Алматыны абаттандырған алып адам

«Алматы ақшамы» газетінің 2005 жылы шыққан 27 желтоқсандағы №147-ші санын және 2008 жылы жарық көрген «Алматыны басқарғандар» атты кітапты парақтап отырғанда мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз, киелі Созақ өңірінің перзенті Есен Дүйсеновтің өмір жолы көзіме түсті. Осыдан біршама уақыт бұрын нағашым Төреханов Арыстан көкемнің қызы, ұстаз Арыстанқызы Сәбира әпкеміз хабарласып Есен атамыздың есімін ұмытпай ұлықтау мақсатында өмірге таяуда келген немересіне ырымдап қойғанын айтқан болатын. Ендігі сәтте қолдағы бар деректермен әңгімемді байыппен, бағамдап айтайын.

Қарашада қалқайып қараша тіршілік кешкен Жыныс ауылындағы қараша үйде 1911 жылы бір сәби дүниеге келді. Бұл болашақта Қазақстанның астанасы Алматы қаласын басқаратын шақалақ Есен еді. Ата-анасы ырымдап «сәбиіміз аман-есен болсын!» деп осылай есім бергенді жөн санапты. Есеннің арғы аталары және олардың  Созақ ауданында дүниеге келгені туралы «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «академик Ісмет Кеңесбаев» атты ғылыми танымдық кітаптың 13-14 бетінде « Ісметтің арғы атасы Ботбай, одан Асан мен Тілеу туылады. Тілеудің бәйбішесінен Мәмбетқұл, Бәйімбет, Кеңесбай, Қалымбет, Ахмет деген ұлдары, екінші әйелінен Ерімбет, Құрымбет, Шерімбет, Омар атты ұлдары мен Зейнеп, Гүлжәмила деген қыздары өрбиді.  Атақты Нобель сыйлығынан үміткер, дарынды математик Ибадулла Ақбергенов Кеңесбайдың қарындасы Зейнептен туылған» деген деректер келтірілген. Есеннің жоғарыда қара еменнің тамырындай болған арғы бабасы Ботбайдың үлкен ұлы Асан, яғни Тілеудің ағасы болса, сол Асаннан Дүйсен, Дүйсеннен Керімбек, Халық, Әбдірахман, Тәутек, Есен атты бес ұл дүниеге келеді. Есен атамыздың Болат, Жұмабек, Сәрсенбек  деген үш ұлы болған. Бүгінде бәрі о дүниелік болыпты. Менімен хабарласып отырған Әбдірахманның ұрпақтары.  Енді осы жерде жоғарыдағы кісі есімдеріне қараңызшы Омар деген кәдімгі айтыс ақыны Көпбайдың әкесі,   Кеңесбай деп отырғаны ғалым Ісметтің әкесі, Ерімбет деп отырғаны атақты, әйгілі Алматының прокуроры, мемлекет және қоғам қайраткері Ескендірдің әкесі,  Ал Ескендірдің қызы Мағрипа әйгілі Байқоңыр космодромының қазығын қаққан, сол уақытта Байқоңыр ғарыш айлағы партия ұйымының хатшысы Қален Тоқмұхаммедовтің жұбайы. Нұрымбетке келсек, Аллаһу, яғни Созақ көтерілісі болған 1930 жылы Нұрымбет ұрпағы Өзбекстанға үдере көшіп, Келес жақты паналайды. Нұрымбет ұлы Сәдуақас Келес өңіріндегі М.Горький атындағы колхоздың іргесін қалап, сол колхозға ағайын-туыстарын жинақтап, қоғамдап бір ауыл етеді. Сәдуақастың өзі колхоз басқарады, інісі Әбіл бас есепші болып еңбек етеді. Әбілдің қызы Балажан мен күйеу баласы Қуаннан Серік, Берік, Бердібек тарайды. Берік Созақ ауданының әкімі қызметін атқарса, Бердібек ҚР Президент аппаратында қызмет атқарып жүр. Ісметтің қарындасы Маржанкүлдің ұлы Сағатов Көшербай Абай атындағы педагогикалық институтында профессор, биология ғылымдарының кандидаты. Ал профессор Керімбек Сыздықов болса, ол Тілеу ақсақалдың ұлы Бәйімбет әжінің қызы Үржаннан туған жиені болып саналады. Тектілік шежіресі деген осы емес пе!

