РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ

Қазақ халқы 1991 жылы сан ғасыр армандаған Тәуелсіздікке жетті. Тұңғыш ұлттық Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды.

Адамзат дамуында маңызы орасан зор болса да,  тарихының көбі жазба деректерде емес, ескерткіштерде сақталған осынау халық Тәуелсіздік таңында көзін уқалай ашып, алғашқы іздеген құндылығы-Ата мұрасы болғаны белгілі.

Қызыл империя тарихтың төңкерісіне ұшырап, халықтық экономика дағдарысқа ұшыраса да Тұңғыш Президентіміз- Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың тікелей пәрменімен «Мәдениетті қолдау жылы-2000», т.б. тарихи мәдени іс-шаралардың          аясында 2004 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық-тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Кейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын бағдарламалық мақалалар халыққа жолданды. Бұл бағдарламалар жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарттарын айқындаған  тарихи танымдық  ғылыми еңбек болды. Осы бағдарламалар аясында Тәуелсіздік жылдарда Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, ХХІ-ғасырдағы ұлттық сана туралы Тұжырымдама жасалынды, жаһандық тарихтағы өз рөліміз айқындалды, Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары дараланды.

    Осындай мемлекеттік игі шаралардың нәтижесінде Республикада алғаш рет әдебиетші, этнограф, өлкетанушы Абдулла Жұмашевтің негізін қалап, негіздеп қалыптастырып, ұйымдастыруымен 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы әкімінің 3 наурыздағы 43- нөмірлі қаулысымен Әбу Нәсір әл-Фарабидің музейі-«Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ашылды. Аталған ғылыми –мәдени мекеме әлемде теңдесі жоқ ғұлама энциклопедист-ғалымның туған жері Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентінде орналасқан.

    Музейдің тарихы 1980 жылы Абдулла Жұмашевтің қоғамдық негізде Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы әдебиет және өнер –Отырар –Арыстанбаб музейі- кітапханасын ашудан басталады. Бұл туралы мерзімді баспасөзде алғаш толымды да, талғамды пікір айтып, кеңестік қоғамда түрен салған талантты журналист Еркін Қыдыр болатын. Ол екі тілде- қазақ, орыс тілінде шығатын республикалық «Арай»,-«Зария» журналының 1988 жылғы 9 қыркүйектегі санында жарияланған «Ақындардан қалған із»-« Поэзией воздвигнут храм» деген танымдық мақаласында былай әңгіме қозғаған: «Жас өрендердің жыр сайысы өткен Қызылқұм ауданының орталығы Шәуілдірде таяу күндері ашылатын Оңтүстік өңірі, Отырар-Қаратау атырабының  ақындары мен өнер иелерінің, ғалымдардың музей-үйінде Майлықожа Сұлтанқожаұлының (1835-1898) мұраларына, ол пайдаланған мүліктерге  үлкен орын берілген. …Жиналған мол қазынаны бір жүйеге түсіріп, кейбірін қайта қалпына келтіріп, ғылыми түсініктемелерін жазып жүрген Отырар музейі этнография бөлімінің меңгерушісі Абдулла Жұмашев. Жұмыстан бос уақытында ақысыз-пұлсыз еңбек етіп, үш-төрт жылдан бері осы Әл- Фараби  музейін ашуды өмірінің басты бір мақсатына айналдырған… Осы  музейді жасауға Оңтүстік Қазақстан комплексті археологиялық  экспедициясының  жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, археолог Кемел Ақышев көп еңбек сіңірді. Музейге арнап үй бергізген де сол кісі. Оны жөндеп, жабдықтап, жаңғыртуға Отырар музей-қорығының директоры Әуелхан Есжановтың да үлкен көмегі тиді.

    Сонымен, ақындар мен өнер иелері музей-үйі жақын күндерде есігін айқара ашпақ. Музей-ол өткенге құрмет, болашаққа бағдар. Ал, оның нағыз толыққанды мәдениет ошағына айналуы үшін жергілікті партия, совет органдары, көпшілік қауым да белсене атсалысуы керек».

