Тәуелсіздікті жырлаған аламан айтыс

Ауданымызда «Тәуелсіздікті жырлаймын» тақырыбында халықаралық ақындар айтысы өтті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымызда көптеген іс-шаралар өтіп, тұрғындар назарына ұсынылды.Халық мәдени-көпшілік шараларды әлемді жайлаған пандемия кезінде  қызықтай алмай сағанып қалған екен. «Мыңжылқы» мәдениет сарайында көрермендер қатары әр күн сайын көп болды. Отыз жылдық мереке қарсаңында  өткізілген  айтысқа көрермендер көп келіп, қызыға тамашалады.

Аудан орталығында өтіп жатқан мерекелік іс-шараларға елді мекендерден де тұрғындар ағылып келді.

Шолаққорғанда айтыс өтеді деген хабарды естіген ауылдықтар тайлы-тұяғымен аудан орталығына ат басын тіреді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жыр дүлділдерінің өнерін паш еткен ақындар айтысы көпшіліктің назарына ұсынылды.

Аламан айтысты аудан әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков ашып беріп, қатысушы сөз сайыпқырандарына сәттілік тіледі. Айтысқа талай мәрте қатысып, сөз мәйегін теріп, ұтымды ой айтып жүрген аудан-аудандардан келген айтыскерлер сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан айтыскер қатысты.

Алғашқы бетте сахна төріне Нұрлыбек Мейірманов пен Тұрар Тілеулиев шығып өз ара сөз сайыстырды. Ә дегеннен-ақ екі ақын көрермендерді тәтті жырларымен баурап алды. Сөз сайыпқырандары жырларына Тәуелсіздікті, Теріскей елінің тарихын, өнер адамдарын арқау етіп, әдемі жыр шумақтарын төгілдірді. Екі  жастың арасындағы ұтымды әзіл де көрермендер көңіліне қонып жатты. Мөлдірей құйылған жыр шумақтары жанды жадыратып, тамашалаған қауымды ерекше сезімге бөледі. Жиналған қауым: «Әп, бәрекелде! Жарайсыңдар»-деп ризашылықпен қол соқты. Жас та болса бойларына керемет білімді, шалқар шабытты жинай білген жастардың өнері көрермендер көңілін көкке көтерді. Белгіленген уақыт бітсе де көпшілік сахнадан жібермей қошамет көрсетті. Әділ қазылар тарапынан лайықты бағаларын алды.

Бұдан кейін сахна төріне көтеріліп Карима Оралова мен Бөрібай Оразымбетов балдыз бен жезденің айтысын жасады. Әдемі әзіл мен ұтымды ой айтқан бұл жұптың өнерін көрермендер жылы қабылдады. Балдыз бен жезденің арасындағы әзіл сөздерге көңілдері көтеріліп күліп те алды. Әбден талай айтысқа қатысып шыңдалған екі айтыскер де бірін-бірінен қалмай үзеңгі қағыстырып отырды. Жанды жадыратар жақсы сөздер де айтылды. Шымшыма әзілдер де тілге тиек етілді. Екі ақынның да сөз семсерін орынды пайдалана алатындығы айтыс үстінде сезіліп тұрды. Кәдуелгі бұрыннан келе жатқан қыз бен жігіт айтысын еске түсірді. Етек-жеңі жып-жинақы жақсы айтыс жасады.

Дегенмен де Бөрібай ақынға қарағанда Кариманың  сөздері ұтымды шықты.

Жарты сағат бойына көрермендер бұл жұптың өнерін қызыға тамашалап ризашылықпен қол соқты.

Келесі кезекте сөз тізгінін алған айтыскер ақындар Нұрлан Есенқұлов пен Дәурен Болатбеков өзара  сөз сайыстырып, айтыстың ажарын ашты. Қанатты сөзді серік еткен сөз зергерлері ұтымды ойларын, тұщымды да дәмді, нәрлі жырларын барынша төкті. Бірін-бірі сөзбен қағытып, мейірім төгілген тілектерін жыр жолдарымен жеткізді. Айтыс сахнасында өздерінің мәдениеттілігін, ізеттілігін, жастық жалындарын, ізденімпаздықтарын, тапқырлықтарын танытты. Екі жастың арасындағы әдемі әзіл де көрермендер көңілінен жол тауып жатты. Бұрыннан талай мәрте сөз сайысына түсіп өздерінің сөз майданында ысылғандығын байқатты.