Дөңгеленген дүние-әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі—Алматыны бір барып көрген адам баласы ешқашан ұмыта алмайды. Оның табиғаты, көркі, кескін келбеті, жанға сая бақтары мен баулары, түп түзу даңғырап жатқан көшелері жаныңа қуаныш сыйлайды. Осы ару қала Алматыны әр жылдары басқарып, көркейіп- дамуына ерекше үлес қосқан азаматтардың ішінде он бес жылға (1960-1973 жылдары) жуық қалалық атқару комитетінің төрағасы болып үлкен лауазымды қызмет атқарған Есен Дүйсеновтің есімі ерекше ілтипат, қадірлі құрметпен аталады.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары аралығында еліміздің мәдени—әлеуметтік өмірінде елеулі оқиғалар дүниеге келді. Қазақ әдебиетіне олжа салған бөлек-бөлек тұлғалы қайталанбас классик ақын-жазушылар, ән әлемінде сазгерлер, өнердің өзге де салаларында айтулы есімдер бой көрсетті. Алматы ару қала осы жылдары бойын түрлене түзеп, барынша көркейіп, көріктене түсті. Қалада алып құрылыстар бой көтеріп, құлашын кеңге жайды. Сол жылдары арман қуып Алматыға келген жастар Алатаудың бауырындағы әсем қалада өткізген әрбір күндерін ерекше сағынышпен еске алары анық. Сол кезде Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың тікелей қолдауына ие болған, бойында күш қабілеті тасқындаған Есен Дүйсенов қала басшылығының құрылыс-жоспарлау, қаржы қуатын барынша кең ауқымды пайдалануға күш салды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілген әлеуметтік-мәдени нысандардың көптеп бой көтерген қаланың өркендеп дамуының алғы шебінде Есен Дүйсенов қажырлықпен еңбек етті. Қала тарихына көз жүгіртсек, Алматыны ұзақ басқарған азаматтың бірі осы Есен Дүйсенов екен. Негізінен саяси-үгіт насихат, тәрбие істерімен айналысатын қалалық партия комитетінің үш бірдей бірінші хатшыларымен қызметтес болыпты. Алматының өткен кезеңі туралы сөз бола қалса қала құрылысының жан-жақты өркендеген сол кезеңдегі «алтын дәуірін» сол кезең адамдары тамса аеске алады. Іскер, жан-жақты, қабілетті, батыр жүректі қала басшысының тікелей бастамасымен бас жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары кең қанат жайды. Қала іргесінен ықшам аудандар бой көтерді. Сол кезеңде қаланың орталық бөлігі қазіргі Желтоқсан көшесі мен Достық даңғылы аралығында құрылыс жұмыстарының архитектуралық жобалары жүзеге асырыла бастайды. Негізгі әлеуметтік маңызға ие «Алматы» қонақ үйі, Алатау бауырындағы әсем қаланың символына айналған 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Ю. Лермонтев атындағы академиялық орыс драма театры, 11 қабатты көк шынылы Кеңестер үйі, Пушкин атындағы республикалық (қазіргі Ұлттық) кітапхана жайлары бой көтерді.

Қала келбетіне көрік берген кешенді сәулетті құрылыстар қаланың өзге тұстарынан да салынады. 1966 жылы Спорт сарайы, 1970 жылы В.И.Ленин атындағы (Республика) сарайы, «Целинный» кинотеатры, Қазақ циркі, әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» көпшілік демалыс орны, ондағы аспалы жол, «Саяхат «втовокзалы, қазақ темір жол басқармасы мен темір жол транспорты инженерлерін дайындайтын институт жайларының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Негізгі мамандығы теміржол инженері болғандықтан Ташкент темір жол транспорт инженерлерін дайындайтын жоғарғы оқу орны және оның жатақханаларының қала орталығына, С.Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің бойына орналасуына ерекше мән береді.

Ол кісінің бастамасымен Алматы үй құрылысы комбинаты, құрылыс индустриясы кәсіпорындары, жобалау институттарының жайлары салынады. 1962 жылы қаладағы алғашқы С.Сейфуллин мен Ташкент (Райымбек) даңғылдарының қиылысындағы аспа жол құрылысы халық игілігіне беріледі. Бірінші Алматы темір жол вокзалына қарай шығатын Красногвардейский тракт бойымен үлкен жол құрылысы қолға алынады. Осы үлкен қасқа жол құрылысын салу үшін 300 жекеменшік үйлер бұзылып, олардың иелеріне қала ықшамаудандарынан жаңа пәтер беріледі.