    Міне, осы мақаладан кейін музей туралы тау суындай тасқынды(Әділ Ермеков) қоғамдық пікір қалыптасып, музей жұмысына    әр жылдары  мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлері мен еңбек және соғыс ардагерлері көмек көрсетті. Олар:  Өзбекәлі Жәнібеков, Кемел Ақышев,  Ақжан Машанов, Асантай Әлімов, Адасқан Алтаев,   Әсілхан Оспанұлы, Нысанбек Төреқұлов, Әбжан Құрысжанов, Шәмші Қалдаяқов,  Әбіш Байтанаев,  Манаш Қозыбаев, Әбсаттар Дербісәлі, Жакыпбек Алтаев, Әбдімәлік Нысанбаев, Бауыржан Момышұлының майдандас досы Исақұл Ақылов, Шаянның  Шалоховы Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Дүкенбай Досжанов, Қарамолдаев Мінайдар,  Әділ Ермеков, Айнабек Диқанбаев,  Карл Байпаков, Лев Ерзакович,  Юрий Мотов,  Сағындық Қыдыр, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбаев,  Әдіһам Шілтерханов, Құлыбек Ергөбек, Мұхтар Қожа, Кенжетай Досай, Зікірия Жандарбек, Қаржаубай Сартқожаұлы, Жәкен Таймағамбетов, Мәриям Хакімжанова, Тәушен Әбуова, Мекемтас Мырзахметұлы, Дүйсен Қасейнов, Қуаныш Айтақанов, Серікжан Сейітжанов, Ақселеу Сейдімбек, Әселхан Қалыбекова,  Күлия Айдарбекова,  Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Әлімжан Құртаев, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Салыхан Полатов, Әбдіхалық  Жаһанұлы Қасымбай, Болат Жылқышиев, Әли Бектаев,  Асқар Мырзахметов, Дархан Мыңбай, Бейбіт Сыздықов,  Қанат Тұяқбаев, Әбілқасым Құлымбетов, Пердехан Жаппарқұл,  Марат Әбдешов,  т.б.

    Біз Еркін Қыдыр қатарында Тоқтасын Қысмұратов, Ыбырай Бегжігітов, Төрекелді Байтас, Оразхан Жарқымбек, Әлімбет Бостанов, Мыңбай Ілес, Бақтияр Тайжан, Абай Балажан, Үмітхан Алтаева,  Алмас Ақылбек т.б. сынды журналисттерге алғыс айтамыз. Аталған журналисттер кезінде Әбу Нәсір әл-Фараби музейі туралы мерзімді баспасөзде бірталай мақалалар жазып, қоғамдық пікір қалыптастырып көмек берген.

Бұл кісілердің біразы өмірден өтті. Өткендерінің рухына бас иіп, қалғандарына Алладан саулық тілейміз.

Музейге алдымен ат ізін салған Еркіннің әкесі Сағындық ағамыз болды.Ол кісі бір қолында Еркіннің жоғарыда айтқан мақаласы жарияланған  «Арай» журналының 1988 жылғы 9 қыркүйкектегі саны, екінші қолында аяулы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасы, музейге кіріп келіп: «Әбу Нәсір әл-Фараби және оның Мәделі, Майлықожа, Орынбай, Нұралы, Құлыншақ, Жүсіпбекқожа,Ергөбек, Қызыл Жырау секілді ізбасарларының  мұрасы сақталған бұл музей Рухани Ұжмақтың есігі ғой Абдулла, музейіңе рухани досым болған Шәмші ағаңның үйге келгенде талай тартқан мандолинасын сыйға тартамын» деген.

    Аудандағы ірі мекеме-автобаза басшысы Сәкең бұған дейін де музейдің көптеген экспедицияларымызға қол ұшын беріп, демеушілік жасаған өзі де өлкетанушы, зерттеуші, тарихи деректерді тізіп жүретін зерек жан.

    Сәкеңнің жолын қуған Еркін де музейге материалдық жағынан да қамқоршы болды. Мәселен, Отырар ауданының мерейтойында «Отырар» кітабы үшін ұйымдастыру алқасынан сыйға алған 200000 теңгесін Отырарда, Мәдениет сарайындағы жиында дүйім жұрттың алдында енді ашылып жатқан музей ұжымына бергенде ел риза болған.

Музейдің құрылуы мәдени мұрамызға, әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фараби құндылықтарына деген құрмет болып табылады.

