Абайды алғаш оқыған ауыл немесе Абай тағылымы туралы

…қазақ кітаптарынан мен Абайды

ешқашан да жанымнан тастаған емеспін

Бауыржан Момышұлы

  Оңтүстікте Абайдың шығармалар жинағын алғаш рет алдыртып оқыған ауылдардың бірі қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шілік ауылы. 1969 жылы су тасқынынан кейін «Ескі Шілік», «Жаңа Шілік» болып аталған қоныстар- ауыл округі.

       Кейінгі неолит пен ерте қола дәуірінде-ақ адамдардың тұрағы болған, 1750-53 жылдары отырарлықтардың соңғы көші келіп тұрақтаған (Қожа Мұқтар Баһадүрұлы. Ортағасырлық Отырар тарихы. Алматы, 2017.), яғни Отырар өркениетінен нәр алған ұрпақ келіп қоныстанған. Арыстанды, Аюлы, Бөген, Қарабас,Шаян өзендерінің су аяғын алып жатқан Шілік ежелден-ақ, мал мен егін шаруашылығына қолайлы аймақтың бірі болды (Алпысбаев Х.А.Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана. Алма-Ата,  1979.).  Жоғарыда аталған ірілі уақты-өзендердің барлығы да Шілікті көліне құйған.

       Шілік — шөптің аты. Шілік шөбі көктемде су тасып, жазда су тартылғанда бидайықтың түбіне өседі, мал жейді. Шілік шөбі сондай-ақ Алматы облысының Шелек ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай өңірінде өседі (Сарыпбеков Нұрғали).

         Шілікті көлі Қамыстыкөл, Қалдыкөл, Қалғанкөл, Қоғансай, Шошқакөл, Ақкөл, Сынакөл, Шүнекөл, Қарсақкөл, Шалаукөл, Құмкөл секілді бірнеше көлдерге бөлінеді. Қазіргі қалғаны –Шошқакөл. Шілікті суында балығы, айналасында аң-құсы, шалғыны мол, мал-жанға жайлы қоныс болған. Қазір де солай. Дегенмен, «Суармал жағынан ең кедей аймаққа Иқан, Шілік, Қарнақ, Бабайқорған және Шолаққорған қыстақтарын жатқызу керек…»,- деп ирригацияны зерттеуші Н.Дингельштедтенің жазғанындай (ХІХғ.) бұл аймақ үнемі көкорай шалғынды бола бермеген. Бірақ шаруашылыққа да қолайсыз болмаған. Шілікте қолдан қазған Сүйінбай, Беларық, деген арықтар болған. Сүйінбай мен Беларыққа қатысты деректерді Отырарлық еңбек ардагері Шіліктің талайғы тарихын тарқатқан шежіреші, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдыр былай тарқатып айтады: «Беларық созылып Шошқакөлге жақындап барады. Ұзындығы 15 км-дей, Тұрғанбай датқа кезінде жан-жақтан ел жиналып, бұл жер үлкен елді-мекенге айналыпты. Орталығында орталық базар. Онда түйені, арбаны жүгімен тартатын таразы, кірекештер тоқтайтын керуен сарайлар, қоймалар болған. Сол кезде «Шіліктің түтін саны төрт мыңдай ел» дейді орыс генерал губернаторларының есебі. Орталық көшелерінде 190-дай лавкалар, май сығатын орындар, темір, зергерлік ұстаханалар орналасқан. Ел Мәкібай, Сүйінбай арықтарын бойлап, Шолақарық, Бұзықарық бойлап та орналасқан. Сонымен қатар өңірдің қырат, үстірт жерлерінде мыңдаған мал ауылдары отырған.  Яғни, Шілікте Отырардағыдай отырықшы және көшпелі мәдениет қалыптасқан» (Құтты мекен – Шілік. Нұр-сұлтан. 2019).

      Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің қорында Шіліктің кейінгі неолит пен орта қола дәуірлеріне, орта кейінгі ғасырлардағы тұрмыс шаруашылығына қатысты бірнеше тарихи жәдігерлер сақтаулы тұр. Олар: алғашқы адамдардың тастан жасалған құралдары, ортағасырлық қалажұрттарынан табылған қыш бұйымдар, сондай-ақ, ХVIII-XX ғасырлардың жәдігерлері.

Бұл құндылықтардың бір парасы мемориалдық жәдігерлер. Мәселен, Шіліктің байырғы тұрғыны, атақты Меңлібай қажының немересі, соғыс, еңбек ардагері, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Құртаев Сейітжан Есжанұлының 1968 жылы Отырар музейінің негізін қалаушы  Асантай Әлімұлына тапсырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің №1 Мемлекеттік мүлік кітабында 317-нөмірмен (КП) тіркелген Есжан атаның жуазы, Қажымұқан арбасының дөңгелегі, білігі. 1987 жылы Қажымұқан балуанның Шіліктің Ақтөбесіндегі ескі жұртынан біз (А.Жұмашев) тапқан малатас.

      Малатас-қызыл граниттен алты қырлы етіп қашалған егіншінің астық бастыратын тас құралы. Құралдың кіндік  темірімен қосқандағы өлшемі ұзындығы-100 см, диаметрі-35 см. Қажымұқан балуан соғыс жылдары-астық бастырып, гір орнына көтеріп, денешынықтыру жасаған. Бұл егіншінің еңбек құралы балуан Темірланға көшкенде Шіліктегі ескі жұртында қалып қойған (Айтаханов.Қ., Жұмашев.А. Отырар жәдігерлері. Алматы, 2004,72, 113-бб.). Малатас Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің қорында сақтаулы.

     Жуаз (ауызекі тілде «жуазы» деп те аталады)-майлы өсімдіктерден-тұқымынан, жемісінен май алынатын өсімдіктерден (мәскергүл, зығыр, күнжіт, ұндау, шабдалы, өрік, қауын, асқабақ т.б.) май айыратын ағаш құрал.