Айтыс өнеріне деген халықтың ықыласы ерекше екендігін жыр бәйгесі барысында анық байқадық. Тіпткен айтыскерлерді сахна төрінен жібермей ұзақ та қол соғып, ризашылықпен құрмет көрсетті.

Айтыскер ақынды сақтайтын-тегеурінді мінезі. Ақын өз-өзіне сыншы. Дауылдай мінезі бар. «Ашу менен сезімді үрлеп оттай. Бірде жағып жалпыға, бірде жақпай» жүретіні де сондықтан. Мұны екі ақынның өлең жолдарынан анық байқадық. Көмейінен өлең төгілгенде тайпаланған жүрісінен жаңылмауын қалайды. Айтыскер ақын аузынан жыр төгілген сайын күн күлімдеп, жаны жадырай түспек.

Ақын айдың сүттей сәулесіне шомылып ұстатпайтын періштенің пырағын іздейді. Ол ай астында қоңырауы сыңғырлап ойнақтаған жүйріктің бейнесінен елес береді. Бұл жерде айтыскер ақынның ойы, арманы халықтың жан сырымен астасып жатқандығын байқатады.

Жалпы, ақындар айтысын тамашалауға келген көрермендер ақындармен бірге жыр әлеміне саяхат жасап, олардың көңіліндегі сезімге толы көңіл-күйлерін өз саналарына сіңіргендей әсерде болды.

Бұл екі жұптың арасында өткен сөз сайысты да көрермендер жылы қабылдады. Зал сілтідей тынып, жыр жампоздарының ұтымды сөздерін саналарына тоқумен болды. Ризашылықтарын қол шапалақтауымен «Әу, де!» деген қошаметтерімен білдіріп отырды.

Бәйгеден үзеңгі қағыстырып бірге келген бәйге аттарындай Нұрлан мен Дәурен сөз сайысында бір-бірін әдемі жыр шумақтарымен демеп, шабыттандыра білді.

Ел тарихы, Тәуелсіздік тақырыбы жыр жампоздарына арқау болды. Төгілдірген әсем жырлары көрермендердің көңіл төріне қонып жатты.

Бірін-бірі кезектесіп, жыр шумақтарын төгілдіруге ынталандырып, шабыттарына қанат бітірді.

Әділ қазылар тарапынан да айтыскерлер лайықты бағаларын алып, шабыттың ақ көгершіндерін биікке ұшырды.

Көрермендер ақындардың өнерлеріне қол соғып, ризашылықтарын білдірді. Қашаннан да Теріскей елі таланттарға бай өлке. Таным, тағылымы да биік елміз. Сондықтан айтыскер ақындар Созақ елінің көрермендеріне жыр мәйегінің ең шұрайлысын беруге барын салды. Оның үстіне айтыс өнері сөз өнерінің ішіндегі саф алтыны. Табан астында тауып айту-оңай шаруа емес. Яғни бұл өнер үлке дайындықты, жан-жақты сауаттылықты қажет етеді. Бұл өнерге келген адам жан-жақты болуы тиіс. Барлық жағынан хабары болуы керек. Саясаттан да мәдениеттен де мағлұматы мол болғаны дұрыс.

Кезінде Құлыншақ Кемелұлы,, Құлжабай Төлеуов Созақ елінің мерейін танымал ақындығымен танытқан. Әселхан Қалыбекова (марқұм) апамыз Құлжабай ақынды өзіне ұстаз санаған. Ақын атамыздан бата алғандығын ақын апамыз көзі тірісінде айтып кеткен.

Иә, ұлы таланттар шыққан өлкенің қазіргі ұрпақтары ақындарды биікке көтеріп, оларға құрмет көрсетуден алдарына жан салмайды. Сонымен қатар, саф өнер иелеріне қошаметте таныта білді.

Ауыз әдебиетінің ең құнарлы, шұрайлы түрі айтыс біздің халыққа өте жақын. Кезінде мықты ақындар ұтымды айтылған сөздерге тоқтай білген. Бірін-бірі аламан айтыстарда сыйлап, сөзін тыңдап, соған сәйкес ойларына ой қосып, бірін-бірі шыңдап отырған.
Халық таңды таңға жалғастырып, айтыс өнерін тамашалаған. Әр ауылдың тыныс-тіршілігі, кемшілігі, жетістігі, шыққан биік белестері ақындар жырына арқау болғаны белгілі.

Кезінде марқұм Қазыбек Мыңжанов жыр дүлдүлі Әселхан Қалыбековамен сөз сайыстырғаны әлі есімізде.