Қала басшысы Есен Дүйсенов жол құрылысын салып жатқан құрылысшылардың жұмысына тікелей араласып, назарда ұстап отырады. Жолды бұзып, көлік қатынасын тоқтатып қоятындарға дер кезінде ескерту жасап, жұмысты кешкілік немесе түнгі мезгілде жүргізуді талап етеді. Абай мен Коммунистік даңғылдар қиылысындағы су құбырларын тартып қайта қалпына келтіру жұмыстарының бір түн ішінде атқарылған кезі де болған екен.

 

 

Алғашқы теміржолшы

Қазақстанның астанасы—Алматы қаласын жан-жақты өркендету сияқты жауапкершілігі иыққа батпан жүк артатын басшылық қызметке Есен Дүйсенов қалай келді, республика басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың сеніміне қалай ие болды? Есен Дүйсенов әуелі Қазақстанда кенже дамыған темір жол саласының алғашқы ұлттық білікті кадрларының бірі ретінде жан-жақты қабілеттілігімен, іскерлігімен таныла білген еді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Жыныс елді мекенінде 1911 жылы дүниеге келген Есен Дүйсенов ата-анасынан ерте айырылып, 1924-1928 жылдар аралығында Түркістандағы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмір тауқыметін ерте тартқан еті тірі бала 1928 жылы орманшылар техникумында, одан кейін Ташкенттегі су шаруашылығы институтының дайындық бөлімінде оқиды. 1932-1937 жылдары Ташкент темір жол транспорты инженерлері институтын бітіріп шығады.

Алғашқы он жылдай Түркістан-Сібір темір жолында инженер, одан соң әртүрлі басшылық қызметтер атқарады. 1945-1948 жылдары Алматы темір жол бөлімін басқарған алғашқы ұлттық кадр өкілі болады. Одан кейін үш жылда Қарағанды темір жолы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Келешегі зор іскер жас 1951 жылы Мәскеудегі одақтық жол қатынасы министрлігіне қарасты Темір жол транспорты академиясына арнайы жолдамамен жіберіледі. Академияны бітірген соң Матай темір жол бөлімін басқарады.

1955 жылы Алматы темір жол бөліміне бастық болып тағайындалады. Алғашқы күндерін тоғыз жолдың торабы болып есептелетін темір жол саласындағы қым-қуыт жұмысқа жаңашыл екпін береді. Қысқы кезеңнің ішінде жұмысшы- қызметкерлер арасындағы еңбек тәртібін жолға қояды. Алғашқы жылдың өзінде Алматы темір жолының еңбек ұжымы Одақтық салалық министірлік пен кәсіподақтар ұйымы орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туына ие болады. Еңбекте өзін жан жақты көрсете білген іскер жан көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті транспорт және байланыс бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылады.

Бұл кезеңде республика темір жол саласының көптеген қолбайлауларға кезігіп тұрған қиын шағы еді. Ол қиыншылықтардың бастысы-өзіміздегі теміржолдардың біраз бөлігі көрші республикаларға тәуелді еді. Шымкент пен Қызылорда облыстарындағы темір жолдар- Ташкентке, Ақтөбе, Гурьев және Орал облыстарының темір жолдары-Орынборға, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының темір жолдары—Оңтүстік Оралға қарап келді.

Қазақстанның халық шаруашылығы жүктерін және жолаушылар тасымалы үшін рұқсатты өзге республикалар темір жол саласы басшыларынан сұрауға тура келді. Осы қиындықтардан шығу үшін Есен Дүйсенов республика басшыларының алдына барлық министрліктер, қаржы орталықтары, республикалық маңызды кәсіпорындар мен мекемелер шоғырланған Алматы қаласынан бір орталықтан басқарылатын Қазақ темір жолын құру туралы ауқымды да күрделі мәселе қояды. Бұл мәселенің қажеттілігі мен тиімділігін жан-жақты саралап, зертетйтін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің тарапынан арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Есен Дүйсенов те енеді. Темір жолдың жаңа шекараларын бөлуге қажетті қаржылай шығындар, ұйымдастыру шаралары, білікті кадрларды орналастыру шараларының бәрі жан-жақты зерттеле келе 1958 жылы маусым айында КСРО Министрлер Кеңесі қаулысымен біртұтас Қазақ темір жолы құрылады. Жаңа өмірге келген қазақ темір жолы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызметке кіріскен Есен Дүйсеновке басқарманың жаңа құрылымын жасақтауды ұйымдастырудың барлық салмағы артылады. Бір орталықтан басқарылатын темір жол магистралін іске қосуға басшылық ету сияқты күрделі де қиын міндетті үлкен ұйымдастырушылық және салалық инженерлік қабілетінің арқасында санаулы айлардың ішінде абыройымен атқарып шығады.