Шілік-Ұлы Даланың әлем таныған ұлы тұлғасы, энциклопедист-ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби мен қазақта алғаш рет әлем чемпионы деген ұғымды қалыптастырған күш атасы Қажы-Мұқанның ізі қалған киелі жер. Сондай –ақ, Шілік Тұрғанбай датқа мен Иманжүсіп Құтпанұлының қазақ санасында азаттық, азаткерлік рухты асқақтатып атқа қонған Ақ Орда.

Шілік-поэзиясын ЮНЕСКО әлемдік поэзияның осы замандық жетістігі ретінде бағалаған Әлем ақыны Мұхтар Шаханов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі меценат, ҚР Ұлттық академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының академигі Серікжан Сейтжанұлының туған ауылы. Серікжан Сейтжанұлы дәстүрлі ата-баба өркениетін Тәуелсіз Қазақстан жағдайында әлемдік өркениетпен ұштастыра білген заманауи ұлы реформатор…Серікжан Сейітжанұлы өлең сөзді қиыннан қиыстырған ер данасы Абайдың:

                       Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

                       Ұстарасыз ауызыңа түсті мұртың.

                       Жақсы менен жаманды айырмадың,

                       Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,-

 деген сыңайда поэтикалық  образ арқылы (Сағат Әшімбаев) қазақ қоғамындағы жанын жабырқатқан әлеуметтік жайларды білдірген жан айқайы қазіргі қоғам болмысында болмасын деп кешегі Қызыл империя кезінде де, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де ел қамы үшін толарсақтан саз кешкен қазақтың дара шыққан зиялысы, Алаштың ардақтысы. Ал, Әлімжан Сейітжанұлы Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының:

                        Қашықтасың туған жер, қалың елім,

                        Не бір жүйрік болдырған жарау деген.

                        Шарашадым мен, қанатым талды менің,

                        Шаңғыт жолға сарғайып қарау менен, –

 деп сонау қашықта қалған туған жеріне, қалың еліне, Ұлы Даласына, Фараб- Отырарына жете алмай сағыныштан сарғайған аманат — арманын орындап, Сирияға, Дамаскіге (Шамға) барып туған жер топырағын қабіріне салып, қабір топырағын туған жеріне- Арыстанбаб мазаратына салды.

Шілік-түрлі факторлардың әсерінен тіршілігі тоқтаған Отырардың соңғы тұрғындары барып тұрақтаған үш елді мекеннің бірі. Киелі орын. Ол мекендер: Түркістан-рухани астана, облыс орталығы, Шымкент-мегаполись қала, Шілік- құтты мекен, алтын бесік. Яғни Дешті-Қыпшақта, Ұлы Дала төскейінде, Ұлы Отырар өркениетінің сүрлеуімен (Өзбекәлі Жәнібеков) Тәуелсіз Қазақстан аясында өсіп- өркендеген  ауыл-қала.

     Шіліктің ескі мазаратына атақты күйші, әнші, ақын Ерназарұлы Дайрабай жерленіпті. Ескі мазарат Меңлібай қажы мешітіне таяу, Беларықтың оңтүстік батыс жағында, Шәуілдір-Шымкент автокөлік жолының жағасында. Бұл дерек туралы шіліктік шежіреші Сарыпбеков Нұрғали қария былай дейді: «Ертеректе Өтемісов Асқар деген қария мені ескі мазаратқа ертіп барып, Нұрғали шырағым, ертең біз өмірден өткенде сенің  есіңде жүрсін, осы мазаратқа Дайрабай күйші жерленген.Ол Арқадан қуғын-сүргінмен осында келген өнерлі жан еді.Қабірін білмеймін деген. Менің анам сонда жерленген. Анама, жалпы өмірден өткен шіліктік аналарға арнап «Ана» ескерткішін орнаттым.Шіліктің ескі мазараты тарихи жер. Тұрғанбай датқаның басшылығымен Қоқанға қарсы көтерілген шіліктіктердің қаны төгілген жер. Алтыбастың мазарына Қажымұқанның атасы Ернақ (Ержан) жерленген. Қорқыттың қобызын ұстаған, шәкірті болған Қойлыбай бақсы Шілікте туып, Жезқазған өңірінде қайтыс болған».

Ресми деректерде Ерназарұлы Дайрабай 1860 жылы Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданындағы Атасу өзенінің бойында туып, 1937 жылы Оңтүстік Қазақстан(қазіргі Түркістан) облысының Отырар ауданындағы Шілікті қыстауында қайтыс болған. Сондықтан Нұрғали қарияның айқанын ақиқатты дерек деуге болады.

Атақты этногроф ғалым Ақселеу Сейдімбек Отырарға келген бір сапарында Отырартөбе қала-жұртының орнында үлкен өтінішпен егіліп тұрып маңдай терін беторамалымен сүртіп тұрып: «Тоқа, Ықылас күйшілермен, Жарылғапберді, Ғазиз, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай сияқты әйгілі өнерпаздармен сыйлас, дәмдес, рухани дос болған атақты күйші Дайрабай сонау 1937 жылдары  тағдыр тауқыметімен қуғын-сүргінге ұшырап, осында келіп Шілік маңында қайтыс болған екен. Қабірін табуға көмектесіңіздерші»,- деген. Амал не, аманат хабарды тағы бір нақтылап алып хабарлайық деп жүргенде Ақаң-Ақселеу қайтыс боп кетті… Өкінішті!

       Үш әдебиет-араб, парсы, түркі (түрік) әдебиеттері тоғысқан Қаратау, Қазығұрт, атырабы мен Сыр бойының елі ежелден-ақ, ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиетінен де рухани нәр алып келген.

