«Ақжолдықтар» жолаушыларға ақжол тілейді

  Сандаған ғасырлар бойы шетсіз-шексіз сары даланы салт атпен кезген халқымыз жол азабын өзгеден артық білеріне күмән жоқ. Жол азабы – жан азабы! Сондықтан да пәлсапашыл қазақ халқы «Жол мұраты – жету» деп нақыл еткен. Әсілі, тіршіліктің, экономиканың күретамыры саналатын жол кез келген мемлекеттің әлеуметтік жағдайының көрсеткіші бола алады.

  Дана халқымызда жол туралы, жолаушы туралы көптеген қанатты сөздер, мақал мәтелдер, әндер мен күйлер де баршылық. «Жолаушының жолды қоңыры», «Жолың болсын жолаушы». Жолдыбай, Жоламан, Жолдасбек, Жолдыкүл, Жолан, Ақжол, Айжол деген есімдер ел ішінде кездесіп жатады.  «Жолың болсын!», «Жортқанда жолың болсын!» деген ізгі тілектер, «Жолы болар жігіттің», «Жол бойында мәрт отырар..» деген тағылымды сөздерге осы  жол арқау болған. Кәдімгі «жолдас» деген сөздің өзі сапарға шыққан, мақсаты бір тағдырлас адамға айтылған. Жетер шегіне жеткенше жолдас болып барады дегенге сайыса керек. Созақ өңіріне кеңес өкіметі тұсында қатынас жолы, өмірлік маңызы бар жол саналатын Суындық асуы арқылы, Торлан асуы арқылы, Ақсүмбе ауылынан Күрдек асуы арқылы негізгі әлеуметтік қоры бар, Түркістан қаласымен байланысып отырды. Халыққа ол уақытта қажетті тауар ең бірінші азық-түлік, ас-ауқат, киім-кешектер осы қиын да, қатерлі асулар арқылы түйе малымен кірелеп қатынағаны белгілі еді. Одан бергі уақытта шағын самолеттер облыс орталығымен арада байланыс орнатты. Ауылдарда күні бүгінге дейін аэропорт деп аталатын аумақтардың орны жатыр. Бұл әуе қатынасы жолы  50-60 жылдары белсенді жұмыс жасады. Қазіргі уақытта аудан мен облыс орталығы арасында байланысты әуе көліктерінің ішінен арагідік тек тікұшақтар ғана байланыстырып тұратынын көк жүзінде қалықтаған темірқанат құстардың гүрілінен ғана біліп жүреміз.

 Бүгінде өз алдына жеке қала болып, мегаполиске айналған Шымкент қаласы біздің әлеуметтік-экономикалық, оқу-ағарту, мәдениет сияқты өміріміздің өзегіне айналған қала. Осы қала арқылы республика аумағына, одан тыс алыс-жақын шет мемлекеттерге шығып жүрміз. Аудан аумағынан жолаушылап шығатын жолаушылардың 70-80 пайыздан астамы негізінен Шымқалаға қарай сапарлап жатады (бүгінде Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері бұл көрсеткіш азайған болуы мүмкін). Сонау қияндағы Тайқоңыр, Ақсүмбе, Қыземшек ауылдары мен кенттерден шыққан жолаушылар бір Алланың құдіретімен қара жолдың бойында жүреді. «Жол азабын жүрген білер» деген тәмсілді айтқан бабаларымыз жол қадірін сезініп, парқын бағалай білген. Сонау зеңгір аспан көгінде де, түн қатқан жолаушы да «Құс жолына» қарап бағыт-бағдар алып отырған. Міне, қара жолдың шаңын қарабайыр жылқы тұяғымен шаңдатқан бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы қара «Мерседестермен» қатарласа жүйіткіп, діттеген жеріне діңкәламай тез жетеді. Қара күз қабағын жауып, қарт Қаратау қарлы басын сілкілеген сәттен созақтық ағайындар мал-жанын сұрардан бұрын «жол ашық па екен?», «жол жабылып қалмапты ма?» деп үрейлене сұрасып жатқанына талай куә болдық.

