Еңбегі ел есінен өшпейтін, дара жол

Қоғамның қай саласында қызмет етіп жүрсе де, ел мүддесін алдыңғы орынға қоятын, анадан туса да, адамзаттың баласы бола білетін, саясаттың салқын желінен халыққа қалқан болып, қоғам қайшылықтарында қара халықтың жағында болған арда азаматтар қай дәуірде де болған. Қызметін қара басының емес, қауымның игілігіне арнап, парасаттылық-пайымдылығын тұрғындардың игілігіне арнаған ел ағалары бүгін де бар. Олар — атқарған істерін міндетсінбеді, халыққа жасаған еңбектеріне қуана білді, қайраттана, қайсарланы білді. Осындай ел мұқтажын мінберге жеткізіп, қоғам қайраткерлігіне пара-пар жұмыс атқарған ел ағаларының бірі — Асқаров Мыңжасарды айтар едік.

Саналы ғұмырында қолындағы күрегін қаламға айырбастап, қазақ әдебиетінің қатарын толықтырар, сананы сезім бесігінде тербелтер жыр-жауһарларды дүниеге әкелген үздік құрылысшы, орақ тілді ақын, ел мұқтажын ойлаған әділ әкім Мыңжасар Асқарұлы дүние жүзілік ұлы Отан соғысы аяқталар тұста Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жарты-Төбе ауылында дүниеге келді. Тарихта таңбасы қалған, озық мәдениетімен танымал өлкеде балалықтың кекілін даланың сары самалына сүйдіріп өскен Мыңжасар бойындағы ерекше қабілеттерін бала кезінен-ақ байқата білді. Бір қазаннан ас ішкен колхоздың жұмысы қызып тұрған шақта жаста болса колхоз жұмысына араласып, ауыртпалықты елмен бірге көтерген.

Ауыл шаруашылығының академигі атанған әкесінің тәжірибесін бойына сініріп өскен Мыңжасарөзінің болашақтағы өмірлік еңбек жолына пайдалана білді. 1962 жылы мектепті тәмәмдаған ол Шымкент қаласындағы қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, жоғарғы оқу орнын құрылысшы-сәулетші мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы  қорғасын зауытында инженер-конструктор болып бастады.

«Мынау қолымнан келмейді», «Бұл істі білмеймін» деуді білмейтін, қолына тиген қай істің де шырайын шығарып жіберетін Мыңжасар жұмыс таңдамай еңбектене білді. Өзіне жүктелген міндеттердің ауырлығына қарамай, қиын тапсырмаларда табандылық таныта орындап, түйінді мәселелерді оң шешім қабылдай білді. Қорғасын шығаратын Қазақстанның ірі зауыттарының бірінде еңбек ете жүріп, тәжірибе жинақтап, қайрала түскен жас қызметте көтеріліп, аппаратшик болып, осы зауытта  он  жылдай еңбек етті. Жүректің қайсарлығы мен қайраттылығын, білектің қарулығын талап ететін жұмысты атқаруда басшылықтың көзіне түсе бліп, ұжымдастары арасында бедел биігіне көтеріліп, өзіне деген өзгелердің сенімінен шыға білді.

«Туған жерге туыңды тік» — дейді қазақ, бір баласы атқа мінсе. Кіндік қаны туған жерге әркез бүйрегі тартып, ауылға апарар жолға жиі елеңдейтін Мыңжасардың арманы орындалар тұста көп айналып қалмады. Перзентін алыс сапардан асыға күткен анадай болған Созақ ауданына, өзінің туған жеріне 1972жылы ауысып № 1807 құрылыс мекемесінде шебер болып барады. Құрылыс саласында тәжірибесі бар Мыңжасар осы мекемеде еңбек ете жүріп, құрылыс инженері қызметіне дейін көтерілді. Құрылыс – ғасырлар бойы адамзатпен бірге жалғасып келе жатқан, күрделі сала. Жүз жылдық ғимараттар салу – құрлысшыға үлкен жауапкершілік. Ол да күрделі есепті, еңбекті, тәжірибені сонымен қатар, жаңарған заманмен таласа көз тартар ғимараттар салу, оның сапасының құрылымын дайындау, құрылысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біліктілікті талап етеді. Қолына алған ісін аяқсыз қалдыруды жөн көрмейтін Мыңжасар қандай істеде өз шеберлігін дәлелдеп, құрылысты сапалы жүргізді. Аудан көлемде түрлі мәдени ғимараттар мен тұрғын үй құрылыстарын  салып халықтың игілігіне ұсынды.

