2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде мүгедектігі бар 90 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 236 азаматтар жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты жұмыс орындарына 82 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 2 адам, жастар практикасына 4 адам, қоғамдық жұмыстарға 83 адам, бизнес бастау жобасы бойынша 43 адам, мемлекеттік грантқа 14 адам, қысқа мерзімді оқуға 4 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 1 адам, «Күміс жас» жобасымен 3 адам қамтылды. Ұлттық жоба аясында аудан көлемінде жалпы саны 2700 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 4440 орындалды. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Қоғамдық Кеңес отырысында «Созақ ауданы әкімінің 2022 жылдың қорытынды есебінде» баяндады. Сондай-ақ өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар барысына тоқталып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Сапаров ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық Кеңес отырысына аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес жұмысының отырысын бастауға толық кворум болды.
Сонымен қатар, жиында «Созақ ауданының аумағында сайлау учаскелерін құру» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Т. Жұмабаев баяндап, аудандық қоғамдық кеңестің 2023 жылдық жоспарын бекіту туралы Созақ ауданының қоғамдық кеңес төрағасы М.Сапаров хабарлады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкіміне бірқатар мәселелер төңірегінде өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тиісті бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен түскен сауалдар мен ұсыныс-пікірлерге тиісінше жауап беріп, бірқатарын алдағы күнгі жұмыс жоспарына енгізіп, назарға алатынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қоғамдық Кеңес қарар қабылдады.
(Созақ үні газетінің №09-10 02.02.2023ж басылымынан)