Қазақ қарасөзінің тарланбозы немесе заманынан оқ бойы озық туған жан

Көне Созақ жері – небір хас таланттарды дүниеге әкелген құнарлы өлке. «… Созаққа барсаң күйшімін деме» деп ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов кезінде тегіннен-тегін айтпаса керек. Осындай құнарлы топырақта дүниеге келіп, халқының мақтанышына айналған қазақтың марқасқа ұлдарының бірі Асекең – Асқар Сүлейменов болатын.

         Қазір тарихқа айналған сонау 1994 жылғы қаңтар айының 31 жұлдызы күні аудан орталығындағы бұрынғы Калинин атындағы орта мектепке Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменовтің есімі берілді. Қашаннан жақсылыққа жаны құмар аудан жұртшылығы бұған қатты қуанды. Көңіліміз әжептеуір марқайып қалды. Кеш те болса аяулы азаматтың еңбегі еленгеніне шүкіршілік еттік.

         Қатар құрбыларының марқұм Асқар аға Сүлейменовтің көзі тірі кезінде айтып, ел арасына кеңінен тарап кетіп еді дейтін: «Қазақта қалай екенін қайдам, Созақта былай…» деген сөздерінің көбісін Теріскейде көп естисіз. Оның үстіне елінің оған деген құрметі азамат абыройын одан әрі асқақтата түскендей еді.

         Сол кездері қаншама жұмысбасты болып жатса да аудан әкімдігі  бұл оқиғаны атаусыз қалдырмайық деп шешті. Мектеп ұжымы бастама көтеріп, оны атап өтуді ұйғарыпты. Сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтаханов бас болып ақыры іске бел шеше кіріскен екенбіз, онда бұл игі шараға астанадан марқұмның отбасын, ағайын-туыс, жора-жолдастарын арнайы шақырайық» деп ақыл қосты. Оны азаматтар құп алды.

         Сөйтіп жүргенде көктем өтіп, жадыраған жаз да келіп жетті. Шілде айының бір тамаша күнінде Шымкент қаласында Астанадан келген құрметті меймандар – Асекеңнің анасы Қымбат апаны, зайыбы Әлияны, құда-құдағиларды, белгілі ақын-жазушылар Дулат Исабеков, Бейбіт Қойшыбаев, Сейфолла Оспанов, Төкен Ибрагимов, Сайлаубек Жұмабековтерді бір топ адам қарсы алдық. Қызы Қаракөз олардан бұрын нағашысының үйіне келіп жатқан болса, Жаңатас арқылы асығып жеткен ұлы Әлішер мен күйеу баласы Досхан Жолжақсынов та осы топқа қосылды.

         Түс әлетінде қаламгердің нағашысы, марқұм Қыдыр Жүнісовтің үйінен дәм татып, аздап деп алған қонақтар кештетіп Қызылкөлге тартты. Осында бұрынғы Калинин атындағы совхоздың атынан ақшанқан үйлер тігіліп, Асекеңнің достарына ақ дастархан жайылған болатын.

         Асекеңнің жаймашуақ мінезіндей қалып танытып, күн де шуағын айналаға аямай төккен кез еді бұл. Қызылкөлдің кешкі көрінісі қандай әсем: табиғат Ана да жасарып, жайнай түскендей. Көлдің суына шомылып, табиғатын қызықтаған қаламгерлердің қиялы алыс көкжиекті шарлағандай. «Мыналарыңыз тіпті ғажайып, Қара теңізден бірде кем емес қой» деп қояды таңданғандарын жасыра алмай.

         Қызылкөл – Созақтың мөлдір моншағы ғой, — дейміз бізде мақтанышымызды жасыра алмай. Әттең, көл суы жылдан-жылға тартылып, азайып барады.Экологияның әсері ғой, әйтпесе үйрек ұшып, қаз қонып дегендей, алыс-жақыннан келген көпшіліктің демалыс аймағына айналған орын емес пе еді.

