Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады немесе азық-түлік бағасы қайтсе тұрақтанады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжлісінің отырысында сөйлеген сөзінде елдегі жағдайларды бағамдай келе «Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды» екенін айта келіп Үкіметтік комиссияға тапсырмалар берген еді. Сондай-ақ Президент «Адал бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуы тиіс екенін», алайда «бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты жағдайға айналып отырғанын» сынға алған болатын. Қазақтың біртуар перзенті Майлы Бейімбеттің «Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры»  атты шығармасына көз жүгіртіп өтіңізші. Онда:

«Дайрабай: -Уа, алыс жерден келген кісі екенсің, мүмкін болса айтатын арызым бар.

— Дайрабайдың айтқалы тұрғаны жарыс сөз. Жарыс сөзді қоя тұрып, алдымен сұрау болса екен?-деді Күсебай.

— Қақпайлама, жолдас, неге қақпайлайсың? Мен айтсам — мұңымды айтам. Мұңымды айтуға еріктімін!.. Мына кәзет не деп
отыр. Оқышы! .

Айт, айт айтуға келдік қой! –деп құлып толы жұрт шулап жатыр.

-Уа, жолдас, «Көк сиырдың дауы» деп жұрт күлер. Жұртқа күлкі болғанмен маған күлкі емес, мен жолсыз істі айтпай тұра алмаймын. Жүздерін жырта-жырта айтамын!-деді ашынған Дайрабай» деген жолдар бар. Сол сияқты баға деген жарықтық елді арагідік улыған-шулыған етіп тұрмаса көңілі көншімейді-ау.

«Астанада өткен Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында қолға алған бірқатар іс-шараларын атап өтті»-деген жылы хабары құлаққа жылы тиді. Олай дейтініміз Президент «ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керектігін, Соңғы жылы елдегі қуаңшылыққа байланысты астық көлемінің аз екенін» тілге тиек еткен еді.

Министрдің айтуы бойынша «Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы аясында импортты алмастыру жөніндегі іс-шаралар кешені көзделді. Министрлік бірқатар жедел шаралар қабылдады: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымдары мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізу; картоп пен сәбізді экспорттауға 3 ай мерзімге тыйым салу; ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салу», — деді министр. Сондай-ақ ол нан бағасын тұрақтандыру мақсатында қаңтардан бастап азық-түлік келісімшарт корпорациясы әлеуметтік нан өндіру үшін өңірлерге өткізетін астық құны субсидияланатындығын айтты. «Бұл тетік Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ішкі нарыққа астықты нарықтағыдан төмен бағамен өткізу шығыстарын өтеуді көздейді», — деді Ербол Қарашөкеев.