Десе де сөз маржанын теретін талантты жастарды осы саф өнерге тәрбиелеу жағын ойластырсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Ақындар айтысының аламанына келесі кезекте Құлмахан Дүйсенов пен Қажымұқан Абзалов шықты. Екі ақын ә дегеннен-ақ көрермендерге әдемі жыр шумақтарын тарту етуге барлық мүмкіндіктерін салды десек артық айтқандық болмас. Жыр маржанын теріп, саф таза қалпында көрермендерге жеткізуге екі ақын да барынша шабыттанып, еңбекқорлықпен әрекет жасады. Бірін-бірі сөз қағыстыру арқылы ұғысып, ұтымды ойлар, мәйекті сөздерді орынды пайдаланып шабыттың шалқар биігіне қанат қақты.

Сахнаны әсем әуезді әуендерімен, тәтті жырларымен баурап алды.

Аламанға қосылған бәйге аттарындай бірінен-бірі қалмай қатар шапқан тұлпарлардай кейіп танытты. Көрермендер болса тұс-тұстан қиқулап, қос ақынды шабыттандырып, қанаттандырып отырды.

Өзбекстаннан келген Құлмаханға Қажымұқан бауырымыз назын да жүректегі інілік ыстық ықыласын білдіріп жатты. Бауырмалдық, достық, ізгі ниет, ағалы-інілік қарым-қатынас жыр арқауына айналды.

Алыста жүрсе де қазақ елінің Тәуелсіздігін, елінің мерейін мақтаныш ететін Құлмахан Дүйсенов жүрек жарды шаттық сезімін жыр жолдарымен өрді.

Айтыс өнерінің керемет үлгісін таныта білген осы екі жұпқа да көрермендер ілтипаты ерекше болды.

Кезектесе сөз қағыстырған ақындарға қошамет пен құрметті қол шапалақтаумен білдірді. Өнерлеріне шынайы ризашылықтарын «Әп, бәрекелде! Жарайсыңдар!»-деген ізгі ниеттерімен білдіріп жүрек жарды ризашылықтарын жеткізді.

Ақындардың төрт жұбы қатысқан айтыс мәресіне де жетті. Десе де көрермендер тарапынан тағы да созыла түссе екен деген ұшқынды байқадық. Бұл дегеніңіз айтыс өнеріне деген халықтың ыстық-ықыласының анық белгісі еді.

Әділ қазылар алқасы айтыскер ақындардың қорытынды бағасын шығару сәтіне кеткен кезде көрермендер «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген мерекелік концертті тамашалап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.

Көпшіліктің қай ақынның мерейі үстем болар екен деп күтумен отырғанын олардың көзқарасынан білу- қиын емес еді.

Сонымен, бірнеше сағатқа созылған ақындар айтысының да қорытындысы шығарылып, айтысқа қатысқан айтыскер ақындар сахна төріне шақырылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған аламан айтысты тамашалаған халықтың көңіл-күйінен ерекше шаттықтың нұрын сезгендей әсерге бөлендік. Әділ қазылар алқасының ұйғарымымен сараптала келе бас бәйге Нұрлыбек Мейірмановқа бұйырды. Бірінші орынды Нұрлан Есенқұлов еншіледі. Сондай-ақ, екінші орын Карима Оралова мен Тұрар Тілеулиев жеңіп алды. Үшінші орынға Құлмахан Дүйсенов пен Қажымұқан Абзалов көтерілді. Ал қатысқаны үшін деген марапатқа Бөрібай Оразымбетов пен Дәурен Болатбеков ие болды.

Бас жүлде иегерлеріне марапатты аудан әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков табыс етті. Жалпы, айтысқа қатысқан айтыскер ақындарға қомақты қаржылай жүлде табысталды.

Өтуі бір күндік болғанымен көермендерге рухани азық сыйлаған айтыстың өтілуі барысында осы айтыстың Созақ елінде өтуіне үлкен үлес қосқан азамат, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақын, әділ қазылар алқасының төрағасы, Әбдіхалық (Сәбит ақын) Әбдірайымұлын әңгімеге тартқанымызда «Созақ-шалмен сырласу» деген өлеңін оқып берді.

«Сәлем Созақ!!! Шежіре-шал,

Шаршаған,

Қарт Қаратау,

Құрсағына

Бал салған…

-Ей, Абызым!!!

Көтер басты

Мен келдім,

…Ақын едім

-Алла жар-деп

Жар салған!!!

