Арманға мың алғыс

Дүйсенбі, жұмыс аптасының алғашқы күні болатын. Жұмысқа келіп, өзімізді моральдық тұрғыдан кезекті еңбек күніне дайындап, екі алақанымызды сыбанып отырғанымызда редакцияның жұмыс телефоны шырылдады. Телефон тұтқасын көтерген жауапты хатшы Мақсат Жеңісұлы екі- үш минут тілдескен соң: «Бізде мұнымен Данияр айналысады» деді де тұтқаны маған ұстата салды. Тұтқаны құлағыма тақағаным сол еді, ар жақтан әйел адамның дауысы естілді. Құлаққа таныс дауыс. Сөйтсем, аудандық «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сымахова Бақыт Тұрсынқызы екен. Аман- саулықтан соң: «бұйымтайыңыз не?» деп сұрап едім, Бақыт апай: «Данияр! Есіңде болса, ауданымыздың 90 жылдығы қарсаңында біздің мекеменің ғимаратында «әлеуметтік дүкен» ашылып, ел игілігіне жұмыс істеп бастаған болатын. Ә, дегенде мекеме басшылары мен жеке кәсіпкерлер қолдау білдіріп, аудан орталығы Шолаққорған кентініңәлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына азық- түлікпен және киім- кешекпен көмектескен еді. Кейінірек, тек киім- кешекпен көмектесетін болдық. Бастапқыда, біреудің киіп тастаған киімін біреу кие қояр ма екен деген күмәніміз болғаны да рас. Сөйтсек, бір- екі рет қана киілген болған соң әрі шынайы мұқтаж отбасылар келіп, іліп қойған киімдерімізден жарайтынын және ұнатқандарын кәдімгідей алып, киіп кетіп жүр. Тез арада күмәніміз сейіліп, біз де қуанып қалдық. Әншейінде, көршісі аш отырғанын көріп, тоқ отыруды ар санайтын ел емеспіз бе, бастаған ісіміздің сауабы мол екенін ұққан соң, игі іске деген ықыласымыз артты. Содан бері әр аптаның жұмыс күндері, жұмыс уақыттарында аудан және ауыл азамат, азаматшаларынан аталған мақсаттағы киімдерді қабылдап, іріктеп, арнайы ілгіштерге жайып қоятын болдық. Сосын, жұма күні таңертеңнен кешке дейін әлгіндей мұқтаж жандар келіп, қажетті киімдерін алып, алғыстарын айтып кетуді әдетке айналдырды. Дегенмен, кейде үлестіретін киім таппай қалатын да уақыттарымыз болады және мұның бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, бұл игі істен аудан тұрғындарының әлі де барлығы дерлік хабардар емес көрінеді. Екіншіден, қазіргі таңда кім беталды киім алып, тастай береді дейсің. Әсіресе, мына індет пен қаржы дағдарысы екі бүйірден қысып тұрғанда. Сондай кездерде: «Ойбай, тарататын киім таусылып жатыр, мына ізгі іс тоқтап қалатын болды»,- деп үйінің немесе мекемесінің есігін қағып баратын бір- екі азаматымыз бар. Солардың бірі де бірегейі, жуырда ғана ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысы, Созақ ауданы бойынша филиалының директоры боп тағайындалған Анарбаев Арман Қаламбайұлы. Арман Қаламбайұлының елге танымал, өнегелі отбасында алған дәстүрлі тәрбиесі соны керектіретін шығар, әйтеуір, қай жерде істелетін ізгі іс барын естіп, білсе көмектескісі кеп- ақ тұрады. Нақтырақ айтар болсам, жоғарыда сөз еткенімдей шынымен әлгіндей мұқтаж отбасыларға берер киім таппай қалатын күндерімз болады. Мұндайда, үміт етіп келген жерлестерімізге қол ұшын бере алмау, олардың жабырқаңқы күйін көру біздерге шынымен ауыр келеді. Сондай уақытта: «Арманжан! Қорымыз бітіп қалды, қандай көмегің бар?»,- деп телефон шаламын. Әңгімемді сабырмен тыңдап алады да Арман: «Бақыт апай, уайымдамаңыз, бір реті болар!»,- деп Нұрсұлтан, Алматыжәне Шымкент сиқты т.б үлкен қалалардағы таныс- тамырларына хабарласады. Не керек, әйтеуір бір уақытта қойны- қонышын толтырып, арқаланып келіп тұрады. Өзің де білесің ғой, Арманды. Өте сыпайы, қарапайым жігіт. Аса мақтанғанды, көзге түскенді жаны сүйе бермейді. Сол себепті де өздеріңе хабарласып, Арманның азаматтығы, жомарттығы жайлы мақала жазып берулеріңді сұрап отырмын. Мақсатым, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- деп, Арманның сауапты істерге ынтық екенін айта отырып, ауланымызда осындай әлеуметтік дүкеннің барын жерлестерімізге жеткізу. Сондай- ақ, жақсы жігіттің ісі өзге азаматтарымызға өнеге болсын еді. Оның үстіне: «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» деген де халық даналығы бар. Кеше ғана, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының, Созақ ауданындағы бөлімшесінің басшылығына келген іскер азаматты ел танып жүрсін, себебі, мұнан былай кәсіпкер жерлестеріміздің құқын қорғайтын, қолдау білідіретін осы Арман Қаламбайұлы болмақ»,- деп сөзін түйіндеді.

Өздеріңіз байқағандай, Бақыт Тұрсынқызы кейіпкеріміз жайлы бес- он минутта айтылуы тиістің бәрін айтып қойды. Ол кісіден артып, не айта берейін. Арман Қаламбайұлына еңбегің жансын, садақаң, ізгі амалдарың қабыл болсын,- дейміз.

Данияр Бек

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...