Түркістан облысы әкімінің «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы облыс орталығындағы Конгресс-холл ғимаратының арнайы алаңында өтті. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатының бірінші ерекшелігі де осы. Екіншіден облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдауды іске асыру аясында атқарылған істер мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, журналистердің сұрағына және жауапқа басымдық берді.
Әр салада өсім бар
Облыс әкімі мәлім еткен деректер бойынша, экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы II тоқсанда 4,2%-ға артып 770,2 млрд теңге болған. Жыл қорытындысы бойынша өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп болжануда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 434,5 млрд теңгені құрады. Бүгінде өңірде 142,3 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері 224,1 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 480,9 млрд теңге инвестиция бағытталған. Қолайлы инвестициялық ахуал құрып, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін барлық шаралар жасалуда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Жолдауды іске асыру бойынша облыста іс-шаралар жоспары бекітілген. Үкімет дер кезінде қабылдаған антикризистік шаралар, кәсіпкерлікке, отандық тауар өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету нәтижесінде биылдың 10 айының қорытындысында өңірдің оң серпінді дамуы сақталып, маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығында 635,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,8% болды. Жалпы, 831,2 мың тонна өнім экспортталып, 90,5 млн АҚШ долларын құрады. Өнімділікті 2,5 есеге арттыру үшін, оны 3 негізгі бағытта дамытуға басымдық беріп отырмыз, – дей келе, облыс әкімі әр бағыт бойынша атқарылып жатқан істерге жекелей тоқталды.
Мысалы, бірінші бағыт аясында Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша құны 25,2 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта қала аумағында 1 458 шаруа қожалығын 9 кооперативке біріктіру арқылы 11 мың гектар алқапқа тамшылатып суару машиналарын орнату жоспарлануда. Екінші бағыт бойынша, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы шеңберінде биыл 127 ауыл округінен 5,2 мың гектар аумақта 1 999 жоба іске асырылып, 141 мың тонна бірінші өнім, 109,3 мың тонна екінші өнім алынды. Бүгінде агроқұрылымдар 1,6 мың гектардан үшінші өнім алуға кірісті. Сондай-ақ облыс әкімі есепті кезеңге құрылыс жұмыстарының көлемі 194,5 млрд теңге болып, 78,3%-ға ұлғайғанын атап өтті. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 492,4 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,9%-ды құрады. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 56 нысанның құрылысына 18,9 млрд теңге қарастырылған. Тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 82,7% болды. Табиғи газбен қамту бойынша биыл 43 нысанға жүргізуге 14 млрд теңге бөлініп, биыл 20 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 423 елді мекен немесе 1 млн 275 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.
Індетпен күресудің жоспары жасалды
Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық барысында облыстың медициналық ұйымдарын дәрілік заттар мен арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 2,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 0,8 млрд теңге қарастырылды. Аталған қаржының 361,8 млн теңгесіне дәрілік заттар, 1,6 млрд теңгеге медициналық бұйымдар, 185 млн теңгеге дезинфекциялық ерітінділер сатып алынған. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 337-ге дейін, оттегі стансасының саны 2 есеге артып, қосымша 4 станса орнатылған. Жалпы, облыс аумағында 557 бөлшек сауда дәріханаларының қызмет атқаратын 238-імен өзара әрекеттесу туралы меморандумға қол қойылған. ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9-ға дейін өсті.
Аудандар жылжымалы медициналық кешенмен толық қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем қызметіне 122 автокөлік сатып алу жоспарлануда. Бұл жедел жәрдем қызметі паркін 96,0%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі, сондай-ақ әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға, жастарды қолдау бағытындағы өзгерістерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы Жолдауында білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екенін айта келе, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдағанын мәлім етті. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетінін атап көрсетті. Сонымен бірге Президент кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттау қажеттігін айтты. Осы орайда, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мемлекеттік ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын ұлғайтуға 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында үш жылға жалпы сомасы 489,3 млрд теңге бөлу көзделген. Нәтижесінде, орта білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысы кезең-кезеңмен 2 есеге артады. Ал аз қамтылған отбасынан шыққан студенттер үшін 5 мың грант бөлінбек. Түркістан облысына Ұлттық қордан мақсатты трансферт арқылы көп балалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары үшін 2019-2020 оқу жылына жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған 1 345 білім гранты бөлінді. Сондай-ақ 10 жоғары оқу орнына мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Конкурс нәтижесімен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары болып табылатын 1 018 талапкерге грант тағайындалған. Бүгінгі таңда, аталған грант негізінде табысы төмен отбасылардан шыққан 1 040 жас білім алуда. Жұмысшы мамандығына оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын көбейтуге биыл жалпы сипаттағы трансферт есебінен 829,9 млн теңге қаралды», деді Өмірзақ Естайұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі Мақтаарал ауданындағы апат кезінде атқарылған жұмыстарды да еске салды. «1 мамырда Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, орталық бетпақдала коллекторынан тасыған су салдарынан Мақтаарал ауданының 5 елді мекенін (6 211 тұрғынды) су басты. Төтенше жағдай салдарынан 1030 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 бала бақша, 4 денсаулық сақтау, мәдениет үйі, 10 сауда объектілері, автомобиль жолдары, көпір, 5 695 га егістік пен жайылым жерлер су астында қалды. Бүгінгі таңда, аудандағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына, Мырзакент кентінде жаңадан бой көтерген ықшам ауданында 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үйдің 494-нің құрылысы аяқталып, 10 үй жақын арада табыс етіледі», деді облыс әкімі.
«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалынып алынды