Өрқақпа: Теріскейдің төр, Созақтың да сыр қақпасы

Жуырда, Созақтың ақын қызы Жұпар Жүзбаева өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Өрқақпа» деп аталатын өлеңін жариялады:

Өрқақпа Елден ерек өрге шығып тоқтаған,

Өткен күнді тамшы болып жоқтаған

Бұлағыңа келіп тұрмын Өрқақпа,

Әрбір тасын құпиялап сақтаған.

Сенде қандай айқас болды білмедім,

Өте берер уақытпен ілгері үн

Қара талдың ұшар басы сілкінер,

Хас батырдың көргендей-ақ дүрмегін.

Мүмкін келген топырағыңа Ғұндарма,

Әлде Сақтар,әлде Қоқан,құлдарма.

Қанша ғасыр ақ жауын боп төгілді,

Бауырыңда жатқан мөлтіл мұңдарға.

Атың қандай заңғар еді биігім,

Ғасырлардың әлдилеумен күйігін.

» Өрқақпа» — боп аталсаңда сен бүгін,

Күлтөбеге айналыпты иінің.

Мұңайтты ма,өткен күннен қалған сыз,

Шежіреңді білсек еді -ау армансыз.

Топырағыңа қош-қош айтып кетті ме

«Келіншектау» керме қастыарманқыз.

Елгеберіп бар ерлігін, мұратын

Қабырғаданкөрсетпегенсызатын.

Өрқақпаданкөріптұрсақарман не,

АласармасҚаратаудыңқуатын.

 

Сол өлең маған ерекше әсер қалдырғаны сондай, қайталап оқи бердім, оқи бердім. Кейінірек, Жұпар апайымыздан өлеңнің туу тарихы жайлы сұрап едім. Өзі қызмет істейтін «Жас туристер» мектебінің оқушыларын сол Өрқақпа маңына апарып, экскурсия жүргізгенін. Тарихи төбе маңындағы әулие- ишандардың қабірлерін зиярат етіп, бұлақтардан қана- қана су ішіп, сырына үңіліп отырғанда туған туынды еді деді.   Ақынның табаны тиген киелі топырақтың сырына үңіліп, тарихтың қойнауына қаншалықты бойлағанын өлеңінің әрбір жолынан аңғаруға болады. Ақын, ана жаны әдетте нәзік, сезімтал келетіні бар ғой. Таудай болып үйіліп жатқан төбенің, Теріскейдің халқы секілді өр қақпаның сырын сол сәтте ашуға қаншалықты талпынғанын оқырман өлеңді оқып отырып, өзінің көңіл күйінен аңғара қояды.

Енді неге, ақын апамыздың осы бір өлеңі маған ыстық болды, ерекше әсер қалдырды? Мұның да екі түрлі себебі бар. Біріншіден, сол Өрқақпа бір пұшпағы болып табылатын Шолаққорғандай шырайлы көне шаһарда мен де туылып, менің де кіндік қаным осында тамды. Тіл менен тарихты, дін менен дәстүрді осы киелі топырақта танып, бойыма сіңіріп өстім. Отанға, ел мен жерге деген махаббат сезімі осы бір шағын, көне шаһардан бастау алды. Жырақта жүрсем сағынуды, тұрақтап тұрсам дала заңына бағынуды осында үйрендім. Қазір, екі жылы кем елудемін. Мені елге әуелі ауылдың жас- кәрісіне ескіше хат танытатын ұстаз, қалың қауымға уағыз айтатын имам, кейін, 60 мыңнан астамтеріскейліктерге Созақ жұртшылығының үні Созақ үнінен үн қатуыма ықпал еткен осы киелі топырақ. Екіншіден, балалық, жігіттік шағым осында өтті. Сөйткен балалық шағымның ең балғын шағын осы Өрқақпаның маңында доп теуіп, шанамен сырғанап, шайбалы хоккей ойнаумен өткіздім.

Жалпы, Өрқақпа өзі тау секілді үйіліп жатқан алып төбеден тұрады. Аудан орталығы Шолаққорғанның басты көшесі Жібек- Жолының қақ ортасында орналасқан бұл төбенің орталықтан келіп кіретін жағы тегістеу болғанмен, шығыс жағы жарқабақты болып келеді. Ал, Жібек- Жолы көшесінің асфальтті жол жағы жартылай жарқабақ, жартылай тегістеу болғандықтан қыстың күндері шанамен сырғанауға өте қолайлы еді. Тіпті, кәдімгі атқаты Шымбұлақ шатқалының кішігірім копиясы дерсің. Ол уақыттарда қазіргідей асфальт жол, зымыраған жеңіл автокөліктер жоқтың қасы.

