Адамның бір қызығы бала деген…..

  Бізден екі жыл бұрын мектепке барған 1967-ші жылғылар тоғызыншы класқа көшкен жылы мектепке аққұба өңді,  сұңғақ бойлы біздер –балалар үшін «үлкен» болып көрінетін жаңадан бір ағай келді. Келген жылы сол 1967-ші жылғы оқушыларға класс жетекшісі болып бекітілді. Мектепке жаңадан келген ұстаздар туралы алғашқыда түрлі әңгімелер айтылуы ол уақытта кез-келген мектепте заңдылық сияқты болатын. Оның жүріс-тұрысы алдымен ұстаздар арасында сөз болатын болуы керек. Әйтеуір оқушыларға сол әңгіменің ұшқыны естіліп жататын. «Оқушыға көп ұрыспайды екен», «Ашуланса мінезі қиындау екен» деген сияқты сөздер естіле бастағанда алғашқыда қиқарлау, тентектеу жоғары сынып оқушылары біртіндеп желке жүні жығылып, жуаси бастағанында сезетінбіз. Талғат ағайдың класы оныншы класқа көшкен жылы біз сегізінші кластың оқушылары ретінде мақтаға бардық. Ұмытпасам Түркістан ауданының Шаға колхозы маңайында мақталық алқапта қыркүйек, қазан, қараша айының ортан беліне дейін күн суытып, алғашқы қар түсе бастағанша терімде болатынбыз. Өзі түгілі атын естігеннен оқушылар сырт айналып қашатын Сырманов Қуандық ағай сол жылғы маусымдық жұмысқа басшы болып барды да, Талғат ағай жалпы жетекшілік жасады. Кешкісін шоғыр-шоғыр болып жиналып әңгіме-дүкен құратындары бар, демалып ұйықтайтындары бар, оңаша шай ішкісі келетіндер бар, қысқасы барлық баланы бақылауда ұстап, әр оқушының мінез-құлқына қарай қарым-қатынас жасау, әрине ерекше қаблетті талап ететін. Тек тәртіп бұзбасаңдар болды. Сонда Талғат ағаймен жақын танысып, білістік. Ол кісі әзіл әңгімеге де, жаһан жаңалықтарына да, тарих пен көне шежірелерге де дес бермейтін білімдар, баламен жұмыс істегенді сүйетін ұстаз екенін байқатты. Оқушылардың ұстаздарына деген құрметі жылдан жылға биіктеп, ағайдың абырой-құрметтері асқақтап арта түсті.

 Талғат ағай мектепке алғаш келген жылы мен кешкісін сабақтан келіп апама «мектепке жаңа мұғалім келді. Аты-жөні Малбағаров Талғат деген кісі» деп едім, апам: -Е, Раматтың баласы болды ғой. Әкең марқұм «Рамат көкемнің қызы да, баласы да өте ұғымпаз, екеуі де сабақты кілең бес деген бағаға оқиды» деп аузынан тастамаушы еді. Мұғалім болса болған шығар,- деді. Ол уақытта мұғалім болу расында жоғары мәртебелі мамандық болатын. Біз ес білген шақта Рамат көкеміздің өзі совхоздың жанар-жағар май бекетінде май құюшы болып жұмыс атқаратынын білетінмін. Басынан сол уақытта ақ оюлы қазақы айыр қалпағы түспейтін. Ұлы Отан соғысына қатысып, оң қолынан жараланып, елге аман-есен келген жауынгерлердің бірі болатын.  Елге жасаған қамқорлығы көп еді.Талғат ағай мектепте инженерлік педагогика, яғни, сол уақытта заман талабына сай ашылған, жалпы техникалық пәндер, еңбек және физика пәнінің мұғалімі деген мамандықты бітіріп,  аталған пәндерден сабақ берген болатын. Мектептің өзінің жеке шаруашылығы, малы, техникасы, қысқы, жазғы жайылымы, азын-аулақ малы болатын. Оқушылар бәрін көзбен көріп, қолымен ұстап, шаруашылық дегеннің, техника дегеннің не екенін тәжірибе жүзінде көріп білетін.   Сол кезде ауылда тұрады екенсің техниканы меңгер-деген,  ауыл жастарына арналған үндеу бар болатын. Тағы бір айта кетерлігі Талғат ағайдың бір шәкірті Қалдарбекова Ғалия деген оқушы қыз бала сегізінші кластан соң трактор рөліне отырып,   Ф.Энгельс атындағы қаракөл қой совхозының белді механизаторына айналды.

 Бірнеше жылдан соң Талғат Малбағаровтың сауаттылығы мен іскерлігін бағалаған ауылдық кеңестің төрағасы Нүркелеков Төлеген Талғат ағайымызды ауылдық кеңестің хатшысы қызметіне аттай қалап шақырады. Ол уақытта қарияның көзі тірі, отбасында ақылдаса отырып, мемлекеттік қызметке ауысады.  Зейнетақы, еңбекақы бес-алты айлап берілмей, дүкен сөрелері бос қалған 90-шы жылдары халық қатты қиналып жатқанда, жығылғанға жұдырық деп 1993 жылғы алапат қыс қосылды. Сондай қиындықтың бәрінде Талғат ағайымыз ауыл әкіміне сүйеу болып, халықтың үдесі жолында жан аямай қызмет етті. Қызметтің қиындығынан тұра қашып, ауыл халқын тығырыққа тастап кетпей елге жұбату айтып, тұрғындарды салиқалы сабырлылыққа шақырып азаматтық ұстанымын білдірді. Сол жылдары  ауылдар мен елді мекендерде арыз-шағымдар, зейнетақысын, айлығын сұраған өтініш хаттарда бір сәттік те толастау болмады. Ал оның артында адам тағдыры тұрды. Әрбір өтініш-әрбір адамның тағдыры деп ұғынған әкімшілік қызметкерлері өтініш иелерімен ортақ мәмілеге келіп, қиынды қалтарыстан шығу мүмкіндіктерін іздеумен болды.