         Ымырт үйіріліп, кеш те батты. Жаздың мақпал кеші қандай, шіркін! Асекең туралы небір естеліктер айтылып, ән шырқалып, күй де тартылды. «Досхан осы елге күйеу бала болып келеді» деп мана әңгімеміздің басында айттық қой. Танымал актер, әнші, әртіс жігіт сол күні Асекеңнің ұлы Әлішер екеуі тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, тағы бір тың қырынан танылғандай болды. Қарындасымыз Қаракөз де өнерлі жан екен, домбыраға қосылып, қазақтың небір халық әндерін әуелете шырқады дейсіз. Сонда ырза болып, қол соқтық. Бір кезде Семей қаласынан келген Асекеңнің жан досы Төкен аға Ибрагимов Абай әндеріне салды. Жергілікті өнерпаздар да ауылдың алты ауызын айтып, көл маңайын думанға бөледі. Осылайша, сол бір жаздың жаймашуақ мақпал түнінде Асекеңнің әруағы бір аунап түскендей болып еді.

         Ертесіне қонақтар Асекеңнің атындағы мектепте өтетін салтанатқа қатысу үшін оқу орнына ат басын тіреді. Мектеп алдындағы алаңға киіз үйлер тігіліп, айнала әсем безендіріліпті, өзінің ерекше сән-салтанатымен көз тартады. Әуеде әсем ән мен күміс күй қалықтайды. Сәлден соң салтанатты рәсім де басталып кетті. Қонақтар мен жерлестері Асекең туралы естеліктер айтып, өтіп жатқан игі шараға ризашылықтарын білдірді. Марқұмның рухына арнап жайылған дастарханнан дәм татып, әруағына құран бағыштады.

         Түстен кейін аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында жұртшылық астанадан келген меймандармен кездесу өткізді. Ақындар арнау өлеңдерін оқып, жергілікті өнерпаздар әуелете ән шырқап, күмбірлетіп күй төкті.

         Асқардың анасы Қымбат әжейге сөз берілгенде тебіренбеген жан қалмады.

         — Мен өзім төрт құрсақ көтердім, — деді Қымбат апа жанары жасқа толып. – Оның екеуі Қайсар мен Азатбегім ертерек көз жұмды. Ал Асқар 1939 жылы, одан кейінгі қызым Жұлдызай 1942 жылы дүниеге келді. Қазір бұл қызым Төлеби ауданындағы «Қызылқия» колхозында тұрады. Балалы-шағалы. Әкелері Сүлеймен Ұлы Отан соғысына сол Жұлдызай туған жылы аттанды. Содан хабар-ошарсыз кетті. Сөйтіп 24 жасымда жесір қалдым. Бұдан соңғы өз өмірімді Асқар мен қарындасы үшін өткеріп келемін. Асқар балам екеуміз бір-бірімізді елу жыл алақанға салып өткіздік. Ол бір рет те бір ауыз сөзбен болса да бетіме қарсы келген емес. Асқар жанымның өмірі осындай-ақ боларын қайдан білейін… Құдай мұны да көрсетті. Қайғы мен арманды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Баламның қадір-қасиетін отыз жасқа келмей-ақ халқы білді. Содан кейінгісін күндеді ме, әлде басқа болды ма, білмеймін. Өзгелер не десе де өзі білсін… Енді Құдайым қалған балалардың өмірін берсін.

