Темір тонды Өтеміс(поэма)

Хандардың туын тіккен қазағымда,

Киелі жер екен ғой Созағым да.

Қарабура әулие жатыр әні,

Тіршіліктің қалдырып базарын да.

 

Теріскейдің Саңғыл би ұланы еді,

Ұстағаны қолында құран еді.

Саңғылдардың ұрпағы өсіп-өнген,

Келіншектау баурайы бұлақ еді.

 

Балдысу Сүлгетайдың жері болған,

Бақ-дәулеті тасыған, елі толған.

Сүлікші ата жайында аңыз да көп,

Сүлгетай атамыздың емі қонған.

 

Иқансу Қоңырсопы мекені еді,

Ас-жиыны Күнгейде өтер еді.

Сиынғаны Қожа Ахмет Яссауи,

Сопылықтан басқасы бекер еді.

 

Тау асырып арқаға мал айдаған,

Дәстүр еді ежелден, талай заман.

Қоңырсопы ұрпағы қызығыпты,

Балдысуға түстеніп қарайлаған.

 

Сүлгетайдың қолқа сап ұрпағына,

Құдалығын міндет қып бір жағына.

Балдысуды сат! – дейді Сүлгетайға,

Пікір екі бөлініп тұр жарыла.

 

Жерді сату оңай ма о заманда,

(Ойыншық болып кетті ғой бұ заманда.)

Беру оңай, бермеуің одан қиын,

Қолқа салып құдалар сұрағанда.

 

 

Игісі мен жайсаңы ақылдасты,

Жерді сату оңай ма тақымбасты.

«Ақ бас атан бересің алпыс қылып!»

Жердің құны осылай мақұлдасты.

 

Атан көп қой, ақ басы қиын боп тұр,

Балдысу қол жетпейтін бұйым боп тұр.

Балдысудың бал суы тамағыңда,

Әзірге шешуі жоқ түйін боп тұр.

 

Арқадан күзде кері ораларда,

Қаңбақ қуып күзгі жел жоғаларда.

Бәтуә қазан айы келеміз деп,

Екі жақ сөз байласты соған алға.

 

Ақ бас атан әйтеуір түгенделді,

Айырбастап, сатып ап бірер кемді.

«Уәде-Құдай аты» орындалып,

Қоңырсопы ұрпағы жігерленді.

 

Әулие мен қолдаған әмбиесі,

Ізгілікті қолдаған жан жүйесі.

Ысқақ бабқа Сүлгетай шырақ жақты,

Бабатаның болғандай мәңгі иесі.

 

Жібек жолы бойында Бабатамыз,

Тұнған тарих, өрбиді қабат аңыз.

Күлтөбелер өлкенің шежіресі,

Аларсың ба тауыса санасаңыз.

 

Бабатаң да гүлденген шаһар еді,

Жер жәннаты атаған қазақ елі.

Өзің жайлы ой толғап жүруші едім,

Көптен бері кетіріп маза мені.

 

Сәлем беріп Шығысқа қарап тұрған,

Бабата биік еді – дарақ тұлғаң.

Өз ұланың көп еді өр мінезді,

Ерлік қана шығады қанатты ұлдан.

 

Мамыражай мүлгіген заман еді,

Ел тоқшылық, жаулықтан аман еді.

Бозторғайы қой үсті жұмыртқалап,

Ғұмар патша ел сүйген адам еді.

 

Орман-тоғай, жан-жағы жыныс еді,

Аң-құстары шулаған, тыныш елі.

Қос өзені қос бұрым секілденіп,

Аққан суы сылдырап күміс еді.

 

Қауіпсіздік – сыртында қорғаны бар,

Өзіне тән құпия жолдары бар.

Сауда-саттық, өндіріс өркендеген,

Төрт түлігі, байлығы, малдары бар.

 

 

Күйген қышпен таза су тартылыпты,

Еңбекпенен қайнаған халқы мықты.

Арабтардың шаһарға көзі түсіп,

Жауламаққа Әбдіжәлел Бабы шықты.

 

 

Сайрам менен Саудакент ойындағы,

Жауға өтті, тез ара мойындады.