     Ұлы далаға VIII  ғасырда ислам келді. «Ислам орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VIII ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлықтар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста бауырларымыздың жеңісі бүкіл Орта Азиялық аймаққа ислам дінін ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінін де еркін таралуына жол ашты. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Ондаған медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді Жергілікті халық арасынан Әбу Нәсір әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед  Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты. Олар тек қана қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман шығысы мәдениетінің мақтанышына айналды (Әбсаттар Дербісәлі). Бір ғана отырардан 30 әл-Фарабилер шықты (қазіргі белгілісі). Осы ғұламалардың көшбасшысы Әбу Нәсір әл-Фараби жас шағында Отырар медреселерінен білім алып, энциклопедиялық білім бастауларын жасап, бозбала кезінде Таяу Шығыс елдеріне жетіп, білімін жетілдіріп, әлемдік ғылым салаларының антикалық дәуірден басталатын бастауларын айқындап қалыптастырғаны, дамытқаны, сөйтіп энциклопедиялық ғылым жасалғаны ақиқат. Бұл құбылыс «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде» басталған төл тарихымыздағы ұлы жетістігіміз. Тәуелсіз Қазақстанға қатысты құндылықтар.

      Жалпы, қазақ ғылымының тарихы қилы заманда жасалды. Әр формация ауысқанда саяси жағдайға байланысты ғылым мен мәдениет қайраткерлері қудаланды. Мәселен, белгілі ясауи және  абайтанушы, әдебиетші ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлының жазуынша  (Мекемтас Мырзахметұлы. Түркістанда туған ойлар. Алматы, 1998ж.) Түркістан өлкесінде Ясауи жолын мықтап ұстанған шәкірттері Ұлы Қазан төңкерісіне дейін әрекет етіп келген. Ясауидің Түркістандағы кесене-мешіті мен оның маңындағы, шалғайдағы медресе атаулының бәрінде де оның сопылық тарихаты мен «Диуани хикметі» оқытылып, бүкіл ел оны жатқа айтқан. Бірақ кеңес үкіметі орнағаннан кейін-ақ, іле-шала Ясауидің рухани мұрасы Қызыл империяның атейстік насихатының қырына ілігіп,оның дүниетанымы ресми түрде теріске шығарылып, сопылық жолы жойылып поэзиялық шығармалары оқытылмайтын болды. Оның жолын қуып, сопылық жаршысы болған басқа ақындардың мұралары да осылай жоққа шығарылды. Ел «Диуани хикметті» жасырын оқуға көшті. Мәселен, белгілі фольклортанушы ғалым Рахманқұл Бердібаевтың тікелей өтінішімен (Рахманқұл Бердібаев. Сарқылмас қазына. 1983.) он жылға жуық Оңтүстік Қазақстандағы фольклор мұраларын талмай жинаған Бауыржан Момышұлының майдандас досы Исақұл Ақыловтың музейге тапсырған қолжазбасында кейбір Совет қызметкерлерінің Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметін» күнделікті іс-қағаздарының арасына жасырып оқығаны былай баяндалады:» Әңгімешіл Бекетов Мүсілім деген азамат кезекті бір әңгімесінде былай дейді: ілгеріде, Ұлы Отан соғысынан бұрынырақ Шәуілдір ауданында (қазіргі Отырар), ауыл шаруашылық бөлімінде, РайЗо-да ревизор-бухгалтер болып істеп жүрген кезімде, қарауымда бір қартаңдау есепші істеп жүрді. Бір ретте сол есепшінің есеп-қисап қызметімен танысып, нұсқау беріп отырғанымда оның іс-қағаздарының арасында көне жазуы бар бес-алты парақ кітаптың қалдығы жүр екен. Олай-бұлай аударыстырып оқып көріп едім, жарытып еш нәрсе шығара алмадым. Есепшіден бұл қандай кітаптың жұрнағы деп сұрап едім, ол: «Бұл Қожа Ахмет Ясауи деген ақынның «Хикмет» деген кітабының тамтығы еді, анда-санда оқып жүрмін»-деді. Бұл кітап жұрнақтарын есепшіден сұрап алып, үйде қол босаған кезде оқуға әрекет етіп едім, тісім батпады… Көп уақыт өткеннен кейін, бір күні үйге туған ағам Мамырбек Бекетов келді. Ол ескіше едәуір оқыған, сауаты бар молда кісі еді. Мен де бала кезімде аздап оқып едім, оны кейін ұмытып кеттім. Мен қағаздарымды аударыстырып жұмыс істеп отырғанымда, ол кісінің көзі менің алдымда жатқан баяғы ескі қағазға түсіп, оны алып үндемей, ішінен оқып отырды да, бір кезде осы қағазды маған берші деп едәуір дәрежеде дауыстап сыдыртып, қиналмай оқи бастады. Сөйтсек, ол кітап өлеңмен жазылғн екен. Ұнаған бір шумағын бірнеше рет қайталатып оқытып үйреніп алдым. Сондағы үйренген өлең шумағым мынау еді:

                        Бадақшандин юз сарита котерсең тош,

                        Баһоси Балх шаһарында болса бір мош,

                        Тилангаднан едур ортик тилинган,

                        Уша ул мошты ушбу кун айла қил ош.

   Өлеңнің басқа шумақтары есімде жоқ. Бадақшан-Тәжік ССР-на қарасты Памир тауының ең биік шың құзына орналасқан автономиялы облыс. Орталығы-Холог деген қала. Ал, Балх-Орта Азиядағы бір көне шаһар. Біз өлеңнің көркем әдеби аудармасы болмаса да, мынадай долбарлама аудармасын жасадық.

                       Бадақшаннан жүз дана көтерсең тас,

                       Балх шаһарында бағасы болса бір маш.

                       Тіленгеннен тілінгенің артық қой,

                       Ол машыңыз күніңе ризқы (ризық) ас.