         Қымбат ана перзенті жайында осылай ой толғады. Асекең анасын еркелетіп «Айтотым» деп атаған көрінеді. Қарап отырып ана мен бала арасындағы риясыз сыйластыққа қайран қаласыз. Түркістан маңында туған Асекең сол жақтан үшінші класс бітіргеннен кейін нағашы ағасы бұл отбасын Шолаққорғанға көшіріп әкеледі. Орта мектепті осында бітірген Асекең өз бетінше көп оқып, көп ізденеді. Жастайынан зерек бала кейбір қытығына тиген мұғалімдердің сабағында біліп тұрса да айтпайтын көрінеді. Сондай ұстаздың бірі Қымбат анаға келіп: «Апа, балаңыз біліп тұрып жауап бермейді, әдейі «қырсығады», оқы десеңізші дегендей жалынып, жалбарынады. Анасы «менің баламды жаман дегізбей, сабағыңды жөндеп оқы» деп оңашада айтқаннан кейін, сөзге келмей, отыра қалып тиісті жазуларын жазады да: «Міне, сабағымды жазып болдым» деп дәптерлерін көрсетеді. Бұл арада барлығымыз үйренетін бір жағдайды баса айтқан жөн. Анықтап тұрып сабақ жазуын көрсетуі Асекеңнің анасының сауатсыздығын шыжғырып, бетіне баспай, қайта аялай білгендігінің көрінісі емес пе? Әлдебір дөрекілеу бала болса: өзің сауатсызсың, менің не жазып, не қойып жүргенімді қайдан білесіз? Мұғалімдер айта береді» деп шаптықпас па еді?

         Ақылды да зейінді бала мектепті бітіргеннен кейін әуелгі жылы Алматыдан жолы болмай оралады. Содан «Қызыләскер» бөлімшесінде бір жылдай бастауыш кластарға сабақ береді де, келесі 1957 жылы оқуға түсіп кетеді. Марқұмның қалған өмір жолы Астанада жалғасады. Әдебиет ауылына қоңсы қонып, өз биігінен көрінеді.

         Елгезек ойлы Асекең алғашында анда-санда жазатын әдеби-проблемалық мақалаларын қанағат тұтып қоймай, «Бесін» атты бір повесі мен екі әңгімеден тұратын жинағын жарыққа шығарады. Бұл жинаққа 1916 жылғы оқиғаны баяндайтын «Бесатар» повесі мен «Ақ кемпір», «Қара шал» атты ауыл адамдарының ішкі толғанысына құрылған, осы арқылы характерлер сомдағантамаша әңгімелері енеді. Кітап негізінен балаң жігіттің әлем әдебиетінен хабардар қабілетінен, өзінің сана өрісіндегі жаңа сәулелерден өрілген қара сөз кейпіндегі толғамы болып шықты. Жазу мәнерінен еш жазушыға ұқсағысы келмегендігі айқын сезіліп, оқырманын әрқилы тосындығымен қызықтырып, қыруар күй кештірді. Жалпы, Асқар жинағының «Бесін» аталуында да үлкен мән жатыр. Ол өмірде адам басынан өтіп жатқан қоңыр тіршілікті аңғартқандай әсер қалдырады.

         Арада табаны күректей он сегіз жыл өткен соң, 1988 жылы ғана оның бір повесі мен үш әңгімесі енген «Адасқақ» атты жинағы қолымызға тиді. Мұнда да жазушы өзінің сол бір терең пәлсапалық толғаныстарынан танбаған.

         Асқар Сүлейменов әдебиет пен өнердің өзге өңірінен де оқтын-оқтын жалт етіп көрініп қалатын. Оған дәлел, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құлагерге» сценарий жазғаны.

         Сол сияқты, көрнекті жазушы, драматург, ойшыл Асекеңнің «Ситуациялар» атты триптихінен(үштаған) оқырмандардың хабары болуы керек. Ол М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 1976-1978 жылдары қызмет істеді. 1987-1988 жылдары осында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Театр «Төрт тақта жайнамазды» 1989 жылы сахналады. Ал «Жетінші палатаның» премьерасы 1993 жылы сәуір айында өтті. «Қыздай жесір – штат қысқарту» атты пьесасы да сол кезден театр сахнасынан берік орын алып, көрермендер көңіліне жол тапты.

         Жалпы, Асекеңнің есімі бұрыннан-ақ халқымыздың рухани қазынасынан өзінің лайықты орнын алғаны мәлім. Дей тұрғанмен, оның керемет шығармашылық қоры мен интеллектуальды шарықтау биігі әлі де оқырманға толық таныс емес. Жазушы шығармаларының кеңінен тарауы үшін аз ғана уақыт жеткіліксіз, сондықтан оған біраз жыл қажет. Осы жағдай ескеріліп, кезінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық жастар мәдени орталығында Асқар Сүлейменов атындағы әдеби қор ұйымдастырылғандығы есімізде.