Құрылыс саласында келелі істер атқарып, басшылық тарапынан болсын, тұрғындар тарапынан болсын өзіне артылған сенім үдесінен көріне білген Мыңжасар 1977 жылы Созақ ауданының бас сәулетшісі болып лауазымды қызметке келді. Бір мекеменің емес, бүкіл бір ауданның құрылысына жауапты болған маман ауданның көркін келтірер ғимараттар салып, аудан экономикасын алға сүйрейтін стратегиялық маңызы бар құрылыстардың жүргізілуіне бастамашы болды. Құрылыс саласында жұмыс атқарған жылдары басшылық қасиеттерді бойына сіңіріп қана қоймай, жұмысшылармен, қызметкерлермен арласуда, бірлесіп қызмет атқаруда адами асыл қасиеттердің үлгісін көрсетіп, олардың жағдайларына көңіл бөліп, тұрмыстарының жақсаруы үшін жұмыстар жүргізді. Ауданда бірнеше су қоймалары мен қатар көптеген мәдени тұрғын үй жайларын  салып, аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға берді.

Аудан құрылысы саласында өзгеге ұқсамайтын, өзіне тән қолтаңбасын қалдырған Мыңжасар қарым-қабілетінің әлі да үлкен істер атқаруға жететінін дәлелдеп, 1984 жылы аудандық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып сайланды. Парасат пайымы мол азаматтар ғана атқаратын жауапкершілігі мол қызметтің үзеңгісіне аяқ салғанда да қорықпады. Ата-анадан алған өнеге мен тәлім тәрбиесіне, өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, партиялық қызметтерді атқарды. Одан әрі қызмет жолында өрлеп, ұйымдастыру бөлімінің менгерушісі, аудандық кенестің ұйымдастыру және тұрақты комиссиясының менгерушісі  және № 23 ПМК мекемесінің басшысы  болып ұзақ жыл қызмет етті. Осы бір кезеңде мол тәжірибе жинақтап, қоғамдық өмірге  белсене араласып, саяси сауаттылығымен танылып біліктілігі мол, іскер, әрі талапты басшы ретінде абырой биігінен көрінді. Аудан мал шаруашылығы болғандықтан бұл саланын да арнаулы оқу орының бітіріп, жан-жақты маман иесі атанды.

Қоғамдық-саяси ортаға белсене араласып, саяси сауаттылығын дәлелдеп, қоғамдық шаралар мен істердің атқарылып, жұмыстардың жүргізілуіне сеп болып, 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін жиырма жылдай аудан орталығы — Шолаққорған ауылының әкімі болып қызмет атқарды. Қызмет атқарған жылдары Мыңжасар аудан экономикасын алдыңғы қатарға шығарып, қоғамдық-саяси мәселелермен қатар, әлеуметтік жағдайларды жасауға да көп күш салды. Тірсекті-тірсекке соққан сонау тоқсаныншы жылдары әкімдік қызметке келсе де, тобықтан шалған жоқшылықтан шығудың түрлі амалдарын жасап, ауданда алғашқы кәсіпкерлердің өз жұмысын бастауына мұрындық болды. Жұртшылықтың қалтасы тесік сол бір тоқыраудың қиын кездері алдына көмек сұрап келгендердің ешқайсының қолын кері қайтармады. Үміттеніп келгендердің көзіне жалын отын ойнатып, мәселесінің оң шешімін табуына жағдай жасады. Қиын болса да дағдарыстан шығудың жолын тапқан аудандардың алдыңғы сапында болды. Біз білетін Мыңжасар ештенеден именбейтін, талай көксоқтанды көрген азулы, кімге де болса айтар сөзінен тайсалып қалмайтың қайратты да қайрымды. Мұндай іс ел алдында еңбегі, беделі бар адамның ғана қолынан келер екені өзінен өзі түсінікті.