         Музей экспозициясы тақырыптық-экспозициялық жоспар бойынша мына тақырыптарға құрылған:

Фараб-Отырар аймағы — Қазақстан аумағындағы мәдениет дамуының ең ежелгі ірі ошағы» (Аймақтағы мәдениеттің ежелгі көшпелілір дәуіріндегі дамуы, арабтардың жаулап алу дәуіріндегі тарихы, араб мәдениеті мен исламның кеңінен таралуы, ислам дінінің Отырар жеріне таралу кезеңі).

«Ортағасырлық Фараб–Отырар–Весидж (Уасидж)– Зернук (Зернұқ)-(Оксус) Оқсыз-Әбу Нәсір әл-Фарабидің Отаны» (Ежелгі Отырар: Отырардың археологиялық зерттелу тарихы; Отырар алқабының мәдени мұрасы: археология, өнер, көркем қолөнер ескерткіштері (археологиялық дереккөздер).

«Әбу Нәсір әл-Фараби-шығыстың ұлы философ, энциклопедист- ғалымы» (Ұлы ойшылдың өмір белестері, ғылыми қызметі мен мұралары, мәдениет, музыка және мұсылмандық дін ілімі жайлы шығармашылық зерттеулері, ашқан ғылым жаңалықтарының Батыс Еуропа мен мұсылманды Шығыс елдеріндегі ғылыми ілімнің дамуына әсер!, ізбасар шәкірттері, ғылыми мұраларының зерттелу!, дәстүрлі зерттеуді еуропалық ғалымдардың қалыптастыруы, жеке тұлғасы және еңбектерін Отандық ғалымдардың зерттеуі, ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы Отырар және отырарлық ғалымдар).

«Моңғол жорығына дейінгі Отырар өлкесінің мәдениеті мен өнері» (жазба әдебиет ескерткіштер. Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, т.б. ХІ-ХІІІ ғ. материалдық мәдениет пен өнер ескерткіштері).

Ислам және сопылық дүниетаным ( Сопылық поэзияның классигі Қожа Ахмет Ясауидің ілімі және Ясауийа тариқатының маңызы мен рөлі).

«Алтын Орда тұсындағы рухани мәдениет» (Дешті Қыпшақ жеріндегі сопылық ілімді таратушылар, Алтын Орда кезеңіндегі жазба әдебиеттің дамуы, материалдық мәдениет пен көркемөнер ескерткіштері).

Қазақ халқының ауыз әдебиеті (Оңтүстік Қазақстандағы әдеби ескерткіштер кешені).

«Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет пен өнер» (Қазақ хандығы және қазақ тарихшылары Қадырғали Жалайыр мен Мұхаммед Хайдар Дулаттың еңбектері бойынша және жыраулар поэзиясы өкілдерінің (Сыпыра жырау, Асан қайғы, ХҮ ғасыр, Қазтуған жырау, Доспамбет жырау (ХҮІ ғасыр), Шалкиіз жырау, Жиембет жырау (ХҮІІ ғасыр), Марғасқа жырау, Ақтамберді Тәтіқара ақын, Үмбетей, Бұқар жыраулар, Көтеш ақын) материалдар кешені.

«Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр бойының ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың бас кезіндегі мәдениеті мен өнерінің дамуы» (Ақындық-поэтикалық және әуездік (музыкалық), шығармашылық, материалдық мәдениет және халықтың сәндік қолданбалы өнері, халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, наным-сенімі, діни ұғымы, халықтық білім және медицина, білім беру ісі, алаш қозғалысы ағартушылық қызметінің өлкедегі рухани мәдениетке әсері).

«Оңтүстік өңірдің кеңестік кезеңдегі мәдениеті, өнері мен әдебиеті» (Дәстүрлі халық шығармашылығының қайнар бұлағы).

Оңтүстік өңірі әдебиеті мен өнерін зерттеушілер.

«Тәуелсіздік кезеңдегі өңір мәдениетінің гүлденуі».

