Мынау, бүкіл әлемге ықпал етіп тұрған карантин жағдайында көптеген жаңа сөздер сөздік қорымызға ене бастады. Сондай сөздердің бүгінгі таңда ең көп қолданылып жүргені, «онлайн» сөзі. Олай дейтінім, қазір жұмыс та онлайн, оқу да онлайн, тіпті спорттық спартакиадалар да онлайн жүйеге өтті.
Осы ретте, Қазан айының 21- 23 жұлдызы аралығында гір спортынан Қазақстан Республикасы мектеп оқушылары арасында Х жазғы спартакиадасының да онлайн жүйеде өткенінен хабардар болдық. Аудандық БЖФМ- не қарасты, гір спортының жаттықтырушысы Серікбаев Мұрат Тұрсынбайұлының айтуынша, аталмыш онлайн спартакиадаға Түркістан облысының намысын біздің ауданымыздың балғын спортшылары қорғаған. Жарыстың нәтижесінде, Созақтық гіршілеріміз топ жарған. Атап айтар болсақ, 48 және 58 кг салмақта сынға түскен Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің оқушылары Рысбай Мұхаммед Нұржанұлы мен Баби Орынбасар Бақытжанұлы жүлделі ІІ орынды; +78 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ә. Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Серік Жандос Мұратұлы ІІ орынды иеленіп, ауданымыз бен облысымыздың мерейін үстем етті.
Ендеше, ауданымыз бен облысымыздың намысын қорғап додаға түсіп, Қобыландай ағасының жеңісті жолын жалғаған жасөспірім спортшыларымызға, аудан жұртшылығына жеңістеріңіз құтты болсын айтамыз. Алдағы уақыттарда да балғын спортшыларымыз жаттықтырушылары Мұрат Тұрсынбайұлы мен ата- аналарының үмітін ақтап, әлемдік жарыс додаларында топ жарып, еліміздің мерейін үстем ете берсін дейміз.
Данияр Құлмаханбетұлы