Құрметті халайық!
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты барлық іс-шараларға тоқтау жасалғандығынан хабардарсыздар. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы да Президент Жарлығына сәйкес елдегі төтенше жағдай мерзімі біткенге дейін, яғни 19 –қаңтарға дейін мешіттерімізде өткізетін шараларды тоқтатата тұруға шешім қабылдады. Оған негізде жоқ емес. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындарының сұйытылған газ бағасының жоғары болуына байланысты наразылығынан бастау алған бейбіт шерулер, митингілер ниеті бұзық адамдардың араласуымен Қазақстанның үлкен қалаларында жойқын қарулы қарсылыққа ұласты.
Халықтың талабы газ бағасын түсіру болса, бейбіт түрде ол талап орындалды. Тіпті Үкімет басшысы өз еркімен қызметінен кетіп, бірнеше құзырлы орган басшылары ауыстырылды. Солай бола тұра, елдің ішіне бүлік келді. Олар кінәсіз адамдарға қол көтеріп, мемлекеттік ғимараттарға, кәсіпкерлік нысандарға зиян келтіріп, бірнеше адамның жанын алды.
Осындай ауыр жағдайды ескере отырып Мемлекетіміздің басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен республикамыздың барлық аймақтарындағы ҚМДБ- на қарасты мешіттер өздерінің жұмыстарын уақытша тоқтата тұратын болды. Сондықтан да ауданымызда тұратын барша жерлестерімізді, оның ішінде қарияларымызды, ата- аналарымызды және мешіттеріміздің имамдарын сергек болуға шақырамын. Елімізде орын алған төтенше жағдайдан шығып, тұрақтылық орнағанға дейін сабыр етейік!Сонымен бірге, отбасыларыңыздағы балаларыңыздың, немерелеріңіздің ойын, іс- әрекетін қадағаласаңыздар. Қай жерде, кімменжәне немен шұғылданып жүргендеріне көңіл бөлсеңіздер екен. Олай дейтінім, сол қалаларда шеруге шыққан жастардың дені жастар болып отыр. Әйтеуір, жастық албырттыққа салынып, арандатушылардың айтағына еріп, болашағына балта шауып алмаса екен.
Құрметті жерлестер! Қасиетті дініміз қашан да қандай жағдайда да сабырлы болуға, ел мен жердің тұрақтылығын, бейбітшілігін сақтауға шақырады. Бүлік атаулының қандайы болмасын сөгіп, айыптайды. Қасиетті құранда ұлы Алла тағала: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға, Оның Елшісіне бойұсыныңдар және өздеріңнің араларыңнан шыққан билік иелеріне бағыныңдар!»- деп бұйырады. Ал, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде : «Сендерге мейіздей қара хабашиді басшы етіп тағайындаса, әміріне бағыныңдар!». Тағы бір хадисте:«Кімде- кім менің жер- жердегі әмірлеріме бағынса, маған бағынғаны, маған бағынғаны Аллаға бойұсынғаны. Ал енді, кім әмірлеріме қарсы келсе, маған қарсы келгені, маған қарсы келгені Аллаға қарсы келгені»- деп бұйырады.
Мейрамбек Әбдіқұлов
Шолаққорған орталық мешітінің
бас имамы