  Бұл өлеңнің бізге ой салған үлкен мәні Памир тауының ең биік шыңы Бадақшаннан жүз дана тас арқалап апарып, Балқ қаласына сатып ризқы ет, тіленбе, тіленгеннен арқалаған тас арқаңды тілгілесе де тілінгенің артық деп, арлылыққа еңбекке үндесуінде болса керек. Бұл сияқты кітаптарды қазіргі қазақ тіліне аударып, ғылыми тұрғыдан талдап, басып шығарса, дұрыс болар еді дейміз» (Абдулла Жұмашев. Отырар алқабының ақындары. 2019).

    Міне, осылай Совет үкіметінің халықты дәстүрлі рухынан айырып жұтаңдандыруы басталғанда Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы 1923 жылы Ташкент қаласында екінші рет араб харпімен басылып шықты, «Шынжыр балақ, шұбартөс» Құнанбайдың ақын баласы Абай шығармаларын басуға Совет үкіметінің цензурасы әрине, жайдан-жай рұқсат бере қойған жоқ. Әдебиетте адамзаттың ақыны Абайды езілуші, Құнанбайды езуші таптың өкілдері етіп көрсету олар үшін ауадай қажет еді. Алайда советтік цензура алғашында Абай шығармаларының идеялық мазмұнын толық ашып айқындай алды ма, жоқ па.Ақиқаты Абай шығармаларының екінші жинағын белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, дәрігер, ғалым, «Алаш» партиясын құрушылардың және басшыларының бірі Досмұхамедұлы Халел мен Омаров Уалихан жанқиярлықпен Ташкенттен бастырып шығарды. 20-шы ғасырдың 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларының қыруар қайраткерлері шоғырының жарық жұлдыздарының бірі, аса көрнекті мемлекет,қоғам және саясат қайраткері, үлкен ғалым, профессор Халел Досмұхамедұлы еді (Әбіш Кекілбаев). Халел Досмұхамедұлы қамшының сабындай қысқа өмірінде ғылымның көп саласын меңгеріп , қыруар іс тындырып, артына мол мұра қалдырған энциклопедист-ғалым. Халел мамандығы дәрігер бола тұрып , тек медицина, гигиена салалары бойынша ғана емес, жалпы табиғаттану, анатомия, физиология, зоология, ботаника, тіл, әдебиет,тарих білім-ғылымдары бойынша да көптеген еңбектер жариялаған. Халел мұрасының бір парасы табиғаттану, анатомия, физиология, зоология пәндерінен мектеп оқушылары мен институттардың студенттеріне арналған қазақ тіліндегі тұңғыш төл оқулықтар болуымен де аса құнды.

         Жаратылыстанушы ғалым рухани, қоғамдық ғылымдар саласында да өшпес із қалдырды. Халел Досмұхамедұлының мәдени тарихымыздағы ерекше еңбегі төл әдебиетіміздің классиктері Махамбетті «тірілтіп», Абайды «жарыққа шығарғаны», бұлардың қатарында Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Шешен, Ығылман Жырау, «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Кенесары-Наурызбай», Мағжан, Бернияз шығармаларын, жыр дастандарды, т.б. жинай жүріп, хатқа түсіріп, зерттеп, тасқа бастырғаны еді. Әрине, қилы замандағы Халелдің бұл ісі ерліктің ерлігі еді.

         Халелтану ғылымының бастамашылары Рәбиға Сыздықова мен Ғарифолла Әнестің зерттеулері бойынша Халел Досмұхамедұлы қазақ халық ауыз әдебиетін жинап, жариялаумен ғана айналыспаған. Ол фольклорлық мұрамызды терең зерттеп, «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген жинақтаушы теориялық аса құнды ғылыми еңбек жазып қалдырған ғалым. Рухани асыл қазынамыз-фольклорды  мәдени-рухани ұлттық «паспорт»-тұрмыс – салт қалпы, наным-сенім айнасы, тәлім-тәрбие ұлағаты деп пайымдаған осы энциклопедист ғалым. Жоғарыдағы зерттеуші ғалымдар Халел Досмұхамедұлының ғылым шыңын, тарихи ой-санамызға қосқан үлесін Шоқан Уәлиханов сынды алып тұлғамен салыстыруға, сабақтастыруға болады депті.

         Халел Досмұхамедұлы өзінің халық ауыз әдебиетінің тарихын- ерте заманнан авторлық ауыз әдебиетіне дейінгі кезеңін қысқаша шолып жазған «Казахская народная литература. Краткий очерк» деген еңбегін: «Посвящается Абубакиру Ахмеджановичу Диваеву в течение сорока пяти лет неутомимо собиравшему образцы казахской  народной литературы»,- деп  қазақ халқының фольклорлық мұрасын жинаудай –ақ жинаған, зерттеген, жариялаған этногроф ғалым Әбубәкір Диваевқа арнапты. Туысқан башқұрт халқының даңқты перзентіне, қазақ ауыз әдебиетінің үлкен жанашырына деген зор ризашылық құрметіне қарағанда Халел Досмұхамедұлы Шоқан мен Әбубәкір дәстүрлерін берік ұстанған ғалым болған.

 Біз Халел Досмұхамедұлының Абай шығармаларының екінші жинағын Ташкентте бастырып шығарғаны туралы сөз етеміз.

         «1920 жылы жаздың соңына таман Х. Досмұхамедұлы Ташкент қаласына келді. Ташкент бұл кезде бірнеше туыстас түркі халқының басын біріктірген Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы болатын. Сол бір аумалы-төкпелі заманда оның жоғарғы басшылығында отырған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтарды сағалап, көптеген қазақ оқығандары, «алашордашылар», мәселен, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаметжан Тынышбаев, Қошмұхамед  Кемеңгерұлы, т.б. зиялылар осында бас түйістірген еді.

