Әдемі әуезді азаншы

Өткен аптада ауданымыздың орталығы Шолаққорғанның атын иеленген орталық мешітімізде өткен азаншылар сайысы осылай аталды.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы, Түркістан облысы, Созақ ауданының Шолаққорған Орталық Мешітінің ұйымдастыруымен алғаш реет аудандық азаншылар сайысына ауданымыздың әр өңірінен өтініш білдірген 17 азамат қатысып, бақ сынады. Орындар сайыстың 3 шарты бойынша сарапталды. Олар: 1) Махраж; 2) Тажуид; 3) Әуезді әуен бойынша.

Осы шарттарды назарға алып, үздіктерді анықтайтын қазылар алқасының құрамына: Созақ аудандық «Шолаққорған» орталық мешітінің бас имамы Әбдіқұлов Мейрамбек, Таукент кентіне қарасты «Жыныс ата» мешітінің имамы Мырзабек Нұрғиса, осы мешіттің азаншысы, облыстық азаншылар сайысының ІІ орын иеленушісі Елікбаев Ғазиз және Абай ауылының имамы Елемесов Ержандар енді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар анықталған сайыстың нәтижесінде қатарынан суырылып шығып, І орынды жеңіп алған Созақбай Талғат бауырымызға «УМРА» қажылығына жолдама берілді. Ал, ІІ және ІІІ орын алған жеңімпаздарға қаржылай сыйлық пен дипломдар берілді. Жалпы, сайысқа қатысушылардың барлығына да арнайы диплом табысталып, алғыс білдірілді. Ауданымыздың бас имамы осындай азаншылар жарысы алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр. Тағы да келесі жылы өтетін азаншылар сайысына барша талапкер аудан тұрғындарын шақырамыз деуді де ұмытпады.

Жалпы, азаншылар сайысының өткенін жазып, азан және Азаншының дәрежесі жайлы жазбай кетсек, дұрыс болмас еді. Себебі, азан да бір құлшылықтың түрі. Ал, азаншылық қадірін түсінген адамға үлкен бір нығмет, биік бір дәреже. Кешегі, патшалық ресейге бодан болған кезеңнен бастап, кеңестік жүйеде тұрмыс кешкен 70 жылда қаншалаған рухани құндылықтарымыздан айырылып қалдық емес пе. Міне, сондай рухани құндылықтарымыздың бірі де бірегейі осы азан және азаншылық қызмет. Олай дейтінім, ауыл қарияларының айтуынша қазан төңкерілісіне дейін Шолаққорған кентіміздің аумағында 30-ға жуық мешіт болған көрінеді. Әрине, қазіргідей мыңдаған адам сыйып кететін көрікті де зәулім болмаған. Дегенмен, мешіттің шырайын кіргізетін оның сәулеті ғана емес, бес уақыт, жұма және нәпіл намаздарға, сондай-ақ, білім алуға ағылып кеп жататын жамағаты ғой. Міне, осы ретте азанның, азаншының рөлі зор. Сол, 30- ға жуық мешіттен Алла тағаланың намазға, құтылуға шақыруын естіп, жауап берген ата- бабаларымыздың діні мен ділі мықты болғанын күн өткен сайын сезінудеміз. Сонымен, азан – мұсылманшылық дінінің ең басты рәміздерінің бірі. Өткен тарихымызға үңілер болсақ, бастан кешірген зауалды күндерде ең үлкен қасіреттердің бірі дінге жасалған қиянат азанның үнін өшіру еді. Кеңес кезіндегі Қазақстанның соңғы қазиі қызметін атқарған Сәдуақас қажы Ғылмани бұл қиыншылықты өзінің «Елестейді көзіме» деген өлеңінде былай жеткізеді:

…. Азан дауысы аймақ жарып күңірентіп,

Діншіл затты естіп қалған төңірентіп.

Иесіне құлдығына ескетіп,

Жүгіргені елестейді көзіме.

Сәдуақас қажы Ғылмани аңсаған азан дауысы қазір, Аллаға шүкір, Тәуелсіз Қазақстанның мыңдаған мешіттерінен күңіреніп жатыр. Ылайым ұзағынан сүйіндірсін!

Ендігі жерде азанның діндегі орнына, оның қасиетіне, азан туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистеріне кезек берсек. Мәселен, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдар азан шақыру мен намаздың алдыңғы сапында тұрудың не екенін (қайыры мен сауабын) білсе және бұған қол жеткізу үшін жеребе тартудан басқа шарасы болмаса, міндетті түрде жеребе тартар еді!».