Республика көлемінде темір жол қатынасы жүйелі жолға қойылып, көптеген министрліктер халық шаруашылығы жүктерін тасымалдау жұмыстарын өзімізде шешуге қол жеткізеді. Қазақстанда алғашқы өмірге келген бұл бастаманың одақ көлемінде, өзге республикаларда да ұсақ темір жол бөлімдерін ірілендіруге, бір орталықтан басқаруды қолға алуға көп ықпал тиеді.

Есен Дүйсенов темір жол саласындағы ұзақ жылдық басшылық қызметте жүріп қарамағындағыларға қатаң талап қоя білді. Іскер, қабілетті жандардың қызметте жоғарлауына қолдан келген қамқорлығын аямады. Өзіне жүктелген міндет-тапсырмалардың тез де сапалы орындалуына ерекше мән беретін қасиеті өзгелердің де іске өте сергек қарауын талап етті. Есен Дүйсеновтің еңбек мектебінен өткен көптеген жандар кейін республика темір жол саласында басшылық қызметтерді абыройымен атқарды.

Ұзақ жылдар энергетика саласында басшылық қызметтер атқарған, республикалық инженерлік академиясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, КСРО-ның құрметті энергетигі, энергетиканың үздігі-Кежек Бершенұлы Ысқақов былай дейді:

-Мен 1954 жылдың көктемінде Алматыға келдім. Осы қалада барлық саналы ғұмырым өтті. Қаланың басшысы болған адамдардың көбі есімде. Солардың біразымен бірге қызмет атқарғандлықтан, олармен қарым-қатынасымыз жақын болғандықтан, пенде, адам ретінде де, әрине, оларды жақсы танып-білдім. Қала басшылары туралы әңгіме бола қалса менің есіме Есен Дүйсенов түседі. Есен Дүйсенов қызмет атқарғанк езде қалада ол кісіні білмейтін адам, сірә, болған жоқ-ау деймін. Есен Дүйсеновтің өзіне тән ғана қажырлы мінез болатын. Ол қандай мінез? Біздің алдымыздағы кейбір ағаларымыз бен әпкелеріміздің көпшілігі қызметті белгілі бір стандартпен атқаратын, көкіректері жоғары,, өізне бағыныштылармен, қарапайым халықпен қатқылдау сөйлесетіндей болып көрінетін. Есен Дүйсеновте  ондай»қасиеттер» болған шығар, бірақ қызмет жағынан, осы қаланы-Қазақстанның астанасын өркендету туралы мақсат-мұраты биік, өте абыройлы болды. Мен сол кездерде жұртпен қоян-қолтық қызмет істеген жанмын. Сондықтан бәрін көріп-біліп, байқап жүрдім. Ол кезде жас болсам да қалалық кеңестің депутаты едім. Жан инженермін, қызметімнің өсуіне Есен ағаның көмек-ықпалы морл болды деп есептеймін. Алматыда қалалық электр желілері дейтін үлкен кәсіпорын болды. Сол кәсіпорынның бас инженері болып 1965 жылдың күз айында тағайындалдым. Содан бастап қалалық атқару комитетінің құрылыс саласы бөлімдерімен, басшыларымен тығыз байланыс жасауға тура келді. Ол кісінің өзім біліп-көріп жүрген басшыларға тән стандартқа сыймайтын, біз сияқты өсіп келе жатқан жастарға тәлім-тәрбие боларлық, өзіне ғана тән қасиеттерін айтқым келеді.