 Қарапайым ұстаздықтан еңбек жолын бастап, ауыл әкімінің бас маман іс-басқарушысы болып қызмет істеп жүрген Талғат Раматұлын сол уақыттағы аудан әкімі Созақбай Әбдіқұлов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ниязәлі Дүйсенбеков ауданға шақырып алып, «Қарағұр» жалпы орта мектебінің директоры қызметін ұсынады. Алғаш ұсынысты естігенде Тәкең бала тәрбиесі деген үлкен жауапкершілік, заманның талабы болса мынау, жаңа технология, заманауи ақпараттандыру, интернет дәуірінде білім ордасын басқару оңай шаруа емес екенін де жақсы білетін еді.  Оның үстіне оқушы деген халықтың психологиясы, отбасындағы тәрбиесі де өзгеше қалыптасқандықтан бұл оңай шаруа, жеңіл қызмет емес еді.

 Әйтседе де оңашада қабырғасымен кеңесе келе «өз ауылымның балалары жаңа жайда, жақсы ортада, жаңаша бағдарламада білім алулары үшін неге жұмыс жасамасқа, бойымдағы күш-жігерімді туған ауылымның болашағы үшін жұмсамасқа» деген ой келіп, бір тоқтамға келеді. Сол 2005     жылдан бастап «Қарағұр» жалпы орта мектебінің директоры қызметін атқарып келеді. Талай жылдар өзі оқытып, білім, тәрбие  берген шәкірттері бүгінде институт, университет бітіріп келіп, өзімен әріптес болып қоян-қолтық жұмыс жасап жүр. Мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық республикалық байқаулардан, пәндік олимпиадалардан, ғылыми жобалар жарысынан, оқушылар арасында өтетін спартакиада мен спорттық жарыстардан жүлделі оралып жатты.  Мектептің мақтаныштары ретінде Абай, Тәкен, Сұлтанбек, Шәкәрім оқуларынан оза шауып шағын ауылды шартарапқа танытқан білімді өрендер қатары толыға түсті. Жаңа ғимаратта жаңаша үрдіс, жаңаша бағыт, жаңаша көзқарас қалыптасып, заманның талап деңгейінен көріну бағытында тарихи қалаларға, киелі орындарға туристік саяхаттар ұйымдастырылды. Ұстаздар қатары зияткерлік білім ошақтарында білімдерін жетілдіріп, технологиялық ақпараттандыру дәуіріне жауап  берердей білімдерін жетілдіріп келеді. Бүгінде жылына бір дүрлігіп тұратын Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінде мектеп оқушылары жоғары деңгейден көрініп, грант иегерлері атанды. Ол біріншіден мектеп ұстаздарының еселі еңбегі болса, екіншіден аталмыш мектептің зор мерейі еді. Ардагер, өмірден озған ұстаздардың құрметіне сынып бөлмелері ашылып, оларды бүгінгі талап деңгейінде жабдықтау мәселелерін де ата-аналармен, мектеп ұжымымен бірлесе, ақылдасып  біртіндеп шешіп келеді.

 Өтіп жатқан уақыт. Еңбек жолын кеше ғана бастаған сияқты көрінетін Талғат ағайымыз үстіміздегі жылдың қазан айының 20 жұлдызында 60 жасқа толып отыр. Отбасында Ділбар Алтыбаева апайымыз екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп отырған, ұлағатты жанұя. Ділбар апайымыз мектепте ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген, қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста, ардагер ұстаз.Ұлдарының барлығы жоғары білімді, әр-түрлі салады қызмет жасайды. Үш немересі бар.

 Алғаш іргетасы 1930 жылы қаланып, сауат ашу мектебі болып ашылған «Қарағұр» жалпы орта  мектебінің  90 жылдық мерейлі мерекесі дүбірлеп аталып өтілмесе де мектеп тарихын, ондағы ұстаздар қауымының адал еңбектерін дәріптеп, маңдайалды баслымымыз- аудандық «Созақ үні» газеті арқылы айшықтап өтуіміз заңдылық іспетті. Мектеп ұжымына, білім ордасы басшылығына мектеп түлектері атынан шынайы ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Мақсат Қарғабай

Latest news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...

Related news

Өшпес ерлік пен даңқтың иелері Құрметті ардагерлер, Отан қорғаушылар! Қадірлі тыл еңбеккерлері мен жерлестер!

  Сіздерді– 9 мамыр Жеңіс күнімен және 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 9 мамыр бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс...

Көктем көркі-Қызғалдақ

  Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,...

Ерменбайдың махаббаты (Әңгіме)

   Мектеп бітірген жылы Алматы қаласына жоғары оқу орнына түсу үшін жолға шықтым. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен бұл оқиға жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады....

Ауылым алтын бесігім

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе  ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елді мекендерінде ауылдық округ әкімі Есенқабыл Болаттың ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19-24 сәуірі аралығында...