Ауданның тұрғыны, тұтынушы ретінде ел ішіндегі қымбатшылық бәрімізге сезілді. Бұл жөнінде уақытысында депутаттар тарапынан да көптеген ұсыныстар, пікірлер, талаптар алға тартылған. Дегенмен бағаны ұстап тұру, жеке кәсіп иелерімен жүйелі жұмыс жүргізу оңай шаруа емес.
Президентіміздің халыққа деген үндеуі, елді жігерлендірді, қанаттандырды. Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерінің орындалуына ел болып бірігіп, қолдау танытайық. Ел болып бірігіп, нақты қадамдарға жол ашайық. Ұсыныс, талаптарды сауатты түрде қоя білейік. Жаңа жасақталған Үкімет құрамының жұмысына сенім артайық. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратудан, жеке адамдардың ар намысына тиюден, мазақ қылуға, негізсіз жала жабудан сақ болайық! Жеке кәсіп иелері де халықты түсінуге тырысқаны абзал. Қарапайым азық-түлік дүкендерінің иелері де бағаны тым шарықтата бермей «бұл менің жеке кәсібім, өз қаражатыма жүргізіп отырған саудам» демей ынсапкершілік танытайық. Ынсап сайын береке дейді. Үкіметте отырғандар да, билік басындағылар да, кәсіпкерлер де, тауар өндіруші де, тұтынушы да бәріміз айналып келгенде бір халықпыз. Ел іші бұзылмасын. Мемлекеттік символдарымыз жоғалмасын. Жер бетінде қаншама егемендігі, тәуелсіздігі жоқ босқын елдер бар. Олардың қасында біз үлкен тәуелсіз, егеменді елміз. Сондықтан тәңірдің сыйы Тәуелсіздігімізді құрмет тұтайық. Қадіріне назар салайық. «Нұр Отан» партиясының басым бағыттары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. «Нұр Отан» партиясы халықтың партиясы. Дұрыс түсінік қалыптастырып, ел ішінде арандатушыларға ермей, жарқын болашаққа, тәуелсіз елімізде нақты іс-әрекеттерге саналы, сауатты түрде батыл қадам жасайық.
Нұржамал МАЙУСОВА.