Өзге де өңірлер сияқты Шымкентте азық-түлік бағасына бақылау күшейтіліпті. Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры мен қалыпты бөлке нан бағасы тұрақты және тапшылық жоқ. Көп жағдайда «үйдің жанындағы дүкендер» бағаны негізсіз көтереді дейді тұрғындар. Бұл жердегі үй маңындағы дүкендер күндерін көру үшін орталықтағы ірі сауда орындарынан реализацияға тауар өнімдерін әкеліп сатады. Орталыққа баруға ерінген, немесе үйдегі бала-шағаларынан шыға алмағандар амалсыз үй маңындағы дүкендерден алуға мәжбүр. Сондай-ақ үйіне жақын, көз таныс болған соң қарызға да алуы мүмкін. Қарыз болған соң несиеге алғаны сияқты әрине сатушы үстеме баға қоятыны анық. Бұл жерде кімді кінәлайсың? Премьер-Министр өндіріс көлемі 100 пайызға жеткізілетін азық-түлік түрлерін атай отырып, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бүгінде қала аумағында 30 мың тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлардың қоры бар.   Оның ішінде 5 айға жететін бірінші сұрыпты ұн қоры жасақталған. Мегаполисте астықты қайта өңдейтін 10 ұн өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. Олармен жылына 200 мың тонна ұн өндіріледі. Аталған диірмендерде екі айға жететін шикізат бар. Қаланың жағдайы осындай екен. Ал ауылдағы баға тұрақтылығы қандай? Негізінде ұн бағасының көтерілуі нан бағасының өсуіне әсер ететіні анық. Сондықтан да  бағаны тұрақты ұстап тұру үшін шетелге экспортталатын ұн көлемін азайта тұрған абзал.   Мысалы қазіргі таңда қалада қалыпты бөлке нан бағасын тұрақтандыру мақсатында, наубайханаларға тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада ұн үлестірілуде. Сондай-ақ, макарон өнімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енуіне байланысты, тұрақтандыру қорының айналым қаражаты есебінен аталған өнімнің бағасын тұрақтандыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл өнімдерді «Грамад» және «Магнум» ірі сауда желілерінен белгіленген бағада сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Әлеуметтік азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен қомақты қырауар қаржы бөлінгенін айтқан шаһар басшысы қалада азық-түлік бағасына бақылау күшейтілгенін және бағаны шекті мөлшерден асырған кәсіпкерге әкімшілік жаза қолданылатынын ескертті. Азық-түлік бағасы шекті мөлшерден асырылған жағдайда тұрғындар арнайы телефон нөміріне хабарласып, шағым қалдыра алады екен. Сондай-ақ, Шымкентте баға тұрақтылығын сақтау үшін әлеуметтік дүкендер саны артуда. Ал, әр аптаның сәрсенбі, сенбі және жексенбі күндері қаланың 4 жерінде жергілікті тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен базар нарқынан 10-15%-ға төмен бағада азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.Ал ауылдағы баға тұрақтылығы қандай? Біз неге қаланы айтып отырмыз? Себебі біздің тұтынатын азық-түлік тауарларымыз тікелей қаладан әкелінеді. Осы игі бастаманы қолға ала отырып, ауданда әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұрақтандыру мақсатында азық-түлік сататын сауда желілерімен келіссөз жүргізілуі керек сияқты. Әлгіндей әкімдіктің тікелей телефон желісі болса?   Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтермеу бойынша келісім жасалады. Және қашан бір жүйеге түкенінше күн сайын мониторинг жүргізіліп отырса дұрыс болар еді. Мен осы мақала барысында қажетті деген әлеуметтің ас-ауқат түрлерінің тізімін жасап алдым. Оларды атап өтсем, ұн, нан (тандыр, бөлке, қара нан), құмшекер, қант, сүт, айран, шай, пісте май, картоп, сәбіз, пияз, тұз, жұмыртқа. Кезінде аудан әкімі болған Қуаныш Айтаханов апта сайын орталық базарға шығып, дүкен сөрелерін аралап, тіпті, үйіндегі қаз, үйректеріне өзі жүгері, бидай, майда жем алып, сатушымен кәдімгідей саудаласып тұратын. Қанша теңгеден әкелдің? Үстіне қанша қосасың? -деген сауалдар арқылы орталық базарда бәсекелестік болуы үшін, бағаны шарықтатпай ұстап тұру үшін бюджеттен қаржы бөліп, тиісті бөлімдер арқылы арнайы кәсіпкерлердітөменгі бағада ұстауын ұйымдастырғанын білетінбіз. Бұл да болса, саудагерлердің, дүкен иелерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сездіретін тәсіл болатын. Ал енді жоғары билікке қарап қол қусырып қарап отыра беру әркімнің де қолынан келеді.  Десе де өткен жолғы Үкімет отырысында жаңа Премьер Министр Әлихан Смайыловтың «Біз үшін ең басты мақсат – халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс», — деген сөзі айлық көтеріледі, бағаны да көтеруге дайындалыңдар деген сөз емес. Осы жерде Үкімет тарапынан бағаны тізгіндеп тұру үшін құқықтық механизм керек сияқты..