Тақырыптың экспозициялық шарты оның музейлік заттармен қамтамасыз етілуі десек, мұражай қорында тас дәуірінің тарихына қатысты Отырар шұратындағы Жаңашілік-1-3 тұрақтарынан табылған тастан жасалған құрал-саймандар, палеометалл, қола, ерте темір дәуірінің тарихына қатысты дәнүккіш, тас келсап, қыш тостаған, қыш саптыаяқтар, құмыра, таңбалы тас, балбал тас, Қорқыт ата қобызының үлгісінде шабылған қобыз, Әбу Нәсір әл-Фараби және рухани мәдениетіміздің басқа да көрнекті өкілдерінің қолжазба, баспа мұралары, сондай-ақ фольклор, ислам құндылықтарының бір парасы сақтаулы. Мәселен, Әбу Нәсір әл-Фарабидің фарабитанушы ғалым Ақжан Машанов тапсырған 1907 жылы Мысырдың «Ніл» баспасынан басылып шыққан «Китабара аһл ал-маданиату-л фадила»-«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары(жайлы) кітап» деген трактаты (Бұл кітаптың алғы сөзінде Әбу Нәсір әл-Фарабидің Фарабта-Отырарда туғаны атап жазылған) советтік және тәуелсіздік кезеңде  Қазақстанда, шетелде басылған трактаттары музей экспозициясына қойылған, Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың Сириядан әкелген трактаттары мен ұлы энциклопедист-ғалым туралы зерттеу еңбектердің бір парасы мынау бірталай трактаттары,

«Тафсир ал-Жалалийн»-«Екі ұлы Имамның тафсирі». Авторлары: Жалалиддин Мұхаммед ибн Ахмад ал-Махалий және Шайх ал-матабахар Жалаиддин Абдурахман ибн Абубакр ас-Сиюти. Құран-Кәрімге түсініктеме. Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Маърифат» баспаханасынан басылып шыққан. 817 бет.

«Ал-Мантиқ айнда ал-Фараби» — «Әл-Фарабидің логикасы». ІІІ бөлім. «Китаб ал-Жадал». Авторы доктор Рафиқ ал-Ажам. 1986 жылы Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасында басылған. Әл-Фарабидің логикасы туралы. 263 бет.

«Ал-Мантиқ айнда ал-Фараби» — «Әл-Фарабидің логикасы» («Китаб ал-Бурхан ва китаб шараайт ал-якиин мааға таалиқ ибн Бажжа ала ал-Бурхан»). Авторы доктор Мажид Фахри. Әбу Нәсір әл-Фарабидің ғылым және тәлім туралы еңбектеріне талдау (түсініктеме). 1987 жылы Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасынан басылып шыққан. 159 бет.

«Китаб ал-Алфаз ал-Мустаъмилат фи алмантиқ» — «Логикада пайдаланылған сөздер туралы кітап». Авторы Әбу Нәсір әл-Фалаби. 1991 жылы 31 шілдеде Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасында басылды. Әл-Фарабидің философиясы мен грамматикасы туралы. 124 бет.

«Таалиқ ибн Баджжад ала-Мантиқ» — «Әл-Фарабидің логикасына Ибн Баджжадтың түсіндірмелері». Авторы доктор Маажид Фахри. Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасында 1994 жылы басылды. Кітапта әл-Фарабидің «Китаб Исағоджи», «Ал-Фусул ал-Хамсату», «Ал-Муқауулат», «Ат-Тахлил» атты еңбектеріне түсініктеме беріліп, талдау жасалынған. 226 бет.

История морские мамлюки (1944).

«Ал-Фараби» — «Әл-Фараби». Авторы Юхана Камир. Араб философиясы туралы. 1999 жылы Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасынан басылып шыққан. 109 бет.

Фаруқ Сайд. «Әл-Фараби және ізгі қалалар». (1982).

«Ара аһалу ал-Мадинати ал-Фаадилати» — «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат». Авторы доктор ал-Бир Насри Наадир, Ливан университетінің философия оқытушысы. Әл-Фарабидің философиялық көзқарасы туралы. 2002 жылы Бейруттың (Ливан) «Даар ал-Машриқ» баспаханасынан басылып шыққан. 187 бет.

«Маусуат мусталахат ал-Кинди уа ал-Фараби» — «Әл-Фараби мен әл-Киндидің терминологиялық энциклопедиясы». ІХ томдық. І том. Авторы Жиирар Жиаами. Астрономия және философия туралы сөздік. 2002 жылы Ливанның «Нааширун» баспаханасынан басылып шыққан. 877 бет.

«Ал-Фараби» — «Әл-Фараби» (Көшірме). Авторы Ал-Хури Ильяс Фарх. Ливандағы (Жуних) Ал-Фарир институтының араб философиясының оқытушысы. 1937 жылы Жуних (Ливан) – «Ал-Мурсалин ал-Лубнанийн» баспаханасында басылды. Араб тілінде. Әл-Фараби еңбектеріне талдау жасалынған. 114 бет. т.б., Әбу Нәсір әл-Фарабидің кеңестік және тәуелсіздік кезеңде Қазақстанда басылған трактоттары.

Шығыс жырларын өзінше жырлап, қазақ ауыз әдебиетінің көркемдік кестесін, идеялық мазмұнын бұзбай ой елегінен өткізіп, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырып кеткен Майлықожа Сұлтанқожаұлының өз қолынан шыққан «Зарқұм» қиссасының қолжазба нұсқасы, отырарлық (Шілік ауылы) Меңлібай қажының әулетінде күні бүгінге дейін сақталып келген «Кәләм шариф (Қазан, 1324хижра) пен Абай Құнанбайұлының 1923 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан шығармалар жинағы және  ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда Сыр бойы мен Қаратау, Қазығұрт атырабында жасаған қазақтың өнер иелерінің қолжазбалары, жинақтары, фольклор мұралары, 1930 жылдарға дейін Арыстанбаб кесене-мешітінде сақталып келіп, «Қызылдардың қырғыны» кезінде Құл Қожа Ахмет Ясауи тариқаты қатарында талқандалған мұсылман кітапханасының қорындағы ислам әдебиеттері бар.«Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» қорындағы көне қолжазбалар мен көне кітаптар қазақ халқының рухани байлығының бір парасы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, бұл әдебиеттердің ішінде Алтын Орда халықтарының дүниетанымдық көзқарасын исламдық көзқараспен ұштастыру және қазақ хандығы тұсында, Керей мен Жәнібек (ХҮ ғ.), Қасым (1509-1521), Хақназар (1551-1580), Тәуекел (1583-1598), Есім (1598-1614), (1627-1628), Тәуке (1680-1718), Әбілхайыр (1718-1748) хандардан Абылайға дейінгі кезеңдерде қоғамдық қатынастарды реттеуде Исламдық дәстүр негізінде қалыптасқан заңдарды қазақ қоғамына енгізу мақсатында жазылған мынадай кітаптар бар: 1. Фиқх (мұсылмандық құқық). «Китаб ал-уиқайати ар-риуайати фи маса ил ал-хидайати». 2. Тафсирлер-Түсініктемелер. «Мутарджим Құран маджид уа нұсха-э тафсир Хусайни». 3. «Шарх ал-ақа ид ан-Насафийати» (Насафи ақидасына түсініктеме). 4. «Ал-Кифайа уа хашийатуха шарху-л- Бидайа ал-мусамма би-л- Хидайати». 5. «Таудих ма а хашиийатиһи ат-талийх уа шарху-ш-шархи». Сондай-ақ, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әкесі Қалдаяқ Домбаевтың жұбайы Жұмаш әжей мен кенже баласы Бақыт Қалдаяқұлы тапсырған Қалдаяқ ұстаның араб әрпімен жазылған «Әбжад тафсирі», «Дұғалар», «Дінге уағыздың сауабы», «Азан айтылғанда  айтылатын дұға және оған түсінік», т.б. бірнеше тақырыптағы қолжазбасы, кезінде Қалдаяқ ұста жата жастанып оқыған Ас- Ададдин Умар ат- Тафтазанидің «Шарх әл-Макасид»-   «Мақсаттар түсіндірмесі» атты екі томдық кітабы (784 жылы-хиджри) осы музейде сақтаулы.

Сонымен қатар, музей қорында рухани мәдениетіміздің көрнекті өкілдерінің өзі, отбасы тұтынған және заманына қатысты археологиялық, этнографиялық жәдігерлер, яғни, дәстүрлі тіршілік- қамы мәдениетіне жататын артефактілер сақтаулы. Мәселен, Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған қаласы Фараб-Отырар-Весидж-Оқсыз қала жұртының орнынан табылған сазсырнайлар, құмыралар, шырақтар, шығырлар, Зарлық әулие (Жүсіпбекқожа Шайқысламұлының «Мұңлық-Зарлық» дастанының басты кейіпкерлерінің бірі) мазаратынан қабір қазғанда кездейсоқ табылған астық сақтайтын үлкен құмыра (хум), Мәделіқожаның шыңдауылы, жығауыл қалыбы, Құлыншақ ақынның күмістелген белдігі, Майлықожа ақын киіз үйінің сықырлауығы-оюлы жарма ағаш есігі, қасқыр қақпаны, Майлықожа, Шәдітөре ақындардың отбасылары тұтынған ағаш табақтар. Молда Мұсаның жайнамазы, Манат ақынның алқалы сырғасы, Ергөбек ақынның қамшысы, қағаз, қалам салған тұс дорбасы, отбасы тұтынған диірмені. Бүркіттің темірден соғылып, ақ күмістен қақтап жазу жазылып, тұтастай  ою-өрнекпен әшекейленген тұғыры, Қызыл Жыраудың отбасы тұтынған үш аяқты темір ошағы, қолдиірмені, ұлы сазгер күйшілер Сүгір мен Төлегеннің домбыралары, Отырар көмбесінің алтын, күміс, мыс теңгелері, Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ұстаның ұсташылық құрал-саймандары, Шәмшінің музыкалық аспаптары, Хантағы тауындағы (Кентау қаласының  оңтүстік шығысындағы) үңгірден оқушылар тапқан ХҮІІІ ғасырдағы бастабақ пен мүйіз үзеңгі, кепшік Қаратаудағы Қалмаққырылған үңгірінен табылған болат, қылыш, т.б. мыңдаған жәдігер сақтаулы тұр. Бұл дүниелер өнер иелерінің өзі, обасы тұтынған зат ретінде де, екінші жағынан археологиялық, этнографиялық құндылықтар ретінде де маңызды. Яғни, екі жақты әсерлігімен құнды. Сондықтан бұл жәдігерлер экспозицияға рухани мәдениетіміздің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасымен қатар қойылған. Бұл белгілі бір өнер иесінің шығармашылық-тұрмыстық, әлеуметтік өмірі туралы көрермендердің, зерттеушілердің толық мағлұмат алуына мүмкіндік берері сөзсіз. Яғни, аталған жәдігерлер қазақтың тіршілікқамы мәдениетіне жататын артефактілер.

Жоғарыда аталған тарихи, мәдени мұрамыздың біразы әдебиет зерттеуші ғалымдардың, музей қызметкерлерінің талай жылғы ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-баспа жұмыстарының нәтижесінде тәржімаланып, жинақталып, зерттеліп, жарыққа шықты. Мысалы, өнер иелерінің шығармалары, өзі, отбасы тұтынған бұйымдары туралы сипаттамалық деректер, фотосуреттер «Қызыл Жырау» (1997), «Майлықожа» (2005), «Садуақас ақын» (2008), «Айтбай Белгібайұлы» (2008), «Мәделі» (2009), «Қызыл жыршы» (2009), «Қалдаяқ ұста-Шәмшінің әкесі», (2009), «Есжан атаның жуазы» (2009), «Балтабай ақын» (2010), «Ергөбек» (2010), «Отырар алқабының ақындары» (2011), «Отырар алқабындағы аңшылық» (2011), «Отырар алқабындағы қолөнер» (2017)  «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар каталогі» (2013), «Отырар жәдігерлері» (2018) атты кітаптарда, «Отырар энциклопедиясы» (2004), «Шежірелі Отырар» (2005), «Рух сардары» (2006), «Әбу Нәсір әл-Фарабидің туғанына 1140 жыл толуына орай өткізілетін халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы» (2010), «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды сақтаудың өзекті мәселелері..» (2004), «Атамұра» (1995) атты энциклопедиялық жинақтарға енгізілді. Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» атты көптомдықта (2014) 136, 233, 237, 238, 248 томдарында музейдің ғылыми қызметкерлерінің дайындауымен Ергөбек Құттыбайұлы, Мырзабек Байжанұлы, Елеусіз Байырбеков, Садуақас Жақашұлы, Балтабай Тебейұлы шығармалары жарияланды.