Тек, мекемелердің бірлі- жарым жүк көліктері өтпесе, бейсауат жүрген техника болмайтын. Әсіресе, қысқы демалысымызда 10 күн бойы Өрқақпадан шанамен сырғанайтынбыз. Биік төбеден түскен сырғанап түскен шананың екпінімен қарсы беттегі үйлердің ауласына кіріп кететінбіз. Әрине, ол уақытта қазіргідей үйлер биік дуалдармен қоршалып, қақпалар қойылмайтын. Сосын, Қараулов Әуесхан көкенің үйінің жоғарғы жағында және Бибі- мәриям ана кесенесінің жоғары жағында сазды алаңқайлар, бұлақтар мен тұмалар болатын. Сол бұлақтар мен тұмалардың сазды алаңқайларға жайылған сулары қатып, қыстың күндері дап- дайын мұз айдынына айналатын.

Демалыстарымызда сол шағын мұз айдындарында көнький теуіп, хоккей ойнайтынбыз. Әрине, ол уақытта конький мен хоккей таяқтары барлық балада бола бермейтін. Сол себепті де көникиі барлармен кезектесіп теуіп, киіз үйдің уықтарын хоккей ойнайтын таяқ ететінбіз. Ал жаздың күндері доп тебетінбіз, күресетін біз, тіпті, арасында көше- көше боп төбелесіп те алатынбыз. Ә, айтқандай! Әрбір көшенің басында бір бұлақтан болғандықтан Өрқақапа маңында балалар суға түсетін бірнеше тоғандар болатын. Жазғы демалысымыз да сол тоғандада шомылумен өтетін.

Қазір қарап отырсам, біздің Шолаққорғанның балдарының бақытты балалық шағы көп болған екен ғой. Қалалы жерлерде қаржыға соғылатын футбол алаңшалары, мұз айдындары мен шомылатын су бассейндерін Жаратқанның өзі сый етіп бере салған екен ғой. Әрине, стандарттарға сай емес, қарапайым. Бірақ бар еді. Кейде ойлаймын, сол сазды алаңшалармен шағын мұз айдындарын қолға алып, ауыл балаларының игілігіне жаратып берсе қалай болар екен деп. Керемет емес пе, жасанды емес, шынайы, табиғи алаңшада аунап- қунап жүрсе. Бәлкім, сонда балаларымыз үйкүзек болудан, компьютер, смартфондардан арылып салауатты өмір салтына көшер ма еді!

Жарайды, Өрқақпа жайлы қалам тартуыма сеп болған жәйттарға біраз тоқталдым. Ендігі жерде, Өр төбенің тарихына ойыспақпын. Тек, осы мақалаға дайындық жасау барысында Өрқақпаны Шолаққорғаннан бөлек қарастыруға болмайтынына көз жеткіздім. Олай дейтінім, Өрқақпа жайлы мәлімет іздеп аудандық кітапхана мен С. Қожанов атындағы музей қызметкерлеріне хабарласып едім, қолдарында бар мәліметтер мардымсыз боп шықты. Бар болғаны Созақтың сыйлы қариясы, Теріскейдің танымал (о дүниелік болған) шежірешісі Өмірбеков Есіркеп қарияның 2002 жылы жарық көрген «Шежірелі өлке» кітабындағы мына бір мағлұмат екен:

« Шолаққорған-бүгінгі Созақ ауданының орталығы.О баста ел аз қоныстанған, сыртпен қатынасы өте аз (шола) болған. Сондықтан шола (жеке) мекен, яғни, Шолақорған деп атапты. Кейін ел көбейіп, сыртқы жаудан сақтану үшін айналасына балшықтан қорған тұрғызған. Қорғанның биіктігі үш жарым метр, қалыңдығы бір жарым метр, бас жағында өркеш тәрізді кезеті бар болатын, ішкі жағы екі метр биіктіктен кейін айнала тегі бар, ол жаудан қорғанған адамдарға қару- жарақ, ас-ауқат апарып беруге және сол текте тұрып, кезекпен сырттағы (төменгі) жауды атқылауға бейімделген екен. Кезекпен сырттағы жауға садақ атып, қайнаған су шашып отырыпты.Қоршалған қорғанның күн шығыс жағында елу метрдей жері батпақ болған.   Ол жер қорғансыз ашық қалған. Сондықтан- Шолаққорған атанған деседі. Қорғанның күн батыс жағындағы қабырғасы 1960 жылға дейін құламай келді. 1962 жылы аудан басшылары бұздырып, тегістеп жіберді.