Қызметте білікті де сауатты, білімді басшы болуымен қатар Мыңжасар Асқарұлы өмірде  қарапайым, жақсылыққа қол ұшын беретін жомарт жүректі, кісілік келбетті азамат. Сонымен қатар, қаламының желі бар, ақындық өнердегі көк бестісі бәйге алып жүрген, таланты терең тамыры жайлаған өнерде ойып алар орны бар, тума талант иесі. Жүрегінен шыққан отты жырлары сиясы кеппей жатып оқырмандарға ұсынылып, әр жүректе сезім отын маздатып жатты. 2002 жылы «Ақ жауын» атты алғашқы кітабы, 2004 жылы оқырмандарға ұсынылған «Қайта оралған көктем» атты жыр жинағы, 2007 жылы «Кітап» баспасынан басылып шыққан «Құлагер», 2010 жылы «Нұрлы жаңбыр», «Ер Едіге», 2012 жылы өмірге келген «Өмір Керуен» атты кітаптары оқырман жүрегінен орын алса, 2020 жылы «Күзгі бақтың мәуесі» тандамалы жинағын оқырмандарға ұсынды.

Ақынның қаламы мен қиялында шек болмайды. Бірде, қыранның қанатында қияда қалықтаса, енді бірде, түпсіз шыңырау құдықтың түбінде, ананың мейірімінде, ғашықтардың жүрегінде, ұстаздың тәлімінде, әкенің тілегі мен тәрбиесінде жүреді. Атап айтар болса, руханият әлемінің ордасы кітапхана сөресінен орын алған, «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тағдыры», «Ұлы дала, мәңгілік ел», «Отбасы құндылықтары», сонымен қатар жастарды потриатизмге тәрбиелеу жөнінде де бірқатар кітапшалар шығарған.

Мен Мыңжасардың тегіне үңіліп қарасам әкесі Асқар қария ұзақ жылдар бойы колхоз төрағасы болып еңбек етіп ел сыйлайтың қария болған. Әкеден алған тәлім мен аманат ақын ағаны ерте есейтіп еңбекке баулаған. Ол өзі менің жетістігім әке тәлімінен, одан алған тағылымдарымен байланысты дегені есімде. Менің әдебиет, өнерге келуім әлде кімдер ойлағандай кездейсоқтық емес, бұл менің өмірім, дейді. Оны біз әкеге деген өлең жолынан анық көре алдық.

О, әке, сенің сөзің жүрегімде,

Толқытып өр рухың жүр өмірде.

Аманатың әкежан, өшпек емес,

Нарттай жанып кеудемде, тұр өңімде.

Өсіп келед ұрпағың төсін қағып,

Мен қайтемін өзгенің сөзін бағып.

Жағып келе жатырмын әлі өшірмей,

Әке, кеткен отыңды өзің жағып.

Бұл әкеге деген сағыныш аманаты болса керек.

Шабысқа бапталған хас жүйрік жер талғай ма, қаламының желі бар, жүрек түбіндегі асыл сөздерді қағаз бетіне түсіргенде шабыт бесігінде тербелетін Мыңжасар Асқарұлы проза саласында да  із салып, сүрлеуі мол соқпақтар қалдырып келеді. Атап айтар болсақ, прозада «Зейнеп» атты туындысы жарық көрсе, М. Мағауиннің «Аласапыран»  романынан  «Созақтағы кенес», М Әуезовтың «Абай жолы» романынан Құнанбайдың белгісі, сонымен қатар, «Үміттің өлімі» трилогиядан әдеби көркем драмалық қойылымдардың авторы атанды. 2014 жылы «Абылай хан» прологынан сахналық пьеса жазып ұсынса, «Қайдасын көріпкел Қауғашбай» атты сатиралық драмасы, «Тосын сыйлық» прозалық әнгімелері баспасөз беттерінен жарық көрсе, 2020 жылы «Ана махаббаты» атты драмасы өмірге келді. Әуесқой сазгер ретінде де бірнеше әннің авторы атанған.

