Шымкент қаласында отандық және шетелдік туристерге үш тілде қызмет көрсететін ақпараттық дүңгіршектер ашылды. Ғимараттар «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында, «Тәуелсіздік», «Абай» саябақтарында, «Наурыз алаңы» мен әуежай маңында және теміржол вокзалында орналасқан.
Дүңгіршек қызметкерлері келушілерге мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес бере отырып, қаламыздың көрікті жерлері мен мәдени оқиғалары туралы, саяхат маршруттары және мәдени-бұқаралық іс-шаралардың анонстары жөнінде толық ақпаратты бір терезе принципі бойынша ұсынады. Айта кететін жайт, орталықтағы барлық ақпараттық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.
Сондай-ақ, мұнда тұрғындар мен қонақтарға алдын-ала жазылу бойынша (10 адамнан артық емес) тегін экскурсиялық қызмет (18.00 мен 20.00 аралығында) көрсетіледі.
– Алдағы уақытта бұл жерден кез келген адам қала аумағындағы барлық қонақүйлер мен мейрамханалар, қолжетімді емдеу орталықтары, ондағы бағалар және қызмет түрлерімен қоса басқа да ақпараттар жайлы толық мәлімет ала алады, – дейді басқарма мамандары.
Туристік дүңгіршек келушілерге дүйсенбі–жұма күндері, сағат 9.00-ден-19.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
«Оңтүстік»-ақпарат.