Бағаның тұрақсыздығына көзіміз бен құлағымыз әбден үйреніп кеткен сияқты. Айлыққа немесе жалақыға болмашы пайыздың үстеме қосылады деген ақпарат құлаққа тиер тиместен алдымен дүкен иелері бірінші естиді. Шымкенттен, не басқа да қалалардан түнде ғана әкелген азық-түліктері сөреге шыға салысымен шарықтап тұрады. Айналайын бұл азық-түліктерді әлі пенсия мен айлыққа үстеме қослмай тұрып, баңа көтерілмей тұрып әкелінген өнімдер ғой. Неге қымтаттатып жатырсың дейтін болсаң, олар: Соткадан есіттік азық түлік бағасы қымбаттайды екен?-деп қарап тұрады. Сонда ешқандай ресми ақпаратсыз, не болмаса құзырлы органдардың дәлелді құжаттарынсыз ойына келген бағаны қойып сата береді ма? Мұндай келеңсіз жағдайлар болмау үшін негізсіз, жалған ақпаратқа сеніп бағаны көтеріп, азық-түлік бағаларын дәлелсіз, себепсіз көтеріп жатқан саудагерлер мен делдалдарды жауапкершілікке тартылу керек.

Тарихи деректерге көз жіберіп көрейік:

 

ҚАУЛЫ №76

Еңбекші депутаттардың Созақ аудандық советі атқару комитеті

Шолаққорған қыстағы 10 март 1947 жыл

Саудагерлер мен күрес жұмысының барысы жайлы

 Саудагерлермен күрес жұмысындағы прокурор, милиция, сот, заң орындарын жеткіліксіз жұмыс істеп келгендігін атап көрсету, бұдан былай саудагерлер мен күресу жөнінде СССР Министрлер советінің 1946 жылғы 13-сентябрьдегі қаулысын өз жерінде басшылыққа алу милиция, сот және прокурорлардан талап етілсін.

 Милициялардың қырағылықтарын күшейтіп жеке үйлерде базарларда тағы басқа жерлерде астық, мата тағы басқа заттардың бағасын саудагершілік жолымен асырып сатушыларды дер кезінде ұстап қатаң жаза беріп отыру аудандық МВД начальнигі Ж.Жайсанбаевқа тапсырылсын.

 Басқа аудандармен және облыстардан келушілерден астық, мал сатып алуларына бүтіндей тыйым салынсын. Егер мұндай жағдайда сезілетін болса кінәлілерді қатаң жауапқа тарту ауыл совет председательдерімен милиция орындарына жүктелсін.

Саудагерлермен күресу жөніндегі аудандық прокуратура міндеттері;

Саудагерлер мен күресуші милициялардың контроль жасап отыру.

 Сауда жасаушылардың саудагерлердің істері сот орындарында кезексіз қаралып отыруын бақылау және өз мекемелерінен арнайы қызметкер қатыстыру.

 Магазиндер мен сауда бөлімшелеріне үздіксіз байқаусызда ревизия тексеру жүргізіп отыру сауда бөлімінен Ж. Өткелбаевқа, аудандық тұтыну қоғамынан Ж.Насыровтарға міндеттелсін.

 Осы қаулы орындалмаған жағдайда жауапқа тартылатындығын алдын ала ескертілінсін.

 Базарларда сатылатын ет, май түрлі продуктілерді өлшеу үшін керекті кір тастарын тез арада әзірлеу сауда орындарына жүктелсін.

 Саудагерлерді ұстау үшін базаркомдардың милиция орындарымен тығыз байланыс жасалынуын қадағалап отыру Шолаққорған және Созақ селолық советтеріне тапсырылсын.

 Е.Д. Созақ аудандық совет атком председателі / қолы қойылып, мөрі басылған/ Омаров.

 Е.Д. Созақ аудандық совет атком председетелінің секретары / қолы қойылған/ Байділдаев.

