18 мамыр –халықаралық музейлер күні.
ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында мәдениет, өнер оның ішінде театр, музей ісі саласына айрықша көңіл бөліп, мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын көтеру туралы айрықша қолдауы сіздердің ерен еңбектеріңізді бағалағаны деп білеміз!
Музей –өткен тарихымыздың тірі куәгері, өлмес тілі мен жады. Ол бар да барлық біздің шежіреміз бен жылнамаларымыз мәңгі жадымызда жаңғырып тұрады. Музей кешегі өткен батыр бабаларымыздың, шешен -даналарымыздың, ар мен абыройдың символына айналған арда аналарымыздың мәңгі өлмес рухының шаңырағы.
Созақ аудандық ардагерлер кеңесі мен Созақ аудандық Сұлтанбек Қожанов атындағы музей ұжымы бірнеше жылдардан бері бір-бірімен тығыз байланыста, бірлесе, ынтымақта жұмыс жасасып келеді. Кеше ғана музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен дәулескер күйші Генерал Асқаровтың туғанына 80 жыл толуына орай «Күмбір күйдің қайнары» атты шарамыз, жазушы, тарихшы, музей үйінің ардақты білгірі Дулат Тұрантегінің туылған күніне орай еске алу кеші өтсе, бүгін дүйсенбі күні- музей күні ұлағатты ұстаз, ақиық ақын Жеңіс Қарғабаевтың туылғанына 75 жыл толуына орай «Жеңіс күні туылыппын!» атты еске алу шарасы өтті.
Дүние жүзінде, оның ішінде елімізде болып жатқан жағдайға байланысты шара қонақтары аз болғанымен, өту деңгейі кең көлемді, жоғары сапада өтті. Аталмыш шағын шараны музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек ашып, жүргізіп отырды. Шараға ақынның ұлы Мақсат Қарғабай, келіні Ұлбала, немерелері Айдын мен Елнұры, шөбересі Аянат, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ақынның құдасы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Мұрат Сапаров, жезтаңдай әнші, термеші Сәуле Аппазова жұбайы Әбді екеуі және жыр-терме өнерінің саңлағы Табиғат Асқарова, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. Екі сағат көлемінде өткен шара естеліктер мен жүрекке жылы ескі жылдардың әр сәттерінен туылған әсерлі әңгімелермен құндылана түсті. Ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, тартымты термелер домбыра шанағынан төгіле түсті.