         Санаулы ғұмырының қас қағым сәті — «Ташкент кезеңі» Халел үшін бар күш-қуат , интеллектуальдық білім-білік, зор ұйымдастырушылық қабілетін жарқырата көрсеткен жемісті жылдар болды. Сарғайған еңбек кітапшасына үңілсеңіз, онда басшылық та, қосшылық та қызмет-дәреже қоса-қабат жарыса жазылып жүр: ординатор, мектеп дәрігері, әрі Түркістан Денсаулық сақтау халық  комиссариатының бөлім меңгерушісі, коллегия мүшесі, институтта оқытушы, проректор, әрі баспагер һәм ғалым… Оның сыртында «Талап» сынды қоғамдық бірлестік құрғаны, «Сана» журналын шығарғаны… тағысын тағы жұмыстары бар» (Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). Алматы,1998.). Міне, Халел Досмахамедұлы осындай өз дәуірі арқалатқан қат-қабат, сан-салалы жұмыста жүріп, Абайды танып, алғысөзін жазып, ұлы ақынның екінші жинағын шығарды. Ғалымның қазақ дүниесінде өзіне дейін теориялық  тұрғыдан  толымды үлгі негізі жоқ баспагерлік, редакторлық қызметке түрен салуы теңдесі жоқ харекет еді. Халел Досмұхамедұлының баспагерлік, редакторлық қызметі туралы Рабиға Сыздықова мен Ғарифолла Әнес өздерінің Халел Досмұхамедұлының  таңдамалы жинағында жарияланған (1998) «Халел шыңдары. Профессор Халел Досмұхамедұлының өмірі мен шығармашылығы хақында шағын шолу» деген алғысөздерінде: «…Күнбатыс Алаш — ордасының үні-«Еркін қазақты» ұйымдастыру тәжірбиесі, әрине, кейіннен Ташкентте «Сана» атты тәлім-тәрбие журналын шығаруына жәрдемдесті. Баспа басшысы ретінде әлеметтік маңызы бар кітаптарды таңдап алу, халықтық мұраларға ерекше ыждақатпен қарау, олардың барынша кем-кетіксіз, қатесіз шығуына тікелей араласу-Х.Досмұхамедұлы атымен шыққан кітаптардың қай-қайсысына да тән басты белгі, көрсеткіш»- дейді. Жоғарыдағы зерттеуші ғалымдар айтқандай Халел Досмұхамедұлының таңдап алған әлеуметтік маңызы бар кітаптардың бір ұлы Абайдың шығармалар жинағы еді.

         Халел Досмұхамедұлы Абай шығармаларының екінші жинағына жазған алғысөзін «Дұрыстаушылардан» деп  тақырыптап, соңына «Дұрыстаушылар:Халел Досмұхамедов, Уәлихан Омаров, Ташкент, 25-інші апрельде, 1922-інші жылы» деп қол қойған. Кітапты құрастырушылардың өздерін «Дұрыстаушылар» деуінің  себебі Абайдың 1909 жылы басылып шыққан бірінші жинағына көп сын- ескерпелер айтып, оған түзетулер енгізген. Мәселен, Халел Абай кітабының бірінші баспасындағы оқушыларға қиын тиген себептерін, емле, өлеңнің мағынасы, ұйқасы, көркемдігі, құрылысы,  сондай- ақ, диалекті және шет тілдерден кірген сөздер, т.б. тұрғысынан төртке бөліп, былай топтастырған: « Абай кітабының бірінші баспасы оқушыларға қиын тиюші еді. Қазақ емлесімен дұрыстап жазылмағандықтан, жаңылыс басылған сөздері көп болғандықтан, мәнісін айырып алу қиын еді: бұл-бір.

         Екінші, әр өлең өзінің мәнісі, тізілісі, ұйқасымы, ұнасымы жағынан жеке, айырым көрсетілмегендіктен, бір өлеңнің аяғы екінші өлеңнің басына қосылып оқылып, өлеңдердің шегін айырып алуы да көп шатақ еді.

         Үшінші, қазақ тіліндегі кейбір сөздер әр жерде әр түрлі мәнге алынады. Оның үстіне Семейде, Ақмолада я жалпы Арқада сөйленетін кейбір сөздер Түркістан қазақтарына жат. Түркістанда сөйленетін сөздердің бір қатарын арқалықтар түсінбейді. Абай Семейде туып, Семейде өскендіктен, өлеңіндегі кейбір сөздері өңге жақтың қазақтарына түсініксіз.

         Төртінші, Абай өлеңінің ішінде парсы, араб тілдерінен кірген сөздер көп, бірлі-жарымды орыс сөздері де бар. Шет тілдерден кірген сөздердің көбі қазаққа таныс емес, жат сөздер. Солай болған соң бұл сөздер оқушыларға онан жаман қиындық беретін еді».

         Құрастырушылар  Абай жинағының 1909 жылғы бірінші басылымында оқушылардың түсінуіне қиын болған жайыттарды осылай жеке-жеке айқындап: «Осындай себептерден сөздерін айыра алмай, сөздің жүйесін келтіре алмай,  өлеңнің қисынын шығара алмай, мәнісіне түсіне алмай, оқушылардың көбі Абай өлеңдерінен дұрыс мағына ала алмайтын еді. Абайдың тілі ауыр, сөзі түсініксіз деп Абайға жала жабатын едік. Сондықтан терең ойлы, көркем өрнекті сөздері ел ішіне бұл күнге дейін жарытып жайылмап еді»-дейді.

         Түркістан Автономиялы Республикасының басшылығындағы Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов және Нәзір Төреқұловтардың тікелей нұсқауымен Халық ағарту комиссарияты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылым мұқтаждарын өтеу үшін 1920 жылы тамыздың 21-і күні арнайы Білім комиссиясы ұйымдастырылады. Халел Досмұхамедұлы алғашында осы комиссияның мүшесі, кейін төрағасы болады. Қашан да өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын Халел Абай кітабының ғылыми негізде жүйелі қатесіз, оқушыларға түсінікті болуының бар мүмкіндігін қарастырды. Халелдің бұл жан –жақтылық қасиеті  Петерборда Мұхаметжан Тынышбайұлы қатарында тірнектеп жинаған білім қазынасынан, Нобель сыйлығының иегері, ұлы ұстазы академик И.П. Павловтың тәлімінен болса керек.