 

Созақ-шешен,

Созақ-көсем,

Бал-ұлт-бар,

«Күйшімін деме»-деген екен

Нар Мұхтар….

…Сол қожаның-

Ұстыны «Алла»-

Ұрпағы ем

Шайыр шерді

Кемпір күндеп

Шал құптар!!!

Сақалдымен

Шарап ішпес

Сақа ер,

-Халің қалай

Жел баптаған

баталы ел…

Бір топ шайыр

«Айыр ойды»-

ап келдік,

Баба ата-

бала ақынға бата бер!!!

Ақын алмас…

Шапсын,
Тапсын,

Жыр жүгін,

Мыңжылқы үйір-

Қосып алсын

Жүйрігін…

Уранды елден

Ұлан шықсын

ұранды,

Құлыншақ жыр,

Кісінейтін,

Күн бүгін!!!

-Ей, шайырлар!!!
Байқап сөйле…

Абайла,

Тас лақтырма-

Шолаққорған

сар-ай-ға…

…Бұл аймақта

Хан Кененің

Ізі бар,

…Жөнсіз сөйлеп,

Таяқ жеген

Абайда!?…

Сыздық-төре,

Асқар-жебе,

Ұлы шың,

Қарабура,

Сүгір, Төлеген

Ірі-сің…

Кіші жүздің-

аяғын баспа

Туысым,

Орта жүзбен-

Ойнап жүрме…

Құр-ы-сын!!!

-Солай, солай…

Созақ-сынақ

Шеп құрғын.

Арманы бар,

Қармағы ар,

Сертті ұлдың…

…Айсүйек түн

Ақ тамақты

Ой-ла-ман

Тәуелсіз Елді-

Құттықтауға

Кеп тұрмын!!!

 

Тәуелсіз Ел,

Тәуелсіз жер.

Таза бақ,

Қазақстан-ауыздықсыз

қазан ат….

«Жақсы әкім

Ақындарын іздеген»-

Салыхан аға-

Ұлтын сүйген

Аза-мат!!!

Бізді алдырған,

Із қалдырған

Аза-мат!

Содан кейін игі ойын жалғады:

-Созақ- қасиетті өлке. Қарт Қаратаудың қасиетті жері. Атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Созаққа барсаң күйшімін» деген сөзді бекер айтпаған ғой. Жер асты кенге бай. Ал үсті тұнып тұрған рухани байлық. Бұл өңірден қазаққа танымал түрлі өнер қырандары шыққан. Олар тек Созақтың ғана емес. Бүкіл қазақтың мақтанышы. «Жақсының жақсылығы айт…» демекші біздер оларды мақтаныш тұтамыз. Созақтық өнер тарландарын айтқанда мерейіміз үстем болады. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Сүгір күйші, Файзулла Үрмізов, Құлжабай Төлеуов, Бөрғазының Өскені, Қазыбек Мыңжанов, Ескермес Жақсымбетов осы елдің текті, өнерлі ұлдары. Олардың іздерін жалғастырып жастар желкілдеп өсіп келеді.

Қасиетті де киелі Созақ елінің қадір-қасиетін ешқашанда ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде Сыздық төренің, Кенесары ханның ізі қалған. Құлыншақ ақын жыр маржанын төгілткен.

«Қарт Қаратау  әулиенің кені еді» деген сөз де бекер айтылмаған. Сондықтан Созақ барша қазақ үшін қасиетті де, киелі өңір болып саналады.

Созаққа қарай сапар салар кезде барлық тарихты, барлық рухани асыл дүниелерді тереңірек түсіне түсеміз деп келеміз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінде ақындарды басап келгеніміз: халықтың көңілін көтеріп, рухани кеңістіктің керегесін кеңейту болып еді. Сырлы Созақтың қасиетін ақын көзімен безбендеу де ниетіміздің төрінде тұрды. Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен танысуды да мақсат тұтқан жайымыз бар.

Тақтайдай теп-тегіс жолдар, сәулетті үйлер көздің жауын алады. Адамдардың дархан жүректі пейілі осы елге табан тіреген сәттен бастап байқалды. Сабырхан ағамыздың «Шолаққорған-Қызылкөл босамайды қонақтардан….» дегендей бұл елдің қонақжайлылығы ерекше ғой. Келген сәттен бастап аудан орталығының көрікті жерлерімен танысып сырына тереңірек қаныға түстік. Адамдарының ыстық пейіліне шын жүректен риза болдық.