Ол кісінің алдына жиналғандар қаралатын мәселенің қалай өрбіп анық та айқын, ыждағатты шешілетініне көзіміз жететін. Шынымды айтсам, қазір өткен өмірді жамандаушылар көп, мен оған қосылмайтын адаммын. Ол кезде жиындар да көп болды, кейде бес-алты сағатқасозылатын. Ал,Есен Дүйсеновтің жүргізген жарты сағат, қырық минут, бір сағаттық жиынында қандай мәселені шешу үшін қандай нақтылы шаралары атқару керектігі бірден айқындалатын. Есімде қалған жәйт- қаланы жылыту жүйесіне қосу туралы үлкен әңгіме көтерілді. №1 ТЭЦ (жылу электр орталығы) жылуды қосуды 1961 жылдан бастап қолға алды. Оған дейін ТЭЦ тек электр қуатын беретін. Тіпті, ол кезде қаланың жылу жүйесі жоқ та болатын. Осы істі үлкен жобамен қолға алып, бастау керек болды. Қала өсіп келе жатқандықтан сол кездегі және болашақтағы жағдайын есепке алған үлкен бағдарлама  дайындалды. Біздің Қазақстанда бұл саланың білгір мамандары жоқ болғандықтан одақтық энергетика министрлігінің Новосібір қаласында үлкен жобалау ғылыми-зерттеу институтының ғалым- мамандары осы жобаны жасады. Есен Дүйсеновтің кабинетінде үлкен жобаның макетін іліп қойып, талқылау болды. Онда қаланың орталық көшелерінің сызбасы бар. Алдын-ала жоба жетекшісімен өзім әңгімелесіп, пікірімді білдірген болатынмын. Қала басшысының мамандығы инженер болғандықтан мына жобаны бекітуге келісе қоюы екі талай деген ойымды да айттым. Ол кезде Абай даңғылы жаңадан тартылып біткен. Жылу желілері осы үлкен даңғылдың астымен өтпек. Одан жоғары жерден жүргізу үшін тағы болмайды деген болжам айтты. Абай даңғылы Есен Дүйсеновтің тікелей басшылығымен салынған, ол кісінің өзінің туындысы, үлкен көшені бұздыруға қарсы болатынын ішім сезген еді.

Есен Дүйсенов кабинетіне кіріп, бес метрдей қабырғаға ілінген жобаның қасына өтіп, орнына барып отырмастан тік тұрды да:»Мына жобаның авторы кім?»- деп сұрады. Жобаның жетекшісі орнынан тұрды. Қала басшысы орыс тілінде: «Может снимать со стены! Обсуждение с этим заканчивается. По проспекту Абая не один трубопровод, не подземный, не надземный не имеет право быть проложенной, не зависимо от каких либо экономических расчетов Вам это ясно?»-деп еді, жоба жетекшісі «Не ясно!» Это большие расходы?»— деп еді, «Какие  большие расходы? Это несколько насосных станций в несколких точках. Без разговоров совещания закрывается! Кто заказчик? («Алматыэнергоның» Семен Стапанович Набок деген бастығы отыр еді)» Семен Стапанович, не одного рубля за такой брак не платите! Отвечаю я! Все товарищи!- деді де есікті жауып кетіп қалды. Мен орнымнан тұрып жоба жетекшісінің қасына бардым: Ол:- Будем жалобаться!» деді. «Есен Дуйсенович решил, хот самому богу жалваться, бе полезно» дедім. Ақыры олар жобаны қайта жасады. Осы күнге дейін Абай даңғылының астында, не үстінде бір құбыр, бір желі жоқ.

Қаладағы Сәкен Сейфуллин даңғылы жаңылмасам, он үш шақырым жер Есен Дүйсенов осы даңғылды өзінің идеясымен өзі басқарып салды. Бұл көшенің қиындығы Ташкент даңғылынан (қазіргі Райымбек) төмен көпірлер салыну керек екен. Одан кейін темір жол бұрылып, ТЭЦ-ке көмірді күндіз-түні тасиды. Оның бәрін жол салып жатқандар бір уақытта доғару керек. Жердің астынан электр кабельдері жүрген су құбырлары бар. Жолдың тұйықталған тұсында жұмыс учаскесінде вагон тұрушы еді. Сол күні Есен Дүйсенов аяғына етік киіп ерте келді. Көше құрылысын тоқтатпау үшін тиісті басшыларымен сонда бас қосты. ТЭЦ-тің басшысы Иосиф Владимирович Вайлерманды орнынан тұрғызып ертеңнен бастап үш күн ТЭЦ-ке көмір тасылмайтынын айтты.

-Иосиф Владимирович: «ТЭЦ-ке отын жеткізетін темір жол жұмысын тоқтату үшін, Мәскеудің рұқсаты керек. Бұл айтқаныңыз болмас!» дегенде Есен Дүйсенов: «Болады! Есен Дүйсенович деген қаланың басшысы бар (саусағымен өзін көрсетіп) сол кісі мына журналға нұсқау жазып, қол қояды. Сенің басқа тәртіптеріңде менің шаруам жоқ. Мәскеуде, басқа жерде отырғандардың бұл істе шаруасы болмасын!—деп кесіп айтты.