Жалпы музей қорындағы жәдігерлерді насихаттау мақсатында 28 ғылыми-танымдық кітап жарық көрді. Олардың соңғы жарық көргендеріне тоқталсақ, олар:2017 жылы жарыққа шыққан «Отырар алқабындағы қолөнер» атты ғылыми-зерттеу кітабы. Еңбекте музей қорындағы қолөнер бұйымдары, олардың жасалу жолдары, қолданылу аясы және оларды жасаған ұсталар туралы жан-жақты баяндалады (Абдулла Жұмашев. Алматы: «Арыс» баспасы, 2017 ж). Келесі 2018 жылы жарыққа щыққан кітап «Отырар жәдігерлері»деп аталады. Альбом-кітап музей қорындағы құнды жәдігерлер, тарихи фотосуреттер, Отырар өңірінің тарихи тұлғалары жайлы ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтыған үлкен еңбек. (Қ.Айтаханов, А.Жұмашев. «Шың» баспаханасы. 2018 ж.), соңғы жарыққа шыққан кітап 2019 жылы «Шың» баспаханасынан шыққан «Отырар алқабының ақындары (Әл-Фарабиден Әселханға дейін)» деп аталады. Бұл кітапта музей қорында жинақталған жазба деректер бойынша ІХ-ХҮ ғасырлардағы қазақ даласының ғұлама ғалым ақындары, сондай-ақ, ХІХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басындағы Отырар алқабы ақындарының шығармашылық өмірі сөз етіледі. Отырар алқабы ақындарының шығармашылық өмірі сөз етіледі. (А.Жұмашев. «Шың» баспаханасы. 2019 ж.),

Сондай-ақ жоғарыда аталған Арыстанбаб кесене-мешітінде сақталып бізге жеткен шағын мұсылман кітапханасының қорындағы кітаптардың 50-нің каталогі З. Жандарбек пен Р. Мұзаффаровтың, А. Жұмашовтың құрастырып дайындауымен «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар каталогі»(2013) деген атпен түзілді. Бұл каталогқа енгізілген қолжазбалар мен тасбаспа кітаптар өздерінің мазмұны жағынан исламдық ғылымдардың бар саласына қатысты шығармалар деп айтуымызға болады. Олардың арасында Құран Кәрімнің көптеген нұсқалары мен тәпсірлері, хадис пен хадистану ғылымымен байланысты шығармалар, фихқ-Ислам құқығы мен Ислам теологиясы (Ақаид), Ислам тарихы мен философиясы, логика, тіл ғылымының түрлі салаларына арналған шығармалар, әдеби шығармалар, қиссалар, хикметтер тағы басқа ғылым салаларына қатысты шығармаларды көруге болады.

 Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің негізгі міндеті мен мақсаты Қазақстан Республикасының саяси тарихы мен рухани және заттық мәдениетіне қатысты (Әбу Нәсір әл-Фараби және оның ізбасарларының) дүниежүзіндегі барлық көне қолжазбалар мен қолжазба кітаптарды, сирек кітаптар мен басылымдарды, заттай жәдігерлерді жинастырып зерделеп, Еуразия кеңістігіндегі өркениеттің өткені мен бүгінін келешекке жалғастыратын білім мен мәдениет ордасы-«Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» МКҚК-на шоғырландырып, оның дербес ғылыми-ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми білім беру, ғылыми мәдени ағарту жұмыстарын кешенді түрде жүзеге асыру арқылы адамдардың тарихи жады мен дәстүрін сақтауға ұмтылған терең сезімін ояту.

         Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Заңдары аясында қазақстандық ұлттың рухани құндылықтарды құрметтеуге, жинақтауға, сақтауға, қалпына келтіруге, адамзаттық игілікке айналдыруға жұмылдыратын танымдық, тәрбиелік тағылым арқылы өркениетті адамгершілік нысанын ұстану, ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықты, үндестікті орнату, Отандық руханиятты қастерлеу арқылы патриоттық асқақ сезім құлшынысын оятып, халықтардың рухани-мәдени топтануын қамтамасыз ету.

         Осы мақсатта музей кеңістігі арқылы Әбу Нәсір әл-Фарабидің әлемдік ғылыми ілімдердің қалыптасуындағы рөлін және басқада ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметін мемориалдық кешен негізінде ашып көрсету.

         Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі музейлік мәні зор артефактілерді (тарихи және мәдени ескерткіштерді) жинау, есепке алу, сақтау, қалпына келтіру, ғылыми зерделеуді жүзеге асыру, насихаттау  жұмыстарын жүргізетін республикадағы бірден бір ғылыми-зерттеу және мәдени- таным мекемесі.

Алмас Жұмашев,

«Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби музейі»

МКҚК-ның директоры , тарихшы

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...