Жыр бәйгесіне келген айтыскерлер де Теріскей елінің сән-салтанатына риза болып жатыр. Айтыскер ақындарымыз да ерекше көңіл-күйге бөленіп, шабыттарына шабыт қосты.

Шынын айту керек Одаман асуынан асқан бетте-ақ ауасы да өзгеше болып, жан-дүниең ерекше тынышталып, жүрегіңе әдемі нұр құйылады. Бұл Созақтың қасиетті, киелі жер екенін анықтап тұрса керек.

Ендігі жерде айта кететін бір мәселе осы өңірден түлеген жастардың талантын танытып шыңдау мәселесіне көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Өйткені Созақ тума таланттарға бай өлке,-деді.

Тоғаев Жәнібек Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі: әділ қазылар алқасының мүшесі:

-Бұл ауданға бұдан бұрын да келіп біраз танымдық бағдарламалар жасағанмын. Таза қазақылықтың шынайы ордасы деп есептеймін. Салт-дәстүрдің асыл қасиеттері тұнып тұрған өлке. Созақтың әрбір тасына дейін тарихтан сыр шертеді. Созақтың рухани байлығын мол сонысымен де жоғары тұр. Небір өнер майталмандары түлеп ұшқан, қанаттанған өлке.

Бүгінгі айтыс өте жақсы өтіп жатыр деп есептеймін. Ұтымды ойларымен бірін- бірі керемет қанаттандырып, шабыттандыруда. Көрермендердің деықыласы ерекше. Дуылдата қол соққандарынан-ақ айтыс өнерін сағынып қалғандығы аңғарылады.
Айтыс шындап келгенде ақындардың сөзбен семсерлесуі ғой. Қайсысы тапқыр болса, сөзге ұшқыр болса, табан астында тауып айта алса сол ақырында жеңіске жетері анық.

Менің ойымша жастарды, әсіресе мектеп оқушыларын ұялы телефонға телмірткенше осындай айтыстарға қатыстырған дұрыс. Сонда олардың бойына танымдық тағылымдық нәр егуге септігімізді тигізген болар едік.

Айтыс өнері халықтың сөздер жиынтығының мәйегі екендігін ұғынуымыз керек. Жас өскін балалар оның мәні мен нәрін бойына терең сіңіргені дұрыс.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-демекші келешек ұрпақтың қамын біз қолға алмасақ, кім ойлайды.

Бүгін айтыс тамашалуға келген балаларды көріп қатты қуанып, жүрегімді шаттық сезімі кернеп отыр. Ұлттық өнеріміздің шынайы жанашырлары екендіктерін байқатуда.

Келешекте жастардың санасына тәрбиенің ұлттық болмысын қалыптастырудың бірден бір жолы осы айтыс өнерінде жатыр ғой деп ойлаймын.

Созақ еліне келіп осындай аламан айтыс ұйымдастыруға ықпал білдіруге аудан басшылыған шын ниетімізден алғыс айтқымыз келеді.

Алдағы кездерде осы өңірде айтыс өтетін болса, қуана құптап ниеттестік білдіретіндігімізге шұбә жоқ,-деді. Айтыс майталмандарын ауднымызға бастап келген өнер жанашырларының ақ жарма ниеттері осындай игі тілектермен жалғасты.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын, әділ қазылар алқасының мүшесі Гүлнар Өмірбек:

-Бүгінгі айтыс маған қатты ұнады. Өте күшті өтті деп бағалаймын. Ақындардың қайсысы болса да мықты дайындықпен келгендіктерін байқатты. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей ақын жігіттердің ортасында Карима Оралова бар екен. Бірге келген ақын жігіттер оны алақанға салып аялап жүр. Қандай жарасымды. Ақындар арасындағы керемет сыйластыққа риза болып отырмын.

«Болар елдің ұлдары бірін-бірі батыр» дейді деген сөз осындайдан қалса керек.

Теріскей елін ақындар бүгінгі күні әсем жырларымен тербетті десек шыли асыра айтқандық болмас еді. Айтысты тамашалауға келгендерде көтеріңкі көңіл-күйде отырғандығы жүздерінен анық байқалды. Осындай жыр кештерін сағынып қалғаны аңғарылады. Жүректерінен шыққан ыстық ықыластарын қол шапалақтаумен білдіріп жатты. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы әжелеріміз айтыс өнеріне ерекше ризашылықпен сезіммен қол соғып отырды.

Айтыскерлердің сөз саптауы, өрелі ойы, құлаққа жағымды әуендері, тыңдармандар жүрегіне ерекше нұр құйды ғой деп есептеймін.