Міне, азан шақырудың қаншалықты ізгі амалдың қатарына жататындығын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осы және осыған ұқсас басқа да хадистерінен түсінуге болады. Сондай-ақ, басқа бір хадисте: «Намаз үшін азан шақырылған кезде шайтан ол жерден зуылдап (артынан жел шыға) алыстайды, азан естілмейтін жерге дейін қашады. Азан аяқталған соң қайта келеді. Қамат айтыла бастаған кезде тағы қашады, қамат біткен соң қайта келіп адам мен оның жүрегінің арасына кіріп, мынаны есіңе ал, мынаны ойла деп алдында ойламаған нәрселерімен уәсуәса береді, азғырады. Тіпті, бұған кіріп кеткен адам неше рәкағат оқығанын білмей қалады». Мінеки, азан шақырылған жерден шайтанның қашуы азанның қасиетін білдірсе керек. Азан тек қана намаз уақытын білдіретін, намазға шақыратын сөздердің жиынтығы ғана емес, дінің басты қағидаларын да мұсылмандардың есіне салып тұратын басты үндеу. Сондықтан, азаншының да үлкен сауапқа кенелетіндігін тіпті адамдар арасындағы орны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті хадистерінде былай сипатталады: Ибн Аббастан келген риуаят бойынша: «Кімде-кім жеті жыл сауабына сене отырып азан шақыратын болса, Алла осыны, оның тозақтан құтылуына кепілдік қылады» дейді. Әбу Хурайрадан (р.а.) келген тағы бір хадис-шәрифте: «Азаншы дауысының жеткен жеріне дейін кешірімге (мағфират) ие болады. Құрғақ және су барлық нәрсе оның пайдасына куәлік етеді. Намазға қатысқан адамға жиырма бес есе намаз жазылады және екі намаз арасындағы күнәсі кешіріледі» делінеді. Абдулла ибн Абдуррахман ибн Әби Сағсада жеткізген хадисте Әбу Сайдке Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сен қой баққанды, қырда жүргенді жақсы көресің. Қырда жүргенде намаз азанын шақырсаң дауысыңды қатты шығар. Өйткені, азаншының дауысын адам, жын және басқа не естісе де қиямет күні оның пайдасына куәлік етеді». Олай болса үйде де, түзде де азан шақырған адам дауыстап шақырғаны абзал болады. Ибн Амир ибнул-Ас (р.а.) риуаят еткен хадисте: Бір адам: «Уа, Алланың Елшісі! Азаншылар (сауап жағынан) бізден жоғары. (Оларға жету үшін не кеңес бересіз)? – деп сұрады. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Олардың айтқандарын сен де қайтала. Азан біткен соң қалағаныңды тіле, саған да сондай (сауап) беріледі» деді. Азан оқудың артықшылығы жайында осыған ұқсас көптеген хадистер жеткен. Тіпті Мұғауиядан (р.а.) жеткен хадисте: «Азаншылардың бойы қиямет күні басқа адамдардан ең ұзын болады» (Мүслим). Қарап отырсақ, азанның діндегі орны мен қасиеті орасан. Жаңа туылған сәбидің құлағына азан айтылуы да бекер емес. Олай болса, мешіттерде күніне бес мәрте қайталанып жатқан Алланың үндеуіне бас иіп, тақуа құлдарының қатарына қосылу үшін азаншының айтқан сөздерін қайталап, мешіттерге бет бұрсақ екі дүниенің пайдасына кенелудің алғышарттарының бірі болмақ. Өйткені Әбу Сайд әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанды естісеңіз азаншының айтқандарын қайталаңыздар!» дейді. Қорыта келгенде, азанның екі дүниеде де пайдасы бар. Алла Тағала баршамызды азанның дауысымен оянып, Алланың парыздарын лайықты орындаған құлдарынан қылсын! Алла тәуелсіз еліміздің аспанында азан дауысының қияметке дейін жалғасуын нәсіп бұйырсын!

Данияр Бек.

Latest news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...

Related news

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША

 Үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні Сызған, Созақ ауылдық округтері мен Таукент кентінде аудан прокуратурасының прокуроры Б.Бейсембай мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Е.Айтжанның...

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Алдағы мерекелік күндері халықтың шоғырлануына...

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан экономикасының 2021 жылғы дамуы жөніндегі...

Темірден түйін түйген

Сызған ауылында туып-өскен Қанаев Жұмағали ағамыз ( бұл кісіні барлығы "Жұман " деп атайды) темірден түйін түйеді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдағы гаражға жұмысқа тұрғаннан...