         Халел Досмұхамедұлы Абай жинағын баспаға дайындағанда Қазақ-Қырғыз білім комиссиясының  ұйғаруымен қазақ емлесін пайдалана отырып, жаңылыс басылған сөздерді түзеп, өлеңнің мәнісіне оқушылар анық түсіну үшін өлең ұйқасына, мағынасына қарай айырым жазып, шет тілдерден кірген сөздерге , оқушыларға түсінуі қиын-ау деген кейбір қазақ сөздеріне де түсіндірме береді. Түсініксіз сөздердің мағынасын өлеңнің аяғында айрықша көрсетеді. Абай шығармаларының екінші басылымында баспагерлік те, редакторлық та жұмыстарды қоса атқарған Халел кітаптың бірінші басылымындағы кемшіліктерді жоюға қолынан келгенін жасағанын, бұл жұмыстарды атқаруда: «Арамызда Абайдың сөзін естіген жолдастарының, я туғандарының болмағандығынан, өлеңдерін анық білетін кісілердің табылмағандығынан, Абайдың өлеңдерін тексеру, жаңылыс басылған сөздерін түзету, өлеңдерін жүйесіне, мағынасына қарай жіктеу орасан қиын болды»,-дейді. Абай кітабын баспаға дайындаушылардың мұнашалықты күрмеуі қиын ауыр жұмыстарын ескерген Қазақ-Қырғыз білім комиссиясы Қазақстанның Абайды толық қылып басуға кіріскенін ескеріп, көмек беруден аянбаған. Бұл игілікті істің басы-қасында Нәзір Төреқұлов болған. Нәзірдің қайраткерлігі туралы Халел Досмұхамедұлы: «Абайдың тарамағандығынан қазақ-қырғыз әдебиетіне, оқушыларға, шәкірттерге, мұғалімдерге келетін кемшіліктерді көрсетіп, шапшаңдықпен Абайды жұмыстауға білім кәмисиасына қамшы болған Нәзір Төреқұлов болды.Баспахана жағынан да тоқталмай тездікпен жөнделіп, басылып шығуына да Нәзір міндетті болды,»- деп жазады.

         Нәзір! Қазақтың тұңғыш дипломаты, Түркістан түлегі. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Халел Досмахамедұлы қатарында Абайды Түркістанға- күллі түркі(түрік) жұртына танытқан дара тұлға.

         Міне, хакім Абайдың трактат-хикметінің  екінші басылымы 1923 жылы Ташкентте осылай жарыққа шықты. Елге тарады. Абайды оқып тәлім алған алғашқы әскери қызметкер Қызыл армия командиры, Ұлы Отан соғысының қаһарман батыры, әскери жазушы Бауыржан Момышұлы болды. Мәселен, Бауыржанның Абайдан алған ғибаратын жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман- диалогындағы (1976) автор мен кейіпкердің мына диалогынан аңғаруға болады:

 «Автор. Әскерде, соғыста қандай кітаптар оқыдыңыз? Қандай  жағдайда, қалай оқыдыңыз?

         Бауыржан. …Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мен «Севастполь әңгімелерін», Пушкин мен Лермонтовтың әскери прозасын, адмирал Нахимовтың, адмирал Макаровтың, ағылшын адмиралы  Нельсонның  кітаптарын, қазақ кітаптарынан мен Абайды ешқашан да жанымнан тастаған емеспін. Мен Абайды ақын деп қана емес, ойшыл, философқа балап оқыдым. Барлап қараған және әскери көзбен қараған кісіге Абайдың өзі қып-қызыл соғыс. Рас айтамын. Мәселен, оның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін алшы, жатқан соғыс емес пе? … Москва түбінде тұрғанда Қазақстаннан алдырып, Шоқан Уәлиханов шығармаларының ертеде шыққан басылымын оқыдым. …Ал «Абай» романының бірінші кітабы менің қолыма соғыста жүргенде тиді. Өз қолымен автограф жазып оны Мұқаңның өзі жіберді. Мен оны оқып шығып, Мұқаңа арабша 6 бет хат жаздым. Мұқаң менің кітапқа берген бағама разы болып, 3 бет жауап жолдады.»

         Міне, Бауыржан осылай Шоқан мен Абайды оқып, толық адам болды. Батыр, батыл, қаһарман қолбасшы болды. Бұл құбылыс Баукеңнің өзі айтқандай Абайдың тағылымы.

Қашан да дүниенің төрт бұрышына керуен тартқан Меңлібай қажының әулеті Абай кітабын елге алдырып,  Шіліктің әр үйі оны жатқа оқыған…

       Меңлібай қажының әулетінде күні бүгінге дейін сақталып келген «Кәләм шариф» (қазан, 1324 хижра), Абай Құнанбайұлының араб харпімен 1923 жылы шыққан өлеңдер жинағы осының бір дәлелі.Хадиша анамыздың бір дерегінде Сейітжан Ташкентте орта Азия университетінде оқып жүргенде ауылға демалысқа келгенде, Темір стансасынан пойыздан түскенде ең ауыр жүгі кітап болады екен. Сол әдебиеттердің ішінде Абай Құнанбайұлының 1923 жылы Ташкенттен шыққан осы екінші жинағы да болған. Шілік ауылы жалпы қазақ елі қатарында Абайды оқыған да, тоқыған. Кезінде Отырардағы, Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейіне тапсырылған Абайдың бұл жинағы қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде жоғарыда аталған әл-Фараби музейінің тарапынан қойылған көрмеде уақытша сақтаулы тұр.