Әділ қазылар құрамында болғанымды пайдала отырып айтыскер ақындардың өнеріне барынша әділ баға бердім ғой деп ойлаймын. Өйткені ақындар тарапынан айтыстың қорытындысында ешқандай өкпе-реніш болған жоқ. Айтыс ежелден келе жатқан өнердің биік шыңынан көрінетін сөз сайысы болғандықтан халықтың ықыласы да ерекше.

Аудан халқы өнерге деген ерекше пейілдерін бүгін күнібойы танытты. Көрермендер үзіліске шықпай отырып, айтыскерлердің өнерін қызыға тамашалады.

Ақындар қауымы қашанда қошаметшіл халық қой. Көпшілік ризашылықпен қол соққан сайын олар да шабыттанып мерейлері таси түсі. Жүздерінен ерекше ризашылықтың нышанын анық байқағандай болдық.

Сайып келгенде жыр жампоздары Тәуелсіздік тойында теріскейліктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік мерейлерін үстем етті,-деді.

Ауданның Құрметті азаматы, халық ақыны Құлжабай Төлеуовтің қызы Нұржамал Төлеуова:

-Бүгінгі күн мен үшін ерекше болды деп есептеймін. Ат терлетіп Қызылкөлден арнайы әпкем мен жездемді ертіп келіп, айтысты тамашалаудамын. Әкеміз ақын болған соң, ақынның отбасында өскендіктен айтыс десе елеңдеп тұратынымыз рас. Айтыстың  дауысы қайдан шығады деп құлақ түріп отырамыз.

Міне,  қасиетті жұма күні «Мыңжылқы» мәдениет сарайында айтысты тамашалаудамыз.

Айттыс майталмандары болып таныла бастаған жастардың өнерін көріп, ризашылықпен қол соқтым. Халық өнерінің қаймағын бұзбай саф алтын күйінде жалғастырып келе жатқан айтыскерлерге шын жүрегімнен ризашылық білдірдім. Тәуелсіздік мерекесінде бұл айтыс халыққа көтеріңкі көңіл –күй сыйлады. Бұл шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған  аудан әкімшілігіне сондай-ақ, ақын ағамыз Әбдіхалоық Әбдірайымовке рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Айтыс өнерін елдің арасында кеңінен насихаттап дамытып жүрген ел ағаларына Алланың нұры жаусын! Айтыс өнері жиі-жиі өкізіліп тұрса, оған келіп тамашалайтын көрермендер қатары азаймайтындығына сенімдімін. Халық қашанда болмысын айтысты қызыға тамашалайды әрі оған деген қызығушылығы төмендеген емес. Сондықтан айтыс өнеріне мән беріп оны дамытуға әрқашан назар салып отыруымыз керек деп есептеймін,-деді.

Айтыскер ақын Нұрлыбек Мейірманов:

-Созақ ауданына барып айтысқа қатыссақ деген кезде қатты қуанғаным рас. Өйткені қасиетті, киелі Теріскей еліне кез-келгеннің бағына келе беру бұйырмайды ғой деп есептеймін. Таңдау маған түсіп бірқатар айтыскер ақындармен бірге ауылдарыңызға келіп отырғаныма қуаныштымын. Айтыс барысында Тұрар Тілеулиев екеуіміз барлық өнерімізді салдық қой деп есептеймін. Менің айтқан әзілдеріме, қағытпаларыма Тұрар ыстықтаған жоқ. Жақсы жауап қайтарып, менің талантымның ашылуына демеуші болып отырғанына риза болдым.

Әрине, сөзбен семсерлесу оңай шаруа емес қой. Оны  әріптесің түсініп отырса, қандай жақсы. Осы жағынан келгенде қарсыласың мықты болса, ақынды ширата түсетіні анық. Сол тұрғыдан келгенде қарсыласым да оңай шағыла салатын жаңғақ емес екендігін танытты. Сөз семсерін ол да барынша соқты. Барынша мен де таныта білдім әуселемнің мықты екендігін. Қорытындысында бір-бірімізді сөзбен демеп, қанаттандырдық. Көрермендер негізінен өз бағаларын айтыстың барысында қол шапалақпен білдірді. Ең бастысы халықтың қошеметіне бөленуден артық ешнәрсе жоқ.

