Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданында жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасын қатаң бақылай отырып, кезекті рет атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы Өргебас, Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарын көріп, тұрғындармен кездесті. Мақтаарал ауданындағы жағдай алғашқы күннен бастап мемлекет назарында екені мәлім. Су тасқыны салдарын жойып, ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып, қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынуда.
Төрт мыңдай халық мекен еткен екі елді мекендегі 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынып жатыр. Су басудың салдарынан зардап шеккен әр үйдің құрылысына мемлекеттен 17 млн. теңге бөлінген. Тұрғындар оны 4 бөліп алуда. Құрылысы жүріп жатқан үйлердің қабырғалары қаланып, шатырлары жабылып жатыр. Екі ауылдағы құрылысқа 2 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Асфальт төсеу жұмыстары елді мекендегі тұрғын үйлердің құрылысынан кейін жүргізілмек.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінен.