бар. Ал басқалары жаз келсе құрғап қалатын шағын көлдер болып есептелінеді. Ауданымызда өзендер мен көлдердің аз болғандығынан, жасанды көлдер- суқоймаларын құру қолға алынған. Ауданымызда: Үштөбе, Тау Шаға, Шұқырой, Торлан, Бабата, Төскейсаз, Күмісті сияқты кішігірім су қоймалары бар. Бұл су- қоймалары ауданымызда мал шаруашылығына және егін алқаптарына пайдаланады.
Көл суы деңгейінің көтеріліп, төмендеуі көбінесе климат жағдайына ауа райының құбылмалылығына, қардың жаууына, жауын- шашынға байланысты өзгеріп отырады. Өзендер сияқты ірі көлдердің деңгейі де ғасырлық «циклмен» өзгереді.
Көлдерге келіп құятын су балансын жер бетімен ағып келіп құятын су, қар, жауын- шашын және жер асты сулары құрайды.
Көлдегі жел режимі өте құбылмалы және әр түрлі. Желдің су бетіндегі жылдамдығы жер бетіне қарағанда әлдеқайда жоғары. Көлдің жағалауы балшықты келеді. Солтүстік және шығыс жағалауы биік, кей жерлері жарлауытты. Қызылкөл ағынсыз, тау аралығында ойыста орналасқан. Оның тереңдігі 10 метрден астам, батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Чолтүстік- шығыс жағында кішкене арал бар, ол су деңгейі көтерілген кезде су астында қалады. Көлдің орталық бөлігінің түбі қатты, ал жағалау жағы сазды, лайының қалыңдығы 0,3 метр.
Солтүстік және солтүстік- облыс жағалаулары тік жарлауытты, оның биіктігі кей жерлерінде 20 метрге жетеді. Көл жағалауына бетеге, ақ жусан, кей жерлерінде мия мен сарсазан, қарағай, сексеуіл өседі.
Қызылкөл қар, жауын- шашын және өзен суымен қорланады. Көлге оңтүстік- шығыстан Үшбас өзені құяды. Суы аз жылдары өзен құрғап кетеді. Көлдің орташа тереңдігі 3,7 метр ( ең терең жері 8,5 метр). Көлге 89 миллион текше метр су жиналады. Суы 0,5- 2 метр тереңдікке дейін мөлдір, түсі жасыл. Көл деңгейі сәуірде көтеріліп, қазанда төмендейді.
Қызылкөлдің минералдануы және химиялық құрамы әр түрлі. Суы аздап ащы,  кермек. Химиялық құрамы жағынан суы сулъфат класына, натрий тобына жатады.
Көлдерде микроэлементтер өте аз кездеседі, ал бром, мыс, марганец, қорғасын және кобальт мүлде жоқ. Көктем және жаз айларында көл суы мал суаруға пайдаланылады.
Көл жағалауының әр жеріне қамыс қопасы көрінеді. Қызылкөл көлінде балықтың біраз түрі болған. Атап айтсақ, сазан, табан балық, жыланбас балық, алабұға және жайын балығы да болған деседі. Ашаршылық жылдары ауыл тұрғындары күнкөріс көзіне айналған. Қазіргі кезде бұл балықтардың бірі де жоқ.
Қызылкөлдің су деңгейі 1947-1948 жылдары барынша азайып, 1969 жылы ең жоғары деңгейге көтерілгенімен су деңгейі қайта төмендеді. 1990 жылдар мен 1997 жылдар аралығында жауын – шашын мол болып көл өз деңгейінде болған. 1998 жылдан бастап су көздері жабылып құрғақшылық бола бастады. 2015-2016 жылдары Қызылкөл көлі қалпына келе жатыр деп қуанғанымыз бар.  Таудан бастау алатын Үшбас өзені Қызылкөл көлінің негізгі су көзі. Бүгінде судың ағысы төмендеп кеткен. Көлдің тартылуынан осы жерде тіршілік ететін құстар да, балықтар да жойылып кетудің сәл- ақ алдында тұр. Ауданның барлық жерлерінде құстар кең тараған, оларды таралу аймағына қарай : шөлейт пен шөл аймақтарының, көлдер және тау құстары деп шартты түрге бөлуге болады. Қарақұс, күйкентай, дала қыраны, лашын, қырғи, жыланжегіш тағы да басқа құстардың барлығы дерлік осы көлді мекендейтін. Жоғарыда атап кеткендей балықтың түрлері қазіргі кезде жоғалып кеткен. Судың тартылып, тұздалуы себеп. Сырттан кіретін су көзі аз. Ал бұл экологиялық жағдайға әкеліп соғады. Су тартылғанға дейін бұл жер аты қазақстанға тараған атақты демалыс аймағы болатын. Көптеген еңселі үйлер, саялы талдар көп болған. Қазір сол көп үйлерден қалғаны бұзылған орындары ғана. Қараусыз қалған көл аймағы құлазып тұр.
Кезінде атағы шыққан көлдің қазір реңі қалмаған. Бұзылған үйлер, тартылған су, ластанған тұзды лай көлшігі. Осының барлығы адамға тигізер зияны өте көп. Көлден 1 шақырым жерде тұзды лай былайша айтқанда балшық бар. Ол балшықтың емдік қасиеті мол.
Қызыл көлдің экологиялық жағдайын реттеу мәселесі қоғамнан зор қолдау тапса, бұл іс жалпы халықтық сипатқа ие болар еді. Десе де қол қусырып қарап отырмай көл мағайын күл-қоқыстардан аршып, сенбілік ұйымдастырып жатқан ауыл әкіміне, әкімін қолдаған ауыл тұрғындарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Аталмыш сенбілікке ауыл әкімі Ғани Пардабекұлы мен ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Созақбай Асқанбеков басшылық жасап жүрді. Шараға Құмкент ауылдық округі әкімі аппараты, Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта мектеп гимназиясы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі, «Балдырған» бала бақшасы, «Қайрат» балабақшасы, «Махамбет» бала бақшасы, мәдениет үйі, спорт кешені, аурухана ұжымы барлығы Құмкент ауыл әкімдігіне қарасты тоғыз мекеменің 200-ден астам қызметкерлері мен ауыл еріктілері шықты. Сенбілік жұмыстарына Ырысалдиев Хамиттің, Бектібаев Бауыржанның, Шайхназарұлы Алтайдың, Байқұттиев Талғаттың жеке иелігіндегі   техникалары жұмылдырылды. Таңертеңнен бастап түс ауғанша жалғасқан сенбілікте 4 тонна күл-қоқыс шығарылды. Оның ішінде шыны, пластик ыдыстар, целофон қалдықтары, түрлі өзге заттардардан көл жағалаулары аршып алынды.

 Бүгінгі қоғамдағы өмір сүріп жатқан сіз бен экологиялық қауіпсіздікке мемлекеттік көзқараспен баға беріп, жердің тіршілік жасау қабілетін сақтауды, қоршаған ортаны таза ұстауды келешек ұрпаққа табиғатты көркем күйінде жеткізу басты борышымыз. Жалпы табиғатты, соның ішінде су көздерін қорғау, оған қатысты белгілі бір адамдардың ғана емес, бүкіл жұртшылықтың міндеті. Жастарды туған табиғатты сүйе білуге, оған қамқорлық жасауға баулу, оларды Отанды сүю, патриотизм рухында тәрбиелеудің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...