ӨРҚАҚПА- Шолаққорған қорғанының терістік ішіндегі биіктеу төскейлі төбе. Ол бұрын қала болған. Алғашқы мекендеген адамдар сонда тұрған, қазір де үйлер бар».Жоғарыда айтқанымдай, Өрқақпа жайлы ғылыми деректерге негізделген толыққанды ақпарат ала алмаған соң, ауылымыздың көзіқарақты деген ақсақалдарына жолықтым. Ойым, әкелерінен, аталарынан, көнекөз қариялардан естіген- білгені бар ма екен, Есіркеп қарияның кітабынан алған ақпаратымды толықтырып, қоюландыра түсу болатын.

Сонымен, Дадабеков Мәми, Жолдасов Оразбек және Жасұланов Нұрсейітсынды ауыл қарияларының сөзінен ұққаным мынау болды:

«Шолаққорғанның негізгі атауы Өмірбеков Есіркеп қария айтқандай «Шола- Қорған»- мыс. Сондай- ақ, Шолақорған- Қазақ даласына, Созақ жеріне Қоқан хандығы билік құрып тұрған уақытта ну жасыл тоғай болған көрінеді. Айналасы бұлаққа толы болғандықтан, қамыс, ши және шеңгел басып жатқан көкорай көк шалғын болғанға ұқсайды. Қалың ну болғаны сондай, қашқан құтылып, қуған жете алмайтын сірескен тоғай екен. Ол уақытта, Созақ ауылының халқы отырықшылыққа үйреніп қалған, әжептәуір ел екен. Содан  не керек, күнгей жақтан бір 17 отбасы Созақ ауылына көшіп келіпті. Бірақ, жергілікті халықпен сыйыса алмағандықтан қайта көшулеріне тура келіпті. Әуелі, қазіргі Қайнар ауылының Шолаққорғанға шыға берісіндегі үспіге орналасқан көрінеді. Дегенмен, бұл жерде де ұзақ тұрақтап отыра алмайтындықтарын білген соң, араларынан адам шығарып төңіректің бәрін кездіріп, жайлы қоныс іздегенге ұқсайды. Содан не керек, сол уақытта тіршілік үшін, тірі қалу үшін қажетті ауыз суға бай, жері құнарлы, шөбі шүйгін Шолақорғанға ат басын тірепті. Қараса, қалың ну тоғай. Жермен айналысамын дегенге де малмен айналысамын дегенге де өте қолайлы. Оның үстіне, сырттан жау шаба қалған жағдайда қорғану мақсатында қойнауына еніп, бой тасалайтын қалың ну тоғайы бар. Осының бәрін, төңіректі барлауға кеткен жігіттерінен естіген әлгі 17 отбасының үлкендері өзара ақылдаса келе, сол ну жайлаған өңірге қоныстануға бекінген екен. Көктен сұрағандары жерден табылған 17 отбасы осында орналасып, егін салып, мал жайып күнін көре беріпті.   Білесіздер, ол уақытта мемлекеттердің шекарасы бүгінгідей шегенделмеген. Сырттан келген жаудан қорғану үшін Шолақорғандықтар жұрт еткен жерлерінің аты айтып тұрғандай лайдан қорған соғыпты. Қорғанның материялдық сипаттамасын жоғарыда, Есіркеп ақсақалдың кітабынан келтірдік. Міне, бүгін біз әңгіме етіп отырған Өрқақпа да сол Шола (оқшау мекен) қорғанның шығыс жақ бетін алып жатқан бекіністі төбе екен.   Не керек, сөйткен қорған Шолақорғандықтарға кешегі жаугершілік заманда желден ық, жаудан пана болып келіпті. Қорғанның жұрнағы 1960 жылдарға дейін жасап, тек, 1962 жылы ғана жергілікті биліктің пәрменімен бұзылып, топыраққа айналған күйде тарих қойнауына кеткенге ұқсайды. Кейіннен, қазан төңкерісінен алдын және кейін Теріскейдің түкпір- түкпірін жайлап отырған жұрт осында қоныс аударып, Шолаққорған аудан орталығына айналыпты. Қазіргі таңда, мұнда 20 мыңнан астам халық тіршілік етеді. Негізгі ұлт қазақтан бөлек, қазаққа сіңісіп кеткен қожа менен төре- төлеңгітті қоспағанда мұнда қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ноғай және бірлі- жарым орыс ұлтының өкілдері де тұрып жатыр. Ұлты бөлек дегенің болмаса, тарихы тоғысқан елдің тілі мен діні, әдет- ғұрпы мен салт- дәстүрі, жөн- жоралғысы бір боп кеткен. Төскейде малы, төсекте басы қосылған елді айрандай ұйытып, ынтымақ, берек- бірлікте ұстап отырған күш әуелі Алла, кейін, осы бір қойнауы материалдық, көңілі рухани құндылықтарға толы киелі топырақтың қасиеті деп білемін. Егер, Шолаққорғанды текті Теріскейдің, сырлы Созақтың төрі, қасиетті қақпасы деп ұғатын болсақ, Өрқақпа да сол тарихи төрдің сырын ішіне бүгіп жатқан сыр сандығы деуге болады. Тарихына үңіліп отырсаң, тектілердің тұрағы Теріскейдің Түркістаннан, Ысхақ бап, Шашты Әзиз, Қарабура, саңғыл би, Бибі Мәриям мен Бибігауһар және Ақбикештердің туғанда тал бесігіне, өлгенде жер бесігіне айналған сырлы Созақтың сансыз бап жатқан Сайрамнан кем түсетін жері жоқ. Керісінше, Созақтың бір замандарда қазақтың астанасы болғанын, Түркістанға қасиет беріп тұрған Құл Қожа Ахмед Иассауидің арғы атасы Ысхақ баптың осында жатқанын, жаңарған, жаңадан облыс орталығы болған Түркістан қаласының қанатын кеңге жайып, көркеюіне қойнауындағы қазына байлықтарымен қолдау көрсетіп отырған ордалы елмен қалай мақтансақ та жарасады.