ТЭЦ-тің бастығы: «Маған көмір жетпей қалса не істеймін?» деп еді. «Сенің он тәулікке жететін қорың болуы керек? -дегенде әлгі кісі үндемей қалды. Бұш қала басшысының Алматының тағдыры үшін тәуекел іске білек түріне кіріскен кезі еді.

-Содан бастап жұмыс қызу жүріп кетті. Аспалы жол салынды. Ол жолмен алғаш паравоз жүргенде машинистің қала басшысының өзі отырды.

 

 

«Сәкен деген кім?»

Жаңадан бітуге таяу даңғылды қалай атау керектігі туралы Есен Дүйсеновтің кабинетіндегі мәжіліске қатысқаным бар. Қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің бастығы сұлу орыс келіншегі еді, соның қасына отырып қалыппын. Аппарат қызметкерлері, бірақ кісілер Пушкиннен бастап, орыстың танымал  адамдарының есімдерін атап жатыр. Өзіміздің ұлттан ешкімнің аты аталмады. Қазекеңдер тым-тырыс отырмыз.

Есен Дүйсенов орыс тілінде: «Егер даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімін берсек қалай болады?»-деп көпшілікке барлай қарады. Сол кезде оң жағымда отырған сұлу келіншек қақпайлағанша болмай орнынан  атып тұрып: «Сәкен Сейфуллин деген кім? Бұл-үлкен көше. Оған Совет  үкіметін орнатқан революционердің есімі берілуі керек?—деп Киров, Фрунзе, Фурманов, Калининнің есімдерін тізбелей жөнелді.

Сол кезде қала басшысы: «қазақтың дауылпаз ақыны, революционер, 1938 жылы Сталиндік репрецияның құрбаны болған Сәкен Сейфуллинді білмейтін сен секілділер атқарып жүрген қызметіне лайық емес. Бүгіннен бастап жұмыстан боссың!»-деді.

Содан соң «Тағы қандай ұсыныс болады?»— деген сөзге бірде-бір адам жүрегі жауап қата алмады. Осылайша бес минуттың ішінде мәселе шешілді. Жаңа даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімі берілетін болып, бірауыздан шешім қабылданды.

Көктөбені де алғаш қолға алған да Есен Дүйсенов еді. Оның алдында Кавказда, Әзірбайжан, Армения, Грузия елдерінде болып қайтты. Келген соң үлкен жиын жасады. Оған Тибилисидің «Гипрошахтасынан» мамандар қатысты. Есен Дүйсенов оларды көпшілікке таныстырып: «Бұл кісілер Көктөбеге баратын аспа жолды тегін жасап беретін болады. Грузия астанасының біздің астанаға жасаған сыйы. Ал, қажетті құрал-жабдықтарды өзіміздің заводтар істеу керек!». Алматы ауыр машина жасау және Киров заводының директорлары, ондай жабдықтарды жасай алмайтындықтарын, жоғарыда бекітілген өнім түрлерін ғана шығаратындарын көлденең тартып еді, осы қаланың азаматтары ретінде орындауға тиісті екендерін қадап айтты. Кімнің қандай шаруаны атқаратынын бөліп-бөліп берді. Бұл жалпы халықтық игілікті шараға Ташкенттегі, Кентаудағы заводтарды да жұмылдырды. Көктөбені көпшілік мәдени-демалыс орнына айналдыру үшін республика үкіметі не қалалық атқару комитеті тарапынан ешқандай арнайы шешім қабылданып, қаржы бөлінген емес. Қала басшысы Есен Дүйсеновтің тікелей бастамасымен өмірге келген шара еді. Аспа жол құрылысының басы-қасында өзі жүрді. Көктөбе тек қала тұрғындары ғана емес, барлық облыс, шет елдерден келген қонақтардың да сүйікті орнына айналды. Өзіміздің ТЭЦ-те инженер болып істеп жүргенде қалалық кеңестің депутаты ретінде сайлаушылар аманаты жүктелетін еді. Қаланың тұрғындары тығыз орналасқан төменгі бөлігінде ет комбинаты аймағында мәдениет ошағы, көшелерде сөйлесетін телефон нүктелері жоқ, табиғи газ жеткізілмеген, асфальт төселмеген, мектеп те жоқ. Аудандық оқу, денсаулық, байланыс және мәдениет бөлімінің басшыларының ақыл қосуымен қалалық кеңес сессиясында сөз сөйлеп, қаржы көзінің табылып тұрғанын, бірақ құрылыс жұмыстарын жүргізуде қала басшыларының келісімі қажет екенін айттым. Үш күннен кейін мені қалалық атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсенов шақырды.