         Асқар Сүлейменов азамат ретінде елінің бақытты кезін армандап, адам ретінде өзі сүйіп, ардақтаған жандарының тілеуін тілеп өткендердің бірі. Алайда, уақытысында «бір тойын» өткізе алған жоқ. Өзі жоқта жасалған ықылас-мейірім, тігілген үй, төгілген бауырсақ, ағылған халық, баспасөз бетін толықтырған суреттер өзі барда қуанышына орайласқан болса, ұзағырақ жүре тұрар ме еді, кім білсін…

         Сұрапыл тілдің сүлейі, әсемдік ойдың өкілі, бекзат текті білгір сынгер Асекеңнің көрмедегі жүйріктей кезі жалтырап, әділетсіздікпен іштей алысып өткені де мәлім. Сондықтан халықтың жанын, рухын танып, оның ең қымбат белгілерін көзінің қарасындай қорғаған, дәстүрге адал, сөздің құнын, күйдің құдыретін, жылқының мінезін жете түсінген сезімтал суреткердің өмірде жұрттың бәрі бірдей байқай бермейтін қырларын көріп, айтып кеткендігін енді ғана түсінгендейміз.

         Бүгін де өзгелер айтып кеткен, жазушының бүкіл ғұмырына тән дерлік үш қасиет бірлігін тағы да айтқымыз келеді.

         Біріншісі – тума таланттың мәңгі ізденімпаздығы, бір сәт тынбай, білімге қанбай, дидарға тоймай, көңілге шөлдеп тұратын көпшіл, қарашыл, үйірсек мінезімен бүкіл өмірдің бүкіл ұлылығына құлауы және қайтарымы жоқ ортадан опа таппай, көңілінде бір суық мұңның кетуі.

         Екіншісі – өмірге, адамға жай ғана құштар болмай,өзінде бар озықтыққа, сүйегінде бар суреткерлікке іріден іріктеп, ұлыдан ұлағаттап, зиялы тағлым қосып, бірте-бірте биіктей, дараланып, ғасырына өз қолтаңбасы мен қайталанбас бейнесін қалыптастырып кеткені.

         Қаламгердің бойынан біз таныған үшінші қасиет – оны Мұқағалидай ұлы ақынмен үндестірген жан нәзіктігі, ұлпа сезімі, адал жүрегі, арудай арлылығы, сәбидей қорғансыздығы дер едік.

         Мұндай қасиеттерге ие дарынға халқы қандай құрмет көрсетсе де артық емес.

         Ел алдындағы ер еңбегі қашанда ескерусіз қалған ба? Тәуелсіздіктің елең-алаңында күллі республика, оның ішінде аудан жұртшылығын елең еткізген айтулы оқиға болды. Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына жазушы әрі драматург Асқар Сүлейменов (қайтыс болғаннан кейін) ие болды.

         А.Сүлейменовтің медалін оның анасы – Қымбат апаға Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті, қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қолымен тапсырды. Кешігіп жетсе де «бұған да шүкір» дегізген хабарға баршамыз болып қатты қуандық.

         Өзінің бүкіл болмыс-бітімінде, тұрмыс-тіршілігінде ол жай ғана Асқар Сүлейменов болғандығымен де өзгелердің мысын басып өтті.  Ал қазір пәниден бақи дүниеге сапар шеккеніне көп жыл болса да ел есіндегі ерен тұлғасымен, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгімелердің кейіпкері болып, қазақ әдебиетіндегі дарынсыздармен әлі шайқасып жүр.

         Қайран Асқар аға… Асекең … Асқар Сүлейменов. «Заманынан оқ бойы озық туған» азаматтың алып тұлғасы жылдар өткен сайын көңілімізде жасап, жаңғыра бермек. Созақ даласы да өз қыраны еліне оралатындай қиырға көзі тала қарайды. Тек ол тезірек келсе екен…

Кәрібай Әмзеұлы,

Созақ ауданының Құрметті азаматы.

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...