Теріскей елі әуелден өнерді қадір тұтқан ғой. Әсіресе айтысқа ықылас пейілдері өзгеше екен. Айтқан сөздерімізге сүйсіне қол соғып, оның мәнін, мазмұнын ұғынып қошемет көрсетіп отырды. Ақын қолдап отырса, шабыттана түседі. Біздің де негізгі ойымыз ұтымды сөздермен қарсыласымызға жеңу ғана емесе көрермендерді жеғңу ғана емесе көрермендерді сөз мәйегімен сусындату ғой.

Тұрар екеуіміздің айтысымызды көрермендер де әділ қазылар алқасы да шабыттандырып, ақындық қанатымызды қатайтуға әсерін тигізеді десем артық айтқандық болмайды ғой,-деймін.

Ақын Құлмахан Дүйсенов:

-Бүгінгі күні алман айтысқа Өзбекстанан келіп әріптесім Қажымұқан Әбзаловпен сөз қағыстырдым. Көрермендер біздің сөз сайысымызды жылы қабылдады. Созақтық бауырларымның меймандостығына шын көңілімнен риза болдым. Келген сәттен бастап ақ жүректі, кең пейілдерін танытып жатыр. Өнерді де жақсы көретінін, құрметтейтінін сахнада отырып сездім.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір екендігін, қасиетті әулиелі, әмбиелі жер екендігін көріп көңілімді ерекше сезім биледі.

Әсіресе айтыс өнері десе ішер асын жерге қоятын ел екендігін байқадым. Жүрекке жылылық құйып айтыскерлерді ризашылықпен соққан шапалақтарымен демеп отырғаны біздерге шабыт бергенін жасырмай айтуым керек.

Бұл қасиетті елге бірінші рет келгендіктен алған әсерлерім де ерекше болды. Созақ деген тұнып тұрған тарих екен ғой.

Елден алыста жүрсек те біздің бүйрегіміз туған жерімізге қарай бұрып тұрады. Ауыл адамдарының кең пейілін, кең даланың жусаны мен жуасының иісін сағынасың.

Алдағы кездерде Созақ жерінде айтыс өтеді десе алғашқылардың бірі болып осылай қарай ат басын бұрар едім. Қанша дегенмен қасиетті жердің тасына дейін ыстық деген рас әңгіме екенін айтқым келеді.

Бүгін Созаққа келіп ерекше әсерге бөленгенімізді жасыра алмаймын. Айтыс үстінде Қажымұқан бауырымыз өте әдемі сыпайы мінез танытқанынан риза болдым. Көрермендер жағы біздәі өнерімізге жақсы құрметтерін көрсетті. Ризамын.

Айтыстың қорытындысында әділ қазылар берген бағаға да шын көңілден рахметімді айтамын. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Тойларыңыз тойға ұлассын! Барлықтарыңызға мықты денсаулық тілеймін. Айтыс өнері қанатын кеңге жая берсін деген тілегімді де айта кекенді жөн санап отырмын,-деді.

Жылқыбай Рысқұлбеков байырғы ұстаз, зейнеткер, Қызылкөл ауылының тұрғыны:

-Ұлт сөз өнерінің қайталанбас жанры айтыс деп есептеймін. Табан астында тауып айту- кез-келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан айтыс өнері үлкен дайындықты, жауапкершілікті қажет етеді. Бұл өнер табиғатынан талантты болуды қажет етеді. Ал сол талантты оқып, үйреніп, шыңдау да ақын бойынан табылуы керек деп есептеймін.

Бүгінгі айтыс өтеді деген хабарды естігенен кейін үйде байыз тауып отыра алмай келдім. Ауданда айтыс өтіп жатса, келмей қалғаным жарамас деп ат  терлетіп келген жайым бар. Айтыс маған қатты ұнап отыр. Айтыскерлердің де бабы келіскен екен. Сөз саптаулары бірін-бірі асып түседі. Қарап отырсақ әрқайсысының өнеріне ризашылықпен қол соғып, қошемет көрсеттім. Бұрынғы кездегідей емес айтыс өнерінің біршама ілгерілегенін байқадым. Көптеген өзгерістер бар. Уақыттың талабына сай өзгеріп, жаңара түскенге ұқсайды.

Ел бірлігін сақтайтын, татулықты, егемендікті, тәуелсіздікті дәріптейтін жыр шумақтары көрермендер жүрегіне қонады ғой деп есептеймін.

Жалпы, біздің өлкеде кезінде елге танымал айтыскер ақындар шыққаны белгілі. Сол өнер әрмен қарай жалғасып, жастардың арасынан айтыскер ақындар шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі тамашалаған айтыстан алған әсеріміз үлкен десек артық айтқандық болмас.