 Созақ-Шаян асуы деген атпен әйгіленген ауданның негізгі күре тамыры саналатын жолдың осы асуы жылда «Қыс деген кәрі құда әлек салуға»  келген сайын аудан халқына қиындығын алып келетіні шындық. Сондықтан қыс басталар алдын мұнда үлкен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ауданға келген, ауданнан кеткен жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуін қамтамасыз ететін «Ақжол» ЖШС-нің техникаларының қысқа дайындығын, Таскөмірсай бекетінде әлдеқандай жолаушыларға қиындық туа қалған жағдай болса соның алдын алу мақсатында отын-су, жатын орын, азық-түлік және жатын жайдың жылылығы барысын көріп қайттық. Техникалар санатында қарды ашитын, омбы қарларды жолдың екі қанатына лақтыратын, тұз тасымалдап төгетін, отын-су әкелетін тағы басқа да техникалар өз әзірліктерін нақты жұмыстарымен көрсетті. Асудың белдері аяқталған жерге дейін жететін тұз қоры да жеткілікті жағдайда дайындалған.

 Әзілі мен ағалық пейілі жайдары жүзінен көрініп тұратын Әліпбек Сөлтековпен аз ғана сұхбат жүргіздік.

-Осы жол саласында 1981 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл жолдар 1960 жылдары Шымкентке қатынайтын қара жол болатын. Кейін облыс басшылығының пәрменімен Қазақ ССР-інің негізгі мал өнімдерін беретін алдыңғы қатарлы аудан болғандықтан аудан ішіндегі жолдар асфальт жолға айналды. Аудан аумағында серіктестіктің қарауында 435 шақырым жол бар. Созақ ауданы шекарасынан мына шеті Жуантөбе арқылы Шу ауылына, Созақ арқылы Қаратау, Бақырлы ауылына, Сызған, мына шеті Құмкент ауылы арқылы Жамбыл облысының шекарасына дейінгі, Түркістан қаласына апаратын Көккөз қыстауына дейінгі жолдар жатады. Қысқы маусымға дайындығымыз бар. Жол бойларына шлак, тұз, құм жеткізіліп қойылды. Қызметкерлер мен техникалар жұмысқа сақадай сай.

 Өздеріңізге белгілі, жақында ауа-райы күрт өзгеріп, күтпеген жерден қар басып салды. Тұрғындарымыздың көбісі бұған дайын емес еді. Сондықтан тұұрғындарға айтарым, көлікпен жүретін азаматтар «қысқы доңғалақсыз» жолға шықпаңыздар, сондай-ақ, ауа-райы мұндай құбылмалы болып, аяз болып тұрғанда, мейілінше түнделетіп жолға шықпағандарыңыз абзал.

 Ендігі сәтте ауданымызға келуші қонақтар мен сапарға шығар жерлестерімізге тек ақ жол тілейміз, — деді.

 1999 жылы бұрынғы эксплуатациялық жол бөлімшесі заман өзгерісіне, жаңаша жұмыс жүйесіне көше отырып «Ақжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылған. Серіктестікте бүгінгі күні 22 адам жұмыс жасап, отбасыларын асырап отыр. Осы іргелі ұжымды ұйыстырып ұйымдастырып, басшылық жасап жүрген Сөлтеков Әліпбек игі істерінің жемісі ретінде «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл»,  «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалдарымен, облыс, аудан әкімдерінің, аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен марапатталған. «Үздік жолшы» төсбелгісінің иегері. Отбасында өнегелі жанұя иесі.

 Сөз соңында айтарымыз, күн-түн демей халықтың қиындықсыз қатынауын үнемі бақылауда ұстап, Одаманның боранды дауылымен арпалысып, жол тазалап жүрген «Ақжол» ЖШС қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз әрдайым алға баса берсін!

Нұрсұлтан Қанатұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...