Ауылда тұрғаннан кейін қолымызға бес-он тұяқ мал, сиыр, жылқы, түйе ұстаймыз. Бұл дегеніңіз отбасы қаражатын молайтуға өз үлесін қосады. Сатсаң ақша, жесең күнделікті азық-түлігің. Қолға майда малды ұстаймыз да көбінесе ірі қара, түйе, жылқы малдарын сыртқа жібереміз. Қолда ұстамағаннан кейін өріске еркін жіберу-енді қиын дүние. Уақтылы қарап, түгендеп тұрмағаннан кейін еңбегің зая кетеді.
Ауылдың төңірегі мал жайылымы үшін қолайсыз. Шөп жоқ. Тап-тақыр. Амалдың жоғынан елді мекен төңірегінен жыраққа жіберуге тура келеді. Ал, енді сол малдарға бақташы жағын ойластырып барып жіберуіміз керек. Қазақ айтады:- «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Сол айтпақшы далада иесіз жүрген малды кім ұрламайды десеңізші.
Сосын полицияға арыз жазып жатамыз. Малым жоғалды деп. Ағайындар-ау әуелі малдың қараусыз жүрмеуін қадағалайық мал ұрлығы азайсын десек малға еге болайық. Әрине иесіз жүрген төрт түлікті кім кімде болмасын қорасына кіргізіп алатыны бәсенеден белгілі.
Аудан тұрғындарына айтар едім: мал ұстадыңыздар ма, ең бірінші кезекте оған еге болыңыздар деп. Полиция қызметкерлері сіздердің өрісте жүрген малдарыңызды қорып жүруге міндетті емес. Ұрлыққа жол бермейміз десек, ең әуелі өзімізге өзіміз сақ болуымыз қажет. «Өз-өзіңе сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» деген қағиданы берік назарда ұстаған абзал.
Қораңыз малға, өрісіміз сиыр, жылқы, түйеге толын десек мал ұстауға мұқият болуымыз керек деп есептеймін.
Айдарбек Қарақожаев,
Көктөбе елді мекенінің тұрғыны.