Ендігі жер бас салу Бабатаға,

Жаулаушының оңай ма тойынбағы?!

 

Бабатаның қиын-ау берілмегі,

Атойлады отаншыл сезімдері.

Әбдіжәлел ақыры қайтыс болды,

Сұм соғыста Бабата еліндегі.

 

Арабтарға азалы хабар жетті,

Ұл туады әр елде алар кекті.

Бабатаны бас салып бағындырды,

Шамнан келіп Ысқақ Бап ыза-кекті.

 

Әбдіжәлелдің Ысқақ Бап інісі еді,

Дем беретін жанына тынысы еді.

Маңдайына арабтың туа біткен,

Әбдіжәлелдей қолбасшы ырысы еді.

 

Опат болды арабтың қаһарманы,

Бұйрық келіп таусылды татар дәмі.

Бабаталық жұмылды жұдырықтай,

Бала-шаға, кемпір-шал қатардағы.

 

Ысқақ Бап та сұңғыла көреген-ді,

Қидаласып бостан бос өле ме енді?!

«Мұсылмандық әсте-әсте» — деген сөз бар,

Кеңіте бер біртіндеп керегеңді.

 

Бейбіт жолмен Ысқақ Бап жақындады,

Қолдау көрді елдің де асылдары.

Құмкентті сол кезде билеп тұрған,

Ғұмар патша исламды қабылдады.

 

Ғұмар патша ұзын шаш, түкті болған,

Бойшаң еді – көрінер ұстын адам.

Туклас атты ұлы да ұқсас еді,

Тұстастары алдында мықты болған.

 

Уәзір етіп Тукласты қойды Ысқақ,

Көкейдегі көреген ойды нұсқап.

Бірге ашып исламның терезесін –

Халықпенен иманды ойды құшпақ.

 

Екеуара үндесіп тілдескені,

Үлкен күшке айналды бірлескені.

Барша жұртты исламға бой ұрғызып,

«Алла жолы – ақиқат, бірлес!» — деді.

 

Ислам дінін Теріскей мойындады,

Қолдан түсіп сусыды сойылдары.

Мұсылмандық арманы орындалды,

Ысқақ Бап пен Тукластың ойындағы.

 

Дін жолына осылай түсті Шаһар,

Көрсетпей-ақ соғыспен сұсты қаһар.

Мамыражай бір заман келіп жетті,

Соғыс заңы осымен бітті қатал.

 

Ел-жұрт ырза Тукластай азаматқа,

(Тұлпар болар құлын бар қазанатта)

Баба Түкті Шашты Әзиз атанды ол,

Халқы оны теңеді ғаламатқа.

 

Өткен – тарих, бәрін де көз көреді,

Мәңгілік жоқ – дүние өзгереді.

Теріскейге исламды мойындатқан,

Бабатада Ысқақ Бап жерленеді.

 

Заман ұзақ созылды мамыражай,

Діни орда Бабата заңына сай.

Жібек Жолы бойында сауда-саттық,

Халқы өсті, қарны тоқ, малына жай.

 

Жылдар жылжып Бабата гүлденеді,

Бар Шаһардан сол тұста іргелі еді.

Ұрпақтардан ұрпағы шырақшы боп,

Қожалар да дәуренін сүрген еді.

 

Көрінетін алыстан қақпалары,

Мұнаралы күмбезі мақтанады.

Он екінші ғасырдың шамасында,

Шаһар халқы шынайы шаттанады.

 

Төзімді екен түйелер жаны тегі,

Керуендер көшеді ары-бері.

Қақпалары ашылып жан-жағынан,

Бабатаны жарты әлем танып еді.

 

….Он жетінші ғасырдың басталғаны,

Бұлттар көшіп бұрқырап аспандағы.

Шатыр-шұтыр найзағай қамшы үйірді,

Көлден үркіп барады қасқалдағы.

 

Ызы-қызы аң-құстар шуылдаған,

Пәлекетті сезінді туындаған.

Бәрі, бәрі, бәрі де болып жатыр,

Нәресте де шошынып туылмаған.

 

Мың жеті жүз жиырма үш шамасында,

(Өшпей қалды тарихтың санасында.)