      Жалпы, Шілік елі, Меңлібай қажының әулеті Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметін» Ұлы Қазан төңкерісіне дейін ашық, төңкерістен кейін жасырын-жабық оқып, табаны тілінсе де тіленбей, маңдай терімен ризық тауып, Аллаға беріліп, халыққа рухани тазалық жағынан қызмет етіп, Абайды ашық оқып, ұлы кемеңгер дананың үш ілімін, ақыл, әділет, рахымын бойына дарытып, толық адам болып, қалыптасты (Мекемтас Мырзахметұлы). Меңлібай қажы Қаһф сүресіндегі «Ей Мұхаммед! Құран тәңірің тарапынан жіберілген ақиқат ілім» деген алла сөзінің кәмілдігімен Меккеге екі рет түйемен қажылыққа барып, қажылық-Алла алдындағы бес парыздың бірін орындаушылық, мешіт медресе ашқан ілімділік, ұлтжандылық, сол Құран аяттарында айтылған Алланың Адам ризығы үшін жаратқан төрт түлік малын, бау-бақша, егісін өсіріп, жерастындағы қазба байлығы алып, ел игілігіне жаратып шаруа-кәсібилік, тектілік қасиеттерін балалары Есжанның, Смайыл мен Құртайдың бойларына дарытып, дамытып ой-саналарына сіңіріп, ата салтын, атамұрасын мәңгілік етті. Аналары Қалжанның ана сүтімен дарыған бұл қасиеттер текті ұрпақты қалыптастырды. Меңлібай қажының қазіргі ұрпақтары Сейітжан да, Бибіхадиша қажы анамыз да, оның балалары Керімжан да, Серікжан мен Әлімжан, Мәлікжан мен Әділжан да, басқа ұл-қыздары да ел-жұртының экономикасына, ғылым мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы да текті қайраткер азаматтар болды. Мәселен, Меңлібай қажының үлкен баласы Есжан Шілікте түрлі шаруашылығын жүргізіп, жуазы салып, Ташкент пен Әндіжанға кіре тартқан ілімді, білімді кәсіпкер болды. Баласы Бекжан, оның жұбайы Рысбике апа ата жолын ұстаған текті әулет болды.

     Есжанның бұл адами қасиет-болмысы өз замандастарының талайына үлгі-өнеге болған. Алланың, адамгершіліктің ақ жолына салып, ұлы Абай айтқандай толық адам болып қалыптасуына ықпал еткен. Ал, Құртай, жұбайы Мінай әже өзінің әулетінің де, қоғамның да бар тіршілік қамын қайыспай көтерген аса үлкен зиялы кісілер еді. Соғыс еңбек ардагері. Құртай 1950 жылы желтоқсанда қайтыс болды.

     Құртаев Сейітжан Есжанұлы 1912 жылы 20 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Шілік ауылында дүниеге келіп, 1969 жылы 9 ақпанда сонда дүние салды.

     Сейітжан 1939 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінің физика-математика факультетін үздік бітіріп, өзінің туған ауылы Шілікке келіп мұғалімдік қызметін бастайды.

     Ұлы Отан соғысы басталғанда Сейітжан өз еркімен майданға аттанады. Отан қорғауда, қан майданда ерлікпен шайқасқан ұстаз-жауынгер 1943 жылы ауыр жараланып елге оралып, өмірінің  соңына дейін мектеп директоры болып қызмет етіп, халық ағарту саласына өлшеусіз үлес қосты.

      Сейітжан 1939 жылы Хадиша анамызбен бас қосып, ұлды-қызды болды. Оларды ата жолымен тәрбиеледі. Содан болар, ұл-қыздары ел ұлықтаған тамаша азаматтар болып өсті.

     Үлкен ұлы Керімжан 1962 жылы Темір орта мектебін (Отырар ауданы), 1969 жылы Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1969-1971 жылдары институтта оқытушы, 1971-1972 жылдары Шымкент пресс-автоматтар зауытында инженер-конструктор, 1973-1976 жылдары Мәскеудің химия машиналарын жасау институтының аспирантурасын да оқыды. Ал, 1978-1987 жылдары. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында кафедра меңгерушісі,факультет деканы, директордың орынбасары, 1988-1994 жылдары Қазақ химия-технология институтының сырттай оқу факультетінің проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. 1997 жылдан Шымкент агротехника колледжінің директоры.

      Сейітжанов Керімжан техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оған қоғамдағы қызметі үшін Алғыс хат жолдаған.

      Ортаншысы Серікжан 1971 жылы Қазақ химия-технология институтын бітірген, құрылысшы, инженер-технолог, техника ғылымдарының докторы.

      Серікжан 19 жылдан аса «Шымкентпромстрой» құрылыс материалдар тресінің комбинатында өндіріс шебері, цех бастығы, бас инженер, комбинат директоры, Қазақстан компартиясы Шымкент қалалық комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Ол 1991 жылы «Казконтракт» АҚ-ның, кейін «Оңтүстік» ЖАҚ-ның президенті болып сайланды. 2003 жылдан «САУТСОЙЛ» ЖШС мұнай компаниясының президенті.

      Сейітжанов Серікжан Сейітжанұлы 3-ғылыми монографияның авторы. 1995 жылдан халықаралық информатизация академиясының корреспондент мүшесі, 1997 жылы Халықаралық Калифорния (АҚШ) ғылым академиясының белсенді мүшесі болып сайланды. 2006 жылы «Отличник разведки недр», «Лидер национальной экономики-2006» құрмет белгілерімен марапатталды. ТМД мемлекеттері халықаралық эксперттік Кеңес оның 2005-2006 жылдары компаниядағы жұмыстарын жоғары бағалап, оған «Алтын Құйма» сыйлығын берді. Серікжан білімді, білгір іскер, шебер басшы ретінде «САУТСОЙЛ» ЖШС-дегі халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Ерен еңбектері үшін «Құрмет белгісі», Ресеймен достық, экономикалық байланыстарды нығайтқаны үшін «Звезда содружества» ордендерімен марапатталған.