-Сен сессияда орынды мәселе көтердің. Сөйлеген соң, солай нақты айту керек қой,- деп жағдайымды, мамандығымды, қандай қызмет істейтінімді сұрады.

Сен енді өстіп жүре бересің бе?- деп бетіме қарады.

-Жүре бермегенде не істемекпін?-деп иығымды қозғалттым.

-Инженерлік оқуды не үшін оқыдың? Енді жоғарыға талпынбайсың ба?-деді. «Қазақэнергоның» басшыларын телефонын өзі іздестіріп сөйлесті. Мен туралы пікірлерін сұрап басқа қызметке жоғарылатуға ниеті барын айтты.

-Сен енді бастық болатын болдың! Жылу жүйесі қалада енді қолға алынып жатыр ғой. Сонда барасың!-деді.

-Ағасы менің мамандығым электрик, оған жылу техникасының маманы керек емес пе?-деп едім.

-Мен өзім темір жол инженерімін, үлкен қаланы басқарып отырған жоқпын ба?- деп өз ойын айтты.

Мен осылайша жаңадан ашылған қалалық жылу жүйесіне басшы болып келдім. Ол кезде бұрынғы атқарған қызметіме байланысты қала шетінде пәтерім бар еді. Бір күні Есен Дүйсеновпен атқару комитетінің алдында жолығып қалдым. Ол кісі жағдайымды сұрап:- «Қайда тұрып жатырсың?»-деді. Мен тұратын тұрағымды айттым. Ол кісі үндеместен кетіп қалды. Көп ұзамай мені қалалық атқару комитетінің қызметкерлері шақырып, орталықтағы Коммунистік даңғылындағы (қазіргі Абылайхан) кең де жарық пәтерге қоныс аудардым. Бір күні жолыққанда Есен Дүйсенов энергетика институтының соңғы курсында оқитын үлкен баласы Болатты өндірістік тәжірибеден өтуі үшін бізге жібергенін, қала басшысының баласы ретінде құрметпен қарамай, қара жұмыс істейтін ең ауыр учаскеге бекітуін өтінді. «Өмірді көрсін ысылсын, ешқандай аяушылық болмасын»!»-деді.

Ол кісінің жұмыс кабинетіне бір кіріп қалғанда біреумен телефон арқылы қатқылдау сөйлесіп отырғанын байқадым. «Мен сені сол орынға не үшін жібердім? Алдыңа барған бір қазақ тіркелмей кетпейтін болсын! Ол атқару комитетінің шешім, қаулы шығарып беретін шаруасы емес білдің бе?» деп- нықтап, телефонды орнына қоя салды. Есен Дүйсенов сол кездегі қаладағы паспорт үстелінің бастығының бірімен сөйлескенін сезген едім.

Есен Дүйсеновтей батыр жүректі, іскер басшысының кейбір мінездері төңірегіндегі, жоғарыдағы биліктегілерге ұнамады ма, жетпісінші жылдардың басында ол кісінің қызметінен кетуіне тура келді. Мемлекеттік құрылысы мекемесіне қарасты Бас жоспарлау ғылыми-зерттеу институтының бастығы болды, бұдан кейін одан да төмендеп осы мекемеде кадр бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

Қазіргі Ғ.Мүсірпов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының алдында Есен Дүйсеновпен жолығып қалдым. Екеуіміз орындыққа отырып, біраз әңгімелестік. Ол кісі бұрынғыдай бауырмал, іш тартып, қал-жағдайымды сұрады. Өзі алып берген сол төңіректегі пәтеріме қонақ болуға шақырдым. Ол кісі тығыз шаруалармен кетіп бара жатқанын айтты. Сол кезде абзал азамат Есен ағаны соңғы рет көріп тұрғанымды білмеппін,-деп еске алған екен.

Есен Дүйсенов жұбайы Сара Ибрагимқызымен отасып, соңынан үш ұлы қалған еді. Жоғарыда айтқанымыздай үшеуі де өмірден өтті.