Жойқын күшпен жоңғарлар басып кіріп,

Ойран салды Бабата қаласында.

 

 

Өлік сасып, қалада қанды қырғын,

Сәулесі де көрінбес таңғы нұрдың.

Шыбын жан деп шырқырап арпалысқан,

Бейкүнә, момын жұртқа салды қырғын.

 

Дәл осы сәт Бабатаны басқарған,

Аса білген талай асу асқардан,

«Темір тонды Өтеміс» боп атанып,

Оза шыққан оғлан еді жастардан.

 

Өзі мерген, ол өзі батыр еді,

Көкірегі жыр толы ақын еді.

Мыңға шабар айбаты бір өзінде,

Жүз жігітке бір өзі татыр еді.

 

Жүз күн бойы соғыста берілмеді,

Отаншылдық рухпен жеңілмеді.

Құмырсқадай қаптады жоңғар иттер,

Қанқұмарлық атойлап тегіндегі.

 

Ала кетті жастығын өліскені,

Оңайлықпен Бабата беріспеді.

Ажал құшып шыңғырып бара жатты,

Өтеміспен қарсы кеп көріскені.

 

Темір тонды Өтеміс ойға батты,

Намысы зор халыққа жан да тәтті.

Бір тамшы су Шаһарда қалмаған соң,

Ақынжанды Өтеміс айла тапты.

 

Жаралы жауынгерін бастап алға,

Жоспарлады кетуді басқа маңға.

Жер астында құпия жол бар еді,

Амал қанша әзірше қашпағанда.

 

Жер асты жолыменен шығып кетті,

Деп ойлады дұшпаны: — «Бұғып кетті!»

«Тірі болсам кегімді қайтарам» — деп,

Бас бармағын Өтеміс бүгіп кетті.

 

Үшбас өзен бойымен қамыс барып,

Пана тапты амалсыз намыстанып.

Қапшағайы құшағын аша берді,

Жергілікті ел-жұрты – таныс халық.

 

Қос өзенді Өтеміс паналады,

Күннен күнге күшейді шамалары.

Тұтқиылдан төніп кеп маза бермей,

Жоңғарларды аяусыз жазалады.

 

Халық есім бермейді жанға бөтен,

Темір тонды деуінде мән бар екен.

Оқ тимейтін сауытсыз батыр еді,

Кездері жоқ дұшпанға «сауға» деген.

 

 

Бабалары шетінен батыр еді,

Құмай тазы, жүйрікке жақын еді.

Әбдіжәлелдің кезінде басын шапқан,

Бір бабасы алпауыт, көртақым еді.

 

Дегерезде дұшпанмен айқасады,

Қызыл қан боп екі жақ шайқасады.

Темір тонды Өтеміс жараланды,

Тоқтаған жоқ сонда да айқас әлі.

 

Ат шалдырып аз ғана дамылдады,

Боз тұлпары от шалып жанындағы.

Өтемісті жаралы тастап кетпей,

Шөлдеген соң бұлаққа жақындады.

 

Жоңғарларда қулықпен айла тапты,

Қылбұраумен арқанын сайлап атты.

Боз тұлпардың үйірін айдап келіп,

Торуылдап тұлпарды сайда жатты.

 

Құрық тастап, үйірді шідерледі,

(Шама жетсе жылқылар үзер ме еді?!)

Байталдарға шыңғыртып бұрау салды.

Қалш-қалш етіп биелер тізерледі.

 

Естігенде боз айғыр тұра алмады,

Иесіне мойынын бұра алмады.

Қорғамаққа үйірін атойлады,

Қорғап қалу үйірін бір арманы.

 

Есті айғыр осылай қолға түсті,

Кейде қулық ақылдан болар күшті.

Ер қанаты бозайғыр арқырады,

…Іштей сезді Өтеміс болған істі.

 

Жоңғар күші бәрін де жалмағаны,

Өтемісте сарбаз жоқ, қалмады әлі.

Қалың қамыс ішіне паналады,

Қаны жатыр жосылып тамған әні.

 

Әл-қуат жоқ Өтеміс қансырады,

Сүйек сынған ауырып жан шығады.