Негізгі: қор 3, тізім1, бума 1 кітап 9 парақ 72-73

 

Мына, көне құжаттарға көз салсақ, бағаны негізсіз өсірудің қайнар көзі алыпсатарлық, таразыдан жеу, арада жүретін делдалдық әрекеттерге нақты жұмыс жасағаны көрініп тұр. Бізге де осындай нақты бұлтартпас жұмыс керек сияқты.Азық-түлік бағасы өсуінің негізгі себебі-өндірістік және жем-шөп шикізатының, оның ішінде басқа елдерден әкелінетін шикізаттың қымбаттауына байланысты туындап отыр дейді кейбір мамандар.  Сонда өзіміз өндіретін өнімдердің бағасына не жорық? Атап айтқанда, былтыр аймақта күнбағыс алқаптарының шығымы нашар болған. Оның үстіне көрші елдер пандемияға байланысты азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп,  алдымен өз қорын толықтырып алған дейді. Біз неге ол жағдайларға алдын ала әрекет етпедік? Мүмкін бұл қамсыз отырғанымыздың себебінен шығар. Мысалы, статистикалық есеп бойынша бір адамға жылына 109 кг ұн өнімі керек екен. Ал ауданда астық шаруашылығы қалай жүзеге асып жатқаны өзімізге де мәлім. Бірақ қолдан келсе, өзіміздегі бар мүмкіндіктерді пайдаланып отандық өз өнімдерімізді ұқсата білу алдағы күндердің еншісі болса деген ниет ғана. Енді көптің көкейінде жүрген екінші сауал. Мысалы, газ арзандады деп жатырмыз. Ал аудан ішінде, ауданнан тыс қалалар мен облыс орталығына қатынайтын такси көліктері бағаны айқайлатып көтеріп тастаған. Әрине, такси жүргізушілеріде осы қоғамның мүшелері, олардың бала-шғасы бар дегендей, алайда бұл күнін зорға көріп отырған отбасылар үшін ауыр салмақ екені даусыз. Такси көліктерінің барлығы да газбен жүретін құрылғыларды ауыстырып алды деп те айта алмаймыз. Мүмкін көпшілігі бензинмен жүретін шығар. Десе де қанағатшылдық деген қағиданы ұмытпағаны абзал. Аудан ішінде арысы Қыземшек, Тайқоңыр, Ақсүмбе ауылдарына баратын таксистер мен арнайы жолаушылар көлігінің газ, бензин бағаларына және жолдың қашықтығын байланысты жасалынған жобалары аудан әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде комиссия алқасында талқыланып барып бекітілуі тиіс. Мысалы, Шолаққорғаннан Қаратау бағытына қатынайтын «Хондай» көлігінің бағасы бір адамға 1000 теңге, ал Шолаққорғаннан Созақ ауылына қатынайтын көліктің бағасы бір адамға 1000 теңге.Жол айырмасы шақырым айырмашылық бар. Сонда бұл бағаны қалай реттеп алғаны түсініксіз. Мысалы Таукент кентіне 800 теңге болса, Құмкент кентіне 700 теңге болып тұр. Мұнда да шақырымдарында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Негізінде бақылау болмағандықтан әркім ойына келген бағаны айтып қараша халықтың қалтасын қағып отырғаны анық.

 

 

 

 

 

Шолаққорған ауылындағы базар бағасы:

 

Азық түлік түрлері (кг, дана, литр) бағасы
1 Тандыр нан 110
2 Қара нан 220
3 Бөлке нан 110
4 Құмшекер 350
5 Қант 450
6 Күріш 350
7 Шай арзаны (100 гр) 350
8 Сүт 300
9 Айран 300
10 Макарон 300
11 Картоп 200
12 Сәбіз 200
13 Пияз 100
14 Жұмыртқа 38 (1150 т)
15 Жылқы еті 2500
16 Қой еті 2200
17 Сиыр еті 2000
18 Түйе еті 1700

 

Аудан орталығы Шолаққорғаннан ауданның ауыл, кент әкімдіктеріне қатынайтын көліктердің жолаушылар тасымалдау бағасын  жолаушылар тасымалдайтын такси орталығының реттеушісі Абади Гаюповтан сұрап білген едік. Ол кісінің айтуы бойынша:

Шолаққорған-Қыземшек (210 шақырым)-2500 теңге

Шолаққорған-Шу (  197 шақырым)-2000 теңге

Шолаққорған-Тасты ( 165  шақырым)-2000 теңге

Шолаққорған-Жуантөбе (  140 шақырым)-1500 теңге

Шолаққорған –Қаратау( 140 шақырым)-1500 теңге, Хондай көлігі-1000 теңге

Шолаққорған-Созақ (70 шақырым)-1000 теңге

Шолаққорған-Сызған (70 шақырым)-1000 теңге.