       Оған «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілген, Қазақстан Республикасының Президентінің «Алтын жүрек» сыйлығының иегері. Ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан Алғыс хат алған.

       Серікжан Сейітжанұлы Оңтүстік Қазақстан облыстық маслихатының депутаты, Отырар және Қызылорда облысы. Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы». Отбасылы, ұл-қыз өсіріп отыр.

      Ал, Әлімжаны 1975 жылы орта мектепті бітірген соң, сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны 1980 жылы инженер-құрылыс мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын осы институттың  Қызылорда қаласындағы филиалында оқытушы болып еңбек жолын бастайды. 1982-1985 жылдары «Югстройконструкция» тресінде шебер, аға инженер, 1985-1990 жылдары Алматы құрылыс жобалау ғылыми-зерттеу институтында аспирант, ғылыми қызметкер, 1990-1993 жылдары «Шымкентпромстрой» құрылыс тресінің құрылыс комбинатының директоры, осы трест басқарушысының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. 1993-1999 жылдары Арыс қаласының әкімі, 1999-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кеңесшісі, 2003-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы көші-қон басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Көші-қон агенттігі төрайымының орынбасары, 2005 жылдан «Оңтүстік құрылыс-сервисі» ЖШС-ның директоры болып қызмет істеді.

       2005 жылдың 23 желтоқсанында облыс әкімінің өкімімен отырар ауданының кейін, Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданының әкімі болып тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының «Нұр Отан» партиясының төрағасының орынбасары болып абыроймен қызмет атқарды. 60-тан астам ғылыми мақалалардың авторы. Техникағылымдарының докторы. Қазір парламент депутаты-сенатор. Отбасылы, ұл-қыз өсіріп отыр. Балалары үлкен қайраткер болып өсіп келе жатыр.

       Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының басына туған жер топырағын салып, қабір топырағын туған жеріне-Арыстанбаб мазаратына салған алаштың ардақтысы Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев осы әулеттен шыққан. Сирия сапарында делегация мүшелері мен бірге (делегация басшысы  фарабитанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі) Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының біраз трактаттарын-құндылықтарын елге алып қайтқан Әлімжан Сейітжанұлы Ұлы Даланың ұлы тұлғасының ілім-білімін, ізгілігін туған еліне тағлымдады.

      Ал, 2006 жылы Сирия Араб Республикасына Қазақстан делегациясының құрамында аудан әкімі ретінде барған Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы 2019 жылдың 4-12 қыркүйек күндері Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде арнайы іссапармен Түркияның Стамбул, Ливанның Бейрут, Сирияның Дамаск қалаларына барып қайтты. Мақсат Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған жолдауында, Тұңғыш Президент-Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының қарсаңында бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың қортындысын көріп, келер жылы әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалымның мерейтойы шеңберінде қандай іс-шаралар іске асырылуы керектігін жоспарлап нақтылау керек болатын. Іссапар Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен (ректоры Ғалымқайыр Мұтанов), Қазақстан Республикасының Ливандағы Консулдығының және Сирия Араб Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісі Самир Әли Дерехтің қолдауымен жүзеге асты.

     Қазақстан делегациясының құрамында Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, атақты кинорежиссер, сценарист Сергей Әзімов және оның түсіру тобы, белгілі талантты журналист, «QAZAQSTAN» телеарнасындағы «Парасат майданы» бағдарламасының жүргізушісі Дархан Әбдік, осы телеарнаның түсірушілер тобы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды. Қазақстан делегациясы бұл сапарда да Әбу Нәсір әл-Фараби құндылықтарына қатысты көп жұмыс атқарды.

     Әулеттің кенжесі Құртаев Әділжан Сейітжанұлы 1962 жылы 14 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік елді мекенінде дүниеге келген. Қарағанды кооперативтік институтын бухгалтерлік есеп-экономист мамандығы бойынша бітірген. 1981-1984 жылдары облыстық сауда базасында, «Казгаланторгта», 1984-1987 жылдары  «Казтекстилторгта», 1987-1991 жылдары Ордабасы ауданы Төрткөл елді мекенінде СРК «Торткулсилидда», 1991-1993 жылдары Отырар аудандық шикізат дайындау мекемесінің директоры, 1993-1996 жылдары «Жансая» шаруа қожалығының төрағасы, 1996-1997 жылдары «Шілік» өндірістік кооператив төрағасы, 1997 жылдан осы күнге дейін асыл тұқымды «Жансая» шаруа қожалығының төрағасы. Осы шаруашылықтың жұмысы бойынша екі аспирант ғылым кандидаты атағын қорғады. Еткен еңбектері үшін аудандық, облыстық әкімшілік мақтау қағаздарымен марапатталған. Отырар аудандық маслихаттың депутаты. Отбасылы, төрт қыз, екі ұл балалары бар.

 20-ғасырдағы қазақтың айтыс өнерін 19-ғасырдағы Біржан мен Сараның деңгейіне көтеріп, телевизиялық айтыстың  негізін қалаған  Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың шәкірті, атақты айтыскер ақын Маржан Есжанова осы әулеттің қызы.

      Ақиқатын айтқанда, Меңлібай қажының әулеті, қазіргі Сейітжан әулеті алғашқы адамдардың тұрағы болған Отырар өркениетінің елесі ежелгі Шілікті ежелден-ақ мекендеп, адамзат қоғамы дамуының бірден-бір алғышарты-оқу-ағартуды, шаруашылық пен өндірісті қатар өркендеткен зиялы, текті әулет болған.

      Міне, Ата-баба тағылымы, Әбу Нәсір әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай тағылымы осы болса керек.

Абдулла Жұмашев,

әдебиетші, этнограф,

өлкетанушы , музейтанушы

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...