Құлжекең жазған хаттың сыры

  Өмірде кейде мүлде ойыңа келмеген кездейсоқ жай ұшыраса беретіні бар ғой. Мен де дәл осындай жағдай болды. Өткен жазған-сызған дүниелерімді ақтарып, қарап отырып, төр көз оқушы дәптеріне жазылған бір жапырақ қағаздың қолыма түскен. Міне қызық! Бұл белгілі халық ақыны, айтыстың ақтеңгері, есімі қазақ еліне таныс шайыр,өзіміздің Теріскейдің мақтанышы Құлжабай Төлеуов көкеміздің сонау 90 жылдардың басында Созақ ауданының әкімі қызметін атқарған, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов жазған өтініш хаты екен. Ойлап отырсам, содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ал тарих дөңгелегі өз қалпынан жаңылмай, бірқалыпты айналып жатыр.

Хош үшбу хатында Құлжекең не дейді? Енді саған келейік. Өтініш хаттың мазмұны мынадай.

«Құрметті Қуаныш! Саламатсыз ба? Сіздің денсаулығыңызға тілегім күшті, ниетім солай. Өз хабарым жақсы.

Аудандық әкім Қуаныш,

Хат жаздым Сізге қарағым.

Өтінішін қабыл ал,

Құлжабай ақын ағаңның.

Өзіңіз жақсы білесіз,

Мүгедек болып қалғанмын.

Өзім тұрып орнымнан,

Тек қана сыртқа барамын.

Айтқанды қабыл алыңыз,

Мынаны еске саламын,

Жүре алмаймын жер басып,

Деп едім, Сізге барамын.

Колхоздан жәрдем болмады,

Тарықты наннан тамағым.

Жыл басынан бері қарай,

Бір кило ұн да алмадым.

Айтқанды қабыл алмайды,

Өзің тап балам амалын.

Жағдайы солай Қуаныш,

Үйдегі бала-шағаның.

Отырмын оттың басында,

Солардың тілей аманын.

Исатайға айта бар,

Берерсің маған хабарын.

Ай сайын бір қап ұн бер деп,

Сіздің де болған талабың.

Халық ақыны Құлжабай Төлеуов.

Соңында жазылған күні, айы, жылы көрсетілмепті. Сірә, мектепте оқитын қыздарының біріне жаздырған да, ол ұмытып кеткен болуы керек. Қалай дегенде де, бұл жазбаның бәсі жоғары, құнды жәдігер біз үшін. Бұл хат менің қолыма қалай түсті? Енді соған келейік. Көпшілікке белгілі 90 жылдардың басы еліміз Тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынастардың өмірге жаңадан еніп жатқан шақ болатын. Болса да жалақы, зейнетақы мен жәрдемақылардың кешіктіріліп беріліп, дүкен сөрелерінің бос қалған кезі-тін. Осындай өтпелі кезеңде халыққа ұн,т.б азық-түлік тауарлары бірінші кезекте ардагерлер мен зейнеткерлерге беріліп жатты. Алайда, қысқа жіп күрмеуге келмейді, ол бәріне бірдей жете қоймады. Сондай күндердің бірінде ақын көкеміз аудан басшысына өлеңмен дұғай сәлем жолдаған, мынау сол. Хат қолына тиген Қалекең мені шақырып алып:»Исатайға (ол сол кезде Құмкент ауылының әкімі еді, кейіннен өндірістік кооперативтің төрағасы болды) айт, Құлжекеңе көмектесіп, жағдайын жасап тұрсын» деді. Өз тарапымнан Исатай Тілеповқа телефон шалып басшының тапсырмасын жеткіздім. Нәтижесін баяндай барған әзірде аудан әкімі: «Хат өзіңде қала берсін, ай сайын орындалуын тұрақты қадағалап тұрыңдар» деген-ді. Үшбу хаттың тарихы міне, осы.

Реті келіп тұрғанда газет оқырмандарын айтыс ақынының өмірдерегімен таныстыра кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын.

Төлеуов Құлжабай 1911 жылы Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, төрт жылдық мектепті бітіреді. 1927 жылы өзінің Қызылкөліне оралып,лекбезде, ауыл мектебінде жұмыс істейді. Кезінде Нартай Бекежанов, Орынбай Тайманов, Қазанқап Байболұлы, Айнабек Нысанбаевтармен қатар бірге жүреді. Өзінің сазды әуенімен, ақыл-өсиет термелерімен еңбек адамдарының жігерін тасытып, өнімді іске құлшындырады. 1967 жылы Еңбек қызыл Ту орденімен марапатталған. Ақынның патриоттық өлең-жырлары Ұлы Отан соғысы жылдарында аудандық «Социалистік шаруа», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жарияланып тұрған.

Жас кезінде халық арасында айтылатын батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды қисса-хикаяларды көп жаттаған Құлжекең кейін өзі де көлемді жыр шығаруға талпынған. Шығыс аңызының сарынымен «Үш мұңлы» өмірбаяндық, «Жетілген жетім» деген дастанын шығарған. Оның да дастандарының ішіндегі ең сүбелісі-«Үміттің өлімін» 1959 жылы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов ақынның өз аузынан естіп ұнатқан. Айтыскер ақынның бүкіл шығармашылығы өзі туып өскен Созақ жерінің Теріскей өңірінің тарихы, көркем шежіресі. 1991 жыл «Туған жерім-Созағым» атты жыр кітабы жарық көрді.

Кезінде Қызылкөл ауылындағы бір көшеге Құлжекеңнің аты берілген кезде ашылу салтанатына куә болғанымыз бар-ды. Қазақстанның халық ақыны, айтыскер Әселхан Қалыбекованың Құлжабай Төлеуовтен бата алғанын да білеміз.

Келер жылы айтыс ақыны, жыршы, дастаншы көкеміздің туғанына 110 жыл толады екен. Оны атап өту—елдігімізге сын. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, халқының аяулы қызы Нұржамал қарындасыма Созақ ауданының Құрметті азаматы атағы берілгендігін газетен оқып, білгенде қатты қуандым. Бір ғана Құлжекеңнің емес, Созақтың, қазақтың қызы болғандығы үшін де риза болдым. Сондай-ақ, шымкент қаласынан бір көшеге Құлжабай Төлеуовтің есімі берілгенін естідім.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Олай болса, осы жұрт Құлжекеңді біле ме екен?..

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының Құрметті азаматы.

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...