Республикамыздың іргетасын қалап, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, темір жол саласындағы тұңғыш ұлттық кадрлардың бірі, оның ішінде әсем қала-Алматының көркейіп-өсуіне ерекше үлес қосқан Есен Дүйсеновтің туғанына биыл 110 жыл. Көзі тірісінде бірге қызмет атқарған жора-жолдастарының, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттерінің, ағайын-туыстарының өтінішімен Тастақтағы бұрынғы Болотников көшесіне есімі беріліпті. Ертеректе қолға алынған осы шарадан кейін атпал азаматтың есімі көзден таса, көңілден жырақ қалып, көмескіленіп бара жатқан жайы бар.

Есен Дүйсенов ұзақ жылдар тұрған үйге мемориалдық тақта, есімі берілген көшеге ескерткіш орнатса да артықтық етпес еді. Қала тарихына байланысты ерекше еңбек сіңірген азаматтардың қатарында кейінгі жас ұрпаққа насихаттайтын тәрбиелік—көпшілік шараларға тұрақты қосып отыру, демеушілік жасап, кітап шығару сияқты игілікті шаралар қолға алынып жатса, азаматтың рухын ардақтауда игілікті шара болған болар еді.

Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Ұлы адам болу үшін тұл жетім болып өсу керек» деген сөзі еске түседі. Есен Дүйсеновтің де шыр етіп дүниеге келгеннен барлық ғұмыры қиындықпен, арпалыспен өткен екен. Кіндік қаны тамған Созақ ауданының көнекөз қарттары Есен Дүйсенов шыққан әулеттің текті, ертеден елге танылған жандар екенін сыр етіп айтады. Атышулы отызыншы жылғы Созақ көтерілісі бұл әулетке кесапатын көп тигізді. Жақын ет-бауыр әкелері мен ағаларын саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып жазықсыз атылады. Итжеккенге жер аударылады. Қорғансыз қалған қаршадай бала әркімдердің соңынан ілесіп жүріп, Түркістандағы жетім балалар үйін паналайды. Қаршадайынан тағдыр тауқыметін көріп, өмір өткелдерінен ширығып, шарболаттай шынығып өскен Есен Дүйсеновтің бүкіл саналы ғұмыры келер ұрпақ үшін өшпес өнеге, өмірлік темірқазық дер едік.

«Тұлпардың тұяғы», «алтынның сынығы» деген теңеуге саятын Есен ағамыздың ұрпағы Үсен ағамыз бен Сәбира әпкеміздің отбасында өмірге келген немересі, шақалақ сәби Алматыны абаттандырған алып адамның есімін иеленді. Кішкентай нәрестенің құлағына сыбырлап үш рет азан шақырып қойылған есімде үлкен ұлылық пен ізгіліктің нұры сезілгендей. Сонау 1911 жылы қараша үйде іңгәләп дүниеге келген сәбидің кескін  келбеті араға 110 жыл салып қайта жаңғырғандай әсерде болдық. «Есен атасы сияқты Созақ өңірін әлемге танытатын азамат болсын!»-деген ақ тілеулі ниетпен әңгімемді уақытша аяқтасақ деймін. «Ұрпақтар сабақтастығы- мәңгілік!» деген ұлағатты сөз осындайда айтылған шығар. Келешек ұрпақ жаңарған есіммен Есен жолын есен саулықта жалғастыра берсін!

 

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Latest news

ҰЛТТЫҚ ЖОБА БОЙЫНША 236 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде мүгедектігі бар 90 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 236 азаматтар жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты...

Аудан басшысы Шу бойындағы халықпен кездесулер өткізді

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ҚР Президентінің 2022 жылғы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шу, Тасты ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті....

Бөлім бастығы есеп берді

Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы ПД Созақ аудандық полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Ж.Нысанбаев аудан тұрғындарына 2022 жылдың...

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІНЕ АУДАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Түзелбек Абжановты қабылдап, «Созақ ауданының Құрметті азаматы» төс белгісін табыс етті. –Саналы ғұмырыңызда...

Related news

ҰЛТТЫҚ ЖОБА БОЙЫНША 236 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде мүгедектігі бар 90 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 236 азаматтар жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты...

Аудан басшысы Шу бойындағы халықпен кездесулер өткізді

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ҚР Президентінің 2022 жылғы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шу, Тасты ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті....

Бөлім бастығы есеп берді

Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы ПД Созақ аудандық полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Ж.Нысанбаев аудан тұрғындарына 2022 жылдың...

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІНЕ АУДАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Түзелбек Абжановты қабылдап, «Созақ ауданының Құрметті азаматы» төс белгісін табыс етті. –Саналы ғұмырыңызда...