Түз тағысын қолға үйреткен….

Ол жастайынан, аң-құсқа құмар болып өтті. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ құс асырап, оны қолға үйретіп, мәпелеп, аялап, бағып әбден қанаты қатайған соң ұшырып жіберетін. Әкесі Әмзебек көкеміз де ұлының бұл ісіне үнемі ризашылықпен сезіммен қарайтын. Шаруашылықта жүріп еңбек еткен ол табиғаттың керемет көріністерін қызыға тамашалайтын. Далада жүрген сәттерінде аң-құс кездессе оны баласына ұстап алып келіп беретін.

Табиғат берген бойындағы саятшылыққа деген қызығушылық есейіп, ержеткен соң да үдей түсті.

Мектеп бітірген соң Ғабит Ескендіров шаруашылықта әртүрлі қызметтер атқарды. Елгезектігі, еңбекқорлығы қандай ортада еңбек етсе де оның ұжымға тез сіңіп кетуіне әсер етті.

Ерінбей еткен еңбектің арқасында құрмет пен абыройға да бөленді.

Қандай шаруаны болмасын ол оны тиянақты атқаратын. Еріну дегенді білмейді. Бір істі бастаса оны сапалы атқаруға бар күшін салады.

Кейін Ғ.Ескендіров орман шаруашылығына қызметке ауысты. Зейнеткерлікке шыққанға дейін осы шаруамен айналысты.

Табиғаттың тылсым құпия сырларын білуге, оны жан дүниесіне әбден сіңіруге барынша күш салды. Аң-құстарды, орманды жан-тәнімен беріле қорғауға бар ерік-жігерін арнады.

Орман ағаштарының заңсыз кесілмеуіне, аң-құстардың қанды қол браконерлердің қолынан опат болуына жол берген жоқ. Оны танитындар «Біздің Ғабит ағамыз шынайы табиғат жанашыры» деп дәріптейтін. Ол шын мәнінде сол айтқанға лайықты азамат.

Өзі әңгімені де өте жақсы айтады. Әсіресе үлкен кісілерден естіген естеліктерді айтқанда майын тамызады. Мені қызықтыратыны Ғабит ағамыздың атқа, итке, аң-құсқа құмарлығы.

Талай тұлпарды бәйгеге дайындағаны жайлы да ауылдастары жырғып айтады.

Ат баптаймын деп талай түнді ұйқысыз өткізіп, кірпік ілмей таң атырған. Сонда да шаршау дегенді білмейді. Бәйге десе ішер асын жерге қояды. Басқосуларда әңгімесі де ат баптау, аңға құс салу, саясаткерлік төңірегінде өрбітеді.

Қазір орман шаруашылығындағы жұмысын қойып, зейнеткерлікке шықты. Ендігі жерде үйінде қол қусырып қарап отырған жоқ. Үйіргелік жерге егін салып, бақша өнімдерін өсірді. Жыл сайын қызанақ, пияз, қиярды өзі өндіріп алады. Қолындағы бес-он тұяқ малына қарайды. Соларға қыстық мал азығын дайындайды.

Өткенде аудан орталығында Ғабит ағама жолығып қалдым. Өзінің амандығын, ауыл-елдің жай-күйін сұрадым. Барлығы ойдағыдай екенін жеткізді. Содан кейін үйінде екі жылдан бері асырап отырған қасқыр жайлы айтты. Сол түз тағысы жайлы айтыңызшы дедім.

-Бұдан екі жыл бұрын,-деп бастады ол әңгімесін.-Таутарының төңірегінде шаруам болып, таңертең ертемен ауылдан шықтым. Сол күні табиғат та ерекше жайнап, тамаша болып тұрды. Атымды кешкілікте жолға дайындап қойғанмын. Ол да бабында екен. Ерттеп, жүген салып, жолға шығып кеттім. Таудың бұл аталған тұсы тастақты болып келеді. Жазда тау аңғары тым ыстық. Үп еткен жел соқпайды. Бірақ неше түрлі әдемі шөптер өседі. Әсіресе кешкілікте киікотының  иісі жан сарайыңды ашып, рахатқа бөлейді. Кекіліктер әр тұстан пыр-пыр етіп ұшып қояды. Беткейі тік жартасты болып келеді. қызыққан адамға өте керемет. Етегінде сылдырап Үшбас өзені ағып жатыр. Суда майда шабақтар жылт-жылт етіп жүзеді. Осы ғажайып көріністі тамашалап келе жатқанмын.