Күңіреніп, күрсініп жатты Батыр,

Азғана сәт көретін бар шырағы.

 

Қан ізімен жоңғарлар келіп жетті,

Тұзақтауға ұмтылды небір епті.

Үш сағаттай алысып жауларымен,

Берілмеске амал жоқ көзі жетті.

 

Жерді тарпып тұлпары кісінеді,

Сезді екен жүйріктің іші нені?!

Қыл арқанмен батырды бұғалықтап,

Жоңғарлардың жабылды күшігені.

 

 

Хандарына әкеліп тартулады,

Иіле ме азамат өр тұлғалы?!

«Беріліп адал қызмет етер болсаң,

Жаныңды қалдырам» — деп Хан тулады.

 

Әзірейіл жоңғардың жігіттері,

Әрі-бері жабылып үгіттеді.

Батырдың асты-үстіне түсіп жатыр,

Берілмесін тұрса да біліп тегі.

 

Тұра алмайды дұшпандар тағат қылып,

Жасамай  тұр әзірге ағат қылық.

«Ажалыңнан намысым артық» — деді,

Хан бетіне Өтеміс қарап тұрып.

 

Тілін тартып Өтеміс іркілмеді,

Тұғырдағы қырандай сілкінгені.

«Тарих әлі тіледі беттеріңді,

Жетер елім бақытқа бір күндері!»

 

Деді батыр соңғы сөзін аяқтап,

Шоқпарменен жоңғар жатты таяқтап.

Тарпып-тарпып жердің бетін шаңдатты,

Хас тұлпары Өтемістің саяқ қап.

 

Күн болса да болып қалды бесінді,

Батыр оғлан өзгертпеді шешімді.

«Ор қазыңдар!» — деді ханы жоңғардың,

Үкім айтты аяусыз ғып кесімді.

 

«Мың жылда да қайта тумас Батырсың,

Амал қанша басыңды имей жатырсың.

Хан басыммен мойындаймын алайда,

Тектілердің сынығысың – асылсың!

 

Кірпіш қалап тірідей-ақ көмдірем,

Дұшпаныма аяусызбын мен кілең.

Көріңде де жатқызбассың сен тыныш,

Бір-ақ туар Азаматсың сен білем!»

 

Өтемісті орға салды тұрғызып,

Үміттенді шығарар деп бір қылық.

Белге дейін көміп тағы қарады,

Ханға қарай күштеп мойын бұрғызып.

 

Айбат шегіп тұра берді батырың,

Жоғалтпады жан үшін деп ақылын.

Кірпіш өріп мойынға да жеткізді,

Кісінеген даусы келді атының.

 

Одан әрі қарамады жоңғарың,

Қанға малып жатты тағы қолдарын.

Балшық құйып төбесінен жіберді,

«Батыр ұлды  әруағы қолдасын!»

 

 

Бабатаның батыс жағы шетінде,

Қарлы-жауын, тура желдің өтінде,

Шошайса да көрінеді асқақ боп,

Шерлі тарих жазылғандай бетінде.

 

Осылайша еңіреген елім деп,

Жаудан азат болсын  мәңгі жерім деп.

Өлімнен де Батыр еді ықпаған,

Өжет ұлдан табылады сенім тек!

 

…Қанша ғасыр өтті содан арада,

Тарих куә, бүгінгі ұрпақ сарала!

Тәуелсіздік қашан болсын қантөгіс,

Тарихыңды бүгінгі ұрпақ бағала!

 

Ерлер қанша зұлымдықтан қашпаған,

Жауыздықты жанарымен жасқаған.

Зұлмат жаудың биіктігі қашанда,

Бабалардың рухынан аспаған.

 

Сия қоймас тарихтар бар бір бетке,

Жина оны, кешегіңді тірнекте!

Отаныңды сүю үшін алдымен,

Туған өлке тарихыңды құрметте!

 

Бабатада көп қой Қорған, Күлтөбе,

Ақын жүрек жырлайды әлі жыр төге.

Туған елдің тұнып тұрған тарихы,

Темір тонды Өтемісім бір төбе!

 

Ақын, педагог-жазушы

Тұрысбек Шылмамбет

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...