Ендігі жерде, Теріскейдің текті жұртынан, Созақ үнінің көзіқарақты оқырманынан Өрқақпа, Шолаққорған жайлы қандай да бір тың деректеріңіз болса, редакциямызға хабарласыңыздар дер едім. Өйткені, өткенін түгендемеген ел, келешегінің қадірін ұғынбас! Ендеше, туған топырағымыздың тарихын тың деректермен толықтырар күнге дейін еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Данияр Бек

Latest news

Халық сұранысы қанағаттандырылуда

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жуантөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында, тұрғындар тарапынан ауыз су мәселесі көп көтерілген болатын. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша жүйелі...

Халықаралық турнир жалауын көтерді

Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбеков Жарылқасын Керімбекұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы...

СОЗАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ КӨКТӨБЕ ЕЛДІМЕКЕНІ 100 ПАЙЫЗ ЗАМАНАУИ ЖОЛМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі болған Созақ ауылы, Көктөбе елді мекенінде 6 көшені асфальттау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда елдімекен 100 пайыз заманауи жолмен...

ҚАРАТАУ, ҚАРАҚҰР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау, Қарақұр ауыл округінде халықпен кезекті кездесуін өткізді. Аталған жиында Қаратау ауылының тұрғындары сауалдарын қойып, көкейлерінде жүрген мәселелерін жеткізді. Аудан...

Related news

Халық сұранысы қанағаттандырылуда

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жуантөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында, тұрғындар тарапынан ауыз су мәселесі көп көтерілген болатын. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша жүйелі...

Халықаралық турнир жалауын көтерді

Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбеков Жарылқасын Керімбекұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы...

СОЗАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ КӨКТӨБЕ ЕЛДІМЕКЕНІ 100 ПАЙЫЗ ЗАМАНАУИ ЖОЛМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі болған Созақ ауылы, Көктөбе елді мекенінде 6 көшені асфальттау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда елдімекен 100 пайыз заманауи жолмен...

ҚАРАТАУ, ҚАРАҚҰР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау, Қарақұр ауыл округінде халықпен кезекті кездесуін өткізді. Аталған жиында Қаратау ауылының тұрғындары сауалдарын қойып, көкейлерінде жүрген мәселелерін жеткізді. Аудан...