Шолаққорған-Құмкент ( 40 шақырым)-700 теңге

Шолаққорған –Таукент (40 шақырым)-800 теңге

Шолаққорған –Жартытөбе (26шақырым)-500 теңге. Ендігі кезекте бағаға жауап беретін құзырлы немесе тиісті мемлекеттік органдар ауданда қанша такси бар?  Оның қаншасы газбен жүреді? Қаншасы бензин, соляркамен жүреді? Көліктерінің жарамдылығы? Соңғы рет сервистік тексеруден қашан өтті? Қай жылғы? деген сияқты графалармен есеп жүргізілуі керек сияқты.

Сондай-ақ Президент Парламент Мәжілісінің отырысында «Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек» деген сөзі көптеген көпшіліктің көңіліне үміт отын жағып отыр.

Мұндағы менің айтып отырғаным аудандағы бағаның көтерілуіне титтей де болса қатысы бар азаматтар мейлі ол басшы болсын, қосшы болсын, сатушы, немесе көлік жүргізуші  болсын әрбіріміздің тәуелсіз еліміздің дамуы мен тыныштығы, ауызбіршілігіне риясыз үлес қосуымыз парыз болмақ. Ендігі кезекте қараша халықтың әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, бағаны тұрақтандыру жұмысын қолға алғанымыз абзал.

 

Мақсат Қарғабай

Latest news

РЕФЕРЕНДУМ — БІЗГЕ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртып, мемлекеттік басқару ісіне, заң шығару процесіне өзгерістер енгізуді бастап кетті. Оның айқын дәлелі ретінде 5 маусым күні...

Халықтың мемлекетті басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді.

5 маусымда Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтеді. Референдумға шығарылатын мәселе – Конституция нормаларына енгізілетін өзгерістер. Қазақстандықтар Жаңа Қазақстанның Негізгі Заңын өздері қабылдау арқылы мемлекеттің қоғамдық-саяси...

Важный шаг cделанный на благо страны

Как известно, на XXXI сессии Ассамблеи народа Казахстана, которая прошла под девизом «Единство народа – основа обновленного Казахстана», Президент Касым-Жомарт Токаев предложил провести 5...

РЕФЕРЕНДУМ ТЕҢДЕЙ МҮМКІНДІККЕ БАСТАМА

Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін, қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл оқиғалар ел дамуын жаңғыртуға жаңаша серпін...

Related news

РЕФЕРЕНДУМ — БІЗГЕ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртып, мемлекеттік басқару ісіне, заң шығару процесіне өзгерістер енгізуді бастап кетті. Оның айқын дәлелі ретінде 5 маусым күні...

Халықтың мемлекетті басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді.

5 маусымда Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтеді. Референдумға шығарылатын мәселе – Конституция нормаларына енгізілетін өзгерістер. Қазақстандықтар Жаңа Қазақстанның Негізгі Заңын өздері қабылдау арқылы мемлекеттің қоғамдық-саяси...

Важный шаг cделанный на благо страны

Как известно, на XXXI сессии Ассамблеи народа Казахстана, которая прошла под девизом «Единство народа – основа обновленного Казахстана», Президент Касым-Жомарт Токаев предложил провести 5...

РЕФЕРЕНДУМ ТЕҢДЕЙ МҮМКІНДІККЕ БАСТАМА

Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін, қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл оқиғалар ел дамуын жаңғыртуға жаңаша серпін...