Қазақтың мың жылдық суырып салма –импровизация өнері ғасырдан ғасырға жалғаса берері анық. Бұл өнердің өміршеңдігіне, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретініне сенім зор.

Айтысқа қатысқан айтыскерлердің бүгінгі жыр аламан алаңында көрсеткен өнеріне ризашылықпен қол соқтық. Себебі барлық айтыскерлердің бабы да, бағы да келіскен екен.

Айтыс жүргізушісіне де риза болып отырдым. Айтыскерлердің көсіле шабуына мүмкіндік берді. Уақытпен ешқандай жұпты шектеген жоқ. Барынша өнерлерін халық алдында паш етті. Қорытындысында әділ қазылар алқасының ақындарды көрсеткен өнеріне қарай орын білгілеуі де көрермендер тарапынан қолдау тапты деп ойлаймын. Қорыта айтқанда бүгінгі айтыс біздерге үлкен рухани азық болды деп айта аламын,-деді.

Теріскей төрінде өткен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты халықаралық айтыс мәресіне жетті. Аламан айтысқа қатысқан сөз дүлдүлдері көрсеткен өнеріне қарай марапатқа ие болып, қаржылай қомақоы сыйлықтарын иеленді.

Тәуелсіздікті жырлаған ақындар егемендіктің, азаматтықтың бәрінен қымбат екендігін жыр шумақтарымен ұғындырды. Елдің тарихын, өнер адамдары мен еңбек майталмандарының төккен тер, еткен еңбектерін жырларына арқау етті.

Тәуелсіздіктің тұғырын биік етуге ақындар қауымының қосып келе жатқан үлестерін қомақты екендігін айтпай-ақ аңғаруға болады.

Жыр сайысының талай аламандарында ақындар елдікті, ынтымақты, бірлікті кеңінен жырлады.

Ауданымызда өткен айтыста да талай аламандарға қатысқан жыр жүйріктері аттың басын жіберіп, баптарын да, бақтарын да таныта білді. Қоштасар сәтте олар егер Созақта айтыс өтсе, бірінші кезекте келіп қатысып, өнерлерін Теріскей халқына паш ететіндіктерін жеткізді.

Редакциядан: Ауданда айтыс өтіп жатқан кезде 30 жылдық мерекеге орай  Астанада өткізілген айтыста Бекарыс Шойбеков бас жүлде, алтын домбыраны жеңіп алды.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Latest news

Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады немесе азық-түлік бағасы қайтсе тұрақтанады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжлісінің отырысында сөйлеген сөзінде елдегі жағдайларды бағамдай келе «Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз...

Президент бастамасын құптаймыз

Ауданның тұрғыны, тұтынушы ретінде ел ішіндегі қымбатшылық бәрімізге сезілді. Бұл жөнінде уақытысында депутаттар тарапынан да көптеген ұсыныстар, пікірлер, талаптар алға тартылған. Дегенмен бағаны ұстап...

Ынтымақ пен бірлік-еліміздің ең басты құндылығы

Президенттің парламент мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды. Атап айтқанда елдің дамуына негізгі өзек болатын экономикалық саясат, оның ішінде өнеркәсіпті,...

Берекелі қоғам-бірліктің бастауы

Жылдың басы елімізге қилы да қиын кезеңмен келді. Қымбатшылық қысқан қара халықтың талап-тілегін айту мақсатында бейбіт түрде бастаған шерудің арты адам күтпеген кезеңдерге алып...

Related news

Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады немесе азық-түлік бағасы қайтсе тұрақтанады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжлісінің отырысында сөйлеген сөзінде елдегі жағдайларды бағамдай келе «Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз...

Президент бастамасын құптаймыз

Ауданның тұрғыны, тұтынушы ретінде ел ішіндегі қымбатшылық бәрімізге сезілді. Бұл жөнінде уақытысында депутаттар тарапынан да көптеген ұсыныстар, пікірлер, талаптар алға тартылған. Дегенмен бағаны ұстап...

Ынтымақ пен бірлік-еліміздің ең басты құндылығы

Президенттің парламент мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды. Атап айтқанда елдің дамуына негізгі өзек болатын экономикалық саясат, оның ішінде өнеркәсіпті,...

Берекелі қоғам-бірліктің бастауы

Жылдың басы елімізге қилы да қиын кезеңмен келді. Қымбатшылық қысқан қара халықтың талап-тілегін айту мақсатында бейбіт түрде бастаған шерудің арты адам күтпеген кезеңдерге алып...