Талант пен өнердің жас талғамайтыны секілді, қабілет-қарымы мол жігітке де жеті өнер аз. Тарихты зерттеп, танып, оқып-түйгенін жинақтап, тас астында жасырынып жатқан дүниелерді жарыққа шығарып келе жатқан зерттеуші. «Көне тарих күмбірі» тақырыбындағы еңбектері бірнеше рет республикалық, облыстық, жергілікті газет беттерінде  жарияланды. Бұдан бөлек көптеген әнгіме хикаялар мен хиссалары басылымдарда жарық  көрген Қазақ ауыз әдебиетінің өрен жүйрігі, Құлыншақ Кемелұлы және  Шәдітөре еңбектерін зерттеуші. Шежірелі өлкенің сөз шебері атанған, тарихшы тума талант иесі Есіркеп Өмірбеков туралы ұйымдастырылған облыстық жарыстың бас жүлдегері атанған да Мыңжасар Асқарұлы болатын.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Қ.А.Яссауи атындағы  халықаралық  қазақ-түрік университеті  Туркология ғылыми-зерттеу институтының «Ер Едіге және Алтын Орда мемлекеті тұсындағы билер институтының маңыздылығы» атты ғылыми конференцияға ғылыми теориялық баяндамасы енген Едіге танушы. Айбарлы да, айбатты осынау Теріскейдің төл перзенті Мыңжасар Асқаровтың бүкіл еңбек жолы ел игілігі  жолында болса, өнер саласында да атқарған жүгі женіл  емес.

Зейнеткерлікке шықса да, зиялы қауым өкілдерінің қатарында қазақ елінің көшін бастап, бақытты болашаққа сүйреп келе жатан Мыңжасар Асқарұлы — Құлыншақ Кемелұлы атындағы  шығармашылық бірлестіктің төрағасы, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы Созақ аудандық комитетінің төрағасы.  Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Созақ ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ҚР  еңбек ардагері, есімі «Онтүстік элитасы» кітабына енген Алатаудың бір шыңында орныққан абырой биігі аласармайтын азамат. «Тыңның 50 жылдығы», «Лениннің 100 жылдығы», «Тәуелсіздіктін 10-20,25 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Конституциясына-10-20 жылдығы», «Астананың-20 жылдығы» мен қатар Онтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін медалдын иегері, ҚР Президентінің «Алғыс хаты» мен Онтүстік Қазақстан облысы әкімінің және мәслихатының «Құрмет грамотасы»-мен марапаталған ақтаңгер тұлға. Сонымен қатар, халықаралық Россия, Беларусь, Украинамен бірлесіп шығарған, энциклопедияның «Ең тандаулы азаматы» атағына иегері. Қазақстанның алтын кітабына еніп, төс белгімен марапатталған қоғам қайраткері.

 Жастарды патриотизмге тәрбиелеу жөнінде  де лекторлық қызмет атқарып келе жатан Мыңжасар Асқарұлы талантты, ізденімпаз, өнерге жанашыр қаламгер жазушы, тарихшы, драматург, ұлы ақындардың соңында көшбастап келе жатқан тума талант иесі. Ақын айтпақ ойын неғұрлым өткір, сөздерді ріктеп қолданады және бұл қарабайыр сөздер емес, өмірге динамикаға толы образды сөздер. Оның кісілік келбеті, кеңпейілділік, ақкөңілділік жақсылықтың жаршысы бола білу, үлкен азаматтық аршын, ерекше екпін, тұла бойын кернеген күш, адалдықпен ынтымақ пейілі, біз тауса алмайтын қасиеттер сөз жоқ таланттың терең тамырланған өнердің сыртқы белгі бедерлері ғана.  Тау шөксе де аласармайтын адамдық болмысы, қанатты тұлпардың қауырсынынан нәр алып, ақын жүрегінен туындаған өлеңдері, ел үшін атқарған еңбектері мен жасаған игі істері ел жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалары хақ.

Әбдіжаппар Сапарбаев, Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері, Халықаралық иновациялық академиясының президенті. академик, доктор, профессор.

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...