Бір кезде кішкентай күшіктің қыңсылаған дыбысы естілді. Жан-жағыма қайта-қайта қараймын. Ешнәрсе көрінбейді. Дыбыс жақыннан естілген сияқты. Сол жаққа қарай құлақ түрдім. Дауыстың бағытымен келе жатырмын. Тым жақындап келдім. Қарасам көзін ашпаған кіп-кішкентай күшік. Иттің күшігі дейін десем одан өзгеше. Сәл әріректе қасқырдың апаны бар екен. Меніңше әлгі күшік содан жорғалап шығып кеткен ғой. Өзі аш секілді көрінді. Анасы бір жағынан шығып қалар ма екен деп қарап қоямын. Көрінбеді. Не істеу керек. Бір амалын жасау керек деп шештім. Кіп-кішкентай түз тағысы сүйкімді-ақ. Арқасынан сипалап қойдым. Қыңсылағанын да доғарды. Аялы алақанға алған соң ба томпиып алаңсыз жатыр. Күшікті дорбама салып алдым. Анасы көрініп қалса, тастап кетейін деп ойлағанмын. Анасы келе қоймады. Ауылға келгенше жарықтық күшік қыңқ деген жоқ.

Келген соң ауыл-аймақтың балалары менің күшік тауып алып келгенімді естіп, жан-жақтан жиналып әлгіні тамашалап шаттанып қалды. Оларға қызық. Төңіректеп маңайынан шықпайды. Қолдарындағы тәтті-құттыларын ұсынады. Оларға айтамын:

-Әлі кішкентай ғой, есейген соң алып келіп бересіңдер,-деймін. Сонда да баланың аты бала ғой. Төңіректеп маңайынан шықпайды. Өзі кіп-кішкентай болып сүйкімді. Кішкентайлар сонысына қызығады.

Әбден ашығып қалған екен. Келген бетте үйде әлі пісірілмеген сүт бар екен. Соны алдына қойдым да қарап тұрдым. Бір кезде сылпылдатып жұта бастады. Қуанып кеттім. Яғни асырауға болады екен деп ойладым.

Күшік бір күні көзін ашты. Кішкене үйшік жасап қойдым. Тамағын ішіп алған соң сонда кіріп жатады. Күн санап өсе бастады. Бауырын жазып, далаға шығып, жүгіретін болды. Көршілердің балалары қызықтап қайта-қайта келеді. Келген сайын конфет, печенье, нан беріп еркелетеді. Күшік те балаларды өте жақсы көріп кетті. Олар келмесе елеңдеп іздейтінді шығарды. Кішкентайлармен ойыны жарасады. Жүгіреді. Секіреді. Қутыңдап құлдыраң қағады. Кіп-кішкентай көршілерім оған мәз болады.

Есейгеннен кейін үйдің айналасында жүріп ойнайтын болды. Алғашында біреуді тістеп алар ма екен деп қауіптенгенмін. Жоқ ондай оғаш қылық көрсеткен жоқ. Моп-момақан. Ауылдың иттерімен де тату тұрады. Оғаш мінез танытқан емес. Бос жүрген соң өзінің үйірлестеріне қашып кететін шығар деп ойлаған едім. Олай болмады. Үйге әбден үйренді.

Қазір екі жыл болды. Бойы да тәп-тәуір өсіп қалды. Түз тағысына тән мінез танытпайды. Өте ақылды. Айтқан нәрсеңді орындайды. Ауыл иттеріне өшпенділік танытқан емес.

Түз тағысы өзі мейірімділікті, жүрек жылуын қажет етеді екен.

Еркіндікті жақсы көреді. Ауыл иттерімен өте тату тұрады. Ырылдасып, таласқан емес. Өзі өте сақ. Ит сияқты әупілдеп үре бермейді.

Енді бір далаға шығарып, боз жаздырып, қарғы бауын алып, еркіндікке жіберсем бе деп ойлаймын,-деді Ғабекең.

Сәрсенбек Теңізбаев.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...