11 қараша күні Түркістан қаласында «Азаматтық қоғам, мемлекет және бизнес: даму үшін әріптестік» тақырыбында облыстық ІХ Азаматтық Форум өтті. Форумға Созақ ауданынан «Созақ аудандық өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхамеджан Бабаев, «Асар» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Созақ ауданындағы филиалы төрағасы Біржан Саржанов және «Демеу» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыт Смахова қатысты. Қалған қоғамдық ұйымдар форумды zoom форматында онлайн режимде көрді.
Азаматтық қоғамды дамытуға, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Созақ аудандық өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхамеджан Мамаджанұлы Бабаев Түркістан облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Форум аясындағы дәстүрлі «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрмеңкесіне ауданнан екі қоғамдық ұйым — «Асар» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Созақ ауданындағы филиалы мен «Демеу» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі өз жобаларын ұсынған еді. Жәрмеңке қазыларының ұйғарымымен «Асар» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Созақ ауданындағы филиалы (төрағасы – Біржан Саржанов) ұсынған жоба ІІ орын иеленді. Ал «Демеу» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің (төрайымы – Бақыт Смахова) ұсынған жобасы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Атап өтетін жәйт: жоғарыда аталған екі қоғамдық ұйым «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрмеңкесіне жыл сайын қатысып, белсенділік танытады. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға арналған түрлі жобаларды жүзеге асырып жүр.
Жандос НАРҒОЗИН